Донор керек!

Донор керек!

Донор керек!
ашық дереккөзі

Бүгіндері құлағы түрік көпшілік республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы соңғы кезде еліміздің медицина саласында қол жеткізген жетістіктері жайында мол мәлімет алып отыр. Атап айтқанда, қазақстандық хирургтер Орта Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін, жүрек алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асырды.

1902 жылы аустриялық хирург Е.Уль­манн оташылар қоғамының кезекті оты­ры­сында алғаш рет бүйректі зертханалық жағ­дайда трансплантациялау отасын (ит­тің бүйрегін ешкіге отырғызған) іске асыр­ғаны жайлы хабарлама жасады. Оның бұл бағыттағы жұмысын АҚШ-тың Чикаго уни­верситетінің клиникасында А.Каррель жал­ғастырып, 1904 жылы бүйрек алмас­тыру операциясын жүргізді. Сөйтіп, транс­план­тологияны дамытуда сіңірген еңбек­тері үшін АҚШ ғалымдары арасында тұң­­ғыш Нобель сыйлығына ие болған ға­лым Алексис Каррель болды (1912 жылы). Әлем ғалымдары ізденістерінің арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жа­санды бүйрек» аппаратын ойлап шы­ғар­ды. Көп ұзамай дәрігерлер Хьюм, Мер­рил және Торн алғаш рет адамдарға бүй­рек алмастыру оталарын жасап, тәжі­ри­беге енгізді.1933 жылы Херсонда Ю. Во­ро­­ной адамнан адамға ағза алмастыру ота­сын іске асырды. Ал мәскеулік В. Деми­хов 1951 жылы донордың жүрегін итке ал­мас­тырды. Оңтүстік Африка Рес­пуб­ли­ка­сының хирургі Кристиан Бернард ар­найы Мәс­кеуге келіп, В.П.Демиховтан тә­жіри­беден өтіп, 1967 жылғы 3 жел­тоқ­санда Кейп­таунда әлемде бірінші болып жүрек ал­мастыру отасын абыроймен сәтті орын­дап шықты. 1954 жылы Джозеф Мюррей тұңғыш рет бүйрек алмастыру отасын жасаса, 1956 жылы Томас Старэп бүйрек алмастыру, ал 1963 жылы Джеймсом Харди Миссисупи уни­верситетінің клиникасында өкпе ал­мас­тыру отасын атқарды. Өкінішке қарай, ол науқас екі-үш күннен кейін қайтыс бол­ды. Бауырды алмастыру проблемалары бүй­ректен кейін екінші болып қолға алын­ды. 1955 жылы Велч бірінші рет иттерге бауыр трансплантациясын жасады. 1963 жылы Старзл алғашқы болып адамда бауыр трансплантациясын жүзеге асыруда жетістікке жетті. Трансплантация ортотопиялық және гетеротопиялық қалыпта (құрсақ қуысының басқа аймағында) жүргізіле береді. Бұл бағытта 1955-1965 жылдары зертханалық-тәжірибелік зерттеулер иттер мен жануарларда түбегейлі жүргізілді (әсіресе Уэлчу бастаған топ). 1963 жылы 6 рет адамға бауыр алмастыру отасы жасалды. Бірақ оның барлығы сәтсіз аяқталды. АҚШ және Англия ғалым-дәрігерлері Штарцль, Марчоро (Чикаго), Кэли бауыр алмастыру ісінде ерекше қол жеткізді. 1969 жылы ота жасалған 91 аурудың 10-ы ғана тірі қалды. Ал 1970 жылдың басында әлемде 133 науқасқа бауыр алмастыру отасы жасалып, оның 12-сі тірі қалды. Джоелу Куперу 1983 жылы бір өк­пе­ні алмастыру отасын сәтті орын­дады, ал 1986 жылы бір науқасқа бір­ден екі өкпені трансплантация жасады. Испандық профессор Паоло Ма­киа­рини 2008 жылы маусымда за­қымданған ағзаны (туберкелезбен за­қым­данған кеңірдекті) стволдық жасушадан өсірілген ағзамен алмастырды. Бір айдан кейін алмастырылған ағзаның қан айна­лы­мы қалпына келді. Жүрегі алмас­тырыл­ған америкалық Тони Хьюсман ең ұзақ өмір сүрген реципиент 30 жылдан кейін қа­терлі ісіктен (обыр ауруынан) көз жұм­ды. Статистикалық мәліметтер бойын­ша, дүниежүзінде 2000 жылға дейін 130 мыңнан астам бүйрек транс­план­­тациясы; 6 000-дай жүрек трансплан­тациясы; 4 000-нан астам бауыр транс­план­тациясы; 1 500-дей ұйқы безінің тран­сплантациясы жасалды. Бүйрек трансплантациясы жасалған соң науқас­тың өмір сүруінің ұзақ байқалған кезеңі 25 жыл құрайды; жүрек транспланта­ция­сынан кейін – 15 жыл; бауыр трансплан­тация­сында – 12 жыл; ұйқы безінің трансплантациясында – 6 жыл. Біздің Қазақстанда алғашқы бүйрек алмастыру отасы 1979 жылы А. Сыз­ғанов атындағы хиургиялық инсти­тутта атқарылды (хирург А. Сутыко). Ал 1992 жылы академик Мұхтар Әлиев пен Жақ­сылық Досқалиев осы ғылыми орта­лық­та ұйқы безін алмастырды. Бауыр ал­мастыру операциясы тұңғыш рет А. Сыз­ғанов атындағы ғылыми-зерттеу хирургиялық институтында (Алматы) академик М.Әлиевтің жетекшілігімен 1997 жылы жасалды. 2000 жылдары профессор Жақсылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр жасушаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізді. 2009 жылдан бастап елімізде лейкоз ауруларына шалдыққан балаларға сүйек майын алмастыру отасы жасала бастады. Егер 2009 жылы елімізде органдар мен сүйек майына бар-жоғы 4 ота жасалған бол­са, 2012 жылы олардың саны 74-ке, ал 2013 жылдың жарты жылында 93-ке жетті. 2012 жылғы 8 тамызда Қазақстан кар­д­иохирургтері созылмалы жүректің же­тіспеушілігі диагнозы қойылған Қостанай об­лысындағы Рудный қаласының тұрғыны (38 жастағы) Жәнібек Оспановқа до­нор­лық жүрек трансплантациясын жа­сады. Бұл ота еліміздің жетекші кардиохирургі, ме­дицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мен Чехияның кардиохирургі Жан Пирк­тың қатысуымен жүзеге асты. Мұн­дай күрделі ота отандық дәрігерлердің жо­­ғары кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ Ұлт­­тық медициналық холдингі 3-кли­ни­касының – Республикалық жедел жәр­дем ғы­лыми орталығының, Ұлттық кардио­хирур­гия ғылыми орталығы мен Респуб­ли­калық диагностикалық орталығының жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Себебі ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы мәлімет жедел жәрдем ғылыми орталығынан түс­кен. Осы ақпар түскен бетте Ұлттық кар­диохирургия ғылыми орталығының бір топ дәрігері донор жүрегінің жағдайын бағалап, жүректі трансплантациялауға кезекте тұрған пациенттер тіндерінің үйлесімділігіне иммунологиялық зерт­теулер жүргізуді бастаған. Ал Республи­ка­лық диагностикалық орталығы лабора­тория­сының мамандары тәулік бойы бар­лық қажетті зерттеулерді жүргізді. Сөй­тіп, миына қан құйылып қайтыс бол­ған 46 жастағы әйелдің жүрегін 38 жастағы пациентке беру туралы шешімге келген. Ал Игорь Воротников есімді азамат анасының жүрегін трансплантациялауға келісім беру-бермеуді тәулік бойы ойланған. Мұндай шешім қабылдау оған да оңай соқпағаны анық. Алайда ол осы шешімі арқылы үлкен гуманистік қадамға барды. Ота сәтті өтті. Анасының жүрегі трансп­лан­­тацияланған науқас Жәнібек Оспа­нов­тың жағдайы отаның күрделі­лігіне сай, динамикасы тұрақты болды. 22 күннен кейін клиникадан үйіне шықты. Ол пациент дәрігерлердің бақылауында, ден­саулығы бір қалыпта. Дәрігерлер дерегіне жүгінсек, жа­санды жүрек адам өмірін 5-6 жыл­ға, ал жүректі трансплантациялау ем­делу­шінің өмірін 15-20 жылға дейін ұзартады екен. Ал біздің елдің заңы көз жұмған нау­қас­тың органын туыстарының рұқса­ты­мен трансплантациялауға рұқсат бере­ді. Соған қарамастан, ешкім туысының ор­ганын донорлыққа қимайды. Бүгінде елімізде орган алмастыру кезегінде тұрған 7 мыңнан астам адамның арман-тілегін орындау мүмкін болмай қалады. Еліміздің трансплантологтерінің айтуын­ша, сол 7 мыңның тең жар­ты­сы бүйрек алмастыру кезегінде тұр­ған­дар. Олардың басым бөлігі – 35-40 жастағы науқастар. Арасында өмір бойы диализ алып жүргендер де бар. Бірақ соның бірлі-жары­мы ғана ота үстеліне жатады. Көп жағ­дайда бүйректі туыстары береді. Ал жүректі трансплантациялауға Қазақстан тарихында алғаш рет келісім беріліп отыр. Анасының жүрегін Жәнібек Оспановқа, бүйрегін Евгений Курц атты азаматқа беруге келісім берген жігіттің ерлігі өзге­лерге үлгі болса, қанеки. Марқұм Галина Воротникованың жүрегі мен бүйрегі екі адамның өмірін ұзартып, олардың жақын­дарын қуанышқа бөлеп отыр. Донордың ағзасын алуға келісім берген отбасының игілікті ісі қо­шеметке лайық. Себебі қолданыстағы заң­намаға сәйкес, донордың немесе оның туыс­қандарының тірі кезінде бас тартқан жағ­дайда ағзаларын алу процесі жүргі­зіл­мейді. Ал егер донор болса, Қазақстан ішкі ағзаларды трансплантациялауға дайын. Ол үшін қазір елімізде мықты кадрлық, ин­теллектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует те, жақсы материалдық-техникалық база да бар. 2013 жылдың жазында профессор Тоқан Сұлтанәлиев астанадағы Республи­ка­лық жедел медициналық жәрдем орта­лы­ғында бауыр алмастыру отасын (о дүниелік болған адамның бауырын) өзі­міздің отандық дәрігерлердің көмегімен сәт­ті аяқтап шықты. Ал Алматыдағы №7 кли­­­никалық ауруханада оның бас дәрігері, профессор Болатбек Баймаханов басқар­ған оташылар тобы бүйрек пен бауырды алмастыру оталарын жасауға кірісті. Бұл бағытта олардың алғашқы қадамдары қуа­нарлық. Бұл жағымды істер көп жыл­дар бойы ғалым-дәрігерлердің алдарына қойған үлкен арманы еді. Біздің елімізде бүйрек ауыстыру ота­сы А. Сызғанов атындағы хирур­гия ғылыми орталығында 1978 жылдан бастап жасалды. Осынау уақыт аралығында Қа­зақ­станда 700-ге жуық науқас бүйрегін алмас­тырды. Бүйрек алмастыру отасын 2013 жы­лы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында оның бас дәрігері, профессор Мәди Биғалиев Оңтүстік Корея хирургтерімен бірлесе отырып, облыстық әкімдіктің қолдауымен іске асырды. Осы емдеу мекемесінде бір жылдың ішінде 21 науқасқа бүйрек, 10-нан астам бауыр трансп­лантациясы жасалды. Әрине, бұл шымкенттік әріптестеріміздің үлкен жетістігі екенін мойындауымыз керек. Сол жылдары Ақтөбеде профессор Базылбек Жақиевтің жетекшілі­гімен бүйрек пен бауыр ағзаларын алмас­тыру оталары орындала бастады. Жыл өткен сайын трансплантология қызметі дамып, көкжиегі кеңейіп, белді-белді клиникаларда сәтті орындалып жатыр. 2015 жылы елімізде 298 трансплан­тация жасалса, оның 68-і Алматыдағы А. Сызғанов атындағы хирургиялық орта­лықты сәтті орындалды. Бұл орталықта бір жылда 4 мыңнан астам науқасқа 5 мыңға жуық хирургиялық ота жасалды. 2016 жылы елордада Ұлттық кар­дио­хирургия мен Онкология және трансплан­то­­логия ғылыми орталықтарының дәрі­герлері бірігіп бір мезетте жүрек пен бүй­ректі 37 жастағы Амангелді Напилов атты науқасқа алмастыру отасын сәтті орындап шықты. Мұндай ота осы күнге дейін тек АҚШ-та, Италияда, Оңтүстік Корея­да жасалған болатын. Көп уақыт өтпей, 2016 жылғы 24 қараша күні аста­налық белгілі кардиохирург, профессор Юрий Пя өз командасымен 67 жастағы өкпесінің ақауы бар ауыр науқасқа өкпе ағзасын сәтті алмастырып шықты. Ота 10 сағатқа созылды. Бұл отандық хирургия­дағы үлкен жетістік болды. Алматы қаласының №7 клиникалық ауру­ханасында профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен 2016-2017 жыл­дары бауыр және бүйрек алмастыру ота­лары енгізілді. Тіпті, бір науқасқа бүй­рек пен ұйқы безін бір мезгілде алмас­тыруы отасы сәтті аяқталды. Мақтауға тұрар­лық нәтиже! 2019 жылы Тараздағы Кардиохирургия және трансплантология клиникасында про­фессор Сейтхан Жошыбаевтың жетек­шілігімен бүйрек алмастыру отасы қолға алынды. Сөйтіп, бір жылда 13 науқасқа бүйрек алмастырылып, елімізде транс­план­тология көкжиегі кеңейе түсті. Статис­тикалық ақпараттар бойынша, өткен 2020 жылы елімізде 110 ағза алмас­тыру отасы жасалыныпты. Біздің дәрігер­леріміз медицинаны әлемдік жоғары деңгейге жеткізуге батыл бел байлап отыр. Оған біздің елде барлық мүмкіншілік жа­салған. Дегенмен бізде жоғарыда атап өтке­ні­міздей, науқас ағзасын алмас­тыратын до­норлық бүйрек, бауыр, жүрек және басқа органдар тапшы, яғни донор жоқтың қасы. Болған күннің өзінде донор болатын адамның денсаулығы жарамайды немесе қан тобы, иммундық жүйелері сәй­кес кел­мейді. Сонымен қатар кейде діни ағымға беріліп, ұлттық менталитетке ұры­нып, трансплантацияға кедергі жаса­лып жата­тыны жасырын емес. «Жынысы, тегі, нәсілі, табиғаты, өмір сүру ортасы, тіпті ішіп-жейтін тамағы мүл­дем бөлек ағзаның бүйрегін жатсыну мүм­кін бе немесе бөтен адамның органы қаншалықты сіңісіп кетеді?» деген сауал кімді де болса бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Нефрологтердің айтуынша, бүйрек (жүрек, бауыр және басқа да ағзалар) адамның жынысына, жасына, ұлтына қарамайды, тіндер иммунды-биологиялық жағынан сәйкес келсе, жарай береді. Демек, бүйрек ауыстыру үшін жаңа бүйрек пен науқас адамның ішкі ағзасының 12 факторы толық сәйкес келуі шарт. Сонда ға­на ауыстырылған бөгде бүйрек қалыпты жұ­мыс істейді. Бүйрегі алмастырылған азаматтар жіті бақылауда болады. Себебі науқастардың қан қысымы көтеріледі. Бұл – біріншіден. Екіншіден, ауыстырылған бүйрек қанша дегенмен өзге адамдікі болғаннан кейін, ағзада түрлі ауырсынулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан олар тұ­рақ­ты түрде дәрі ішіп жүруге тиіс. Оларға арнайы тізімге енген дәрілер ақысыз бері­леді. Тым ерте басталып, жанға батпай жүре беретін қауіпті аурудың алдын алу үшін шаншу, сыздау секілді белгілері біліне басталысымен-ақ мамандарға қаралып, тиісті ем қабылдауы керек. Емделу үшін дәрігер тарапынан нақты диагноз қойылуы шарт. Өкінішке қарай, кейбір жағ­дайда ертерек басталған бүйректің созыл­малы жетіспеушілігін дәл анықтау қиын­ға соғады. Өйткені жылдар бойы белгі бермеген кесел салдарынан бүйректің көп­теген нефроны өліп қалуы мүмкін. Қа­лай десек те, әрбір адам – өз денсаулы­ғы­ның иесі. Сондықтан «ауырып ем іздеген­ше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған абзал. Иә, қазақстандық дәрігерлер ел сенімі мен үмітін ақтап, халық ден­саулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосуда. Оларды алда талай биік мақсаттар мен шырайлы істер күтіп тұр. Соңғы жыл­дары елімізде жүрек, бауыр алмастыру ота­лары сәтті жасалып, отандық медици­наның алға басуы, ілгері жылжуы байқалса, келер жылдары ұйқы безін, ішек, эндок­рин­дік бездерді және де басқа күрделі ағ­заларды алмастыру отасы күтіп тұр. Өкініш­ке қарай, донор мәселесі (әсіресе, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты органдарды табу) елімізде толық шешімін тапқан жоқ. Жүрек, бауыр, бүйрек секілді органдарды ауыр сырқаты бар жандарға алмастыруға сол донорлардың тапшылығы қолбайлау болып отыр. Әзірше қандас туыстары ғана (әкпесі сіңлісіне, анасы қызына, әкесі ба­ласына, т.с.с.) бауырының бір бөлігін өзінің ең жақын туысына «сыйлап» жатыр. Инсульт, жол апатынан қайтыс болған кі­сілердің органдарын тек басқа ұлттардан «алуға» мүмкіншілік болып тұр да, біздің қандастарымыз бұл іске үрке қарап, до­нор­лыққа келісім бермеуде. Егер бұл мәсе­ле шешілсе, қаншама адамның өмірін ұзар­туға, оларға және оның жақындарына ба­қыт сыйлауға мүмкіншілік туар еді, шір­кін! «Донор» деген сөз бізге бұрыннан та­ныс. Ол латынның «доно» – «сыйлаймын», «құрбан етемін» деген сөздерінен енген. Донор болу (мысалы, қан тапсыру) – әрбір адамның азаматтық парызы. Мыңдаған адам жыл сайын қан доноры болып, небір сырқатқа шалдыққан таныстарына, туыс­қан-бауырларына қол ұшын беріп, қан тапсырып жатады. Олар өзінің сол абзал әрекетімен басқа бір өмірі қыл үстінде тұрған жанға өмір сыйлайды. Еліміздің бас хирургі, Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық хи­рур­­гия ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, про­фессор Болатбек Баймахановтың ай­туын­ша, қазір Қазақстан бойынша алғанда шама­мен 1 200 пациент бауыр ауыстыру ота­сын керек етіп отырса, бүйрек ауыс­тыру­­ды 3 000 адам күтіп отыр. Жүрек, өкпе, ұйқы безін алмастыру проблемалары да баршылық. Жыл сайын Қазақстанда 1,5 мың адам ақ қан ауруына шалдығып, оның 500-і көз жұмады. Ауруды емдеудің жоғары тех­нологиялық әдісі – кемік майды ауыс­тыру үшін қазақстандықтар өзге елге сабы­латын. Құны да қымбат. Бір отаның ба­ғасы – 180 мың еуро. Сол мүмкіндік қа­зір өз елімізде бар. Еліміздің транп­лан­то­логтері кемік майды алмастыруды жақсы игеріп алды. Әттең, өкінішке қарай әлі де ха­лық арасында донорлық іске теріс қа­рай­тындар аз емес. Донор болу – қайырымдылығы мен рахымы мол адамдардың қолынан келетін құптарлық іс. Ол үшін адамның сана-сезіміне донорлық қызметтің қанша пай­далы екенін сіңіре бергеніміз жөн. Әлде­бір себептермен о дүниеге аттанып бара жатқан жан өзінің жүрегін, бауырын немесе бүйрегін мына жалпақ дүниеде ауыр сырқаттан қиналып жүрген пендеге «сыйлап» кетсе несі артық. Оның жүрегі бас­қа біреудің кеудесінде соғып тұрса, бүй­регі басқа жанның өмірін ұзартып жат­са, оның несі бар! Сөйтіп, өлімнен кейін де өмір бар екенін басқаларға, жал­пы қоғамға көрсетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Трансплантологияның адам­ның өмірін ұзартатынын, сырқатқа дер­тінен айығып, толыққанды өмір сүру қуа­нышын сыйлайтынын есте ұста­ға­нымыз жөн. Әрине, трансплантологияның тиімді жақтарын, оның қажеттілігін әлі де елдің санасына жеткізіп, бұл мәселеге көзқарастарын өзгерткеніміз жөн.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк академиясының мүшесі

Тараз