Қазақстанда құнарлы жердің көлемі 255,5 мың гектарға дейін азайған

Қазақстанда құнарлы жердің көлемі 255,5 мың гектарға дейін азайған

Қазақстанда құнарлы жердің көлемі 255,5 мың гектарға дейін азайған
ашық дереккөзі
930

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі бағыттарының бірі – еліміздің аграрлық саласын өркендету. Жолдауда республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі жолы ретінде еңбек өнімділігін арттыру қажеттігі айрықша атап өтілген. Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға топырақ құнарлылығын арттыру, егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады. Өйткені топырақ – агроэкожүйенің негізгі базисі.

Жуырда ауыл шаруашылығы министр­лігі дабыл қақты. Еліміздегі егістік жер­лер­дің жай-күйіне ұзақ жылдан бері зерт­теу жүргізген ведомство топырақтың құнар­лы­лығы күрт төмендегенін анықтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойын­ша, 25 жыл ішінде гумус құрамы жоғары егістік жерлер көлемі 1,6 миллион гектар­дан 255,5 мың гектарға дейін азайып кеткен.

Топырақта күн сәулесінің энергиясы транс­формацияланады. Өсімдіктер фото­син­тез арқылы күн энергиясын пайда­ла­нып, синтезделген органикалық заттардан топы­рақ көп мөлшерде энергия алып, өз бойына жинақтайды. Сөйтіп биологиялық ай­налым үдерісі тірі организмдерге қажетті көмір­тегі, сутегі, оттегі, азот, фосфор, ка­лий, кальций, т.б. биофильді элементтерді шоғыр­ландырады. Сондықтан топырақты үнемі күтіп-баптап, оның құнарлылығын арт­тыру мәселесін назардан тыс қалдырмау керек.

Қазіргі кезде Қазақстанда 24,2 мил­лион гектар жерге егіс егіледі. Мемлекет 2007-2014 жылдар аралығында 17 миллион гектарға немесе егістік алқап­тарының жалпы ауданының 70,3 пайы­зы­на агрохимиялық зерттеу жүргізген. Көрсет­кіштер көңіл көншітерлік емес. Зерттеу қорытындысы еліміздегі егістік алқаптарында ішінде гумус-құнары төмен топырақ басым (72,9%) екенін анықтады. Гумус құрамы жоғары жер телімдерінің басым көпшілігі Солтүстік Қазақстан облысындағы қара топырақты аймақта – небары 117,5 мың гектарда, сондай-ақ, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында (тиісінше 61,5 және 34,2 мың гектарда) шоғырланған. Егістік жерлердің экологиясына жете мән бермеудің салдарынан топырақтың агрохимиялық және агрофизикалық жағдайы нашарлап, эрозияға ұшыраған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарат­қан хабарламада: «90-жылдардан бастап елімізде топырақ құнарлы­лы­ғының төмендеуі байқалды. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығына және өнім беруіне кері әсерін тигізеді» делінген. Ведомство өнімділіктің азаюын сандық деректермен дәйектеген. Мысалы, ауыл шаруашылығын толық химияландыру қолға алынған 1976-1980 жылдар кезеңінде бір гектардан орташа алғанда 13,6 центнерден өнім алынған екен. Ал 1986 жылдан бері көрсеткіштер біртіндеп нашарлай бастаған. Соңғы бес жыл ішінде дәнді дақылдардың орташа өнімділігі әр гектардан 12,1 центнерден ғана айналуда.

Егін шаруашылығында топырақ құрамын байыту үшін қолданылатын негізгі шара – органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу. Тыңайтқыштар топырақ құрамына кешенді әсер етеді, өсімдіктерді қажетті қоректік элементтермен толықтырады, топырақтың химиялық, агрохимиялық және физикалық қасиеттерін жақсартады. Сондай-ақ, егіс алқабының биологиялық белсенділігін арттырады, топырақ құрамындағы қоректік заттардың жылжымалы, сіңімді түріне айналып, мобилизациялануын туындатады.

1990-2000 жылдары елімізде минералдық тыңайтқыштарды қолдану 61 есе қысқарды. Яғни, 11,5 мың тоннаға дейін төмендеген. Сала мамандарының дабылына құлақ асқан мемлекет жағдайды түзеуге мықтап кірісті. Қолдау тетіктері мен бөлінген қаржы көлемі де еселеп өсті. 2013 жылдан бастап егістік жерлерге минералды тыңайтқыштар енгізу көлемі бірте-бірте артып келеді. Қазіргі уақытта жыл сайын 77,4-114,9 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұған дейін егістік жердің әр гектарына ендірілетін тыңайтқыш мөлшері 0,71 келіге дейін азайып кеткен болса, бүгінде бұл көрсеткіш көтеріліп, 4,75 келіге жетті. Әйтсе де, бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің сөзіне сүйенсек, бұл – минералды тыңайтқышқа қажеттіліктің он екіден бір бөлігі ғана. Ведомство 2020 жылға қарай егін шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштардың мөлшері 1 миллион 70 мың тоннаға жететінін алға тартып отыр. Атап айтқанда, топырақтың фосфорлы тыңайтқыштарға сұранысы – 613,5 мың тоннаға, азотты тыңайтқыштардың қажеттілігі – 433 мың тоннаға және калийлі тыңайтқыштардың қажеттілігі – 23,7 мың тоннаға жетеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агрохимиялық қызметінің республикалық ғылыми-әдіс­темелік орталығының директоры Ерболат Бәзілжановтың айтуынша, тыңайтқыштарды жеткіліксіз қолдану, егістік айналымының сақталмауы және бидай дақылының басым болуы топырақ құнарлығы мен ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігінің төмендеуіне әкелді. Сондықтан мемлекет егін шаруашылығына бақылауды күшейтті. Жер ресурстарын ұтымды басқару мақсатында 2014 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, «пайдаланылмайтын және игерілмеген жерлерді, не заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді мәжбүрлеп алу жөніндегі нормалар» қаталдана түсті. Бұдан былай ауыл шаруашылығы өнімін өсіру үшін жер алғандар оны 3 жылдан артық пайдаланбаса, топырақ құнарлығын төмендетіп жіберсе, егістік алқабын арамшөп немесе карантиндік өсімдіктер басып кетсе, сол жер телімін мемлекет өз қарамағына қайтарып алады.

Ведомство егістік жерлерін пайдалану талаптарын тағы бірнеше қағидамен толықтырды. Енді егін егу үшін жер телімін алған азаматтар егістік айналымын сақтау, жайылымдарға оңтайлы жүктемені қамтамасыз ету, топырақтың агрохимиялық құрамын қолдау, фитосанитариялық іс-шараларды орындау, өндірістік көрсеткіштерді сақтау сияқты кешенді шараларды министрлік нұсқаған талаптар бойынша атқаруы тиіс. Нұсқаулар орындалмаған жағдайда Үкімет жер телімін алып қоюға құқылы.

Серіктес жаңалықтары