186
Елбасы Корея сапары туралы брифинг өткізді
Елбасы Корея сапары туралы брифинг өткізді
Мемлекет басшысы Корея Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті Оңтүстік Корея көшбасшысымен келіссөздің жемісті өткенін және іскер топтар өкілдерімен кездескенін айтты.
«Олар Қазақстанға зор қызығушылық танытып, біздің делегациямызға айрықша ықылас білдірді. Сондай-ақ тиісті құжаттарға, Корея үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық мәнін айқындайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық маңызын атап өтіп, корей бизнесінің Қазақстан экономикасына 10 млрд долларға жуық қаражат салғанына және жаңа инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстардың жалғасып келе жатқанына назар аударды.
«Біз корей компанияларының, соның ішінде LG компаниясының газ-химия кешенінің ірі жобасына атсалысуы жөнінде әңгімелестік», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өнеркәсібінің өңдеу секторының дамып, экономиканың әртараптандырылып жатқан кезеңінде Оңтүстік Кореямен өзара іс-қимылды жандандырудың ерекше мәні бар екенін айтты.
«Бұл сапар индустриялық-технологиялық даму тиімділігін көрсететін маңызды елмен ынтымақтастығымызды тағы бір рет пысықтау үшін қажет болды», – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы өзге елдермен өзара байланыстарды жетілдірудің мақсаты ең алдымен отандық экономика үшін жаңа мүмкіндіктерді іздестіру екеніне назар аударды.
«Менің шет елдерге 2016 жылдың соңындағы экономикалық сапарларым жақсы нәтижелермен аяқталуда – жаңадан достар тауып, әріптестермен бірге бағытымызды айқындадық. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына да, бүкіл халықтың әл-ауқатының одан әрі жақсаруына да пайдалы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.