1226
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Тұңғыш Президент осылай сайланған
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: Тұңғыш Президент осылай сайланған
Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайладық. Жаңа ғана Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған кезім. Сайлау науқанын ұйымдастыруға, Президентке кандидат Н.Назарбаевтың сайлаушылармен кездесулерін өткізуге мен тікелей басшылық жасадым.
Қоғамдық ұйымдар шулағанмен, Нұрекеңе тең келетін кісі жоқ еді, өзін жалғыз жібердік. Шынында да, талантымен жарқ етіп, елді аузына қаратқан, қалың жұртқа қамқоршы болғандай азаматқа тең келетін жан жоқ еді. Жұмыс қызу жүрді. Ұмытпасам, сайлау желтоқсанның 21-і күні өтті. Нәтижесі ойдағыдай болды – 97,8 пайыз. Науқан ойдағыдай аяқталған соң бәріміздің де көңіліміз көтерілді. Бір айдан соң Президентті таққа отырғызу рәсімін өткізуіміз керек. Бір күні түскі тамақ үстінде Президент мұны маған тапсырды. Президенттің инаугурациясын өткізу тәжірибесі бізде атымен жоқ. Оны дайындауға әрі дәстүрін қалыптастыруға кірістім де кеттім. Өзімнің қарамағымдағы жігіттерді жәрдемшіге алдым. Әлемнен тәжірибе іздедік. Қазақ хандарын көтеру рәсімін де зерделедік. Елмен, жөн біледі-ау деген азаматтармен үнемі ақылдасып отырдық. Бір аптадан кейін сценарийін Нұрекеңе бердім. Толық мақұлдады. Республика сарайында өткізетін боп шештік. Түске дейін Жоғарғы Кеңес жұмыс істеп, түскі үзіліске шығады да, түстен кейін сағат 15.00-де салтанатты мәжіліске ұласады. Мәжілісті С.Әбділдин басқарып, H.Назарбаев, Е.Асанбаев үшеуі төрде отыратын болды. Президенттің орнын басқаларынан көтеріңкірейік деп келістік. Сол салтанатты мәжілісте Президент ант береді. Көп ойландық. Қазақ хандарды ақ киізге салып көтереді екен. Олай ететін Н.Назарбаев хан емес, Президент. Сондықтан ант беретін мінбенің астына ешкімнің аяғы тимеген, ешкім баспаған ақ киізді төсеттім. Өмірбек Бәйгелдиев: – Хан тұсында қан шашылмасын деп ақсарбас шалады екен, ақсарбас шалдыр, – деді. Ол Алматы облысынан табылмай, оны Өмірбек Қордайдан алдырды. Маңғыстаудың бір жігітіне алтыннан зерлетіп шапан, ханның мұрағын тіктірдік. Шебер жігіттерге үш жүздің таңбасын салдыртып, беліне күміспен қаптатып кемер белдік жасаттық. Батагөй етіп, Абайдың көзін көрген ақын, тоқсаннан асқан Шәкір Әбеновті алдырдық. Осының бәрін де Нұрекең мақұлдады. Сын сағаты да келді. Салтанатты мәжіліс басталар алдында Нұрекеңнің он бес минуттей ерте келуін өтіндім. Келді. Президентті жеке бөлмеге кіргізіп шапанды, мұрақты кигізіп, беліне белдікті тақтым. Айнаның алдында қарап тұрып: – Мырзатай, бүгін маған мына шапанды кигізіп, белдік байласаңдар, мына салтанатқа дүниежүзінен қаншама журналист келіп отыр, қазақтың жаңа ханы туды деп дүниежүзіне таратып, әлемге жар салады. Сондықтан бұлай етпейік. Әр ұлттан батагөй шалдарым бар деп ең ғой. Мәселен, ұйғыр Құдыс Қожамияров белдікті, орыс Дмитрий Снегин мұрақты ұсынсын, Шәкір Әбенов, Ыбырайымжан Қожахметовтер шапан жапса жөн басқа ғой, – деді. Егер әлгінің бәрін кигізіп сахнаға шығарғанда, өзі айтқандай, қазақ хан сайлады деп дүниежүзінің шулайтынын ойламаппын. Ақылына риза болып, алғысымды айттым. Күткен сәт те келді. Салтанат басталды. Президент ант берді. Ақ киіздің үстінде тұрғанда Нұрекең толқыды, көзіне жас алды. Ант берген соң 20 рет салют берілді. Республика сарайының түбінде ақсарбас шалынды. Теледидар, радио бәрін Қазақстанға таратып жатты. Иығына шапан жабылды, қолына мұрақ пен белдік ұсынылды. Шәкір ақсақал тамаша бата берді. Президенттің оң қол жақ ту сыртында ту тұрды. Сол ту сахна ашылғанда жел кеулеп құлай жаздады. Құлап бара жатқан туды Президент көтеріп алды. Менің жүрегім өкшеме түскендей болды. Салтанаттан соң үлкен концерт берілді. Кешкісін қабылдау болды. Президент елді аралап жүріп, ән салды. Түн ортасында аз ғана кісіні үйіне алып келді. Қала сыртындағы резиденцияға Е.Асанбаев, C.Терещенко, мен, Н.Абықаев, С.Әбішев келдік. Сәл кештеу қазіргі Бельгиядағы елшіміз Ә.Қырбасов келді. Бірінші сөзді Президентіміздің өзі айтты. Кеш болса да, жұрт шаршағанын сезген жоқ. Ән де айтылды. Шапанды, мұрақты киіп, белдікті беліне таңып балаша қуанған Нұрекеңнің аңқылдаған мінезіне, қылығына риза болып, қайран қалдым. Балаша ақкөңіл екенін білуші ем, бірақ, дәл сәбидей, әппақ кейпін бұдан бұрын көрген емес едім. Маған да сөз кезегі келгенде, құттықтап, көңілдегі сөзімді айттым, тудың құлай жаздағанына ақталғандай болдым. – Нұреке, онсыз да құлағалы тұрған қазақтың Туы еді, қисайғанда кұлатпай, көтеріп алдыңыз, иншалла Сіздің қолыңыздағы қазақтың туы енді ешқашан құламайтын шығар, – дедім. Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болған соң сыртқы саясатты нығайту мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуден, жер дүниеден қазақ дипломаттарын жинап, Сыртқы істер министрлігін нығайтып, жан-жаққа өзінің алғашқы Төтенше және өкілетті елшілерін де тағайындап жатты. Кәнігі дипломаттар қапелімде қайдан табыла қойсын, оларды жанында жүрген, әбден ысылған, көпшілікке белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің ішінен іздеді. Сөйтіп Мәдениет министрі Қанат Саудабаев Түркияға, Экономика министрі Тілеухан Қабдірахманов Францияға, Талдықорған облысының әкімі Сағымбек Тұрсынов Германияға елші болып, Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова Біріккен Ұлттар Ұйымына тұрақты өкіл болып кетті. 1993 жылғы шілденің ортасында мені Нұрекең шақырып: – Тәуелсіз мемлекеттігімізді орнатуға кірістік, бес жыл тізе қосып бірге істедік, үнемі жанымда болдың, елге еткен еңбегің аз емес, оны жұртшылық біледі, мен сені тағы бір жауапты қызметке жібергелі отырмын. Иран – бізбен тарихы сабақтас, іргелес, стратегиялық жағынан Қазақстан үшін орны ерекше ел, сонда елші болып барсаң қайтеді? – деді. Мына тосын сұраққа қапелімде не дерімді де білмей қатты қиналдым… Тарихи кезеңде беймаза күндерім мен түндерімді ат үстінде, тәуелсіздіктің жолында, шым-шытырық, қат-қабат істің басында, ел ішінде өткізіп едім, енді міне, Президент мүлде бейтаныс қызмет ұсынып отыр, үдеден шыға аламын ба, қолымнан келе ме? Елшілік кәнігі дипломаттардың кәсібі емес пе, тілін де, табиғатын да танымаған елді танытып, жақындастыра аламын ба?… Осындай тұңғиық терең ойдың түбіне түсіп кетіп, есімді тез жиып ала қойдым. Елдің аманатынан, Президенттің сенімінен артық не бар? «Тарихы сабақтас, мәдениеті төркіндес ел екені де рас қой. Талай бабаларымыздың барған, тұрған да жері. Қатынас үзіліп, жол көмескі тартқан кезде соның бәрін қайта қалпына келтіру оңай бола қояр деймісіз, десе де ел үмітін, сіздің сеніміңізді ақтаудан жауапты не бар дейсіз, шешіміңіз солай болса, тәуекелге белді байладым», – дедім. Тамыздың жиырма жетісі күні мені Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасына елші етіп тағайындаған Елбасының Жарлығы жарияланды да, мен елшіліктің құрамын, қаржысын айқындауға, Иранның сыртқы саясатын, экономикасын, тарихын зерттеп танысуға кірістім. «Қанша істесем, сен де менімен сонша бірге істейсің», – деген сөзі бар еді, «бірде ащы, бірде тұщы» дегендей, Құдайға шүкір, бірге келе жатырмыз.Жазып алған
Д.Жанатқызы