425
АҚШ халқы сайлаған Трампты 19 желтоқсан күні Сайлау алқасы қолдай ма?
АҚШ халқы сайлаған Трампты 19 желтоқсан күні Сайлау алқасы қолдай ма?
Демократиялық мемлекет пен авторитарлы билік жүйесі орнаған елдегі бүкілхалықтық сайлау немесе дауыс берудің нендей айырмашылығы бар екенін білесіз бе? Айырмашылық көп, бірақ ең бастысы, демократиялық елдегі дауыс берудің нәтижесін анық болжап білу мүмкін емес. Сайлаушылардың көңіл ауанын байқау үшін жасалатын алдын-ала сауалнамалардың қорытындысына сілтеме жасауға болар, бірақ олардың өзі шын мәнінде дауыс берудің нәтижесі қандай болатынына кепіл бола алмайды. Себебі демократиялық мемлекетте тұрғындар өз таңдауын шын мәнінде өздері жасайды, яғни, олардың дәл шешуші сәтте дауыс беру бюллетенінің қай тұсына қандай белгі қоятыны – өз қалаулары, ешкім оған қол сұға алмайды.
Демократиялық елдегі халықтық дауыс берудің қандай боларын биылғы жылдың 23 маусымында Британияда өткен Брексит референдумы көрсетіп берді. Таңғы жетіден түнгі сағат онға дейін дауыс беру бюллетендері жәшіктерге жиналып, одан соң барлық жәшіктер санақ орталықтарына жеткізілгенге дейін тұтас Британияда ешкім ештеңе сезген де, білген де жоқ. Тіпті, дауыстарға санақ жүргізіліп жатқан кезде, британдық сарапшылар болжам жасаудан ат-тондарын ала қашумен болды. «Күтейік...», – болды олардың бар айтқаны, – «көп ұзамай белгілі болады». Барлық бюллетеньдер саналып болып, қорытынды шыққан уақытта сағат тілі келесі күнгі таңғы төртті көрсетіп тұрған болатын. Осы сәтке дейін кірпік ілмеген Дэвид Кэмеронның өзі дауыс берудің нәтижесін сол сәтте ғана естіді. Рас, демократиялық мемлекетте дауыс берудің нәтижесін алдын ала болжап білу мүмкін емес. Себебі мұнда әрбір дауыс маңызды, әрбір бюллетень қатаң есепте, дауыстарды санау ісі жіті қадағалауда. Сондықтан да оның нәтижесін болжау немесе қорытынды есепке күмәндану орынсыз.
Бірақ АҚШ-тың сайлау жүйесі бұдан әлдеқайда күрделірек. Биылғы сайлаудың өзі науқан басталғалы бері тосын жайттарға толы. Енді оның нәтижесі де естіген құлақты елең еткізерліктей болары сөзсіз. Себебі Хиллари Клинтонның аты озса – АҚШ тарихында тұңғыш әйел президент болады, ал Дональд Трамптың мерейі үстем шықса – АҚШ тарихында ресми миллиардер ел басшысы болып сайланады, ал одан не күтуге болатынын ешкім білмейді.
Негізгі айқас Демократтар мен Республикалық партиялардың үміткерлері арасында жүргенімен, америкалықтарға ұсынылатын бюллетеньдерде Трамп пен Клинтоннан басқа да үміткерлердің есімдері бар. Олар: Либертариандық партиядан – Гэри Джонсон, Жасылдар партиясынан – Джилл Стайн, Конституциялық партиядан – Даррелл Касл және тәуелсіз үміткер Эван Макмаллин. Бірақ бұл үміткерлер сайлаушылар қолдауының тек 5 пайызына ие болуы мүмкін.
Сонымен, 1 жыл 7 айға созылған сайлауалды науқаны аяқталды. Сайлау күніне дейін басты екі үміткер күндіз күлкі, түнде ұйқы көрместен ел аралаумен болды. Осыған орай, Дональд Трамп бір сөзінде: «Мен күніне бес-алты шара өткіземін, ал Хиллари болса, үйіне ұйықтауға кетеді. Оның бойында мемлекетті басқаруға жеткілікті қажыр жоқ» деп басты бәсекелесін түйреп өтті. Соңғы күні, яғни 7 қарашада Трамп – бес, ал Клинтон – үш шараға қатысып, жалынды сөз сөйлеп, бірнеше штаттардағы сайлаушылармен жүздесті. Сайлауалды науқанының қарқыны мен үміткерлердің қажырын осыдан-ақ байқай беріңіз.
Есесіне, Хиллари Клинтон үгіт-насихат шараларына әлдеқайда көп қаражат жұмсады. Дональд Трамптың шығыны 429,5 млн АҚШ долларына жетсе, Хиллари Клинтонның сайлауалды науқанына 897,7 млн АҚШ доллары жұмсалған. Бұған қоса, Демократтар партиясы үміткерінің соңғы күндердегі кездесулерінде қазіргі президент Барак Обама мен оның зайыбы Мишель Обама қатысып, насихаттың көрігін қыздырды.
8 қараша күні америкалықтар үшін жаңа президенттің сайлауы ғана емес, оған қоса вице-президент пен Өкілдер палатасының 435 мүшесінің, Сенаттың 34 мүшесінің, 12 штаттың және Пуэрто-Рико мен америкалық Самоаның губернаторларының, сондай-ақ 15 ірі қала басшыларының сайлауы өтті. Атқарушы, заң және жергілікті билік өкілдерінің басым бөлігі бір-ақ күнде жаңарды деуге болар.
Сондықтан сайлаушылар үшін басты сұрақ «Дональд па, әлде Хиллари ма?» болса да, бұл – олар үшін бірнеше маңызды мәселе бойынша таңдау жасауға тура келген күн болды. Бұл сайлау 45-ші АҚШ президентін таққа отырғызғанымен, рет саны бойынша осы елде өткен 58-ші сайлау екен.
Екі күннен бері бүкіл әлем АҚШ-тағы президент сайлауының барысын кірпік қақпай қадағалап, оның қорытындысын күтумен болды десек, асыра айтқандық болмас. Қазақстанмен арадағы уақыт айырмашылығына байланысты, 8 қарашада өткен сайлаудың нақты қорытындысы «Түркістан» газетінің осы саны жарыққа шыққан күні жарияланады. Сондықтан біз бет қатталып жатқанда белгілі болған алдын ала нәтижелерге шолу жасаймыз. Бірақ 8 қарашадағы дауыс беру – сайлаудың тек бірінші сатысы екенін ескерген абзал.
Мұның себебі – Америка сайлау жүйесінің басқа елдердегі президенттік сайлаулардан көп өзгешелігі бар. Мысалы, Қазақстанда ел президентін жасы 18-ге толған азаматтар тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Ал АҚШ-та президент сайлауында сайлаушылар тікелей үміткерлерге емес, сайлау алқасы мүшелеріне дауыс береді.
АҚШ сайлау заңнамаларына сәйкес, көптеген штаттарда сайлаушылар сайлау күніне дейін алдын-ала дауыс беруге құқылы. BBC жаңалықтар қызметі 8 қарашаға дейін 40 миллионнан аса тұрғын өз таңдауын жасап қойғанын хабарлады. Бірақ олардың дауыс беру бюллетендері сайлау өткенге дейін ашылмай сақталған, барлық бюллетендер 8 қараша күні сайлау учаскелері жабылғаннан кейін саналды. Болашақ президенттің есімі әр штатта бөлек-бөлек анықталады, яғни әр штат сайлаушылардың дауыс беру нәтижесін санап болғанда, сол штатта басым дауыс алған үміткер сол штат бойынша жеңімпаз атанады. Одан соң елу штат бойынша жеңімпазды арнайы таңдалған Сайлау алқасының 538 мүшесі анықтайды, олардың 270-інің қолдауына ие болған үміткер президент болып сайланады. Осылайша, екі сатылы америкалық сайлау жүйесінің ерекшелігіне сай, жеңімпазды жалпы сайлаушылар емес, алдын-ала іріктелген Сайлау алқасының таңдауы анықтайды. Басқаша айтқанда, қарапайым америкалықтар сайлау учаскесіне келіп дауыс бергенде, олар басты үміткерлердің бірін қолдайтын сайлау алқасы мүшелеріне дауыс береді. Әр штаттың сайлау алқасының өкілдері өз дауыстарын сол штат сайлаушыларының басым көпшілігінің қолдауына ие болған үміткерге беруге міндеттеледі. Бірақ олардың бұл міндеті федералдық заңмен бекітілмеген. Мысалы, осы уақытқа дейін, яғни сайлау алқасы жүйесі енгізілген 1787 жылдан бері кей штаттағы сайлау алқасының өкілдері кімге дауыс беруге қатысты шешім қабылдау кезінде халықтың таңдауын ескерместен, өз бетінше дауыс берген кездері болған.
Бұған қоса, жалпы сайлаушылардың басым дауысына ие болған үміткер егер сайлау алқасында 270-тен аз дауыс алса, президент бола алмайды. 2000 жылы Джордж Буш халықтық сайлауда өз бәсекелесі Альберт Гордан кейін қалғанына қарамастан, сайлау алқасының таңдауымен президент болып сайланды. Егер сайлау алқасында екі үміткерге дауыс теңдей бөлінетін болса, онда президентті Өкілдер палатасы сайлайды. Кезінде Томас Джефферсон осындай жолмен сайланған.
Сонда 100 миллионнан аса американдықтың таңдауы түптің түбінде сайлау алқасының 538 мүшесінің шешіміне тәуелді деген сөз. Әр штат тұрғын халқының, яғни сайлауда дауыс беруге құқылы сайлаушылардың санына сәйкес белгілі бір көлемде дауыс санына ие. Мысалы, Калифорния – 55, Флорида штаты – 29, ал Аляска тек 3 «дауысқа» ие. Әр штаттағы сайлау алқасы мүшелерінің саны сол шатттан сайланған Конгресс мүшеренің санына тең.
Қарапайым сайлаушылар дауыс берген соң, 41 күннен кейін сайлаудың екінші сатысы өтеді, онда әр штаттағы сайлау алқасының мүшелері дауыс береді. Бірақ халықтың таңдауы мен сайлау алқасы мүшелерінің қалауы бір-біріне қайшы түсуі де мүмкін. Мұндай жағдайда, сайлау алқасының 538 мүшесінің таңдауы шешуші рөл атқарады. АҚШ-тағы бүкілхалықтық сайлау биыл 8 қарашада өткендіктен, Сайлау алқасының мүшелері 19 желтоқсанда дауыс береді. 45-ші президенттің кім екені нақ сол сайлаудан соң мәлім болмақ.
Ал қарапайым сайлаушылардың таңдау жасауын олардың дауыс беру құқығын жүзеге асыру шарасы деп сипаттауға болар. Себебі бұған дейінгі тарих көрсеткеніндей, Сайлау алқасының таңдауы бүкілхалықтық сайлаудың қорытындысына қарама-қайшы болуы ғажап емес.
Бет қатталып жатқанда мәлім болған деректерге жүгінсек, 50 штаттағы 538 электоралды дауыстың 278-і Дональд Трампқа, 218-і Хиллари Клинтонға бұйырған. Сайлау учаскелерінен тікелей эфирде хабар таратушы ABC News жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, сайлаудың бірінші сатысының алдын-ала қорытындысына сәйкес, Дональд Трамптың мерейі үстем. Бұған қоса, Республикалық партия АҚШ Сенаты пен Өкілдер палатасында басымдыққа ие болды. Трамп «Твиттердегі» парақшасын «АҚШ-тың сайланған президенті» деп жаңартып үлгерді, ал Клинтон оған қоңырау шалып, жеңілісін мойындады. Дәл осылай болады деп ешкім ойламаған. Иә, шынайы демократиялы елде сайлаудың нәтижесін болжау мүмкін емес. Ендігі сөз 19 желтоқсанда өтетін Сайлау алқасы мүшелерінде. Олар халықтың таңдау еркін мойындап, соған сай дауыс беруі, яғни, 45-ші АҚШ президенті етіп Дональд Трампты сайлауы тиіс. Тек олардың таңдауы бүкілхалықтық сайлаудың қорытындысына қайшы түспесе...
Сайлау өтті, алда – тағы сайлау.
Гүлбиғаш ОМАР
Ұлыбритания