769
Қара шаңырақтағы қарбалас
Қара шаңырақтағы қарбалас

Көпшілік қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инфрақұрылымдық модернизациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанынан құлағдар. 2025 жылға дейін кампусты жаңғырту жоспары қабылданғанынан да хабардар болса керек.
Осындай үлкен игі іс-шаралар барысымен таныстыру мақсатында ҚазҰУ БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырды. Талай баспасөз турына барып жүрсек те жоғары оқу орындарының, оның ішінде өзіміз білім алған қара шаңырақтың мұндай шара ұйымдастыруы алғаш рет екен. Жанымызға ыстық оқу корпустары мен жатақханалардағы қарқынды құрылыс жұмыстарын өз көзімізбен көріп, бекер келмегенімізге қуандық. БАҚ өкілдерін ректор Жансейіт Қансейітұлы өзі бастап жүріп, беткеұстар университеттегі оң өзгерістермен қатар, қордаланған мәселелерді бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Соңынан екі сағатқа жуық журналистердің сұрақтарына жауап беріп, кез келген мәселеге ашықтығын көрсетті. Осы пресс-тур аясында біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевқа алты айда адам танымастай өзгерген қалашықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарға қатысты сауал қойған едік. – Жансейіт Қансейітұлы, көшбасшы университеттің өзге жоғары оқу орындарынан озық жүруі заңдылық сияқты, дегенмен рейтингті ұстап тұру да оңай емес екенін, орасан жұмыстар да атқарылып жатқанын білеміз? Әңгімені университеттің қазіргі барынан бастасақ... – Өздеріңізге белгілі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең алғашқы жоғары оқу орындарының бірі және ерекше мәртебесі бар. Сондықтан қай тұрғыдан алсаң да оның атына заты да сай болуы тиіс. Қазір университетте білім беру саласын дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену тапсырмасы бойынша жұмыс жүзеге асып жатыр. Университет ұлттық масштабта ғана емес, сонымен бірге халықаралық деңгейде де интеллектуалды өсудің драйверіне айналып келеді. Бүгін біз жаратылыстану, инженерлік-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы 16 факультеттен тұратын көпсалалы университеттік кешен саналамыз. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханамыз бар. Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, «Білім және ғылымды интеграциялау» жобасы іске асырылуда. Жоғары оқу орнының шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен 500-ден астам халықаралық келісімі бар. Университеттің тарихы тереңде жатыр, оқытушылардың, ғалымдар мен студенттердің кәсіби деңгейі жоғары. Оқытушылар үздіксіз дамуға ниетті. Үздік көрсеткіштердің арқасында оқу орны жаһандық бәсекеге қабілетті. Посткеңестік кеңістікте тек екі университет әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қатарына кіреді. Атап айтқанда, М.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын). Сондай-ақ университет жоғары бағаға қол жеткізген, QS Stars Rating System халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» артықшылық белгісіне ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. Университет дайындықтың 17 бағыты бойынша үздіктер қатарына кіреді. Бұл білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасының бағалауы бойынша, университет осы жылы «АА+» жоғары бағасын алды. Еуропаның жетекші университеттерімен бір шепте. Ұлттық рейтингтерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үнемі көшбасшылық орынға ие. – Университеттің оқытушы-профессорлық құрамы қайтадан жасақталып, жалақылары айтарлықтай көбейгені ұстаздарға жақсы құлшыныс сыйлап жатқан сыңайлы? – Қазір университеттің кадрлық және интеллектуалдық әлеуетін дамыту аса маңызды. Оқу процесін 2800-ге жуық білікті оқытушы жүргізеді, олардың 70 пайыздан астамының докторлық, кандидаттық және PhD ғылыми дәрежесі бар. Университет білім ордасының кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Оқытушы-профессорлық құрамның штат саны шамамен 2,9 мың. Оның ішінде 1,2 мыңнан астам доктор, ғылым кандидаты мен 350-ге жуық PhD докторы еңбек етеді. Университет профессорларының арасында Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен 7 корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар. Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері. Бұл республика бойынша 20 пайыз көрсеткіш. Грант аясында оқытушылар әлемнің жетекші университеттері – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклиде біліктілік арттырды. Халықаралық конференцияларға қатысып, монографиялар мен оқулықтар шығарды. Оқытушылардың халықаралық қауымдастыққа бірігуіне үлкен көңіл бөлінеді. 100-ден астам ұстаз әлемдегі үздік 300-ге кіретін университеттерде тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар оқытушыларымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамаға белсенді қатысады. Университеттің 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің университеттерінде дәріс оқыды. Жетекші шетелдік ғалымдарды – Уэйн Детройт (АҚШ) университетінде жұмыс істейтін белгілі математик Уәлібай Өмірбай мен Кембриджде жұмыс істеген белгілі нейробиолог Базылбек Дәулетовті университетте дәріс оқуға шақырдық. Биыл қазан мен қарашада Еуропа, АҚШ, Ресей, Түркия университетінің 35 профессоры шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша университетте дәріс бермек. Оқытушыларды материалдық ынталандыру мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, осы жылдың өзінде жалақы екі рет өсті. Бірінші рет ақпанда 20 пайызға көбейттік. Екінші рет Білім және ғылым министрінің нұсқауына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап белгіленді. Енді оқытушының ең төменгі жалақысы – 285 мың теңге. Аға оқытушыға – 312 мың теңге, доцентке – 389 мың теңге, профессорға 500 мың теңге төлеп отырмыз. – Әл-Фараби университетінде 2 мыңнан астам шетелдік студент оқитынын жұрт біле бермейді? – Университетте шамамен 25,9 мың студент болса, оның ішінде грантпен – 80 пайыз, келісімшарт бойынша 20 пайыз білім алады. Бакалавриатта – 21 294, магистратура мен докторантурада – 4 642. Биыл шамамен 7,7 мың студент оқуға қабылданды: бакалавриатқа – 5,6 мың (73 пайыз); магистратураға – шамамен 1,7 мың (22 пайыз); докторантураға – 361 (5 пайыз). Бакалавриат үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп. Магистратурадағы грант иегерлері 1,2 есе өсті. Жалпы мемлекеттік грант иелерінің шамамен 7 пайызын қабылдадық. Талантты жастар біздің университетті көбірек таңдау жасайды. Егер өткен жылы «Алтын белгі» иегерінің саны 508 болса, осы жылы 1 058 немесе екі есе көбейді. Халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар жеңімпаздарының саны 2,6 есе өсті. Бізді таңдаған Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері үш есеге көбейді. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда дарынды жастарды тарту көрсеткіші 2,2 есе артты. Әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алып жатыр. Біз 2025 жылы шетелдік студенттердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу міндетін қойдық. Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Армения және басқа елдерде филиалдар ашамыз. Мұның барлығы – әл-Фараби университетінің отандық білім беруді халықаралық аренада ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі. Биыл академиялық ұтқырлық бағдарламасымен университеттің 70 студенті Еуропа, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия университеттерінде бір семестр оқиды. – Әдетте, көшбасшы университеттің түлектеріне сұраныс жоғары болады. Сіздерде көрсеткіш қандай? – Шәкірттеріміз еліміздегі ең көп сұранысқа ие түлектер қатарында. Түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 94 пайызды құрайды. Университет түлектері барлық салада табысты еңбек етіп, қазіргі студенттерге және жалпы университетке ауқымды қолдау көрсетіп отыр. Биыл әлемдегі ең жақсы университеттердің QS рейтингінде түлектердің жұмысқа қабілеттілігі бойынша үздік 201-250-ге кірдік. «Жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-орында. Биыл біз алғаш рет халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленген өз дипломдарымызды бердік. Бұл қадам университеттің беделі мен имиджін одан әрі арттырады. – Бірақ университеттер білім сапасымен бағаланбай ма? Биыл оқу бағдарламаларында замана сұранысына сай бір өзгерістер бар ма? – Әрине, әлемдік білім стандарттарының көшінен қалмау аса көкейкесті. Оқытушылардың 35 пайызы ағылшын тілінде сабақ береді, 2 мыңнан астам студент ағылшын топтарында оқиды. Биыл оқу бағдарламаларын айтарлықтай жаңарттық және ең өзекті әрі перспективалық бағыттар бойынша 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасын іске қостық. Олар – неврология, киберфизика, биологиялық инженерия, роботтық жүйелер, жаратылыстану мен инженерлік бағыттағы табиғи және технологиялық тәуекелдер. Әлеуметтік-гуманитарлық бағытта: мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық экономика, шығармашылық индустриялар, медиакоммуникация, ақылды қала экономикасы. Вирусолог мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстандық вакцинаны жасаушы биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Вирусология» оқу бағдарламасы іске қосылды. Оқытудың тәжірибеге бағдарлануын жақсарту мақсатында 3000-нан астам ұйым мен кәсіпорын арасында ынтымақтастық орнатылған, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазпошта» және басқалары бар. – Ғылыми-инновациялық қызметке көңіл бөлу мемлекетіміз үшін маңызды мәселе, ортақ мүдде екені аян. Жас ғалымдар мен студенттік ғылымды қолдауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – білім, ғылым және инновацияларды үйлестіретін классикалық көпсалалы университет. Университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны жағынан көш бастап келеді. Рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым университетке тиесілі. Университеттің бес ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді. Біздің ғалымдардың жалпы Хирш индексі 3 100-ден асады. Нөлдік емес Хирш индексі бар ғалымдар мен мұғалімдердің саны шамамен 1 400-ге жетті. ҚазҰУ-дың баспа қызметі саласындағы жетістіктері халықаралық марапаттармен белгіленген. Қазақстандық ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ҚазҰУ-дың жетекші орнын растайтын ең беделді «Вэб оф Сайнс» мәліметтер базасы университетті «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш номинациясымен марапаттады. Еліміздің ғылыми-техникалық дамуының маңызды басымдығы бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды. Университетте инновациялық жобалар іске асырылып, аз сериялы өнімдер шығаруда 10-нан астам ғылымды қажетсінетін өндіріс құрылды. Біздің ғалымдар COVID-19-дың алдын алуға белсенді қатысады. Сондай-ақ жергілікті өсімдік шикізаты негізінде дәрілік препараттардың аз тонналық өндірісі және дезинфекциялық жуу құралдарын шығару ұйымдастырылды. Жалпы, мұндай 100-ден астам жоба бар. Аталған жобалар сипатталған 2 томдық кітап шығардық. Жас ғалымдарды қолдау жүйесі жұмыс істейді, «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» конкурсы өткізіледі. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер талантты жас ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанады. – Қазір ҚазҰУ қалашығында, әбден тозығы жеткен жатақханалар мен оқу корпустарында жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көрдік. Ұлттық университет алты айда адам танымастай өзгеріпті. Мұның барлығын көргісі келмегендер ғана көрмейтін шығар?! Бірақ осының бәрі үлкен қаражатты қажет ететіні белгілі? Кіріс қайдан? – Университеттің қаржылық қызметінің басты мақсаты – студенттер мен оқытушы-профессорлық құрам үшін барынша қолайлы жағдай жасау. Қаржылық тұрақтылықты арттыру мақсатында кіріс бөлігін ұлғайтып, шығыс бөлігін оңтайландыру іс-шаралары жүріп жатыр. Нәтижесіз шығындар анықталып, азайтылады. Инфрақұрылым объектілерін пайдалану бойынша бейінді емес бизнес-процестердің аутсорсингі жоспарланып отыр. Бұл материалдық-техникалық базаны дамыту жөніндегі бірінші кезектегі міндетті шешуге шоғырлануға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, мұның бәрі білім беру – ғылыми қызметтердің сапасын арттыруға және қызметкерлерді одан әрі ынталандыруға ықпал етеді. – Алматының көркіне көрік қосып тұрған Студенттер қалашығының инфрақұрылымын дамытуға ерен күш жұмсап жатырсыз. Оның нәтижесін қалай елестетесіз? – Университетте білім беру мен ғылымның озық инфрақұрылымын жасауға бағыт алдық, біртіндеп бар мәселені шешпекпіз. Университет кешені 54 жылжымайтын мүлік объектісін қамтиды. Оның ішінде 18 оқу-зертханалық корпус және 5,4 мың орындық 17 студенттік жатақхана бар. Ғимараттардың жалпы ауданы 311,9 мың шаршы метр. Университетте жалпы ауданы 17 846,1 шаршы метр және қоры 2 млн томнан астам әдебиет бірліктері жеке орналасқан кітапхана бар. Қауіпсіздік үшін барлық оқу корпустары мен жатақханаларда электрондық өткізу жүйелері енгізілді. Заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылды. Интернет қолжетімді. Кампус аумағында толыққанды білім беру мен бос уақытты өткізуге арналған тұтас кешен жұмыс істейді: жаттығу залы, спорт алаңдары және секциялары бар спорт кешені, медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтің кең спектрі қамтылған «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ жеке кинотеатр бар. 7 оқу ғимаратында косметикалық жөндеу жүргізілді, 3 оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмысы аяқталып келеді, 14 жатақхана жөндеуден өткізілді, студенттерге қазіргі заманға сай жағдай жасалған, барлық жөндеу жұмыстарын сырттан мердігерлер тартпай, университет қызметкерлері орындады. Компьютерлік техниканы жаңарту бойынша көптеген жұмыс жүргізілді, 800 компьютер сатып алынды және факультеттерге берілді. Кампустың аумағы да абаттандырылуда. Биыл университет ұжымы 1 000-ға жуық қырым қарағайы мен сиверс алма ағашын және басқа да жеміс талдарын отырғызып, Елбасы аллеясын, Ғалымдар бағын, Ағаштар аллеясын ашты. Біріншіден, жатақханалардың ескіргенін атап өткен жөн. Көпшілігінде пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Коммуникация жүйесі апаттық жағдайда. 15 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Соңғы студенттік жатақхана 1991 жылы салынып, қолданысқа берілген. Екіншіден, оқу ғимараттары тозған. Аудиториялардың, оқу жиһаздары мен техникалық құрал-жабдықтары ескірген. Инженерлік желілер мен коммуникацияның жағдайы сын көтермейді. Жаңа ғимараттар мен аудиториялар қажет. Сондықтан кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары жасалды. Онда жатақханалар мен оқу корпустарын қайта жаңарту және салу жұмыстары қарастырылған. Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен бірлесе отырып, жатақханалар салу үшін инвестор тартуға әрекет етудеміз. Оқытушылар әлемнің үздік университеттерінде тағылымдамадан өтеді. ОПҚ мен ғалымдардың жалақысын көтеру және материалдық ынталандыру саясатын жалғастырамыз. Университет ғалымдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттырады. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жаңа деңгейге көтеріледі. Студенттер қазірдің өзінде технопарк базасында гаджеттердің (планшеттердің) сынақтық құрастыруын бастады. Жаңа жатақханалар мен оқу ғимараттары салынады. Оқу ғимараттары, әр аудитория цифрлық тақталар, панельдермен жабдықталады. Озық ғылыми зертханалар мен заманауи оқу орталықтарын құру жоспарланып отыр. Университет интеллигенциясының рөлін аттыру керек. Мемлекетіміздің әлеуметтік маңызды салаларына белсенді қатыса отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы нақты істер және жобалармен атап өтіледі. Жалпы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами (интеллектуалды) капиталын және ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталуын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. – Әңгімеңізге рақмет!Әңгімелескен Әділ БАЙБОЛ