Павлодардағы «Достық үйінде» ұйымдастырылған акция алаңында қала тұрғындары адвокаттар, нотариустар, атқарушы және мемлекеттік органдардың, құқық қорғау, әділет және сот жүйесінің өкілдерінен құқықтық көмек сұрай алды. Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін алдын ала тіркеу ұйымдастырылып, кезек күту болмады.
Павлодар облысы әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заң көмегін көрсету бөлімінің басшысы Асқар Серғазиновтың айтуынша, акцияның мақсаты – өңір тұрғындарына күнделікті құқықтық мәселелерді шешуге көмектесу.
– Жиі қойылған сұрақтар коммуналдық сала, жер қатынастары және әділет органдарына қатысты мәселелерге қатысты болды. Мәселен, алименттерді өндіру, қарыздарға қатысты сауалдар бар. Мәселені жедел шешу мүмкін болмаса, мамандар оны бақылауға алып, кешенді түрде жұмыс жүргізеді. Ең алдымен, құжаттарды қалай рәсімдеу керектігін, әрі қарай қандай әрекет жасау қажет екенін түсіндіреміз, – деді Асқар Серғазинов.

Кеңес алғандардың қатарында Павлодар тұрғыны Надежда Белоус та бар. Ол ұзақ өмір сүру орталығындағы емдік дене шынықтыру бөлмесінің тарлығына қатысты мәселе көтерді.
– Зейнетке шыққаннан кейін белсенді өмір салтын ұстанып жүрмін, ұзақ өмір сүру орталығына барамын. Бірақ бізде жаттығуға ниетті адамдар көп, ал емдік дене шынықтыру бөлмесі тым шағын. Біз би билейміз, тіл үйренеміз, әдеби үйірмеге қатысамыз. Өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қатысушылар саны артып келеді, сондықтан бізге кеңірек бөлме қажет. Мүмкіндік бар деп ойлаймын, – деді зейнеткер.
Биыл акцияны Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.

Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов тұрғындардың өтініштері әртүрлі бағыттарды қамтитынын атап өтті – әкімшілік, азаматтық, тұрмыстық, тұрғын үй және еңбек мәселелері.
– Біз мұндай форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізуге дайынбыз. Әлеуметтік акция павлодарлықтардың проблемалық мәселелерін заң аясында жедел шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, ол халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, түрлі мәселелер бойынша тегін кеңес алуға мүмкіндік береді. Әр өтініш біздің бақылауымызда болады. Прокуратура қызметкерлері түскен сұрақтарды талдап, алдағы жұмысқа негіз жасайды, – деді Алмат Байшолақов.
«Халық заңгері» акциясы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді және өңір тұрғындары арасында сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Мемлекеттік орган өкілдері азаматтардың мәселесін бір жерде шешу тиімді болатынын атап өтті.

 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        