Ақмола облысында мемлекеттік сатып алу арқылы бір дәптерді 95 мың теңгеге сатып алмақшы болған. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимовтың қатысуымен өткен бағаны көтеру және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды болдырмау фактілерін анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижелері туралы онлайн-брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақмола облысы аудандарының біріндегі білім мекемесі 14 250 000 теңгеге немесе бір данасын 95 мың теңгеге дәптер сатып алуды жоспарлаған. Ал 1 дәптердің орташа нарықтық бағасы - 60 теңге.
Мекеменің түсіндіруі бойынша, дәптердің бағасының белгіленген бағадан жоғары болуына мемлекеттік сатып алу порталы әкімшісінің жіберген қателігі себеп болған.
Сондай-ақ, «Еңбек – Көкшетау» ШЖҚ РМК филиалы мемлекеттік сатып алу арқылы жалпы сомасы 6 миллион теңгеге немесе 1 кг үшін 200 теңгеге сұлы сатып алмақшы болған. Ал сұлының нарықтық бағасы - 90 теңге. Осылайша Департаменттің уақтылы араласуының арқасында мемлекеттік сатып алуда ұсынылған баға төмендетіліп, 3 миллион теңгеден астам қаржы үнемделген.
Осылайша, жыл басынан бері мониторинг шеңберінде Департамент енгізген ұсынымдардан кейін сатып алуға жоспарланған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге жоғары бағаларды төмендету арқылы 1 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделді.