50252
Jastar-Otanga! халықаралық жастар-саяси форумы басталды
Jastar-Otanga! халықаралық жастар-саяси форумы басталды
5 қазан күні Jastar-Otanga! халықаралық жастар-саяси форумының ашылуы өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Jastar-Otanga! форумының қатысушылары TEDx Talks форматындағы семинарларға, тұлғалық және кәсіби құзреттілікті дамыту бойынша шеберлік сыныптарына, сондай-ақ қоғам және саясат қайраткерлерінің дәрістеріне қатыса алады. Аталған іс-шара 5-9 қазан аралығында өтеді.
Бұл форум – ең алдымен жастар партиялық кадрлық резервін қалыптастыру, сонымен қатар жастарды мемлекеттік құндылықтарды дәріптеуге жұмылдыру үшін білімді, дарынды және болашағынан зор үміт күттіретін жастар пулын құрудың құралы. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық орнату үшін форумға Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы жастар ұйымының өкілдері қатысады, ал Қытай, Германия, Пәкістан, Татарстан және өзге елдердегі ұйымдар өкілі онлайн форматта қатыспақ.
«Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, аталған іс-шара Қазақстандағы жастар күшін біріктіруде маңызды қадам саналады.
Jastar-Otanga! форумы қандай форум? Мұнда жастар идеялар және тәжірибемен алмасып, қарым-қабілеттерін танытады. Мұнда ешқандай шарттылық жоқ, есесіне жастардың көпшілік біле бермейтін дарынын көрсетуге мүмкіндігі бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар жаңа жобаларға жол салуы тиіс патриоттық форум. Бағыттардың бірі – жастар арасында партиялық кадр резервін дамыту, сонымен қатар 2025 жылға дейін Jastar-Otanga! бағдарламасы жол картасын жүзеге асыруды талқылау. Биыл аталған форум тұңғыш рет халықаралық форматта өткізіліп отыр. Аталған алаң қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың ары қарай дами түсуіне зор ықпалын тигізбек, – деді Нұржан Жетпісбаев.Ал «Единая Россия» жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федосова Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді партияаралық байланысты ерекше атап өтті.
«Алғаш рет байланыс 2001 жылы орнаған болатын, ал 2005 жылдан бері «Единая Россия» Партияаралық ынтымақтастық туралы келісім негізінде «Nur Otan» партиясымен тығыз байланыста. Jastar-Otanga! форумы ресейлік-қазақстандық партияаралық диалогқа тың серпін беретініне сенімдімін. Сонымен қатар биыл екі елде де сайлау науқаны өткенін атап өткім келеді. «Nur Otan» партиясы «Единая Россия» секілді көшбасшылығын дәлелдеп, азаматтардың аталған партияға сенім білдіретіні байқалды», – деді Виктория Федосова.Ал Әзербайжаннан келген әріптестер «Jas Otan» Жастар қанатына форум өткізуде ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумы Еуразиялық аймақ орталығының бас директоры міндетін атқарушы Вузал Гурбанов өз сөзінде Jastar-Otanga! форумын өткізудің маңызын баса айтып өтті.
«Қазіргідей пандемиямен күрес жүргізіп, жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп беріп жатқан уақытта ел жастары әлем құндылықтары мен тату көршілік қарым-қатынастарды дәріптеп жүр, бұдан асқан қандай бақыт бар? Біздің форум мен «Jas Otan» Жастар қанаты бұрыннан тығыз байланыста, қазақстандық серіктестер біздің форумның жұмысына белсенді қатысып жүр», – деді Вузал Гурбанов.Сондай-ақ қазақстандық қатысушылар да Jastar-Otanga! форумының жұмысы туралы өз пікірлерін бөлісті.
«Мен бұрын бұл форум туралы естіп, аталған іс-шараға қатысқым келіп жүрген еді. Әлеуметтік желілерден жарнамасын көріп қалып, өтініш жіберген едім, жолым болып, өтінішім қабылданды. Форум кезінде алатын білім мен біліктілік менің алдағы жұмысыма көмектесетініне сенімім мол, көп адаммен танысып, байланыс орнататын боламын», – дейді Павлодардан келген қатысушы Меңсұлу Ахметжанова.Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум қонақтары мен қатысушылары қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін Open Air концертін, DJ, Jaidarman және Көңілді тапқырлар клубы командаларының өнерін тамашалап, сондай-ақ спорттық жарыстарға қатыса алады. Айта кетерлігі, бұл іс-шара санитарлық ережелерге сай өткізіледі, сондай-ақ, қатысушылар мен қонақтар вакциналау төлқұжатын көрсетуі тиіс. Jastar-Otanga! форумының қатысушылары бес күн бойы семинарларға, тренингтерге және арнайы ұйымдастырылған сессияларға қатысып, жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер туралы идея алмасып, өз ойларын ортаға сала алады. Сессияларға арнайы шақырылған спикерлер, соның ішінде елге белгілі қоғам қайраткерлері, спортшылар мен Мәжіліс депутаттары қатысады.