356
Тозақ апанының тірі куәгері - Ахико Тецуроның тағдыры
Тозақ апанының тірі куәгері - Ахико Тецуроның тағдыры
Кейде біз тарихты ақтарамыз деп ақиқаттан тым алшақ кетіп жатамыз. Бүгінгі шындықты яки болжамы көп болашақты айтқаннан гөрі көз көрмесе де, құлақ естіген өткенді қаузауға құмармыз. Бірақ көркем дүние жасаймыз деп көріксіздікке ұрынатын кезіміз көп. Өйткені ізденіс аз, үстірттік көп, тереңдегіміз келмейді. Білмегенімізді білетіндерден сұрауға, көрмегенімізді көргендердің аузынан жазып алуға құлықсызбыз. Одан гөрі қиялға ерік берген оңай. Алайда бүгін «қиялизммен» таңғалдыру қиын. Оқырман да, тыңдарман мен көрермен де шындықты іздейді. Ауылы ақиқаттан әлдеқайда алыс, тарихи бояуы күңгірт, көркемдік кескіні келіспеген көп туындының арасынан «Ақтастағы Ахиконың» ерек көрінгені сондықтан.
Жас драматург Мәдина Омарованың пьесасы бойынша белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Асхат Маемиров сахналаған жаңа қойылым М.Әуезов театрының репертуарын салиқалы да салмақты дүниемен байытты. Кәрі тарихтың тірі куәгері – Ахико Тецуроның өмір жолына үңілген ұжымның бұл жұмысы тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартылған тартулардың ішіндегі бағалысы.
Тұсаукесерге Жапонияның Қазақстандағы елшісі Ичиро Кавабата мырзаның, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың, қойылым авторларының бірі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтің арнайы келуіне қарап-ақ спектакльдің тарихи һәм саяси салмағын, жапон-қазақ қатынасындағы маңызын шамаладық. Алайда қойылымға шақырылған ең басты қонақ – Ахико ақсақал келе алмапты. Алыстан ат арытып келуге 86 жастағы қарияның денсаулығы жарамаған. Әйтпесе, өз өмірін арқау еткен спектакльді залдың төрінде отырып тамашалап, көппен бірге көзге жас алар еді. Тар жол, тайғақ кешулерін еске түсіріп, қиын күнде қолтығынан демеген, әлі күнге дейін қамқорлығын аямайтын қазақтай дарқан елдің ортасына тап болғанына тағы да шүкірлік етер еді.
Ахико Тецуро – Қарағанды облысына қарасты Ақтас дейтін аядай ауылдың тұрғыны. Ұлты – жапон. 11 немере, 5 шөбере сүйіп отырған ақсақалдың көзі тірі тарих екенін көпшілік біле бермейді. Ахико Тецуро 15 жасында тағдырдың айдауымен ГУЛАГ-тың Қазақстандағы ең ірі лагері – КАРЛАГ түрмесіне түседі. Он бес жастағы бала тергеушілердің қинауына шыдай алмай, ақыры өзіне тағылған «жапон тыңшысы» деген жалған айыпты мойындайды. Сөйтіп, КАРЛАГ-қа, қара түнекке оранған тозақ апанына түседі. КАРЛАГ-та еліміздің сүт беті қаймақтары – ғалымдар, оқымыстылар отырғаны, олардың адам төзгісіз қинау, зорлық көргені сталиндік қуғын-сүргін кезеңінің қанды беттерінен белгілі. Жазықсыз жала жабылып, қапасқа қамалған Ахмет Байтұрсынов пен Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолла Оспанов та зобалаң күндерін Ахикомен бірге өткізеді. Жастық шағы КАРЛАГ-та өткен жапон жігіті 10 жылдан соң рақымшылыққа ілігеді. Түрмеде әбден азапталған 25 жастағы Ахико бостандыққа қу сүйегін сүйретіп шыққан. КАРЛАГ-тан шыққанда жас жігіттің салмағы небәрі 24 келі болған екен. Осыдан-ақ, кеңестік идеология құрбаны болған арыстарымыздың қандай азапты күн кешкенін ұғуға болады.
Жат жерде, өлім аузында түнектен жарыққа шыққан Ахиконы ес-түссіз жатқан жерінен қазақ әйелі тауып алып, аузына су тамызып, қарғыс атқыр соғыс жұтқан ұлдарының орнына баласындай бауырына басып, адам қатарына қосады. Кейін заман оңалғанда Ахико ата жұрты – Жапонияға барып, әкесімен, бауырларымен, туған-туысымен табысады. Туған елі оны қаһарман ретінде қарсы алып, тұрмысына, өміріне қажетті жағдайды жасап береді. Бірақ Жапония Ахикоға құт мекен бола алмады. Көп ұзамай ол Ақтасқа, екінші рет өмір берген қазақ анасына, адам қатарына қосқан қазақ бауырларының ортасына оралады. Осында шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітеді. Сөйтіп жастығын қуғын-сүргін ұрлаған жапон қазақ елінде біржола тұрақтайды.
«Ақтастағы Ахико» – сталиндік зұлмат жылдарында Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып, лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің – қазақ пен орыстың, украин, латыш, эстон, поляк, еврей, неміс, жапон, француз бен венгерлердің тағдыры. Ахико – ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерьлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған жасампаз жандардың жиынтық бейнесі. Сталиндік қан қасап жылдары ғазиз басы азапқа түскен ұлт ұлыларынан бастап, жазықсыз сан мыңдаған адамның тұтас жүйе сындыра алмаған болаттай берік рухын, қанша қинау, зорлық-зомбылық көрсе де сөнбеген үмітін, өмір сүруге құштарлығын, жарқын болашаққа сенімін көрсетуді көксеген өнер ұжымы, сөз жоқ, мақсатына жетті.
КАРЛАГ түрмесін көрген тағдыр иелерінің өмірін, атышулы лагерьдің қазаққа, өзге ұлт өкілдеріне әкелген қасіретін дәл мұндай тереңдікте сезіндіре алған, жанға салған жазылмас жарасын, санада қалдырған кедір-бұдырын дәл мұндай көркемдік деңгейде көрсеткен қойылым қазақ сахнасында бұған дейін қойылмаған, біз білсек. Сондықтан, ең әуелі, идея авторлары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл мен ұзақ жылдар бойы КАРЛАГ-ты зерттеген ғалым, «Қарағанды облысындағы жапон әскери тұтқындары» атты еңбектің авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбековтің бастамашылдығын ерек атап өтуге тиіспіз. Олардың Ахико Тецуроның тағдырын сахналық туындыға арқау етсек деген ұсынысын іліп әкетіп, Ақтасқа арнайы барып, Ахико ақсақалдың аузынан жазып алған тарихи шындықты бас-аяғы жұмыр, көркемдік бояуы қанық, тілі мөлдір шығармаға айналдырған драматург Мәдина Омарованың және пьесаға сахналық ғұмыр берген режиссер Асхат Маемировтің еңбегі ерен.
Спектакль көрерменді 2 сағат бойы сахнаға телмірген күйі ұстап отырды. Басы қалай әдемі басталса, соңы да сондай әсерлі. Негізгі бөліміндегі баяндаулар жалықтырмайды, сөз бен суретті жарыстыра отырып, оқиғаны қолмен қойғандай түсіндіреді. Қазір режиссерлер қойылымның көркемдік бояуын қанықтыра түскісі кеп абстракцияға жиі жүгінеді. Кейбір көріністер мамандарға түсінікті болғанымен, қарапайым көрерменнің қабылдауынан алшақ кетіп жатады. Сондай спектакльдерден шыққанда: «Түк түсінбедім, анау неге өйтті, мынау неге бүйтті?!» деп қасындағы серігін сұрақтың астына алып жататын көрерменді жиі көреміз. Ал бұл қойылымда оқиға желісі де, автордың айтқысы келген ойы, режиссердің көрсеткісі келген шындығы – бәрі айқын. Бірақ айқындығы қарабайырлықтан, іш пыстыратын баяндамадан ада. Қойылымның шарықтау шегі көрерменнің санасы мен сезімін тіпті ширықтыра түседі. Кейіпкерлер көрген азаптың ауырлығын көзіңмен көріп қана қоймай, тұла бойыңмен сезесің. Денең тітіркенеді, бір ысып, бір суисың. Сахнаға түрме күзетшісі шыққан сайын деміңді ішке тартып, қалай тістеніп алғаныңды өзің аңғармай қаласың. Көзіңнен еріксіз жас ырши береді. Әсіресе, түрмедегілердің Қасен ақсақалмен қауышу сәті және Ахметтің өлең кітабын Ахикоға аманаттайтын сәті тым әсерлі. Сценография мен музыка да ХХ ғасырдың көзі ашық, көкірегі ояулардың басына салған трагедиясын дөп баса білді. Әсіресе, қойылым суретшісі Г.Құрманбекованың суреткерлік шеберлігі сүйсінтті. Күншығыс елінің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін жарқын сәттерде де, КАРЛАГ-тағы тұтқындар камерасындағы күңгірт, қаралы көріністерде де сценографияның көтерген жүгі салмақты. Сахнаның қақ ортасындағы бірде жапонның жайқалған сакурасына, бірде қазақтың алып бәйтерегіне айналатын ағаш та екі әлем, екі түрлі құндылықты шебер шендестіріп, режиссер мен суретші артқан міндетті артығымен орындады.
Асхат Маемиров актерлік құрамға кіл мықтыларды жинапты. Арасында театрға кеше ғана келген жастар жылт еткені болмаса, эпизодтағы рөлдер мен көпшілік сахнада жүргендер де – сахнаға әбден тері сіңген актерлер. Ахиконы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда сомдады. Атағын қоспай айтсаң да, оның атын естігендер рөлдің мінсіз орындалғанына шүбә келтірмес еді. Өйткені ол – мойынға жүктелген жауапкершілікті атқаруға келгенде жанын аямайтын актер. Ахикоға айналу үшін де барын салғанын көрдік. Қазақ даласына жазықсыз айдалып елген жапон екеніне сендік. Кейіпкерінің ішкі рухының мықтылығын да, аждаһа ажалмен бетпе-бет келгендегі әлсіздігін де көрсете білді.
Степан рөліндегі Қуандық Қыстақбаев та өзгеше ізденісімен көрінді. Астана театры сахнасындағы сүйекті рөлдері арқылы көптің ықыласына бөленген актер М.Әуезов театрының актерлік қосынына жуырда ғана қосылды. Алайда қарашаңырақ сахнасында бұрыннан ойнап жүргендей еркін көсіледі. Тіпті, қанішер Степанды оның рөлі дегеннен гөрі, өз болмысы деп қабылдау оңай. Айтпақшы, актер екінші құрамда бас кейіпкерді ойнайды. Қ.Қыстақбаевтың интерпретациясы Д.Ақмолданыкіне ұқсамайтыны анық. Оның Ахикосы басқа қырынан ашылуы мүмкін. Болжам жасауға болады, бірақ көзбен көргенге не жетсін! «Ақтастағы Ахикоға» әлі талай айналып соғатын боламыз.
Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ