692
Ағып түскен жұлдыздай
Ағып түскен жұлдыздай
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ішінде республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған жастардың бір легі КазГу-дың журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға құжаттарын өткізіп, бақтарын сынаған. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, мемлекеттік сынақтарды ойдағыдай тапсырған, конкурстан сүрінбей өткен, ұзын саны елуге тарта жас аман-есен оқуға түстік.
Бәріміз, ресми тілмен айтқанда өндірістен қол үзбей, яғни өмірдің алуан саласында жұмыс жасай жүріп, жоғары білім алуды мақсат еткен жандармыз. Жігіттердің біразы әскерге барып, ол жақта екі жылдық азаматтық борышын өтеп қайтқан тіс қаққан ересектер. Енді бір тобымыз үш-төрт жылдан оқу оқып, техникум, училище тәмамдап тастаған дипломды мықтылар. Келесі топ бұрғылаушы-мұнайшы, қойшы, жылқышы, механизатор болып жұмыс істеп, жаздың ми қайнатқан аптабына күйіп, қыстың қақаған аязында шыныққан, былайша айтқанда өмір көрген сақалар. Бәрі де сен тұр, мен атайын дегізген жаланған жастар, алдаспандай жарқылдаған жігіттер.
Арамызда жаңадан ғана мектеп қабырғасынан шыққан мөлдір жеткіншектер де баршылық, оң мен солын әлі тани қоймаған балауса қыздар да жетерлік. Солардың бірі – ұяң мінезді Марфуға Бектемірова қарындасымыз болатын.
Бойларынан әлгіндей жігер оты жалындаған жігіттер мен гүлдей жайнаған қырмызы қыздардың оқуға талпыныстары сүйсінерлік-ті. Олардың мұндай талпыныстарын, оқуға деген құлшыныстарын мен алғашқы күндерден-ақ байқаған едім.
Біздің курсқа сол кездің өзінде аттары шыға бастаған бірер азаматтар жиналған екен. Журналистігінен гөрі, прозашылығынан гөрі, екінің бірі ақын ба деп қалдым. Сол ақын қыз-жігіттердің ішінде Марфуға қарындасымыз ерекше көрінді. Бота көзі жәудіреген, аққұба өңді, жүзі жайдары, томпиған әдемі қыз. Жібектей мінезімен жұртқа жағып, барлығымен еркін араласып, үлкендерге үнемі іздеттілік танытып жүрді.
Факультетімізде Марфуға бірсыдырғы жақсы оқыды. Лекцияларды ықылас қоя тыңдап, дәптеріне шұқшиып, жалықпай жазып жататын. Зейінді, зерек қыз болды. Небары 17 жаста, өрімдей жас болғасын ба, бәрін тез ұғынады, ес-дерті оқу еді.
Сабақтан бос уақытында А.Пушкин атындағы Республикалық орталық кітапханадан шықпайтын, қажетті әдебиеттерді алып, кезекті сессияға мұқият әзірленетін. Сосын да болар, өзге ересектер секілді Алматының көшелерін кезіп қызық қуалаған жоқ, кезекті сынақтарды қиналмай, жақсы тапсырып жүрді.
* * *
Бірде филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің сатира пәнінен емтихан тапсыруға кірістік.
Алдыңғылардың сапында «жүрек жұтқан» 5-6 студент аудиторияға кірді. Ішінде Марфуға да бар. Курстың старостасы ретінде мен де бір шетте бақылап отырмын.
Темірбек ағамыз қазақ әдебиетінде сатираның көшбастаушысы, жанрдың жілігін шаққан асқан білгірі, от ауыз, орақ тілді шешен, құдіретті ұстазымыз. Мінезі тым қатал, талапшыл. Ол кісінің өткір мысқылы, найзадай тілі нар түйені жыққандай. Тілімен түйреп алса есіңнен ауысып, қиралаңдап қаласың. Оның үстіне журналистика факультетінің ақырған абадандай деканы. Ал, деканның сынағынан сүрінбей өту, арман еткен арғы жағалауға жету – қияметтің қыл көпірінен өткеннен бетер азап.
Содан, жауап беру үшін Марфуғаға кезек келді. Нақты не туралы екені есімде жоқ, әйтеуір бәрі де сатира жанрлары бойынша ғой... Ғұмыры біреуге жылы сөз айтып, мақтап көрмеген Темағаң бүгін дән риза, қайта-қайта сауалдар қояды, студенті Марфуға мүдірер емес.
– Шырағым, сен менің әлгі «Сатира жанрлары» деген кітабымды жаттап алғаннан саумысың өзі? Тіпті ешбір сұрақтан жаңылысар түрің жоқ қой, жауабың нақты! Байқаймын, еңбегің бар екен. Осы қызымызға «толық төрт» деген баға қойсақ қалай қарайсыз, Әбеке? – деп қасында отырған ақ шашты профессор Әбілфайыз Ыдырысовқа бұрылды.
Қашанда студенттерді бауыр тартып, қамқор болып жүретін Әбілфайыз ағамыз келіскендей басын әнтек изеді де:
– Мұндай жауапқа «бес» қойсаңыз да қарсы емеспіз! – деп жадырай жауап берді.
Темекең басын шайқады:
– «Төрт» – деді тағы да нығарлап. – Семіз төрт жарап жатыр бұл қызымызға!
Темірбек көкеміздің көңілінен шығып, төрттік баға алудың өзі ол уақта үлкен жетістік болатын. Жетістік емес, зор жеңіс еді.
Жас қыздың алғырлығына, табандылығына сүйсініп, мен Марфуғаның соңынан аудиториядан шыға бердім. Емтиханға келесі кіретін «мықтыларды» іріктеп, староста ретінде жүректерін басып, жігерлендіруім керек болды.
* * *
Марфуға мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен уыз жырларымен көзге түскен екен. Әсіресе, ақынның сол шамада жазған «Аққуым менің қайдасың?» өлеңі ел ішіне жақсы тарайды. Кейін осы өлеңге Алматыда тұратын композитор Әнуарбек Бекжанов тамаша ән жазып, ел аузына кеңінен жайылып кетеді. Осы әнді нақышына келтіре орындаған әнші Ералхан Әбішевтің де аты дүркіреп шығады. Марфуғаның есімі де әйгілене бастайды.
Сол «Аққуым менің қайдасың?» әні әлі күнге дейін жиын-тойларда, мәдениет мекемелерінің сахналарында шырқалып жүр. Марфуғаның сөзіне жазылған ол ән бүгінгі таңда Қазақ телевизиясы мен радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Түрлі хабарлар мен концерттік бағдарламаларда тыңдарман назарына ұсынылуда.
Демек жақсы сөзге жазылған жақсы ән өлмейді екен, ол халықтың рухани қазынасы ретінде жасай бермек.
Анда-санда курста поэзия кештерін ұйымдастырып тұрамыз. Сол бас қосуларда Марфуға өз өлеңдерін ұяң даусымен оқитын. Жас та болса жақсы ақын екенін сездіретін, жауқазын өлеңдері сезімге құралған, ұйқастары бір-бірімен жымдасып, теңеулері айшықты еді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев университеттегі қаламгер жастардың көркем шығармашылығына көңіл бөліп жүретін асыл ағамыз еді. Бірде ол кісі өзі өткізіп отырған қазақ әдебиеті пәні сабағында «Марфуға, кеше сенің бір топ өлеңдеріңді оқыдым, жақсы екен. Сезім бар, айтар ой бар, ең бастысы бұлықсыған ақындық шоң шабыт бар. Сен былай істе... менің атымнан ақын Тұрсынхан Әбдірахманова апаңа бар, мен жіберді деп мына өлеңдеріңді көрсет? Апайың ақылын айтсын саған, жөн сілтесін» дегендей тапсырма бергені есімде.
Болмашы ғана осы әрекеттің өзінен ұстазының шәкіртіне деген шынайы қамқорлығын аңғаруға болғандай еді.
Біздер, курстастары да Марфуғаны ақын ретінде мойындайтынбыз, кәдімгідей ересек адамдай сыйлап, талант ретінде сыйлайтынбыз. Оның келешегінен мол үміт күтетінбіз. Сол үмітіміз босқа кетпеді, толығымен ақталды деп қазір айтуыма әбден болады.
* * *
Университетте сырттай оқи жүріп, Марфуға Көкшетау облысындағы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде ұзақ уақыт тілшілік қызмет атқарды. Осы редакцияда жұмыс істей жүріп, жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне екі дүркін қатысты. Қазақстан жазушыларының 8-съезіне делегат болып сайланды. Шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанды.
Өлеңдері сол жылдары «Қарлығаш» ұжымдық жинағына еніп, мерзімдік басылымдарда жарық көрді.
Тұрмысқа шығып, өмірге үш нәресте әкелді, сүйікті жар, ардақты ана болды.
Әйел адам үшін өмірдегі осындай өзгерістер, отбасылық жаңалықтар жақсылық қуаныш қана емес, адамның маңдайына жазылған зор бақыт деп білеміз!
* * *
Жалпы біздің курс жақсылар мен жайсаңдардан да кенде емес еді. Атап айтқанда, ақын Тынышбай Рахимов пен прозаик-жазушы Болат Қанатбаев кітаптары шығып, сол кездің өзінде оқырман жұртшылыққа танылып қалған азаматтар-ды.
Арамыздағы ақылман ақсақалымыз да, жасы үлкеніміз де Жүсіп Хисымов ағамыз болатын. Ол кісі республикалық «Спорт» газетінің маңдайалды тілшісі, елге аты мәшһүр спорт журналисі, кәсіби комментатор.
Сатирик Мұқтар Шерімов түрлі басылымдарда әзіл әңгімелерімен, памфлеттерімен көрініп жүрген дарынды жазушы.
Қазақтың қараторы аруының эталонындай Гүлзейнеп Сәдірқызы «Егемен Қазақстан» газетінің білдей қызметкері, еліміздегі сирек мамандық иесі – стенографист. Мұғалімдердің аузынан шыққан сөзді, лекцияларды сол қалпында бізге белгісіз бір сызықтармен, ноқаттармен сарт еткізіп қағазға түсіре қояды. Оның символикалық шимайларынан бізге пайда жоқ, оқи алмаймыз. Кейде жалынып-жалпайып өзіне оқытып, білмегенімізді сұрап жүргеніміз.
Бақыткамал Қанарбаева сол жылдардың өзінде өткен ақындар мен жыраулардың шығармашылығына ден қойып, шаң басқан архивтерді ақтарып жүрген зерттеуші. Кейін Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін, ол жайында монография шығарды, кандидаттық диссертация қорғап, басыбайлы ғылым жолына түсті.
Кейін күндізгі бөлімге ауысып кеткен, бүгінде танымал прозашы, дарынды қаламгер Заря Жұманова да бірінші курста бізбен бірге оқыды.
Біз де қара жаяу емеспіз, ол кезде жазушылықта шатағымыз жоқ, ол ауылға әлі ат ізін салмаған кезіміз. «Білім және еңбек» деп аталатын ғылыми-көпшілік жастар журналының редакциясында көркемдеуші редактормыз, яғни суретшіміз. Журналдың макетін сызамыз, әлем-жәлем суреттерін саламыз, фотоларды іріктеп көркемдеумен айналысамыз.
Ең қызығы, бірер азаматтар өзінің өмірлік қосағын, болашақ бақытын осы курстас қыздардың ішінен тапты, қос-қостан қол ұстасып үйленіп, шаңырақ құрысты. Қалған көпшілік университеттен соң өздері туып-өскен өңірлерге кетіп, облыстық газеттерді, аудандақ газеттерді басқарды, біртіндеп аттары шыға бастады.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан қол үзген жанды естімеппіз, бәрі де республикалық газет-журналдарда, өңірлік газеттерде тілші болып, радио-теледидарларда комментатор болып, өмірден өз орындарын тапқанын ұзын құлақтан естіп-біліп отырдық.
Ал, біз сөз етіп отырған Марфуға Бектемірова болса, университеттен соң Қостанай облыстық радиосында, облыстық әкімшілікте қызмет етті, «Ана тілі» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры болды.
Соңынан Астанаға қоныс аударып, «Аударма» баспасында аға редактор, «Ауыл» газетінде тілші, «Есіл» республикалық газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді.
Қай жерде еңбек етсе де Марфуға қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, дамыту тұрғысында игі істерді атқаруға ұйытқы болып жүрді. Жанын сала елдік мүдделерді насихаттап, өлеңдерімен де, жазған мақалаларымен де қазақтың қайсар қыздарына тән қайраткерлік танытумен болды.
* * *
Ақын болып туған соң қат-қабат шаруаларға қарамастан Марфуға Бектемірова өлең жазуын ешқашан тоқтатқан емес. Онға тарта жыр кітабын шығарды. Орыс тіліне аударылған жауһар жырлары Мәскеу қаласында «Белый парус мечты» деген атпен жарық көрді.
Бір топ өлеңдері 10-томдық «Қазақ поэзиясы антологиясының» 7-томына енді. Өзі аударған орыстың даңқты ақыны Анна Ахматованың өлеңдері «Аударма» баспасынан жеке кітап боп басылып, оқырмандар қолына тиді.
Марфуға Бектемірова шын мәнісінде талантты ақын, қаламы жүйрік журналист еді. Ол Фариза Оңғарсынова бастаған қыз-келіншектер поэзиясының аз ғана жұлдызды шоғырынан көріне білді. Өмірінің соңына дейін мөлдір махаббатты, адал достықты, сүйікті Отанын, туған елінің әсем табиғатын, жасампаз өмірді жырлап өтті.
Бір факультетте, бір курста оқыған аяулы қарындасымның жарқын бейнесі әлі күнге көз алдымда. Өмірден ерте кетсе де Марфуға Бектемірованың есімі жыр сүйер оқырманның жадында ұзақ сақталады деп санаймын.
Бұл арада Марфуғаның өмірлік жолдасы, белгілі жазушы Есенгелді Сүйіновтың игілікті істер атқарып жүргенін айта кеткім келеді.
Есенгелдінің бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында ақын Марфуға Бектемірованы еске алу кеші екі рет өтті. «Қазақстан» телеарнасының көмегімен «Жарқын бейне» фильмі түсірілді.
Ақынның екі томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағы жарық көріп, Ұлттық музейде оның тұсаукесері мен жеке заттарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі болды.
Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап кітапханасында қазақтың аяулы қызының электрондық нұсқадағы шығармалары мен құжаттарының тұсаукесер салтанаты жерлестерінің естерінде ұзақ сақталатын игілікті шара болды.
Бірқатар мерзімдік басылымдарда Марфуғаның өлеңдері жарияланды. Осы шаралардың баршасы өмірден ерте кеткен, бұлықсыған таланты жан-жақты ашылған кезде арманда кеткен ақын қыздың рухына жасалған тағзым іспеттес еді.
Алда көрнекті ақынның толық шығармаларының көп томдығын шығару, өлеңдерін шетел тілдеріне аудару, есімін есте қалдыру жұмыстары тұр. Бұның бәрі жанашыр адамдардың, тиісті мемлекеттік органдардың бірлесіп, жұмылып атқаратын аманатты шаруа болмақ.
Иә, ақын шығармаларын іздейтін, оқитын туған халқы, есімін құрметтейтін елі барда Марфуға Бектемірова жайындағы әңгіме ұдайы жалғаса бермек.
Әлібек Асқаров, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері