«Түркістан легионында» Тұтқында болғандар ақталатын мезгіл жетті

«Түркістан легионында» Тұтқында болғандар ақталатын мезгіл жетті

«Түркістан легионында» Тұтқында болғандар ақталатын мезгіл жетті
ашық дереккөзі
676
Сол кездегі кеңестік биліктің тарапынан ұстан­ған қағида бойынша, яғни «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстанымы миллиондаған тұтқынның тағдырына ауыр зардабын тигізді. Осы соғыста тұтқынға түскен азаматтардың көрген қорлығы мен сұмдық азапты күндерін бүгінде архив деректері айғақтай түсті. Сол жазықсыз жазаланған жандардың айтылмай жат­қан қилы тағдыры қаншама. Олардың тарихта, өз­деріне лайықты орнын алу әділеттілік болар еді. Ендігі жерде ХХ ғасырдың орта шенінде жазық­сыз жапа шеккен осы әскери тұтқындарды ақтайтын мезгіл жетті. Өйткені бүгінгі ұрпақ, Отан үшін от кеш­­кен жауынгерлердің туған-туыстары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы танып-білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі бастамасы көпшіліктің көңіліне шығып отыр­ғаны даусыз. Еліміз үшін, тарих үшін бұл маңы­зы зор оқиға болып отыр. Оңтүстік өңірінде құрылған комиссияның жұмысшы топ мүшесі ретін­де біз де архив қорларында елеусіз қалып қойған «Түр­кістан легионы» қатарында болған оңтүс­тік­қазақстандықтардың аянышты тағдырына қа­тыс­ты құнды құжаттарды мұқият зерделей отырып, ащы шындыққа көз жеткізгендей болдық. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция депар­та­мен­тінің арнайы мемлекеттік архивінде Түркістан об­лы­сы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған аза­мат­тар­ға қатысты істердің жалпы саны – 17 мың 231. Со­лар­дың ішінде «ақталмаған азаматтардың мұра­ғат­тық қылмыстық істері» қорының жалпы саны – 563. Оның көпшілігі – әскери тұтқындар. Солардың ішін­де «Түркістан легионында» болған оңтүстік жер­лестеріміздің де баршылық екені анықталып жатыр. Ендеше сол жат жерде жау қолында қалып, қа­пас­тан құтылса да қасірет шеккен қандастардың бір­­­қатарының талайлы тағдырына тереңірек үңіліп көрейік. Сондай сарбаздың бірі – Сауытбек Кәрібаев. 1906 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Ұлты – қазақ, отбасылы, 7 сыныптық білімі бар, әскер қатарына 1940 жылы алынып, 1946 жылы 30 қара­шада тұтқындалып, 10 жылға сотталыпты. Кәрібаевтың ісін қараған кәнігі тергеуші Шаян ау­да­нының тұрғынын айыпты деп табады. Тергеу хат­тамасына тігілген жауабында Кәрібаев 1940 жы­лы ақпанда Шаян әскери комиссариатынан алынып, Польшаның Замберг қаласында қатардағы жауынгер ретінде борышын өтегенін, осы қалада сұм соғыс басталғанға дейін болып, жойқын бомбылаудан соң амалсыз артқа шегінген 5-атқыштар ротасымен бірге Беларусьтің Белосток елді мекеніне қарай шегінгенін айта келе былай дейді: «...Сол 1941 жылдың маусым айының аяғына қарай біздің Белостоктағы бөлім қалың жаудың қоршауында қалды. Бізге шегінуге бұйрық берілген соң быт-шыты шыққан Белостокты тастап Минскіге қарай беттедік. Қаланың қарасы алыстан көрінгенде қатты қуанғанымыз бекер екен, Минск де қоршауда қа­лыпты. Осылайша алдан да, арттан да анталаған жау­ға тосқауыл бола алмай, біздің бөлім амалсыз бе­рілді». Яғни тергеушінің «қарсылықсыз қолға түс­ті» деген қауқарсыз қаулысы да жіті зерделеуді қа­жет ететін сияқты. Тағы бір сарбаз Малаев немесе Сейітжаппар Мол­дыбаев ОҚО, Түркістан ауданының Борисовка ауы­лында дүниеге келіпті. Қазақ, шала сауатты, бұ­рын сотты болмаған. «Отанын сатты» деген айыппен со­т­талғанға дейін соғыстан соңғы жылдары Түр­кі­стан ауданындағы Хантағы кенішінде күзетші болып қызмет атқарған. Ол №519 атқыштар полкі қатарында жасалған жау­мен соғыса жүріп, 1942 жылы тұтқынға түседі. Әскери тұтқындар лагерінде «Түркістан ле­гио­нына» алынған сарбаз Сейітжаппар өзгелер секілді кіші командирлер даярлайтын мектепке жіберілген. 1948 жылы 6 тамызда қамауға алынған Малаев та тағдырдың тәлкегіне ұшырап, 25 жылға сотты бо­лыпты. Жазаның ауыр болу себебі, «сатқын» Сейіт­жаппар легионда бөлім командирі бола жүріп, ита­льян партизандарының көзін құрту опера­ция­лары­на қатысқан, ол аз болса, ағылшын офицеріне келі­сім беріп, Кеңестер Одағына оралысымен-ақ ан­ти­советтік агитацияны қыздырып тыңшылық әрекетке көшіпті-мыс. Сот та созбалаңға салмай, 1948 жылы 24 қараша­да Сейітжаппарды қылмыскер деп танып, Челябинск облысының Верхне-Уральск қаласына жазасын өтеуге жібереді. Алайда, Сейітжаппар да өзі секілді тағдырлас жауынгерлермен бірге Отан алдында сатқындық жасамағанын, жау ұшақтарының кезекті бомбылауынан соң ес-түссіз жатқанында қапылыста қолға түскенін, «партизандарға қарсы күресті, ағылшын барлау қызметімен ауыз жаласты» дегеннің бәрі сандырақ екенін айтып, жоғары жаққа сан мәр­те арыз жазғанымен, жауап болмаған. Керісінше, Ма­лавпен бірге болған бес «легиондықтың» сот процесі алдындағы жауаптары ақ-қарасы анықтал­ма­ған күйі іске тігіліп кеткен. Осылайша, «Түркістан легионында» болған Түр­кістанның тумасы былай депті: «... Мен жасымның 18-ге де толмағанын жасырып, майдан даласына өз еркі­мен сұранып аттанған азаматпын. Түркістан әс­кери комиссариаты мені 102-атқыштар дивизия­сының құрамына қосты. 3-Украин майданындағы бірнеше шайқасқа қатыстым. Өмірімді тозаққа айналдырған сол сәтті есіме ал­сам әлі күнге дейін денем түршігеді. Иә, 1942 жыл­ғы жаудың кезекті шабуылы мен бомбылауы біз үшін сәтті болмады. Топыраққа көміліп, есімнен танып қа­лыппын. Қанша уақыт жатқаным жадымда жоқ, есім­ді жисам енгезердей неміс нұқып оятып жатыр екен. Менің сөзіме сеніңіздер. Тұтқынға өз еркіммен түс­песем, мен қалай «сатқын» боламын? Мені қа­лай­ша Америка барлауының жансызы деп жазғыра­сыз­дар, оларды өзім түгілі түсімде көрген жоқпын ғой... 25 жылға сотталғанымды кейін естідім. Мен қыл­мыскер емеспін, мені қолдан «қылмыскер» еткен. Қауіп­сіздік басқармасы шындықтың көзіне тура қарай алмай отыр. Сондықтан әділетті Кеңес заңы­мен жазаласаңыздар екен, жазықсыз жылат­па­саңыздар екен деймін. «Босатыңыздар» деп бас игелі тұрған жоқпын. Тек «жау санап» ақ жаныма дақ түсіргендерге назалымын. Сол себепті де қылмыстық істің қайта қаралатынынан үміттімін», дейді. Бәлкім, осынау жазба түрткі болды ма, 1955 жылы 15 тамызда абақтыда 5 жылын өткізген Сейітжаппар Молдыбаевты мерзімінен бұрын босатыпты. «Түркістан легионында» болған тағы бір жер­ле­сіміз – 1917 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы Георгиевка ауданы Ленгер қаласының тумасы Танкеев Жандарбек. Қазақ, 5 кластық қана білімі бар. Бұ­рын сотты болмаған, партия қатарына кірмеген Тан­кеевке де тағылған айып – 1940 жылдың шіл­де­сі­не дейін Кеңес Әскері қатарында болып, тұтқынға түс­кесін 1942 жылы «Түркістан легионы» қатарына кіргені. Осы «қылмысы» үшін 1949 жылы 8 қыркүйек­те Түркістан әскери округі әскери трибуналының ше­­шімімен РСФСР ҚК-нің 58-1 бабының «б» тармақ­ша­­сына сай айыпты деп танылып, 25 жылға соттал­ған. Кезінде Ленгер қаласында «Ленгеркөпір» кені­шінде кен қазып, кейіннен электровоз кондукторы болып жұмыс істеген Жандарбекке «Түркістан ле­гионы» қатарында жүргенде унтер-офицер атағы беріліпті. Иркутск облысының Ангарск қаласында Ж.Танкеев 7 жыл жазасын өтеп келіп, еңбекке арала­сып, тек жақсы жағымен көзге түседі. Ал 1919 жылы туған, ОҚО, Келес ауданы «Еңбек» кең­шарының тұрғыны Әшірқұл Мәмбетәлиев 1950 жылы 1 қарашада ұсталып, жоғарыда аталған баппен сотты болады. Ұлты – қазақ, отбасылы, байдың ұрпағы болғандықтан партия қатарына алынбаған. Қара танымайтын қазақ баласы 1941 жылы шілдеде дұшпан қолына түсіп, «Түркістан легионына» кіруге мәжбүр болған. Айыптау қорытындысынан анықтағанымыз Әшір­құл әскер қатарына 1939 жылы Сарыағаш аудан­дық әскери комиссариатынан шақырылып, алдымен қатардағы сарбаз ретінде №4048 әскери бө­лімде дайындықтан өтеді де, сұрапыл соғыс бас­талған тұста Латвия майданына жіберіліп, Десна өзені маңындағы шайқаста тұтқынға түседі. 1955 жылы 17 ақпанда оған қатысты істі жүр­гізген ОҚО ҰҚК 4-арнайы бөлімнің аға тергеушісі ка­пи­тан Балакирев 25 жылды арқалаған айыпкердің пар­тизандарға қарсы ұрыстардың бірінде жеңіл жа­раланып, марапатқа ұсынылғанын да атап көр­сетіпті. Біздіңше Ә.Мәмбетәлиевке қарсы іс те біршама бұрмаланғанға ұқсайды. Өзінің ақтығын айтып жол­даған арызының назарға алынбағанына күйін­ген жауынгер келесі бір арызын «Правда» газетінің редакциясы мен Бас әскери прокурорға жіберген. Нәти­жесінде оған қарсы іс тоқтатылып, рақымшы­лық көріп, бостандыққа шығады. Қорыта айтқанда, сұрапыл соғыстың сыры ашыл­маған «ақтаңдақ» беттерінің бірі – Түркістан легионы. Әлі күнге дейін легион турасында тұщымды бай­лам айтылып, кесімді баға берілген жоқ. Тұт­қын­дар тағдыры да тасада қалып келеді. Біздіңше кон­цлагерьде кінәсіз азапталып, тұтқыннан әупірім­деп тірі шыққандарды фашизм «тозағын» көрген осындай әскери тұтқындарды түгелдей «сатқын» деу мүлде қисынға келмейді. Бұған архив қорларында «құпия» сақталған деректерді ақтара отырып көз жеткізгендей бол- дық.

Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры

Серіктес жаңалықтары