206
«Нұрлы жол» аясында 4,5 млн шаршы метр үй салынады
«Нұрлы жол» аясында 4,5 млн шаршы метр үй салынады
«Нұрлы жол» аясында 2020 жылға дейін 4,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 4,5 млн. ш.м. тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде 1,7 млн. жалға берілетін, 2 млн. кредиттік, 0,8 млн. ш.м. коммерциялық тұрғын үй. Осы жоспарды іске асыруға 444 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді»,- деді ол.
Оның айтуынша, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 2015-2016 жылдары бөлінген 115 млрд. теңге есебінен 535,8 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады. Ал «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы 324,1 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй (5,4 мың пәтер) және 366,9 мың ш.м кредиттік тұрғын үй (5,5 мың пәтер) құрылысына 2016-2017 жылдарға 113 млрд. теңге бөлу көзделген.
«Бүгінгі күні жалпы аумағы 498,3 мың шаршы метр болатын 8,3 мың пәтер салуға 78,9 млрд. теңге болатын келісім рәсімделді. Биылға жоспарлаған 51,4 млрд. теңгенің 29,8 млрд. теңгесі игерілді. Жергілікті атқарушы органдары арқылы 541,5 мың ш.м. кредиттік баспана құрылысына 2016-2017 жылдары 67 млрд. теңге көзделген. Бүгінгі күні әкімдіктермен 38,2 млрд. теңгеге облигациялар шығарылып, оның 10,3 млрд. теңгесі игерілді. Қалған 28,8 млрд. теңгеге 2017 жылы облигациялар шығарылады», — деді М.Жайылымов.
Мұнан бөлек, оның сөзіне қарағанда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын несиелеу үшін 22 млрд. теңге бағытталатын болады. «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы 498,2 мың ш.м. коммерциялық тұрғын үйдің құрылысына 2016-2017 жылдары Жылжымайтын мүлік қоры арқылы 97 млрд.теңге көзделген.
«Биыл 83,3 млрд. теңгеге аумағы 312,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің (6,2 мың пәтер) 9 жобасының құрылысы жоспарланды. Оның ішінде қордың үлесі 66,1 млрд. теңге, құрылыс салушылардың өз үлесі 17,2 млрд.теңге. 1 қазандағы мәлімет бойынша 35,7 млрд. теңге игерілді»,- деді комитет басшысы.