220
2016 жылы жалған кәсіпкерлік мемлекетке 94 млрд теңге зиян әкелді
2016 жылы жалған кәсіпкерлік мемлекетке 94 млрд теңге зиян әкелді
2016 жылы жалған кәсіпкерліктен мемлекетке 94 млрд теңге зардап келді. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғары Сотта өткен «Экономикалық қылмыстарға байланысты істерді қарау кезіндегі өзекті проблемалар» атты дөңгелек үстелде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жаңғарашев мәлім етті.
«Жалған кәсіпкерлік арқылы салықтан жалтару, қаражатты заңсыз сыртқа шығару немесе керісінше оны заңдастыру сынды құқықбұзушылықтар жасалады. Ресми статистика бойынша, 2015 жылы аталмыш қылмыстардың кесірінен мемлекетке 92 млрд теңге залал келген. 2016 жылдың 9 айында оның көлемі 94 млрд теңгеден асып отыр. Біз бұны мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне келіп отырған тікелей қауіп деп санаймыз. «Көлеңкелі экономиканың» үлесі ЖІӨ-нің 28 пайызын құрайды. Оның негізгі бөлігін жалған кәсіпкерлік арқылы заңсыз қаражатты заңдастыру алып жатыр. Қазіргі уақытта экономикалық тергеу органдарының қарауында 2 мыңнан астам қылмыстық іс бар. Онда шамамен 15 мыңнан астам контрагент тергеуге алынып отыр», – дейді ол.
Оның айтуынша, тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмесе, жалған кәсіпкерлікке қатысы жоқ бизнеске залалы келуі ықтимал. Себебі тергеуге алынған контрагенттердің қатарында өз ісін адал атқарып жүрген кәсіпкерлер де бар.
Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов Қылмыстық Кодекстің жалған кәсіпкерлік туралы 215-бабының құрылымын қайта қарау қажеттігін атап өтті. «Жалған кәсіпкерлік деген қылмыс ТМД елдерінің Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттерінен басқа елде жоқ», – дейді Р. Жүрсінов.
Сондықтан ол тергеу барысында адал кәсіпкерлердің кәсібін «тұншықтырып» тастамау мақсатында түбегейлі өзгерістердің қажеттілігін атап өтті.