Мектепте ақша жиналмайды?!

Мектепте ақша жиналмайды?!

Мектепте ақша жиналмайды?!
ашық дереккөзі
590
Мектепте, балабақшада, оқу орындарында ақша жинау, тарту жасау сияқты ізет білдіретін сыйлықтарға бой үйренгені соншалық, балалардың өздері «апайыма апарып беруім керек» дейтін күйге жеткен. Бұл барлық баласы бар отбасылардың қашып құтыла алмайтын ауыртпалығы. Болашақ жемқорлар мен пара берушілерді осылайша мектеп қабырғасында дайындап жатқан жоқпыз ба? Астана қаласының назарын аударған осы мәселе Facebook парақшасында лезде әлеуметтік пікір қалыптастырды. Көпшіліктің назарына іліккен, ауызда жүрсе де, құлаққа жете бермейтін, нақты дәлелі жоқ мектеп оқушыларынан ақша жинау Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтің назарын аударды. ФБ парақшасында Астана тұрғыны "Біз балабақша немесе мектеп табалдырығын енді басқан балаларымызды неге үйретіп жүрміз? Апайға кәмпит берсең, ол саған жақсы қарайтын болады деп үйреттік па? Біздің мұғалімдерге не болған? Үнемі ақша сұрап тұрады. Бұл әрекеттерін қалай ақтап алуға болады? Осы деректердің барлығын мектеп директорлары мен Білім басқармасы әкімшілігіндегілерге жаба салу керек па?" деген жазбасына әкім бірден жауап қатты. "Әріптестер, ақша жинау мәселесі бойынша комиссия өз жұмысын бастады. Ақша жинау деректерінің барлығы зерттелетін болады, сәйкесінше шаралар да қолданылады. Бұл мәселе түбегейлі шешілетін болады. Комиссия атқарған жұмыстың қорытындысы бойынша мен сіздермен кездесіп, тағы да осы мәселені талқылауға дайынмын. Әр мектепке баратын боламыз!", – деп жауап қайырды. 21438 Көңілге медеу ұялатқан осы жазбадан кейін халықтың жайнап салғаны рас. Бірақ мәселе мұнымен аяқталмайды. Түйткілдің түйіні - мұғалімде, директорда немесе жергілікті білім басқармаларында емес, әріде жатыр. Мұғалім сынып бұрышын жасауға ақша жинаса, өз қалтасынан шығаруы тиіс емес. Ал мектеп басшылығының бұған қаржысы жеткіліксіз деген сөз, түптеп келгенде ата-аналар өз қалтасынан шығарады. Бұдан шығатыны, Білім және ғылым министрлігінің құлағына алтын сырға, мектептерге бөлінетін қаражат аздық етеді. Осы мәселеге пікір білдірген бірнеше ата-ананың пікірін беруді жөн көрдік. Кәмилә, балабақша тәрбиешісі: - Бізді ата-аналар ақша жината бересіңдер деп сөгеді. Біз бұл ақшаны ешқашан өз қалтамызға алмаймыз. Әлбетте, айлық аздық етеді, бірақ балалардың ата-анасынан жинап алмаймыз ғой. Әдетте, құжатқа суретке түсу, естелік суретке түсу қажет болғанда жинаймыз. Себебі, ата-аналарға сурет әкел десең, созылып 2-3 ай жинап жүріп алады. Ал мейрамдарда, мерекелер мен ертеңгілік кезінде кейбір ата-аналар өздері сыйлықтарын алып келеді, ақша жина деп ешқашан міндеттемейміз. Кейбірі дастарқан жайып, балаларға кішігірім сок пен барни әкеліп, көңілдерін көтеруге тырысады. Ондайда келмеңдер, болмайды деп тағы айта алмайсың. Былтыр ата-аналар жиналып, ойын бөлмесіне кілем алып берді. Ақмарал, ата-ана: - Бұрын балабақшаға апарғанда, қазір мектепке барғанда мұғалімдеріне көрінбей кетіп қалғым келетін. Өйткені, көріп қалса, мынаған пәленше, анаған пәленше деп ақша сұратады. Сондықтан кейде алыстан кетіп қаламын (күлді). Баламыз үшін ақша жинаудан қашпаймыз, орнымен болса әрине. Жңа жыл, 8 наурызға сыйлық алуға жинаса бір жөн, жөн-жосықсыз суретке түседі, бірдей стенд жасаттық немесе құралдар алдық деп әйтеуір сылтау көп. Қайбір жылдары мектепте ақша жинамасын десгенде біраз саябырсып қалып еді, қазір мынау-мынау деп нақтылап, қадалып ақшаны алады. Баламды сүйкімсіз қып, өзім мұғалім мен басқа ата-аналарға жексұрын болмас үшін беруге тура келеді. Қазір Whatsapp-та группа ашып қояды. Сол жерге еріккен ата-аналардың өздері ақша жинап, мынаны істеп берейік, былай қылсақ қайтеді деп, өз ойларын жазады. Айналайын, ондай ойың болса өзің істеп берсеңші деп бірнеше рет айттым. Жоқ, оған көпшіліктің ақшасы керек. Неше рет сол ата-аналардың өзімен қырылысып, жеңе алмадым. Ақша жинайық деп бастайтын ата-аналардың өздері. Олар берген соң, мен балама бермей қалсам, менің балам сүйкімсіз болып қалмай ма? Ақыры, сол топтан шығып кеттім. Жуырда Астанада мектептерде ақша жинау жағдайларымен күрес жөніндегі арнайы комиссия құрылғаны хабарланған болатын. Әкімдіктің ресми сайтындағы "Әкімге өтініш" сервисі арқылы әкімнің атына келіп түскен әрбір сауал мен өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, актілер жасалады, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады. Аталған жұмыстар Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ерекше бақылауына алынды. ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қазақстандық ата-аналардың мектептерде ақша жинау мәселесіне қатысты наразылығын білдірді. Вице-министр ҚР БҒМ өкілдерінің бұйрығына сәйкес, мектептерде ақша жинауға тыйым салынғанын еске тағы бр ескертті. "Біз саясатымызды барынша қатаң түрде жүргізіп жатырмыз: мектептерде ақша жинауға жол жоқ. Бірақ ереже бұзушылықтар кездеседі. Біз жергілікті атқару органдарындағыларға ақша жинау деректері бойынша қатаң шараларды қолданып жатқанымызды айтамыз. Барлығы бақылауда. Және де біз ата-аналар сияқты мектептерде ақша жинауға үзілді-кесілді қарсымыз", – деді ҚР БҒМ вице-министрі.

Серіктес жаңалықтары