Батыс Қазақстан полициясы 1999 жылы туған, ірі көлемдегі қаражатты ұрлауға қатысы бар ер адамды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Белгісіз адамдар өңір тұрғынына қоңырау шалып, өздерін ҚР ҰҚК мен Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырған және оның ақшасы қауіпте екенін айтып сендірген.
«Психологиялық қысым көрсету арқылы олар жәбірленушіні жеке депозиттік шотынан бірнеше ондаған миллион теңгені шешіп алуға және ақшаны курьерлік қызмет арқылы такси жүргізушілерімен беруге көндірген», – деп хабарлады ІІМ.
Полицейлер күдіктіні Қызылорда облысының Арал қаласында ұстады. Жеке тінту барысында одан 2 000 АҚШ доллары және 265 мың теңге тәркіленді. Тергеу барысында ер адамның өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, курьерлерден жәбірленушінің ақшасын бірнеше рет алып, оны алаяқтарға бергені анықталды. Қылмыстық схеманың басқа қатысушыларын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Сот қарауының нәтижесінде күдікті кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Заңнамаға сәйкес, қылмысқа көмектесуші деп — ақпарат, құралдар немесе өзге де ресурстар беріп, кедергілерді жойып не қылмыскерді, қылмыстың іздерін немесе ұрланған мүлікті жасыруды алдын ала уәде еткен адам танылады.