Алматы қаласында полиция интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған "Sim-box" типтес арнайы құрал-жабдықты анықтап, тәркіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жедел іс-шаралар барысында заңсыз трафик ұйымдастырған екі жас азамат ұсталды.
– Біз телекоммуникациялық жабдықты пайдалана отырып жасалатын қылмыстық схемаларды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудамыз. Басты міндетіміз – заңсыз трафик арналарына дер кезінде тосқауыл қою, киберқылмыскерлердің әрекетіне бөгет жасау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Серіктес құрылымдармен өзара іс-қимыл мұндай қауіптерді тиімді анықтауға және бейтараптандыруға мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптамалар тағайындалды. Құқыққа қайшы әрекеттің барлық жай-жапсарын және оған қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті кибералаяқтық – ең кең таралған қылмыс түрлерінің бірі екенін еске салады және оны төтенше негізде тоқтату жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын хабарлайды.