50316
Түркия елшілігі Демократия және ұлттық бірлік күнін атап өтті
Түркия елшілігі Демократия және ұлттық бірлік күнін атап өтті
Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақстандағы Түркия Республикасының елшілігі Демократия және ұлттық бірлік күнін атап өтті. Сондай-ақ, елшілік өкілдері 2016 жылы 15 шілдеде Түркияда болған төңкеріс құрбандарын еске алды.
Аталған іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстандағы түрік ұйымдары мен шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Құрбандарды еске алу құрметіне орай ұйымдастырылған арнайы көрмеде Түркияда болған төңкеріс түнінде түсірілген фотосуреттер қойылған.
«Бүгін 2016 жылдың шілдесінде Түркияда болған опасыз төңкеріс әрекетіне төтеп беруге тырысқан қаһарман халқымыздың сол түндегі күресін тағы бір мәрте еске түсіру, осы күресте өз өмірін құрбан еткен шейіттемірімзді және жараланған батырларымызды еске алу үшін жиналып отырмыз. Президентіміздің басшылығы мен халқымыздың табандылығының арқасында бұл төңкеріс сәтсіз аяқталды. 2016 жылғы 5 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол қайғылы оқиғадан кейін өзге ел президенттерінің арасында алғашқылардың бірі болып біздің елге мемлекеттік сапармен барды. Халқымыз дос әрі бауырлас Қазақстан халқының көрсеткен қолдауын еш ұмытпайды» – деді жиында сөз алған Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи.
Айта кетейік, 2016 жылғы 15 шілде күні Түркияда жасырын ұйым мүшелері төңкеріс ұйымдастырып, нәтижесінде 251 жан мерт болып, 2 мыңнан астам адам жарақат алды.