Немереге ертегі айтатын әжелер неге азайды?

Немереге ертегі айтатын әжелер неге азайды?

Немереге ертегі айтатын әжелер неге азайды?
ашық дереккөзі
3020
Көрші пәтерде тұратын әжені таңертеңгісін есіктің алдынан күнде көремін.  Ертемен жұмысқа шыққанда, ол немересінің бірін мектепке шығарып салады да, екіншісін жетектеп үйге қарай беттейді. Әжесімен амандасқанымда, тілі былдырлаған бүлдіршін  сөзімді қайталап: «сәлеметсіз бе?» деп сықылықтап күледі. Тұлымы желбіреген қыз қайда барса да көлемі өзімен бірдей ертегі кітабын қолынан тастамайды. Әжесі екеуінің ермегі – сол. Демалыс күндері ауладағы орындыққа жайғасып, «Мақта қызды», «Алтын сақаны» айтып отырғанын жиі байқаймын. Әжемді, ауылды, балалық шақты сағындырады еріксіз. Өкінішке қарай, қазір мұндай көріністі қала түгілі, ауылдан сирек көреміз. Бала жетектеген ата, немересіне ертегі айтып отырған әже кезіктірсек, таңырқамай, сүйсінбей өте алмайтынымыз сондықтан. Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаю­ынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», – деген екен. Шынында, қазақ әр кезеңдегі тар жол, тайғақ кешулерге қарамастан, ұлттық салт-дәстүрді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білген. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Бесік жырын шетелдің у-шу, даңғаза әуені алмас­тырса, ертегінің орнына айпад пен айфондағы атыс-шабыс ойындар, мән-мағынасы жоқ мультфильмдер келді. Бүгінгі балғындар Алпамысың, Ер Төстік пен Тазша баланың кім екенін білмесе де, Спанч Боб, Бентен мен Өрмекші-адаммен жақсы таныс. Өйткені сәбиін әлдилеп тербететін, ыңылдап ән айтып еміренетін әжелер азайды, бесік жырын білмейтін аналар көбейді. Ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесін жоғары қойғандығы соншалық, туған-туыс, бір рулы ел болып, қала берді бүкіл ауыл болып атсалысқан. Әсіресе, баланың тұлға болып қалыптасуында үйдегі көпті көрген қариялар тәрбиесінің баламасы жоқ. Алайда қазір ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз немеренің тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөледі дей алмаймыз. Әжелер мектебі жайлы сөз болғанда, өткенді ғана қаузауға мәжбүр боламыз. Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасатынын білген халқымыз отбасылық дәстүрлердің, ұлттық тәрбиенің ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетуіне ден қойған. Біле білсек, тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана. Ата мен әже бауы­рына басып, «меншіктеп» алған баланы «менің балам» деп тіпті өзінің ата-анасы да айтпаған. Бұл әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі іспеттес. Десе де, көргенді ата мен әже баланы ешуақытта өзінің әке-шешесінен алыстатпаған, оларды да қадірлеуді, құрметтеуді міндеттеп отырған.

Асыл әжелердің үлгісіне үңілгенде...

Көргені көп қариялардың тәрбиесін алған бала мен балабақшада тәрбиеленген бүлдіршіннің айырмасы жер мен көктей болатынын дәлелдеп жату артық болар. Ата мен әже тәрбиелеген баланың, ең алдымен, тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже бүлдіршінмен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Қарттардың тәрбиесін көрген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеуді меңгереді. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өскен. Көпті көрген қарияларымыз немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Осылайша бала ерте жастан-ақ тарихты, халықтың ауыз әдебиетін біліп өсетін. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те көбіне ата мен әженің алдын көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды. Шынын айту керек, балабақша – ата-ана жұмыстан қол үзбес үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі ата-әже тәліміне балама бола алмайды. Балалар бақшасында балғындардың бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, тіпті, бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянатыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні белгілі. Сондықтан онда баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы, өзіне ғана тән болмысын сақтап қалуы қиындау. Ал қариялардың бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Тағы бір ерекшелігі, ата мен әже қолындағы бала бүкіл ауылдың баласындай болып өседі. Ауылдағы қариялардың қайсысы болса да «пәленшенің баласы ғой» деп маңдайымыздан мейірлене иіскеп, «атасы мен әжесін бағатын осы ғой», «бұл тіпті бәрімізді бағады» деп айналып-толғанғанын қалай ұмытайық?! Тіпті, осы бір-екі ауыз сөз арқылы сенің ата-ана алдында борыштар екеніңді санаңа сіңіріп отырады. Сондықтан ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, оларды нағыз адам, азамат етіп тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелер мектебінің еңбегі орасан екенін баса айтуға тиіспіз. Ата мен әже өнегесінің бала болашағына әсері орасан екеніне әдебиетіміздегі, тарихымыздағы заңғар тұлғалардың балалық шағы дәлел бола алады. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан замандастарының алды болып қана қоймай, қазағының атын шығарды, халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Бала Ыбырайдың ұлағатты ұстазға, қазақтың дара ағартушысына айналуы жолында Балғожа бидің сіңірген еңбегі орасан. Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің алақанынан түлеп ұшты емес пе? Айта берсек, ата-әже мектебінен сусындап өскен қазақтың біртуар ұл-қыздарының есімін тізіп бітпесіміз анық.

Ертегісіз өскен ұл – бағдарсыз өскен бала

Ертеде Альберт Эйнштейнге «Балаларымызды қалай ақылдырақ етуге болады?» деген сұрақ қойылыпты. Ғалым өз жауабын қысқа да нұсқа қайырған: «Егер сіз балаңыздың ақылды болғанын қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз. Егер одан да ақылды болсын деп армандасаңыз, одан да көп ертегі оқыңыз», – деген екен. «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен...» деп басталатын ертегілер балалық шағымыздың ең жарқын естелігі емес пе? Ата-әжеден бай рухани азық алған біздің буынның бағы бар екен. Өйткені бізден кейінгілердің ішінде бесік жырын, ертегі тыңдағандар ілуде біреу. Бүгінгі біздің қоғам әжелер мектебіне зәру дейтініміз сондықтан. Балалардың бәрі ұйып тыңдайтын көптеген ертегінің соңында кейіп­керлер мұратына жетіп, бақытты болып жататын. Ал тыңдаушы болса арманның ақ кемесіне мініп алып, тәтті қиялға бөленетін. Ал бүгінгі балғындарға бұрын бізде сондай болған, әжелеріміз «Ұртоқпақты», «Мақта қыз бен мысықты» айтатын деп көріңізші. Мұндай ертегі барын бірінші рет естіп тұрғандай таңырқай қарауы мүмкін. «Ескі ермектің бізге керегі не?» дегендей сыңай танытып, жүре тыңдауы да ғажап емес. Өйткені олардың қызығы басқа, ермегі бөлек. Балғын қиялдары ғаламтормен, смартфонмен ұштасып жатыр. Ұлттық тәрбиенің көзі болған ертегіміз өгейсіп тұр. Шындығын айтқанда, ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ. Бала тілегін тыңдап, өтінішін орындауға құлық танытатын әке-шеше аз. Ертегі айтшы деген ұл-қызына: «Жұмыстан шаршап келдім. Анаңа айтшы», – деп әкесі анасына сілтесе, анасы «Ертең кітап алып берермін. Бүгін ертерек жатып ұйықтаңдар» деп қашқақтайды. Жұмыстан қолы босамайтын аналар, азаннан кешке дейін сериалға телміріп отыратын әжелер мазамды алмаса болды деп баланың қолына ұялы телефон немесе планшет беріп қоятыны жасырын емес. Бесіктен белі шықпаған бөбекті қызғаншақтыққа, агрессияға баулитын «Спанч Боб», төбелеске құмар қылатын «Кунг Фу Панда» секілді мультфильмдерді көріп жатса да, қой демейтіндер көп. Ата-аналар ертегінің маңыз­дылығын қажетті деңгейде бағаламай жүргені өкінішті-ақ. Психологтардың айтуынша, ертегі тыңдап өскен  бала алдағы өміріне бағыт қалыптастырады. Ертегідегі батырлардың, білімді, қайсар жандардың тұлғасына қарап, бой түзейді. Кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, жаман әдеттерінен жиренуге тырысады. Мәселен,  «Мақта қыз бен мысық» ертегісін оқыған бүлдіршін қалағанына тек ерен еңбекпен, үлкен талпыныспен ғана жетуге болатынына көз жеткізеді. Мамандардың пікірінше, бала­ларға ертегі оқудың тағы бір пайдасы – бала көркемділікке, әдеби тілге, риторикаға, жалпы өнерге жақындай түседі. Сондықтан олар ата-аналарға ертегіні дауыс ырғағын барынша келтіріп, екпінді дұрыс қойып, әдеби-көркем тілде баяндауға кеңес береді. Осы арқылы бүлдіршін әдемі сөйлеуді әдетке айналдыра бастайды. Балғынға ертегі айтып берудің үшінші игілігі – ұйықтағалы жатқан бүлдіршін ертегіні ұйып тыңдап, айтқанға құлақ асатын, үлкендердің сөзін екі етпейтін қасиетті бойға сіңіреді. Балаға айғаймен, ұрыспен үйрете алмаған істерді ертегінің көмегімен сіңіруге болады. Егер бүлдіршін бірдеңе бүлдіріп қойып, өз әрекетінің дұрыс емес екенін ұқпай жүрсе,  ұқсас оқиғалы ертегіні ойдан құрастырып айтудың маңызы зор. Кейіпкерлердің әрекетін салмақтау арқылы бала өз ісінің ақ-қарасын ажыратар еді. Ертегінің осы және өзге де қасиет­терін ескерген Еуропа елдері мен Ресей қазір ертегі терапиясына мән бере бастады. Тәрбиенің бұл түрін балаларды дамыту орталықтарында кеңінен қолдануда. Көршілердің озық тәжірибесін өз елімізде пайдаланғысы келетін мамандар «Ер Төстік», «Ұртоқпақ» ертегілерінен бөлек, заманға лайықты дүниелер жазылса дейді. Бүгінде ертегі айтуға құлықсыз ата-аналар мен әжелердің қазіргі сүйенері – «Электронды қазақ үйі». Заманауи электронды құрал ұлттық тәрбиеден ажырап бара жатқан қазақты тәубесіне келтіретін таптырмас құрал дер едік. Ұлттық өнім бүлдіршіндердің санасына әдебиетіміз бен мәдениетімізді, дәстүрлі дүниетанымымызды сіңіре алады. Балалар түгілі, кейде үлкендер де  электронды құрылғының үнін тамсана тыңдап отыратынын көріп жүрміз. Танымал актер Айдос Бектемір мен қазақтың алтын үнді дикторы Сауық Жақанова оқитын 150 ертегі қазақ балаларының игілігіне жарап тұр. «Электронды қазақ үйінің» құны – 10 мың теңге. Қымбатсынатындар көп. Айфон, айпад сұраған баланы бетінен қақпайтын ата-ана тағылымы мол, мазмұны бай құралды алып беруге келгенде тарылмаса екен. Өйткені оған жұмсалған қаржы – баланың кемел келешегіне құйылған депозит. Айша Сармолдаева, медбике: – Үш балам бар. Шынымды айтсам, олардың ешқайсысына ертегі айтып көрмеппін. Жай күндері жұмыстан кеш келеміз. Ал демалыста үй жинау, кір жуу, қонақ күтумен-ақ уақыт өтіп кетеді. Қарға тамырлы қазақтың той-думаны да көп. Ағайын-туыстың қуанышынан уақыт артылмайды. Үлкен ұлым мен қызым екі жасынан бастап балабақшада өсті. Ал кенже ұлымды балабақшаға орналастыру қиын болғандықтан, ауылдан анамды шақырттық. Енем қайнымның балаларынан шыға алмайды, біздің үйге айына, жылына бір келеді. Анамның да балама ертегі айтқанын көрмеппін. Тамағын дайындап, мезгілімен ұйықтатып, бір мезгіл серуендетіп келеді. Басқа уақытта компьютерден сүйікті мультфильмін қосып береді де, өзі алаңсыз сериалдарын көре береді. Анда-санда көз қырын салып қойса болды, ұлым мазасыз емес.   Орынкүл Тайжанова, зейнеттегі дәрігер: – Замандастарымның аузынан «Қазір ертегі тыңдайтын бала жоқ қой. Қолдарына ұялы телефон беріп қойсаң болды» деген сөзді көп естимін. Егер ертегі айтатын әже болмаса, оны тыңдайтын бала қайдан болмақ?! Менің жасым жетпіске таяды. Жеті балам бар. Солардың барлығын да енем өзі арқалап, ертегі айтып өсірді. Қазір жетеуі де өз саласының білікті мамандары. Олардың азамат болып қалыптасқанына ертегінің тигізген септігі зор деп ойлаймын. Енемнен көргенді бүгін мен де қайталап жүрмін. Немерелерім мектептен келгенше кітаптан бір ертегі оқып қоямын. Сосын кешкісін тамақ ішіп алған соң, оларды теледидар алдына телміртпеймін. Бірден ертегі айтуға кірісіп кетемін. Мен үйде жоқ кезде: «Ертегі айтыңдаршы. Әжем сияқты», – деп әкесі мен анасының есін шығарады екен. Айтпағым, баланың санасын шырмады деп ғаламторды, телефонды күндемей, өз әрекетімізді, баламен қарым-қатынасымызды жөнге келтірген жөн.   Хадиша Ескендірқызы, есепші: – Менің бес немерем бар. Алды он жаста. Кенжесі екіде. Мен оларға ешқашан да ертегі айтқан емеспін. Өзімнің ұл-қызым да ертегі тыңдамай өсті. Енем өмірден ерте өткендіктен, оларға ертегі айтатын адам болған жоқ. Жұмыс, жұмыс деп жүріп, балаларымыздың қалай есейіп кеткенін байқамай қалдық. Үлкендері кішілерін жетектеп өсірді. Одан жаман болған жоқ. Ертегіге тіреліп тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, балаға сана берсе болғаны. Бүгінгі ата-аналардың жұмысы жеңіл. Балабақша баланы әке-шешесі жұмыстан қайтқанша жұбатып, көңілін аулайтын орын ғана емес, ақыл-ойын жетілдіретін, дүниетанымын кеңейтетін үлкен тәрбие мектебіне айналды. Балабақша тәлімін толық алып шыққан баланы даярлық сыныбынсыз-ақ бірінші сыныпқа қабылдай беруге болады. Оның үстіне, бүгінде «Балапан» телеарнасы да бала тәрбиесінде таптырмас көмекші. Бағдарламалары мәнді де мағыналы, кейде балалармен бірге өзіміз де қызыға көреміз. Теледидардан көрген дүние баланың есінде ұзаққа сақталады. Сол үшін де «бүгінгі әжелер ертегі оқымайды», «ертегі тыңдамаған баланың болашағы не болады?» деп дабыл қағудың қажеті жоқ.   Алтынай Аманжолова, зейнеттегі мұғалім: – Бала күнімде әжемнің бауырында өстік. Күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде алпыстың екеуіне келсем де сол баяғы ертегілер есімде. Есіме түсіріп, немерелерім келгенде айтып беруге тырысамын. Бірақ кейде «Апа, одан да мультфильм қосып беріңізші» деп еркелікке басады. «Бентен» дей ме, «Шрек» дей ме – баланы теледидарға телмірткен сұмдықтар көп қой қазір. Солардың айтқанын сөзбе-сөз жаттап алып, ойнап жүргенде бір-біріне айтып жүреді. Орыс тілін үйреткен жоқпыз, бірақ сол мультфильмдер арқылы қазір орысшалары тәп-тәуір. Ұлттық тәрбиеден ажырап қалмасын деп, ертегі тыңдату үшін кейде тәтті беріп алдаймын. Естерінде қалсын деп өзім айтып болған соң мазмұнын сұраймын. Меніңше, заман талабы деп кері кеткеннің бәріне көз жұма беруге болмайды. Білгенімізді үйретпесек, кезінде қариялардан естігенімізді немеренің құлағына құймасақ, әже деген ардақты несіне иемденіп жүрміз?!  

Серіктес жаңалықтары