Түркістанда «Ұлы жібек жолы – ұлы мұра» халықаралық форум өтіп жатыр
Түркістанда «Ұлы жібек жолы – ұлы мұра» халықаралық форум өтіп жатыр
Форум аясында туризм саласында мамандар даярлайтын әлемдік жоғары оқу орындарының қатысуымен тарихи-мәдени мұраны сақтау, халықаралық тәжірибені ескере отырып, туризм саласын дамыту, Ұлы Жібек жолының маңызы жайлы сұрақтар талқыланатын ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Сонымен қатар бұл іс-шарада Ұлы Жібек жолы бойында туризм саласын дамытудың перспективалары, туристік администрациялар және Қазақстан мен Өзбекстан турбизнес өкілдері арасындағы әріптестікті нығайту жайы сөз болады.
Конференцияға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов, «ЮНВТО» бас хатшысы Зураб Пололикашвили және ЮНВТО, ЮНЕСКО өкілдері, туризм саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының, туристік компанияларының өкілдері, девелоперлер, Өзбекстанның бизнес өкілдері мен туроператорлары қатысып жатыр.
Форумның ашылу рәсімінде сөз алған Мәдениет және спорт министрі Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының, жалпы бүкіл түркі дүниесінің саяси және рухани өмірінің өзегі болған, түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістанда бүгін бас қосуымыздың бекер емес екенін атап өтті.
«Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Туризм және спорт министрі Әзиз Әбдікахарұлы бастаған өзбек делегациясына, Түркістан облысының әкімдігіне, ЮНВТО және ЮНЕСКО-дағы біздің әріптестерімізге, осы іс-шараға күрделі жағдайға қарамастан келген басқа да форумға қатысушыларға өз ризашылығымды білдіремін.
Біздің туристік форум еліміздің ең басты ұлттық мерекесі –Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтіп жатыр.
Көптеген түркітілдес халықтың бас қосатын орнына айналған рухани, мәдени құндылықтарға бай бұл өлке, бүгінде инфрақұрылымы дамыған, туристік әлеуеті жоғары, заманауи орталыққа айналғанына куә болып келеміз. Елдің тарихы терең, мәдени мұрасының көп болуы туристерді тартудың маңызды бөлігінің бірі екені бәрімізге белгілі.
Түркістан – Орта Азиядағы этно, агро, зиярат және санаторлы-курортты туризм түрлерінің дамыған орталығы. Оның ішінде этно-туризм ерекше өзекті және танымал болып отыр. Себебі бұл бағыт елдің мәдениетімен, әдет-ғұрыптарымен және дәстүрлерімен жақын танысуға мүмкіндік береді»,-деді.
Осыдан соң Ақтоты Райымқұлова туризм саласын дамытуды жүйелі жолға қою үшін мемлекет тарапынан іске асырылған бағдарламаларға тоқталып өтті.
«Осы орайда, Үкімет тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеуге, сақтауға және насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік алған кезеңнен бері алғаш рет ел аумағындағы ескерткіштерді түгендедік, өңірлері бойынша ескерткіштер жинағы әзірленді.
Сондай-ақ, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, еліміздің тарихи және киелі жерлері біріктірілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты арнайы жоба жүзеге асырылды.
Тарихи мәліметтер негізінде және еліміздің беделді ғалымдарымен бірлесе жұмыс істей отырып, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығындағы әрбір объектіні дамытудың тұжырымдамалық жоспарын әзірледік. Оның ішінде must see нысандары ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран, Отырар және Күлтөбе қалашығы сынды ірі тарихи объектілер бар.
Нәтижесінде ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мәдени, туристік және діни ескерткіші бар ежелгі қала жаңа келбетке ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетін қалаға айналды. Ауқымды құрылыс, реставрация, тарихи объектілерді қайта жаңғырту жұмысына және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына Мемлекет тарапынан мол қаражат бөлініп, тарихи-мәдени орталықтар, театрлар, саябақтар, визит-центрлер, спорт нысандары салынып, халық иігіліне берілді.
Дамыған инфрақұрылым жеке инвесторлардың да қызығушылығын арттырды. Нәтижесінде, өңірде кез-келген туристің қажеттілігін қанағаттандыра алатын заманауи қонақ үй, мейрамхана, ойын-сауық орталықтары және басқа да нысандар пайда болды.
Жалпы елдің негізгі туристік дестинацияларын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс Үкіметтің жіті назарында. Инфрақұрылымды қалыптастыру – сапалы туристік нысандарды салу үшін инвесторларды шақыруға мүмкіндік беретінін сөз басында айтып өттім. Мәселен, жыл сайын елімізде Sheraton, Rixos, Hilton сияқты брэнді бар жаңа нысандар қатары артып келеді.
Туризм саласының инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында, әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды және балаларға арналған ішкі әуе тасымалын субсидиялау, жол бойындағы сервис объектілері мен туробъектілерін салу кезінде тау шаңғысы базалары мен туравтобустарға арналған жабдықтарды сатып алуға инвесторлардың шығынын өтеу, турдестинацияларда санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауды субсидиялау сияқты шаралар қабылданды», деді Ақтоты Райымқұлова.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов Қазақстан Үкіметі туризм саласындағы инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдау үшін кешенді шараларды қабылдағанын жеткізді.
«Жақында ғана заңнамалық өзгерістер қабылданып, туризм саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін жүйелі шаралар енгізілді. Бұл шаралар 2019 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаны толықтырады. Оның аясында қасиетті Түркістан қаласы кіретін ТОП-10 туристік дестинацияны дамыту көзделді», -деді.
Айта кетейік, форум аясында қатысушылар өңіраралық және халықаралық кооперацияның жаңа нысандарын дамыту, әсіресе, трансшекаралық бағыттарды құру мәселелерін талқылайды. Ал кездесу қорытындысы бойынша қазақ және өзбек туроператорлары арасында Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылады.
Трансшекаралық маршруттардың географиясын одан әрі кеңейту мақсатында қатысушылар алдағы уақытта ТОП-10 дестинацияға кіретін Ақтау немесе Бурабай сынды курорт аймағында осындай кездесу өткізуді жоспарлап отыр.