1212
Тұрғынбай МҰРАТҰЛЫ: Шипагерлік – жеті атамнан жалғасқан кәсіп
Тұрғынбай МҰРАТҰЛЫ: Шипагерлік – жеті атамнан жалғасқан кәсіп
Бүгінде тап басып тамыр ұстайтын, шығып кеткен буынды салып, сынық таңатын қазақтың дәстүрлі медицинасын сақтап қалған адамдар өте сирек кездеседі. Көнеден таған тартқан көптеген мұрамыз Кеңес заманында ескінің сарқыншағы деген желеумен ортадан шығарылды. Сөйтіп, біршама құндылықтарымыздан қол үзіп қалдық. Қазір мұндай Шығыс медицина өнерін ұстанып жүрген шипалы емшілер бірен-саран. Елімізде дені сау ұлттың болашағын қалыптастыру жолында еңбек сіңіріп жүрген білікті мамандардың бірі – шипагер Тұрғынбай Мұратұлы. Ол 2009 жылы Қытай елінен атажұртқа қоныс аударған. Қазір Алматы қаласында тұрады. Жеті атасынан тамыршылық үзілмеген білікті дәрігер қандасымызбен хабарласып, қазақтың дәстүрлі медицинасы жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Әуелі атажұртқа қалай келдіңіз, әңгімені осыдан бастасақ?
– Өзге елді қайдам, Қытай елінде тұрып жатқан қазақтардың материалдық тұрмысы жақсы. Тек соңғы жылдары әртүрлі саяси жағдайларға байланысты аздап абдырап қалғаны белгілі. Десе де қазір заман тынышталып, қоғамдық өмір өз қалпына келе бастаған сияқты. Бірақ арғы беттегі ағайынды алтынға орап қойса да, «бөрінің бөлтірігі тауға қарап ұлидының» кебін киеді. Көбінің аңсағаны атажұрт болып отыр. Мен де сол арман арқалап келген азаматтың бірімін. Біз Қазақстанға қоныс аударған тұста ол жақта заман тыныш, дүние кең еді. Бірақ мен оған қарайлағам жоқ. Менде тек тезірек елге жетсем деген арман болды. Сол арман мені жетелеп жер жәннаты Жетісуға әкелді. Біз сияқты атамекенді аңсап жүрген азаматтар көп. Алайда арманы болғанымен, дәрмені болмай, жете алмай отырғаны қаншама?!
– Медицина – ғылым. Ал сіздің шежіреңізге қарап отырсақ, медицина атадан балаға жалғасқан кәсіп екен.
– Иә, мен 2006 жылдан бастап әкемнің қасына еріп, яғни, шәкірт бола жүріп, қазақтың дәстүрлі медицинасын жіті үйрендім. Оған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң Медицина университетінде 2000 жылдан 2006 жылға дейін жалпы медицина мамандығы бойынша білім алдым. Оқу ордасын бакалавр дәрежесінде тәмамдаған соң, туған ауылым Шынжаң өлкесі Санжы облысы Жемсары ауданы Жаңажер ауылына қайтып барып, Жаңажер ауылындағы ауруханада дәрігерлік қызметімді бастадым. Жеті атамнан жалғасқан дәстүрлі қазақ медицинасының құпиясы бар еді. Сол үшін, оқу бітірген бойда Жаңажерге жетіп, Шығыс медицина өнерін терең игеруге асықтым.
– «Жеті атамнан жалғасып келген дәстүрлі қазақ медицинасының құпиясы» дедіңіз, осыны тарқатып айта кетсеңіз?
– Мен жоғарыда айтқанымдай 2006 жылдан бастап өз әкем Мұрат Жүнісұлына шәкірт болып, ол кісіден қазақ медицинасының қыр-сырын меңгердім. Әкем өз әкесі Жүніс Смағұлға шәкірт болған. Ал атам 1987 жылы жарық көрген «Қазақ дәрігерлігі мен емшілігі» деген кітабында әкесі Смағұл Салықшыұлын ұстаз тұтқанын айтады. Қысқасы, Жемсарыдағы аурухана әкемнің әкесі – Жүніс Смағұлұлы құрған Шыңжаң көлеміндегі тұңғыш қазақ дәстүрлі медицина негізі болатын. Сол жерде Шығыс медицинасына қатысты біраз нәрселерді үйрендім.
Қазақы емдеу тәсілінің тарихы терең, тәжірибесі мол. Миллиард Қытай мойындаған қазақ емі – атадан балаға жалғасып келе жатқан өнер. Шетпе үзу, ілме, бұлау, қан алу, сынық таңу, тамыр ұстау қатарлы емдеу түрлері бар. Бұл халқымыздың дәстүрлі асыл мұрасы, XV ғасырларда өткен Өтейбойдақ бабамыздың әйгілі «Шипагерлік баян» деген еңбегінен бастау алады. Тамыр ұстау – ауруға диагноз қоюдың, денсаулыққа сараптама жасаудың күрделі тәсілі. Көп жылдық тәжірибені және зеректікті қажет етеді. Сол себепті оны адамдардың бәрі үйреніп кетуі мүмкін емес. Көбінесе білек тамырын дәрігер екі қолының саусағының ұшымен басып, тамыр райының өзгерісін парықтайды. Бұған екі қолдың алты саусағы қатысады. Жүрекке жалғасқан күре тамырлардың соғысы ең негізгі хабар беруші болып саналады. Сол арқылы жүрек соғысын, жүрекке баратын оттегінің әсерін, қан жеткізу қызметінің мүмкіндігін білуге болады. Қазірге дейін аталарымыз тамыр райы өзгерісінің 62 түріне дейін меңгере алған. Тамыр ұстау өте күрделі, әрі өте жауапты іс. Тамырдан айыру бірінші мәселе, ал оны емдеу одан да күрделі процесс. Мәселен, негізгі тамырдың тоғыз түрі бар: «қалқыма тамыр, шөкпе тамыр, баяу тамыр, қарқынды тамыр, керме тамыр, сырғақ тамыр, тебінді тамыр, әлсіз тамыр, өрекпіме тамыр» деген. Қазақ медицинасында осы тамырлардың соғу жағдайына қарап, науқастың дертін айырамыз. Сөйлесу арқылы, яғни сұрап білеміз, тіліне, бет әлпетіне қарап та науқасын анықтаймыз. Осы үшеуі ұштасқанда диагноз аса қате шықпайды. Емдеу барысында науқастарға заманауи медициналық көмектен тыс, аталарымыздан жалғасқан рецепті пайдаланып ем жасаймыз. Қазірге дейін бізден емделген науқастардан «емің дұрыс болмады...» дегені жоқ. Көбі разы болып, жазылып кетіп жатады.
– Атаңыз Жүніс Смағұлұлы туралы WeChat-тан бір жазбаны оқыдым. Онда сіздің атаңызға сол кездегі Қытай төрағасы Мау Зыдұңның бірінші орынбасары болған Жу Ынлай келіп тамырын ұстатып, емделгені туралы айтылады. Бұл рас па?
– Кей нәрсе көңілімізден шықса, тым асыра мақтап жіберетін халықпыз ғой. Ол жазбаны мен де оқыдым. Атамыздың абыройын асырғысы келді ме, әлде желідегі оқырманын таңғалдырғысы келді ме кім білсін. Әйтеуір, асырып айтыпты. Сонау Бейжіңде тұрған Қытай басшысының Шыңжаңның бір шалғай ауылына келіп емделіп жүргенін елестетіп көріңізші, еш санаға сыймайды ғой. Алайда атамның Жу Ынлайдың тамырын ұстағаны рас. Бірақ, дәл сол жазбадағыдай емес. «Арадағы сөздің аттамасы көп» дейді ғой бұрынғылар. Атам Жүніс Смағұлұлының тамыршылығы мен емшілігі туралы атағы Алтай бетіне, асыра айтқанда Шыңжаң көлеміне кең тараған екен. Ол – Қытайдың «мәдениет зор төңкерісі» деп аталатын саяси науқаны қызып тұрған қиын кез болса керек.
Атамның атағын біреуден біреу естіп, жалпақ жұртқа жайылып жатыпты. 1976 жылы Алтай бетінен Шыңжаңға Өлке басшыларының бірі болып келген Жанәбіл Смағұлұлы атама адам жіберіп: «жылдам Үрімжіге жетсін. Арнайы ұшақпен Қытай астанасы Бейжің қаласына ұшамыз. Онда бір науқас кісі бар, соның тамырын ұстап көруіңіз керек» депті. Басшының айтқаны бұйрық. Атам үнсіз келісіпті де, басшы Жанәбілдың жетекшілігімен Бейжіңге барыпты. Оңаша бөлме болса да әлгі науқас пен атамның ортасына перде тартып, тек науқастың қолын ғана перде сыртына шығарыпты. Науқас әбден арыған, кәртең адамның қолы екен. Басында кім екенін білмеген. «Қытай көсемдерінің бірі шығар, осынша әспеттегеніне қарағанда» деп ойлайды. Перде сыртына шығарған қолынан тамырын ұстайды да, «ары кетсе бір апта ғана ғұмыры қалған адам екен. Кеш қалдыңыздар» дейді. Содан кейін әкемді көп отырғызбай, ала жөнелді. «Шынымды айтсам, қатты қорықтым. Бір пәлеге ұрындым ба?» деп алаңдайды. Қайтып келе жатқанда Жәкеңнен сұрағанда ғана оның Жу Ынлай екенін білген. Оның диагнозы дәл шығып, содан кейін бір аптаға өтпей «Жу Ынлай өлді» деген хабар дүп ете түсті» дейді атам. Жу Ынлайдың тамырын ұстағаны рас, бірақ емдемеген.
«Жақсы әкенің әруағы қырық жыл сүйрейді» демекші, біздің бүгінгі өнеріміз, өміріміз сол кісіге тіке қатысты. Сол кісінің әруағы жебеп жүр десек те болады. Атамыз Бейжіңнен келген соң біраз уақытқа дейін қорқып, қобалжып жүріпті. Ол тұста Қытайда сәл қателескен адамды тек жаза күтіп тұратын кез ғой. Алайда, атамның айқаны дәл келгенінің арқасында Қытай билігі қазақ медицинасына қызығушылықпен қарай бастады. Сөйтіп, көп ұзамай Шыңжаң көлемінде тұңғыш рет Жемсарыда қазақ ауруханасы құрылып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Ал атамның адам қабылдауына толық жағдай жасап берген екен. Қазір ол Шыңжаң көлемінде ең беделді ауруханаға айналды.
– Сіз дәстүрлі медицинаны білесіз, заманауи медицинаны оқыдыңыз. Осы екеуінің арасынан қандай айырмашылық байқадыңыз?
– Дәстүрлі медицина дегеніміз – көненің көзі, шарасыздықтың амалы ретінде қарастырған жөн. Алайда оның мыңдаған жылдық тәжірибесі бар. Бір айта кетері, қазақы медицинада тамырдан айыру өте адам таңғаларлық жайт. Заманауи медицина апталап аппаратқа салып анықтаған ауруды мықты дәстүрлі медицина маманы бес-ақ минутта тамыр ұстап айтып бере алады. Бірақ ғылымның аты – ғылым. Екеуін салыстыруға болмайды. Екеуінің де әртүрлі ерекшеліктері бар. Ең жақсысы – екеуін бірдей меңгеру.
– Қазір Қазақстанда қазақы емдеу орталықтарыңыз бар ма?
– Иә, бар. Мен Атамекенге алғаш ат басын бұрғанда Алматы іргесіндегі Қаскелең қаласына қоныстанған едім. Келген бойда «Жүніс Смағұлұлы» атындағы Шығыс медицина орталығын ашқан едік. Қазір қызметкерлер саны да артып, ауруханамыз жыл сайын дамып келеді. Қаскелең қаласында орналасқан екі қабатты ауруханамыз жұма және сенбіден өзге күндердің барлығында да науқастарға қызмет етіп келеді. Ал қалған күндері науқастарға есігіміз ашық.