Лхоцзе шыңын бағындырудағы сәтсіздіктер
2009 жылғы мамырда Лхоцзе шыңын бағындыру кезінде Сергей Самойлов қайтыс болды. Ал Мақсұт Жұмаев мен Василий Пивцовты қар көшкіні басқан. Абырой болғанда, екеуі де аман қалды.
«Қазақстан альпинистері таудың баураймен жүрді. Сергей Самойлов үшінші және төртінші лагерь арасында болған. Соңғы рет оны тірі кезінде 7 500 метр биіктікте көрдім. Осыдан кейін оның денесі екінші лагерьдің жанынан 6 800 метр биіктіктен табылды. Лагерьлер арасында тік беткей бар. Болжам бойынша, Сергей қар көшкінінде қаза тапты» – деді Денис Урубко.Сергей Самойлов – 1958 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Үш баланың әкесі. Ол Алматы қаласының құтқару қызметінде және ЦСКА-да альпинизм жаттықтырушысы болып жұмыс істеді. Сергей Самойлов альпинизмде еңбегі сіңген спорт шебері. Шетелге өз жетістіктерімен танымал болды. Ол – 2006 жылы Гималайдағы бұрын соңды болмаған жаңа тау жолын өткені үшін беделді халықаралық сыйлық – «Азияның алтын мұз балтасын» алған Қазақстандағы алғашқы тау спортшысы.
Әділет МЕЙРАМБЕКОВ