630
Қуатты қаламгер
Қуатты қаламгер
«Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету – парызымыз. Осы орайда өмірі көпке үлгі, халқына адал қызмет етіп, айналасына шапағат нұрын шашып жүрген Қуандық Батыров туралы аз-кем әңгіме айтудың реті келіп тұр.
Адам баласын алға жетелейтін де, елі мен жұртына кеңінен сыйлы етіп төрге шығаратын да адал еңбек. Өтеуін ешкімнен дәметпей-ақ, маңдай теріңді сорғалатып жүріп жұмыс істесең, атақ пен абырой түптің-түбінде сені өзі іздеп табады. Осылайша, адал еңбек етер жанның бақыттың биігіне көтерілетініне Қуандық Батырұлының өмір жолы анық дәлел.
Мұнайлы Атырау алқабында дүние есігін ашқан Қуандықтың балдәурен балалық шағы, қиялына қанат қақтырған жасөспірім кезеңі мен есею жылдары бұрынғы Гурьев облысының Индер ауданына қарасты Индербор қалашығында өтті. Әкесі Батыр Машаев өзінің 86 жылдық ғұмырында бейнетті еңбектің дәмін ерте татып, өмірдің бағасын бір кісідей ұққан азамат болыпты. Сұрапыл соғыс кезінде тылда тынбастан еңбек етіп, ұлы жеңіске жетуге өзіндік үлесін қосса, кейінгі 45 жыл бойы тоғай қараушысы болып үздіксіз қызмет атқарған. Зейнетке шыққан тұста, «қойшы таяғын баласына ұстатты» демекші, қызметін баласына табыстапты. Бүгінде Атырау облысының ең көрікті жерлерінің бірі саналатын бұл үлкен тоғай ресми түрде «Батыр тоғайы» деген атауға ие болып отыр. Ал анасы Қапиза Қабдолқызы – 13 баланы дүниеге әкеліп және екі жетім баланы қоса асырап алып, 15 баланы мәпелеп тәрбиелеп өсіріп, ғасыр жасаған нағыз батыр ана.
Сайып келгенде, білімқұмарлығы мен еңбекқорлығы әке қаны, ана сүтімен дарыған атпал азаматтың бір тамшы суды аңсап, шөліркеген жолаушыдай жастайынан білімге ұмтылып, көрсем, білсем деген құмарлығы артты. Қарапайым отбасынан шыққан жас жігіт шетсіз-шексіз сахарадан сонау алыс көкжиектерге көз тікті. Көп ұзамай оған мүмкіндік те туып, Алматыдағы Жоғары партия мектебінің журналистика факультетіне жолдама алды, студент атанғанда ұзақ күндер мен түндерін ғылым игеруге жұмсап, биіктерді еңсеруді мақсат тұтты. Тағдыр сөйтіп Қуандық Батырұлы сынды азаматқа баға жетпес қару – сөз қуатын өрнектейтін журналист мамандығын нәсіп етіп, 40 жылдан бері оның өмір жолын қазақ журналистикасымен тығыз байланыстырып отыр.
Кешегі жас студенттен бүгінгі аузы дуалы, сөзі уәлі ақылгөй ақсақалға айналғанға дейінгі ұзақ жолда Қуандық Батыровтың басынан талай оқиғалар, жарқын белестер өтті. Мәселен, Қ.Батыров Новобогат аудандық «Нарын таңы» газетінің редакторы болған уақытта бұл басылым шын мәнінде халықтың үні мен тіліне айналды. Көптеген талдау, тағылымды мақалалар, сыни көзқарастар сол кезеңнің айқын суреттерін көрсетіп, ел өмірінің бар саласын қамтыды. 1993-1997 жылдары Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінде бас редактор қызметін атқарып, бірнеше мәрте республикалық жүлделерге ие болды. Осы жылдары «Балықшы» телеарнасын құрды, ел экономикасының өркендеуіне қаламгерлік үлесін қосты. 1997-2005 жылдары тәуелсіз «Ар-честь» газетінің бас редакторы, қазір сол басылымның заңды жалғасы Sakhara республикалық газетінің бас редакторы-құрылтайшысы. Республикалық деңгейдегі бұл газет те Атырау аймағындағы, одан тыс республика өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық оң өзгерістермен қатар қоғамның көлеңкелі тұстарын да назардан тыс қалдырмай жариялай отырып, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға күш салып келеді.
Жасампаз журналист қаламгерлігімен қатар бойына саясаткерлік және де қоғамдық дарын мен өрелі азаматтық қасиеттерді бір арнаға сыйғыза да білді. Өмірден көргені, түйгені мол азамат өзін шаруашылық саласын басқаруда да, партия қызметі деңгейінде де сынға салды. Атап айтқанда, Новобогат аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, «Теңдік» кеңшары директорының орынбасары, Қайыршақты ауылдық кеңесінің және атқару комитетінің төрағасы, «Теңдік» аймақтық партия комитетінің хатшысы тәрізді қызметтерінде ел игілігі үшін жасалған оң қадамдардың иесі атанды.
Қазақстан Журналистер одағының Атырау филиалын басқарған кезінде көптеген игі істің ұйытқысы бола білді. Айталық, аталған өңірден шыққан бірқатар әріптестері «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Атырауда Қазақстан Журналистер одағының конгресі өтті, журналистердің кәсіби жетілуіне арналған бірнеше семинар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Атырау облысы мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметі ол үшін нағыз халыққа шынайы қызмет көрсетудің көрінісі іспетті болды. Әрбір кәсіподақ мүшесінің тұрмыстық жағдайы назарда болып, оларға әлеуметтік көмек берілуі, үйдің, жер бөлігін алудың кезегіне тұруы қадағаланып, әрдайым олардың нәтижесі шығарылып келді. Түптеп келгенде мұның бәрі қолға алған істі тыңғылықты ұйымдастырудың көрнекті үлгісі болды.
Қарапайым қызметкерден қоғам қайраткеріне дейін көтерілген Атырау облысының ардагер азаматы қазір өмірлік бай тәжірибесін туған елінің өсіп-өркендеуіне, руханияттың дамуына пайдаланып келеді. Бар болмысты, бар құбылысты өз көзімен ғана көріп, өз сөзімен ғана жаза алатын қасиетімен Батыров мұнайлы өлкенің экологиясын жақсартудың, Жайық өзенінің өзекті мәселелерінің шешімін табу мақсатында тың ізденістерге бастамашы болып жатыр. Сонымен бірге Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» ретінде Қуандық Батырұлы еліміз үшін еңбек ететін жастарды тәрбиелеу, дұрыс бағытқа салу, белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, олардың кәсіби біліктілігін арттыру жолында атқарып жатқан жұмыстары да айтарлықтай.
Осы ретте, Қуандық Батыровтың жанкешті еңбегі орынды бағасын алуда. 2001 жылы Қазақстан Президентінің Алғыс хатын иеленуі, «Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Жылдың үздік редакторы», «Индер ауданының құрметті азаматы» атануы, Т.Амандосов және Г.Толмачев атындағы республикалық сыйлықтардың, шағын және орта бизнес саласындағы жылдың үздік кәсіпкері байқауының лауреаты болуы, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалімен, Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталуы тәрізді аса мәртебелі сый-сияпатқа бөленуі – соның айқын бір дәлелі.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, Республикалық «Бас редакторлар клубының» вице-президенті