394
Талайғы Түркістан. Елбасы көне шаһардағы жаңа нысандармен танысты
Талайғы Түркістан. Елбасы көне шаһардағы жаңа нысандармен танысты
Түркістан – қашан да күллі түркі жұртының алтын бесігі. Көне шаһар облыс орталығын айналғалы көп өзгерді. Тарихи қаланы көрмекке жан-жақтан ағылғандардың қарасы қалың.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына барып, мәдени маңызы зор бірқатар нысанның ашылуына қатысты.
Тұңғыш президенттің бұл сапары Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысудан басталды.
«Қазақ хандығына арналған мемориал кешен» Қазақ хандығының негізін қалаған, іргесін мықтап, керегесін кеңіткен хандардың құрметіне тұрғызылған. Мемориал киіз үй түрінде салынған. Биіктігі 7 метр болатын 21 уық Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Уыққа Есімнен Әликен ханға дейінгі билеушілердің есімі мен хандық құрған жылдары жазылған. Сәулет кешенінің орта тұсындағы гранит тұғырда хандардың асатаяғы пішіндес, биіктігі 12 метр болатын стела орнатылған. Жобалау құны 1,9 млрд теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы ауданы – 0,85 гектар.
Мемориалдың ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңіріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.
Сондай-ақ Елбасы ботаникалық бақтың даму жоспарымен танысты. Сонымен қатар «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасы туралы баяндалды. Жалпы «Яссы» ботаникалық бағының ауданы – 7,7 гектар. Бақ раушан гүлдерден және аршадан жасалған ою-өрнек бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Оған қоса раушан гүлдермен көмкерілген гүлзарлар да бар. Баққа мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүл ашатын ағаштар.
Одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға барды. Ондағы қолөнершілер көшесін аралады. Қолөнершілер көшесінде ағаш ұсталарының, тоқымашылар мен киіз басушылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырыптық шеберханасы бар. Тұңғыш Президент этноауылдағы көшпенділер асханасын да тамашалады.
Жақында қалада жаңа музыкалық драма театр бой көтерген болатын. Елбасы Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысып, түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады.
Қойылымнан кейін Елбасы театр әртістерімен сөйлесіп, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбаттасып өңірдің даму нәтижелері туралы айтты.
– Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызына да тоқталды.
– Қалада жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр, жастарға мол мүмкіндік туды. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл – шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан кейін Елбасыға Farab Library кітапханасындағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысы таныстырылды.
Farab Library кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерге 480 мың кітап қоры сыяды, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.
Одан соң Елбасы «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барып, «Алтын Самұрық» атты ұшатын театрдағы шоуды тамашалады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың келуіне орай «Қыз қуу театрландырылған көрінісі көрсетілді.
Кешен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан.
«Керуен-Сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық кешендері бар. Олардың бәрі су арналары арқылы бір-бірімен жалғасып жатыр.
Елбасы қаланы дамыту үшін басқа да жоспарлар құрылғанын айтты. Тұңғыш Президент Түркістанға айрықша көңіл бөліп, мәртебесін көтеруді екі мыңыншы жылдардан бері армандап келгенін айтты.
– Түркістан жұртшылығына, бүкіл оңтүстік өңірдің еліне айтатын сөзім – жаңарған Түркістан бәрімізге құтты болсын! Шындығында, мұндай қаражат, мұндай көңіл жүздеген жылдық тарихы бар Түркістанға ешқашан бөлінген емес. Бұған дейін Түркістанның 1500 жылдығын атап өткенде «осы Түркістанды бір көтерсек» деп армандап едім. Алайда ол кезде елдің бұған жағдайы бола бермеді. Сол аралықта мемлекет құрылды. Қазақстанды нығайту мен елімізді дүниежүзіне таныту керек деп шапқылап жүрдік. Енді уақыт келді. 2019-2020 жылдардың ішінде Түркістанда 257 ғимарат салынды. Былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды. Қала астанадан да тез салынып жатыр. Қазір қала халқының саны 200 мың болса, 2025 жылы 300 мыңнан асады деген жоспар бар. Алдағы төрт жылдың ішінде Түркістанда 26 мың пәтер салынады», – деді Н.Назарбаев.
Елбасы әлі алда көп жұмыс атқарылуы керек екенін айтты.
– Түркістанды түркітілдес елдердің рухани астанасы деп жарияладық. Еліміздегі дүниежүзілік деңгейдегі әуежайды бірінші рет Түркістанда салдық. Келетін туристер саны да артады. Жұмыс қызады, жастарға жұмыс орындары ашылады. Мүмкіндіктер көбейеді. Мұнда тағы туристерге қызмет ететін университет ашылды. Міне, Түркістанда халықаралық деңгейдегі театр салынды. Ойласақ ойға келмейтін, түске кірмейтін істер болып жатыр. Бұған қуанайық. Осының бәрі Қазақстанның 30 жылдығына жасап жатқан тартуымыз. Ата-бабаның арманын орындап, тәуелсіз Қазақстанды осылайша көркейтіп жатырмыз. Алла бізді бірліктен айырмасын. Елдің ішінде ауызбіршілік мықты болсын! – деді Елбасы.
Түркістанның тұғыры биік болуы – ел рухының аласармауына кепіл. Әлем бойынша мәдениеттің ошағы саналатын қалалардың қатарында тарихы терең Түркістанның болуы – заңдылық та. Не дегенмен түрленген Түркістанның айшықты қадамдары көңіл қуантарлық.