784
Шымкентте әуе шары құлап, 4 мың отбасы жарықсыз қалды
Шымкентте әуе шары құлап, 4 мың отбасы жарықсыз қалды

6 мамырда сағат шамамен 20:24-те Тұран шағынауданында жеке кәсіпкер әуе шарын жинау барысында апатты оқиға болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Жел соғып, салдарынан әуе шары басқарылмай 10 киловатт әуе желісінің үстіне құлап, электр желілері үзілді. Сондықтан Тұран шағынауданы мен Шымсити, Асар-2 шағын ауданы және New City көпқабатты тұрғын үйлеріндегі 4 мыңға жуық абонент электр қуатынсыз отыр», – делінген жазбада.
Қазіргі таңда «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің, «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің арнайы бригадалары қалпына келтіру жұмыcын жүргізуде.
Бұл факт Қаратау аудандық полиция басқармасында арыздарды есепке алу кітабына Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жұмысы жүріп жатыр.