Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына 70 жыл

Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына 70 жыл

Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына 70 жыл
ашық дереккөзі
750
Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні.  Классикалық күрестің шын шебері көзі тірі болса 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, әлемді жайлаған індет қазақтың алып тұлғаларын да аяған жоқ. Даңқты балуан өзінің Мәскеудегі тарихи жеңісіне қырық жыл толған соң, араға санаулы күн салып, мәңгілік мекеніне аттанды.  width= Жақсылық Үшкемпіровтің кілемдегі ғұмыры оңай болған жоқ. Он бес одақстас елдің ішінен өзіңді мойындатып, КСРО құрамасына ілігу екінің біріне бұйырмайтын бақ еді. Бірақ білікті бапкер Вадим Псаревтің алдын көрген ол өзінің таланты мен қабілеті арқасында бас командаға қабылданды. 1972 жылдан бастап Үшкемпіров тұрақты түрде КСРО чемпионатында жүлделі орындардан көрініп, тұғырдан түскен жоқ. Алайда, алыстағы қазақ жерінен келген балуанды одақ бапкерлері Олимпиадаға апаруға да асықпады. Үшкемпіров кілемдегі жеті жылын құраманың екінші нөмірлі балуаны ретінде өткізген. Тұтастай екі олимпиадалық циклде мұндай төзім таныту кез келгеннің қолынан келмейтіні тағы да рас. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасы қарсаңында Жақсылық нағыз бабында болатын. Алайда, төртжылдық додасына бапкерлер ресейлік Алексей Шумаковты аттандырды. Әрине, Шумаков үмітті ақтап, Канададан алтынмен оралды. Ал Үшкемпіров болса, өзінің жұлдызды сәтін тағы да төрт жыл күтуге бекінді. Мәскеу Олимпиадасына қазақ баласының қатысатыны туралы жаңалық барша халықты қуантты. Өйткені, КСРО құрамасына енген қазақ спортшыларының саны бір қолдың саусағына да жетпейтін. Жақсылық болса, алыстағы ағайынның, қалың елдің намысын қорғау үшін соңғы күші сарқылғанша күресуге бел буды. Бірақ ең алғашқы белдесуінде-ақ әлемнің және Еуропаның екі дүркін чемпионы күтіп тұрғанда, балуанның көңілі солғын тартқаны да рас. Мәскеу кілемінде Жақсылық Үшкемпіров төрт кездесу өткізді. Алғашқы айналымда румын балуанын жеңсе, екінші кезеңде польшалық Роман Кирпачты 13:10 есебімен, үшінші белдесуде венгриялық Ференц Шерешті 17:6 есебімен ұтты. Төртінші айналымда демалыс алса, финалдық бесінші белдесуде болгариялық Павел Христовты 12:7 есебімен жеңіп, грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған еді.

Серіктес жаңалықтары