743
Бүгінгі журналистердің бас ұстазы
Бүгінгі журналистердің бас ұстазы
Редакциядан: 7 мамыр – радио күні. 1895 жылы осы күні ресейлік физик Александр Попов өзі құрастырған әлемдегі тұңғыш радиоқабылдағышты таныстырған. 1925 жылы тұңғыш рет радио күні аталып өткен.
Сонымен қатар биыл Қазақ радиосының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Біз осы орайда қазақ радиосының тарихын зерттеп, оны бір жүйеге келтірген танымал ғалым Намазалы Омашев жайлы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Өзінің мыңдаған журналист шәкірті бар, дарынды ғалымдарды топтастырған ғылыми мектебі бар Қазақстан Жоғары мектеп академиясының академигі, Қазақстан журналистикасы академиясының толық мүшесі, Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев бүгінде қазақ журналистикасының бас ұстазы. Олай деуге толық хақымыз бар. Ең алдымен ол қазақстандық журналистердің ХХ ғасырдағы жалғыз басты ұстаханасы атанған әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің білікті ғалымы, беделді басшысы болды. Бұл қара шаңырақтан журналист мамандығы дипломын алған қаншама түлек еліміздің түкпір-түкпірінде, шетелдерде де қызмет атқарып жүр. Мен де Намазалы ұстазымыздың студенттік кезден дәрісін тыңдап, тәрбиесін көріп келе жатқан орта буын шәкіртінің бірімін. Қайта құру заманы басталып, кеңестік жүйе әлсіреген 80-жылдарда журналистиканың әліппесін жаңа ашқан біз Мәскеуден докторлық диссертациясын қорғап келген ағамыздың дәрістерінен алғаш рет оған дейін көп айтылмайтын әлемдік ақпарат алпауыттары Си-эн-эн, Би-би-си, Эн-эйч-кей, Нью-Йорк таймс, Вашингтон пост, Тайм, Уол стрит джорнал, Файненшл таймс, Гардиан, Франс пресс, Ассошейтед пресс, Юсиа, Синхуа агенттіктері мен медиа корпорациялар туралы алғашқы ақпараттарды естіп, олардың бағыт-бағдары жөнінде кең түсініктеме алған едік. Сол заманда-ақ жаңашыл жас ұстазымыз бізге бұл ақпарат акулаларының ерекшелігін талдап, әлемдік ақпарат айдынындағы орнын жіктеп берді. Бұл алыптардың артықшылықтары мен кемшін тұстарын да саралаудан өткізе алды. Заман өзгерді. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстан да әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне бойлай енді. Журналистер қауымы да Намазалы ағамыз оқытқан ақпарат алпауыттарына барып, тәжірибе алмаса бастадық. Сол сәтте ұстазымыздың дәрістері бірден еске түсетін. Халықаралық деңгейдегі жаңашылдық бағыттағы үрдісті жалғастырған Намазалы Омашұлы осы университеттің журналистика факультетінде тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация жөніндегі кафедрасын ашып, басшылық тізгінін ұстап, әлемдік озық университеттер және ақпарат құралдарымен халықаралық байланысты жан-жақты жолға қойды. АҚШ-тың, Францияның, Канаданың, Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Филиппиннің журналистика мектептерімен қарым-қатынасты тұңғыш рет жүзеге асырды. Осы ЮНЕСКО ұйымы аясында өткен халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда Намазалы Омашев жасаған баяндамалар жоғары бағаға ие болды. Белгілі ғылыми, шығармашылық үздік еңбектері үшін оған Кембридждің (Англия) Халықаралық Өмірбаяндық орталығы 2001 жылы «Жыл адамы» деген атақ беріп, «Тану декларациясы» мен «Құрмет медалімен» марапаттады. Бұл да отандық ғылыми журналистиканың шетелде халықаралық деңгейде тұңғыш мойындалуы, танылуы еді.
Жалпы, Намазалы Омашұлы туралы сөз қозғағанда тұңғыш деген сөзді жиі пайдаланамыз. Мықты ғылым көшбасшысы, білікті ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шақыруымен елордамызға келіп, осы жоғары оқу орнында тұңғыш рет журналистика факультетін құрып, барлық ұйымдастыру жұмысын жүргізіп, оқу-әдістемелік жүйесін қалыптастырды. Факультеттің тұңғыш деканы болды. Журналистика мамандығы бойынша докторантура, «Қоғаммен байланыс» мамандықтары ашылып, алғашқы талапкерлерін қабылдады. Қазір бұл факультеттің түлектері елордамызда орналасқан барлық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші мамандары. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, Намазалы Омашұлы – елімізде тұңғыш рет Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылған журналистика мәселелерін зерттеу институтын құрған ғылым қайраткері. Осы институт жалпы барлық алаш қайраткерлерінің көсемсөзін тұтас топтастырып, 10 томдық жинақ дайындады. Бұл ұлттық журналистика тарихын зерттеймін деген ғалымдарға ғажайып рухани қазына. Институт өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ журналистикасындағы қайшылықтарды да зерттеп, саралап, ғылыми айналымға түсірді. Сондай-ақ зерттеу институты тұңғыш рет қазақ эмиграциялық журналистикасының тарихын ғылыми тұрғыда саралаудан өткізіп, ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай бастамасымен шыққан басылымдардың материалдарын ғалымдардың назарына ұсынды. Бұған қоса осы ғылыми мекеме қазіргі заманның өзекті мәселелерін зерттеуді де қолға алып, интернеттің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері атты ғылыми жобаны да сәтті жүзеге асырды. Алдағы уақытта институт Қазақ радиосының 100 жылдығына, отандық телевизияның өзекті мәселелеріне және дәстүрлі бақ пен әлеуметтік медианың бәсекелестігіне арналған зерттеу жобаларын қолға алғалы отыр. Намазалы ағамыздың басшылығымен журналистика мәселелерін зерттеу институты құрылғалы бері 20 томнан аса еңбек дайындап, 8 ғылыми жобаны іске қосты.
Намазалы Омашұлы – еліміздегі журналистика ғылымының тұжырымдамаларын айқындап, ғылыми мектебін құрған тұлға. Тіл білімінен аражігін ажыратып, журналистиканы зерттейтін ғылым саласын қалыптастырған ғалым. Тұңғыш рет журналистикадан ғылыми атақ қорғайтын кеңес ашты. 10-ға жуық ғылым докторы мен 50-ден аса ғылым кандидаты диссертация қорғап, отандық журналистиканың өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыда талдаудан өткізді. Намазалы ұстаз әр ғалым шәкіртінің зерттеуі жүйелі және нәтижелі болуын жіті қадағалап, түпкі межеге бағыттай білетін тәжірибелі тәлімгер. Оның таңдаған тақырыпты бүге-шігесіне дейін зерттеу үрдісі жас ғалымдарға айрықша үлгі. Мәселен, Намазалы Омашевтың ұлттың үнжариясы, рухани қарашаңырағы қазақ радиосының тарихынан бастап, жанрлық, бағдарламалық ерекшеліктерін зерделеп, бүгінгі заманауи өзекті мәселелеріне дейін үңгіп, жан-жақты талдап зерттеуі өзіндік ғылыми қолтаңбасын айқын көрсетіп тұр. Ғалымның осы ыждахатты, тиянақты еңбегінің арқасында ұлттық радиомыздың өткені мен бүгіні де ғылыми тұрғыда зерттеліп тұр. Биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақ радиосының құрылуына мұрындық болған алаш жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы екендігін дәлелдеп, және құрылу тарихын он жылға ұзартқан да Намазалы ағамыз. Осы радионың 95 жылдығына арналған елордамызда өткен халықаралық конференция кезінде көрші Қырғыз Республикасы радиосының директоры «Намазалы Омашевтай мықты ғалымымыз болса, біздің радиомыздың да тарихи ғұмыры бірнеше жылға ұзаратын еді деп айтқаны бар. Бұл ғалымның еңбегіне жанымыздағы бауырлас елдерде сүйінішпен қарап, жоғары бағалап отырғанын көрсетеді. Намазалы Омашев ең алдымен Қазақ радиосында қызмет атқарып, тәжірибе жинақтап, кейіннен оны ғылыми теориялық негізге сала білді. Оның осы керемет тәжірибесі жемісті нәтижесін берді. Намазалы ағаның тағы бір ерекше қыры – ғылыми зерттеулерінен бөлек баспасөз беттерінде публицистикалық, танымдық, тағылымдық, шетелдік жолсапарлардан түйген ой толғамды мақалаларын да жиі жариялап отырады. Бұл жазбаларында ол журналист ретінде ой толғап, қалам тербейді. Замана көшіне ілесіп отыруға шақырады, кезіндегі алаш қайраткерлері сияқты озық өркениетті елдерден үйренуге тиісті тұстарымызды ашық жазып, алға тартып, жөн сілтеп отырады. Ұстазымыздың өзінің өнегелі жолымен шәкірттеріне ұқтыра білгені әділдікті, адалдықты басты ұстаным ету. Өзінің бір мақаласында «Журналистердің міндеті – саясаткерлердің, лауазым иелерінің нені қалайтынын, не ойлайтынын баяндау емес, қоғамда не болып жатқанын әділ айту. Міне, осы тұрғыдан келгенде, сапалы журналистиканың шын мәніндегі нағыз демократиялық қоғамды қалыптастыруға қабілетті екенін, сол істе маңызды рөл атқаратынын атап айтқан жөн. Ал журналистің жеке өзін алып қарайтын болсақ, онда оның білім деңгейі мен белсенділік қабілеті қаншалықты жоғары болса, сапалы ақпарат, жалпы сапалы журналистік туынды әзірлеуге деген мүмкіндігі соншалықты мол болады» дейді. Ендеше Намазалы Омашұлы айтқан осы қағида саланы зерттеуші ғалымдар мен барлық журналистің негізгі ұстанымы болуы тиіс. Ғылым және қоғам қайраткері әрдайым отандық ақпарат кеңістігінің жетістігі мен кемшін тұсын зерделеп отыруға ерекше мән береді. шалт кетіп жатқан тұстар болса, баяғының абыз ақсақалындай, би-шешеніндей өзі тәрбиелеген сала жетекшілері министр шәкірттеріне де ашық айтып, ұлттық журналистиканың беделін, пәрменін көтеруге арналған парасатты пайымын алға тартып отырады. Өскелең ұрпақ жас журналистерге де өз мамандығының қадірін, құрметін ұғынуды әрдайым еске салып келеді. Тағы бір мақаласында ұлт қайраткері:
– Кейінгі кезде журналистиканы әркім өз білгеніне қарай пайдаланғысы келетін жағымсыз тенденция етек алып бара жатқанын айтпасқа болмас. Ондай дертті аластатудың жолы – журналистиканың қоғам, ел алдындағы негізгі міндетін анықтай түсіп, халық мінберіне айналдыру. Егер ол тек биліктің қолшоқпары болып қалса немесе ат төбеліндей ақшалының сойылын соғып кетсе, ақ жолдан адасатыны анық. Ақпарат монополияланған жерде пікір алуандығы бұзылады. Ақиқат айтылмайды. Ал біз шын зиялы қоғам орнатамыз десек, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі мен құлағы һәм тілі» болатын кадрларды даярлауымыз керек. Журналист үшін одан асқан мәртебе жоқ. Ондай абыройлы істі келте ойлайтын кісі емес, кемел толғайтын жан атқара алса керек, – деп ой түйеді. Журналистің ұлт алдындағы негізгі міндетін, азаматтық парызын айқындап берген бас ұстазымыздың бұл тұжырымы қай заманда болса да әріптестеріміздің басты бағдаршамы болмақ.
Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері