Шәйнектен шыққан хат

Шәйнектен шыққан хат

Шәйнектен шыққан хат
ашық дереккөзі
739
«Ескі үйді бұзарда ша­ты­ры­нан қорапқа са­лынған бі­раз ыдыстар тауып алдық, – деді Би­босын жуырдағы бір оқиғаны баяндай бас­тап. – Бұл анамның көзі тірісінде тір­нектеп жи­нап жүрген дү­ниелері екен. Қаттап оралған тә­­релке, шыны-аяқ, шәй­нек­тер. Шәйнектің бі­рінің ішінен ұқып­тап салынған бума қағаз шық­­ты. Бүктеуін жазсақ әб­ден сарғайып кет­кен солдат­тың сағыныш хаттары екен...». Бибосынның ата-анасы дүниеден өткелі жиыр­ма жылдан асты. Әкесі Қадыр Әбдірахимов Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыста танкист болып ауыр жараланған, денесінің бірнеше жерінде бұлтиып денемен дене болып кеткен жарық-шақтың орнын бала кезімізде талай көзіміз ша­латын. Ұлмекен екеуінен сегіз бала болған. Бибосын солардың кенжесі. Ал шәйнектен табылған хаттар Ұлмекеннің жалғыз бауыры Жұмагелдінікі болып шықты. Соғыста хабарсыз кеткен-ді. Қарындасы сары майдай сақтап, көкірегін сағыныш буған сәттерде қолына алып сан мәрте қайталап оқып, көз жасын бұлаған хаттар ғой. Әбден сарғайып, бүк­телген жерлері қиылып, кей тұс­тарының жазулары көрінбей де қал­ған. Өлеңдетіп жазылғанына қа­рап, хат иесінің жазу-сызудан қа­ражаяу еместігін байқауға бо­лады. «Елге арнаулы өлең» деп бас­талатын ұзақ хатын оқып оты­рып, ауылдан жеті бала әскерге алы­нып 12-сі түнінде (қай жыл, қай ай екені белгісіз) Жамбыл қа­ла­сына келіп, мұнда төрт-бес күн­дік дайындықтан соң пойызбен жолға шыққан с­апарын баяндайды. «Ызғытты қара айғыр салып алып, барады қайран ауыл артта қалып. Адамның өз жеріндей болмақ қайда, кетеміз ойлағанда күйіп жанып» деп туған жерге сағынышын білдіреді де, Шу, Аягөз, Сарыөзек стансаларын, Барнаул, Алтай, Новосібір, Омбы айналып, қайтадан Қазақстанға кі­ріп 29-ы күні Қара­ғандыға жеткенін айтады. Хат­тың бұдан арғы жол­дары өшіп қалғандықтан оқу мүмкін болмады. Ал 1943 жылы 10 қарашада жазған хатында Қазан қа­ла­сындағы госпитальдан жазылып шық­қанын, енді та­ғы майданға баратынын хабар­лайды. Бұл хаттарда ауыл­да қалған атасы мен ана­сы, қарын­дасы Ұлме­кен­нің, бауыры Қыстау­бай­дың есімдері аталады. Бибосын үйінің төріне анасының соғыстан қайтпаған ағасы Жұмагелдімен бірге түскен суретін үлкейтіп іліп қойыпты. Бұл соғыс қарсаңындағы сурет екені даусыз. Онда Ұлмекен үріп ауызға сал­ған­дай жас бойжеткен де, ағасы галстук тағып, сып­тай болып киінген жігіт ағасы. Сірә, оның оқып, әлде қызмет істеп жүрген кезі болса керек. Би­босынның аудан орталығында тұратын әкпесі Ал­тынай болса анасының: «Балаларым үйленгенде ел­ден ыдыс-аяқ сұрап жүрмейік» деп жаңа шыны, шәйнектер сатып алып жинайтын әдетін еске алды. Со­сын, «жалғыз бауырым соғыстан қайтпады-ау» деп жиі қамығып отырады екен. Ұлмекен соғыстан жараланып қайтқан Қа­дыр­мен тұрмыс құрып, одан бала-шағалы болғанын айт­тық. Олар араға екі ай салып бірінен соң бірі 1995 жылы дүниеден озған еді. Қадырдың Санат Әбдірахимов деген інісі де бертінде өмірден өтті. Ал оның әйелі Күлсара апаның көзі тірі. «Сырлы аяқ­тың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жасы сексеннен асса да санасы сергек кісі үлкен абысыны жайлы тебірене сыр толғады. «Ұлмекен мен ағасының туған жері – Алматы об­лысының Ақсай жағында Күнту деген ауыл. Әке­лері Тойбай бай болған, отызыншы жылдары кәм­пескеге ілініп айдалып кеткен. Әйелі, яғни Ұлме­кеннің шешесі Жәмилә біздің Қаракемерден, Машақ елінің қызы еді. Күйеуі айдалып кеткен соң ол көп ұзамай балаларын алып төркініне көшіп келген. Жәмилә осында Оспан деген кісімен қайта отбасын құрды. Обалы не керек, ол балаларға жақсы қарады. Жұмагелдінің соғыстан әр кезде «Қадірлі ата-ана, қарындас» деп бастайтын хаттарындағы атасы сол кісі» деп Күлсара апа біраз жайдың басын ашып берді. – Ұлмекен жалғыз бауырын еш ұмытқан емес, үйленбей, артына перзент қалдырмай кеткеніне өкініп, үнемі әруағына құран бағыштап отыратын. Өзі дүниеден қайтарда осы нағашысын ұмытпауды балаларына да аманаттап кеткен болатын... Ауылда Жұмагелдіні білетін адамдар қалмапты. Ең соңғы соғыс ардагері де былтыр өмірден өтіп кет­кен. Осыдан отыз жыл бұрын (1987 ж.) Қара­кемердің орталығында соғыс құрбандарына арнап орнатылған ескерткіште есімі ойып жазылған 241 боздақтың қатарында Жұмагелдінің де аты-жөні тұр­ғанына шүкіршілік еттік. Біз ғаламтор арқылы «Мемориал» сайтына кіріп, Ұлы Отан соғысынан орал­маған жауынгерлер тізімі жарияланған Ресей Қор­ғаныс министрлігінің ең үлкен ақпараттық анық­тамалар банкін қанша ақтарғанымызбен Жұма­гелді Тойбайұлы туралы ешбір дерек кездестіре алма­дық. Есесіне ол 2000 жылы Таразда жарық көр­ген «Боздақтар» естелік кітабынан табылды. Онда: «Тойбаев Жұмагелді, сержант, 1917 ж. Алматы об. Қас­келең ауд. «Күнту» ауылында туған. Қазақ. Қор­дай ауданында жұмыс істеген. Әскерге 1941 ж. Қор­дай ауд. әскери ком-да шақырылған. 1944 ж. ақпанда хабар-ошарсыз кетті» делінген («Боздақтар», үшінші том, 64-бет). Биыл туғанына жүз жыл болатын, орда бұзар отыз жасында соғыста хабарсыз кеткен бір қазақ сол­даты Жұмагелді Тойбаев жайлы ойда жоқта осын­дай деректер алдымыздан шықты. Жүректе қал­ған жарақат жанды сыздатады.

Құрманбек ӘЛІМЖАН Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қордай ауданы Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары