Айтылды – орындалды

Айтылды – орындалды

Айтылды – орындалды
ашық дереккөзі
Биыл жыл басынан бері Мемлекет басшысының Баспасөз қызметі «Айтылды – орындалды» айдарымен Президент тапсырмаларының орындалу барысынан ел-жұртты хабардар етіп отыратын жақсы үрдіс бастады. Осы арқылы Ақорда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын іс жүзінде жүзеге асырып, бұқарамен кері байланыс орнатудың ұтымды тәсілін қолданып, өзге мемлекеттік қызмет­кер­лерге үлгі болып отыр десек болады. Ендеше, айтылған, орындалған уәде­лер­ге шолу жасап көрелік. «Айтылды – орындалды» айдары жүр­гізілгелі бері 2 айдан астам уақыт ішін­де әлеуметтік желілерде 13 жазба-есеп жарияланған екен. Олардың әр­қайсында Президенттің берген тап­сыр­масы, жүктеген міндеттері мен уәделері, және оның орындалғаны туралы қыс­қаша баяндалады. Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасы нақты қашан, қай кез­де айтылғаны да көрсетілген. Бір қарағаннан-ақ қандай мәселе жолға қойылғанын және оның қалай шешімін тапқанын немесе қалай іске асырылып жатқанын түсіну қиын емес. Орындалған міндеттер ұзын-сонар мә­лім­демесіз-ақ, шұбатылған баян­дама­ларсыз-ақ халыққа түсінікті әрі нақты түрде жеткізіледі.

Ең әуелі – нақтылық

Мысалы, ең алғаш жарияланған жаз­бада «Жеке куәліктер, дип­лом­дар мен жүргізуші куәліктерінің элек­т­рон­дық нұсқасын енгізу және мем­лекеттік ор­гандардың жұмы­сын цифрлан­дыру­ды қамтамасыз ету керек», – деген Мем­ле­кет бас­шы­­­сының Жолдауда айт­қан тап­сыр­масы және оның орын­дал­ға­ны тура­лы есеп беріледі. Аталған тап­­сыр­ма аясында қазіргі уақытта eGov mobile мобильді қосымшасында – жеке куәлік, – жүргізуші куәлігі, – туу туралы куәлік, – неке қию куәлігі, – аты-жөнін, әкесінің атын өз­герту туралы куәлік, – неке бұзу туралы куәлік, – электронды техникалық құ­жат, – ПТР талдамасының нәти­желері, – студент билеті, – білім алғаны туралы диплом сияқ­­ты құжаттардың цифрлық нұс­қа­сы қолжетімді екені туралы ақ­парат беріл­ген. Екінші жазбада мем­лекеттік органдар тарапынан бе­рілетін құжаттарды цифрлан­дыру процесі төңірегіндегі атқарыл­ған бірқатар жұмыстар туралы ай­ты­лады. «Халыққа электронды сер­­вистерді пайдалануға қолайлы жағ­дай жасап, мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де және секторда да био­метрияны қолданудың нақты шара­ларын қабылдаған жөн», – де­ген Президенттің тапсырмасы ая­сында мобильді азаматтар база­сын­да тіркелген нөмірге біржолғы ха­бар­лама түрінде құпиясөз жолдау ар­қылы қызметтерге қол қою тетігі іске асырылғаны баяндалады. Қазіргі кезде біржолғы хабарлама түріндегі құпиясөз арқылы қол қойып, 120-дан астам мемлекеттік қыз­мет түрін пайдалануға болады. eGov порталында QR код арқылы мем­лекеттік қызметке қол қою қыз­меті іске қосылды. Адамның бет-әлпетін биометриялық сәйкес­тен­діру арқылы қашықтан ЭЦҚ алу­дың пилоттық жобасы әзірленіп, іске қосылған. Ақпарат берудің мұндай форма­сы арқылы халық ненің атқарылып, ненің атқарылмағанынан хабардар болып қана қоймай, өздеріне керек, пайдалы мәлімет алып, жаңа мүм­кіндіктерді біле алады.Жалпы пандемияға байланысты қа­таң карантин шаралары енгізіл­ген кезде электронды сервистер мен оны пайдаланудың жолға қо­йыл­­мағаны қатты сезілген еді. Ол тура­лы кезінде жазылды, айтылды. Содан бері бір жылдан аса уақыт өтіп, онлайн өмірге де етіміз үйре­ніп келеді. Оған қоса, Үкімет тара­пынан да түрлі іс-шаралар атқа­ры­лып жатқанын байқадық.

Тиімділік

Бұл бастама халықпен кері бай­ланыс орнатудың өте тиімді жолы деп айтуға болады. Себебі қазіргі кезде әлем бойынша уақыт тапшы­лығы қатты байқалады. Ғалымдар мен сарапшылар адамдардың бұ­рын­ғыдай ұзақ мәтіндерді оқуға, баян­дамаларды тыңдауға уақыты ға­на емес, құлқы да аса бола бер­мей­тінін айтуда. Оған ақпараттың көп­тігі себеп болып отыр. Әкімдер мен шенділердің есеп беру жиын­да­рына көп адам жиналмайтыны жа­сырын дүние емес. Оған қоса, қа­зір ақпарат таратудағы әлеумет­тік желінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда да, бас­тама өте тиімді деп айтуға бо­ла­ды. Бұл жобаны әрі қарай ми­нистр­лер, әкімдер де қолға алса, артық болмайтыны анық. Яғни бұл – есеп беру­дің ұтымды, заманға сай бейім­дел­ген кішігірім түрі деп айтсақ, жаңылыспаған болар едік.

 width= Мысалы, Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жол­дауында «Дәрігер мамандығын ма­териалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жа­лақысы экономикадағы орташа жа­лақыдан екі есе артық болады» де­ген болатын. Айдар бойынша жа­рия­лаған мәліметте 2021 жылғы 1 қаң­тардан бастап 247 мың меди­ци­на қызметкерінің жалақысы өскені айтылған. Нақтырақ айт­қанда, дә­рігерлердің жалақысы 246 мың теңгеден 320 мың теңгеге, орта дең­гейдегі қызметкерлердің жала­қысы 145 мың теңгеден 173 мың тең­геге дейін өскен. 2021-2023 жыл­дары Президент Жолдауындағы тапсырманы іске асыру үшін бюд­жеттен 1 141,5 млрд теңге бөлу қа­рас­­тырылып отырғаны да көрсе­ті­ліпті. Қандай уақыт, қандай заман бол­­масын дәрігерлер мен мұғалім­дер­­дің қоғамдағы рөлі мен маңызы, абыройы мен беделі аласармақ емес. Осыған байланысты Мемле­кет басшысы мұғалімдер мен дәрі­гер­­лердің мәртебесін көтеру мақса­тын­да бірқатар тапсырмалар берген еді. Келесі есеп-жазбада «Педаго­ги­ка мамандықтарына түсуге қойы­ла­тын талаптарды кезең-кезеңімен арт­тыру қажет. Мамандықтың беде­лін биіктету мақсатында бола­шақ ұстаздардың шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін кө­теру керек», – деген Президенттің тап­сырмасы аясында педагог мәр­те­бесін көтеру бағытында атқа­рыл­ған өзге де игі істер туралы мәлімет бе­рілген. Атап айтсақ, педагоги­ка­лық бағыт бойынша оқуға түсу үшін ҰБТ-ның шекті балы 60-тан 70-ке көтерілгені, шәкіртақыны арт­тыру үшін 2020-2023 жылдарға рес­публикалық бюджеттен 17,6 млрд теңге бөлінгені, докторант­тар­дың шәкіртақысы 104 498 тең­геден 150 мың теңгеге артқаны нақ­ты көрсетілген. Оған қоса, диплом таратумен ға­на айналысып кеткен аты бар, за­ты жоқ қаншама жоғары оқу ор­ны­ның лицензиясы қайтарылғаны туралы жаңалықты естіп, оқып жүр­міз. «Былтыр мен дипломды оң­­ды-солды үлестірумен айналы­са­тын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын. Білім беруді табысты бизнеске айналдыр­ған ықпалды адамдардың қарсылы­ғы­нан бұл жұмыс баяу жүріп жа­тыр. Бірақ проблеманы шешу ке­рек» деген еді Қасым-Жомарт То­қаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі ха­лық­қа Жолдауында. Ақорданың хабарлауынша, 2020 жылы 38 ЖОО-ға профи­лак­ти­калық тексеру жүргізілген. 14 ЖОО-да жұмысқа орналастыру көр­сеткіштері талап етілетін нор­ма­­­тивтен төмен болған. Ал 2021 жылы 42 жоғары оқу ор­нына алдын ала бақылау жүргізу жос­парланып отыр. Жыл басынан бері 53 мыңға жуық студент білім алатын 7 ЖОО жа­былған. ЖОО оқытушылары жұ­мыс­пен қамтылып, студенттер бас­қа жоғары білім беру мекемелеріне ауыстырылған.

 width= Жазбалардың барлығы талқы­лау, пікір білдіру үшін ашық екенін де қоса кеткен жөн. Жоғарыда бастаманың екі тиім­ді тұсын айтып өттік. Үшіншіден әлеу­меттік желіде кез келген адам өз ойын, ұсынысын немесе келіс­пеу­шілігін я наразылығын ашық жа­зып пікір қалдыра алады. Оған қо­са, еңбектеген баладан еңкейген кә­р­іге дейін әлеуметтік желіде са­ғаттап отыратыны белгілі жайт. Айдар бойынша жарияланған жаз­баларға айтылған пікірлерді шо­лып шығып, мәселеге қатысты өз ойын немесе мәселенің толық­қан­ды орындалып-орындалмағанына пікір айтушылар да кездесетінін бай­қадық. Яғни, бұл жерде ха­лық­пен кері байланыс орнату мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жалпы еліміздегі ақ жағалылар ха­лықпен кері байланыс орнату мә­селесіне аса көңіл бөлмейтіні ай­­­тылып та, жазылып та келеді. Ақор­­даның бұл бастамасы басқа­лар­ға да қозғау болады деген үміт жоқ емес. Жазбаларда, сонымен қатар, ба­ла құқығы сияқты қоғамдағы ең бас­ты әрі өзекті мәселелер де қам­тылған. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңінде» кәмелетке тол­маған балаларға көрсетілген зор­лық-зомбылық үшін жаза қатаң­да­тылғанымен, проблеманың әлі де болса ушығып тұрғаны айтылды. Сондықтан мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейілінше қатаң жазалануы керек екені туралы нақты тапсырма бе­ріл­ген болатын. Ал жазбада мұндай қыл­мысқа барғандарға қарсы санк­ция күшейтілгені, қаралатын қыл­мыстар ауқымы кеңейгені, қыл­мыс­керлер қауіпсіздігі жоғары түзету мекемелерінде жазасын өтеуге міндеттелгені, жеңіл жазаға немесе жазаның өтелмеген бөлігін қыс­қартуға тыйым салынғаны жазыл­ған. Енді мұндай қылмыс алқабилер со­ты­ның қарауына берілмейтін болды. Одан бөлек 2020 жылғы 22 қа­занда Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сіне берілген тапсырмалардың оры­ндалғаны туралы да мәліметтер жа­рияланыпты. Президент мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың ше­бер­лік-жоспарларын жұрт­шылық­пен жүйелі түрде талқылауды қам­тамасыз етуді тапсырған болатын. Тури­зм және демалыс орындарын дамыту мәселелері бойынша қа­былданатын шешімдердің анық­тығын қамтамасыз ету мақсатында қазір 13 ұлттық парктің жанынан Қоғамдық кеңестер құрылды. Ал­маты облысындағы Шарын, Алты­н­е­мел, Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің эколо­гия­лық туризмін дамытудың тұжы­рым­дамалары әзірленді. Оның ішін­де, туристік бағдарлар мен жол­дарды дамытуға; күрделі құры­лыс жұмыстарынсыз-ақ туризм ны­сандарын салуға; заманауи қар­сы алып, шығарып салу орта­лық­тарын, қазақ ауылдарын, керуен са­райларын салу мәселелеріне ерек­ше көңіл бөлінді. Басқа да ұлттық парктерде эко­туризмді дамыту тұжырым­дамал­а­рын әзірлеу, бекіту жұмыстары жүр­гізіліп, тапсырманың орында­лып жатқаны айтылған екен. Қа­зіргі кезде елімізде туризм саласына көп көңіл бөліне бастады. Жақында ғана Түркістан қаласында Керуен-Сарай туристік кешені ашылған бо­латын. Ол да тапсырманың жү­зеге асырылғанының шынайы дә­лелі болды.

Билік пен халықтың арасы ал­шақтамағаны қай кезде де маңыз­ды. Билік халық үшін жұмыс істей­ді, ал сол жұмысты бағалайтын да – халық. Атқарылған жұмысты та­ныс­тырып, нәтижесімен бөлісу, бір жағынан ел алдындағы борыш. Осы­ның барлығын негізге ала оты­рып, іске асырылып жатқан бастама қай жағынан алып қарасақ та тиім­ді деп сенімді түрде айта аламыз.