418
«Бес жұлдызды» білім ордасы
«Бес жұлдызды» білім ордасы
Жуырда Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды.
ҚазҰУ – мұндай дәрежеге қол жеткізген Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. QS Stars «Бес жұлдыз» марапаты бүкіл әлем бойынша тек 62 ЖОО ғана берілген, олардың ішінде QS WUR халықаралық жаһандық рейтингінің әлемдік үздік топ-5, топ-10 және топ-20 қатарына кіретін Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Чикаго, Принстон, Колумбия университеттері бар.
Британдық QS компаниясы жүргізген аудит университеттерді төрт негізгі топ бойынша бағалайды, оның құрамына 50-ден астам көрсеткіштен тұратын 12 кіші топ кіреді. Бұл университет қызметінің кең ауқымдығын және оның жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді. Аудитке қатысатын әрбір кіші топ бойынша ЖОО-на бір жұлдыздан бес жұлдызға дейін баға беріледі, одан кейін жалпы рейтингтік балл шығарылады. Британдық QS компаниясының кешенді бағалау нәтижелері бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірқатар көрсеткіштерге, атап айтқанда – оқу процесі; жұмысқа орналасу мүмкіндігі; зерттеулер; интернационалдандыру; қызмет көрсету; өнер және мәдениет; инновация; заманауи тілдер бойынша өте жоғары балл алып, ең жоғары «Бес жұлдыз» марапатына ие болды.
Бұл марапат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықтарда беделі бар екендігін және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде көшбасшылық позицияларды көрсетіп отырғанын білдіреді. Басымдылық жұлдыздары университеттің мықты тұстары мен артықшылықтарына назар аудартып, оның серіктестеріне, білім беру саласындағы халықаралық сарапшыларға, шетелдік, сондай-ақ отандық талапкерлерге оқуға түсу үшін ЖОО таңдау кезінде бағдар береді.
Оқу ордасының беделін арттырған тағы бір ақжолтай жаңалық – 1200-ден астам университеттерін бес пәндік бағыт бойынша сараптаған «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингінің нәтижелері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің көрсеткіштерін жақсартып, позициясын нығайтты. ҚазҰУ өткен жылмен салыстырғанда «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша өз көрсеткіштерін 277-ден 156-шы орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріп, оң нәтижеге қол жеткізді.
ҚазҰУ «Қазіргі тіл білімі» мамандығы бойынша да үздіктер қатарынан табылып, әлемнің үздік ЖОО арасында 52-ші орынға ие болды. Университет келесі мамандықтар бойынша: «Ағылшын тілі мен әдебиетінен» – 101-150, «Лингвистика» және «Құқықтанудан» – 151-200 үздік топтарына, «Экономика және эконометрикадан» – 251-300 , «Математикадан» – 301-350 және «Физика және астрономиядан» – 501-550 алдыңғы топтарына енді.
Бұл рейтингке бірқатар мамандықтар алғашқы рет қатысып, бірден үздік атанды. Мәселен, «Тарих» мамандығы 151-200, «Бизнес және менеджмент» – 401-450, «Компьютерлік ғылымдар және ақпараттық жүйелері» – 501-550, «Химия» мамандығы – 551-600 алдыңғы топтарына кірді.
QS World University Ranking by Subject рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Пәндік рейтинг 95 мыңнан астам академиялық сарапшылардың, 45 мыңдай жұмыс беруші сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, сондай-ақ «Scopus» мәліметтер базасынан алынған ақпараттар негізінде жасалды.
ҚазҰУ ұлттық пәндік рейтингтерде де жоғарыда көрсетілген оқу бағдарламалары бойынша қазақстандық университеттер арасында жетекші орын алады. Оқу орны халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айнала отырып, әлемдік университеттердің институционалдық рейтингінде де және пәндік рейтингте де табысқа жетіп, үнемі алға жылжып келеді. Сонымен, 2020 жылы QS World University Ranking әлемдік рейтингінің нәтижелері бойынша жетекші қазақстандық университет (ҚазҰУ) әлемдегі ең үздік университеттер тізімінде 165 орынға ие болды. Бұл топқа ТМД елдерінен тек Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың енуі – отандық білімнің бірегей жетістігі.
Бексұлтан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты