Тәуелсіздік ескерткіштері − елдің жаңа бейнесі

Тәуелсіздік ескерткіштері − елдің жаңа бейнесі
Қайсы елге барсаң да алдыңнан асқақтай көрініп, назарыңды еріксіз бұратын нәрсе − сол елдің сәулет ескерткіштері мен мүсін өнерінің туындылары. Себебі содан елдің тегі мен тарихы, айбыны мен айбаты, рухы мен мінезі, өнері мен шеберлігі көрінеді.
Кеңестік кезеңде Қазақстанда сол кездің идеологиясына қызмет еткен тұлғаларға қойылған ескерткіштер мен коммунистік идеяны насихаттау орталықтары көп болды. Сондықтан мүсіндік және сәулет ескерткіштерін жасауда қазақ елінің өз қолтаңбасы анық байқалмады. Дегенмен еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі жерде тарихымызға қатысты кешенді сәулет ескерткіштері мен өз мүсіншілеріміздің қазақ хандары мен би-батырларын, ақындарын бейнелеген ескерткіштерінің қатары көбейіп, ел иесі, жер киесінің кім екені байқалатын жағдайға жеттік.
Әрине, күллі әлемнің есіне Египет дегенде Ғизадағы пирамидалар, Индия дегенде Тәж Мақал кесенесі түсетіні секілді Қазақстан дегенде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ойға оралатыны анық. Ал енді мүсін өнерінде АҚШ десе «Азаттық», Бразилия десе «Құтқарушы Христос» секілді алып мүсіндер ойымызда тұратыны секілді біздің елде де мүсін өнерінің шедеврлері дерлік туындылар жоқ емес. Тек соның түгелге жуығы кейінгі ширек ғасырдың ішінде жасалғанын айта кетсек, тарих парағын азат ел ретінде қайта ашқан жаңа Қазақстанда ұлт рухын көтеріп, ел еркіндігін бейнелейтін ерекше ескерткіштердің бостан елдің ақыл-ойынан шыққаны мақтаныш етуге тұрарлық. Олардың бәріне тәуелсіз таным, еркін шығармашылық ой тән дей аламыз.
Қазақ елі кеше-бүгін пайда болған ел емес, тарихтағы сабақтастықты еске алсақ, ұлы далада пайда болған мәдениет пен өркениеттің барлық құндылығы біздің түп негізімізден жеткен мұра саналады. Сол үшін тарих сахнасына қазақ ордасы болып көтеріліп, аласапыран дәуірлерде бодандықтың қамытын киіп, бір жарым ғасыр жаттың өктемдігіне еріксіз мойынсұнса да кезі келгенде тәуелсіздігін қайтарып алған Қазақстан арғы ғұндар мен сақтар құрған империяның, бергі Түркі қағанаты мен Алтын Орданың жалғасы ретінде соларға тиісті нышандардың бәрін өз меншігі деп қабылдауға құқығы бар ел. Мұны саяси тұрғыдан ғана емес, тарихи-мәдени тұрғыдан да заңдылық деп санаудың маңызы зор. Ең кереметі, осыны қазақтың мүсін, сәулет өнерінің өкілдері жақсы түсінді. Соның нәтижесі − Қазақстан тәуелсіздігінің құрметіне 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында биік обелиск түрінде тұрғызылған Тәуелсіздік монументі. (1996 жылы әйгілі Желтоқсан оқиғасына 10 жыл, ел Тәуелсіздігіне
5 жыл толуына орай ашылған бұл бірегей өнер туындысының авторлары − архитектор Шот-Аман Уәлиханов, мүсіншілері Нұрлан Далбай, Әділет Жұмабаев, сәулетшілері Қазыбек Жарылғапов, Қалдыбай Монтақаев, бас конструкторы Сергей Иванович Каламкаров).
Барлық жағынан қазақ қолданбалы өнерінің стилі анық байқалып тұратын «Тәуелсіздік» монументінің композициясы ерекше. Ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастардан құралып, биіктігі 28 метрге жететін монументтің жоғарғы жақ қапталына Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген. Тас түғырдың үстіңгі жағына биіктігі 6 метр, қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағында алтын жебелері бар дулығалы жас сарбаздың асқақ тұлғасы ескерткішке мифологиялық жұмбақ сыр дарытып, тамырын терең тарихқа ие елдің айбыны мен айбарын танытып тұр.
Тәуелсіздік монументінің артқы жағы мен екі қапталын айнала орналасқан мүсіндік-бедерлі бейнелерде қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңдерден сыр шертетін тұтас композициялық шешім бар. Сонау сақтар дәуірі, Томирис заманы, әл-Фараби дәуірі, Қазақ хандығының құрылуы, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, ұлт-азаттық қозғалыстары, ІІ дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жариялануы секілді кезеңдерді баяндайтын көрініс-суреттер бір-бірімен үйлесе жалғасып, қазақ елінің мың жылдық тарихын өнер тілімен ұғындырады.
Қашанда үлкен істегі бірінші қадамның сәтті шығуы кейінгі жалғастырушылар үшін аса маңызды. Қазақ халқының тұңғыш рет өз тәуелсіздігіне аса үлкен құрметтің белгісі ретінде қойылған, сәулет және сұңғат өнерінің ғаламат үйлесіміндей «Тәуелсіздік» монументінің ерекше шығуы қазақ рухани әлемінің бай екенін танытты. Жаңа дәуірдегі бірнеше өнердің жаңаша дамуына серпін берген ескерткіштің халыққа өте қадірлі екенін байқататын тағы бір нәрсе – еліміздің бірнеше қаласына «Тәуелсіздік» монументінің көшірмесі орнатылған. Солайша өткен ғасырдың соңында жасалып, ұлттық сәулет өнерінің жәдігеріне айналған бұл ескерткіш тәуелсіздіктің бесігі – Алматы қаласының символына айналды.
«Тәуелсіздік» монументі ашылғаннан бір жыл кейін ел астанасы Арқа төріне көшіп, Астана атанған жаңа қала тәуелсіз Қазақстанның елордасына айналды. Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы жаңа ғасырдағы Қазақстанның астанасы ғана емес, өзінің ерекше архитектуралық ғимараттарымен әлем назарына ілінген сәулетті қала екені белгілі. Солай болса да қаланың атын шығарған ерекше сәулет өнерінің туындысы − «Бәйтерек» кешені. Сәулет құрылыс кешені, еліміздегі сәулет өнерінің бірегей туындысы саналатын бұл монументалдық кешен Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туған. «Бәйтерек» кешенін Ақмырза Рүстембеков бастаған жобалаушы сәулетшілер С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев жасаған, инженер-конструкторы М.Вахштейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов. Кешеннің жобасын жасауға «Аэропорт» ААҚ, «ЭМК» ЖШС, «Архфонд» ЖАҚ, Архитекторлар одағы және «Алуа» ЖШС секілді қазақстандық жетекші фирмалардың мамандары қатысса, ал құрылысын «Имсталькон» ААҚ құрылыс компаниясы салды.
Бейбіт өмір мен келісімде өмір сүруді қолдайтын Қазақстан халқының ғұмырлық ізгі мұратын білдіретін «Бәйтерек» кешенінің биіктігі – 97 метр. Ол бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының елорда болған жылын (1997) білдіреді. Металл, әйнек және бетоннан жасалған бұл кешен биіктігі 105 метрлік бес жүздей металл қадалардан жасалған. Диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар әлемде ең биікке орналасқан шар ретінде рекордтық көрсеткішке ие болды. Үш бөліктен тұратын (жерасты − тамыр жаю, жерүсті − өсу, өркендеу) «Бәйтеректің» ең жоғары жағында «Аялы алақан» композициясы бар. Оған қол табы тигенде алақанға жарық құйылып, Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны ойналады. Бүгінгі Қазақстанның өсіп, дамуының нышанындай «Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып отырып, елорданы биіктен тамашалауға мүмкіндік жасалған. «Бәйтерек» кешені бүгінде елордамыздың паспорты іспеттес және ол қазақ ақыл-ойынан туған ғажайып туындылардың бірегейі.
Елордадағы тағы бір мәдени-архитектуралық кешен «Қазақ елі» деп аталады. 2009 жылы ашылған бұл монументтің авторлары − Сәрсенбек Жүнісов пен Жаңбыршы Нұркенов.
Аумағы 5,2 гектар жерді алып жатқан бұл кешеннің монумент тұрған орталық тұғыры 1 гектар жерге орналасқан. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр. Бұл символикалық сан − Қазақстан Тәуелсіздігін алған 1991 жылды ишаралайды. Стелланың басына алтын түске боялған алып Самұрық құсы Қазақстанның бейбіт өмір сергек күзетіледі деген ойды білдіреді. Монументтің ақ түсті болуы – қазақ елінің достыққа берік адал, бауырмал болмысын танытатын белгі. «Қазақ елінің» сыртқы бөлігінде доға пішіндес 28 ақ колонна бар. Стелла осы ақ колонналардың дәл ортасында қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға орнатылған. Бұл Қазақстанның дүниенің төрт бұрышына − Батыс пен Шығыс, Оңтүстік пен Солтүстікке тең қарайтын әділ ел екенін айғақтайды.
«Қазақ елі» монументінің мәнін аша түсу үшін оны бірнеше барельефпен көмкерген. «Халық және Президент» орталық барельефте Елбасы мен халықтың бейнесі бедерленген. Монументтің оң жағындағы «Қаһармандық» деп аталған барельефте ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған. Бұл азат Отанды қорғау әрбір ел азаматының қасиетті борышы дегенді білдіреді. Монументтің батыс жақ бетіне орнатылған «Жасампаздық» барельефінде ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар бейнесінде Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелейтін жасампаздық жолы көрсетілсе, шығыс жағындағы «Болашақ» барельефінде тәуелсіз елдің перзенттері − ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың болмысы сәулеленген. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақ елі» кешені − тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістігі бірлік пен біртұтастықта деген идеяны беретін шығармашылық ізденістен туған монумент.
Бүгінде қазақ елін танытатын архитектуралы кешендер көп. Соның бірі − Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысында орналасқан Қорқыт ата мемориалды кешені. Қорқыт ата – атақты ғалым Әлкей Марғұланның айтуы бойынша, VII-VIII ғасырларда Сыр бойында өмір сүрген, түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Оның мазары Сыр бойында тұрған. «Түркістан 1866 – 1872» атты альбомда «Қорқыт күмбезінің» 1868 жылы түсірілген фотосы жарияланған. Кейін Қорқыт ата мазарын Сырдың тасыған суы шайып кеткен.
Аты әлемге мәшһүр Қорқыт атаға арналған алғашқы ескерткіш кеңестік кезеңде тұрғызылған. Сол кезде Қорқыт ата жерленген аймақтағы ауданға басшылық жасаған Елеу Көшербаев ұлы тұлғаға арналған ескерткіш жасатуға көп еңбек сіңіріп, нәтижесінде 1980 жылы архитектор Бек Ибраев (1947-2019) мен физик-акустик Совет Исатаев (1932-2015) жобасымен темірбетоннан жасалған биіктігі 8 метрлік 4 тік стелладан тұратын Қорқыт ата ескерткіші жасалған еді. Кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің алты жылдығында − 1997 жылы ескерткішті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Қорқыт ата ескерткіші амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік кешенге айналып, мүлде жаңа келбетке ие болды. 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды.
Қорқыт ата кешенін жетілдіру жұмыстары мұнымен де тоқтамады. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті
Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен Қорқыт ата мемориалды кешенін заманауи талаптарға сай етіп жетілдіре түсу үшін кешеннің аумағы кеңейтіліп, онда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кешен аумағындағы ғимараттар үлкейтіліп, Қобыз ескерткіші 8 метрден 12,1 метрге биіктетілді. Сондай-ақ кешенде әкімшілік ғимараты, мешіт, тамақтану, демалу орындары салынды және мұнда жұмыс істейтін қызметкерлер де көбейді. Сөйтіп жаңа дәуірде жаңадан салынып, қайта жаңғырған Қорқыт ата кешені Сыр бойының ғана емес, тұтас мемлекетіміздің мақтанышы болатын сәулет туындысына айналды. Бұл да жаңа дәуірдегі Қазақстанның сәулет өнеріндегі жетістігінің бірі.
Жаңа ғасырда Қазақстанда ерекше серпінмен дамыған саланың бірі − мүсін өнері. Кеңестік кезеңде, мәселен Алматыда 1960 жылы ашылған Абай Құнанбайұлының (Абай даңғылының бас жағында, Республика сарайының алдында, авторы Х.Наурызбаев), 1980 жылы ашылған Мұхтар Әуезовтің (Қазақ академиясы драма театры алдына, мүсінші Е.Сергебаев, сәулетшілер О.Баймырзаев, М.Жақсылықов және А.Қайнарбаев) ескерткіштерін айтпағанда, қаншама лайықты тарихи тұлғаларымызға арналған жөнді мүсіндер болған жоқ. Сондықтан мүсін өнерінің дамуы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде болды деп батыл айта аламыз.
Кеңестік кезеңде бірен-саран әдеби шығармаларда ғана суреттелгені болмаса, қазақты басқарған хандар туралы жөнді ресми мәліметтерді табу қиын болатын. Сондықтан біз оларды әспеттемек түгілі көпшілік олар жайында анық ештеңе біле бермейтін. Ал 1991 жылдан кейін өзіміз туралы қорықпай айта алатын кез келгенде елді ел еткен, қазақты жер бетінен жойылып кетуге жол бермеген хандарымыз туралы көптеген еңбек жарыққа шығып, олардың есімдері ұлықтала бастады. Бұл үрдіс мүсін өнерінде де жүрді. Соның нақты мысалының бірі − 2000 жылы Алматы қаласындағы 2-темір жол вокзалының алдына, Абылай хан даңғылының басына орнатылған Абылай хан ескерткіші (мүсіншісі Қазыбек Сатыбалдин, сәулетшілері − Т.Ералиев, З.Баймағамбетов, В.Сидоров, қонструктор −
М.Еркінов). Авторлар ат үстіндегі айбарлы ханды керемет әсерлі бейнелеген. (Айтпақшы, бұдан бір жыл бұрын мүсінші Ю.Баймұқашев пен архитектор Т.Жұмағалиев жасаған Абылай хан ескерткіші Көкшетау қаласындағы орталық алаңға қойылған-ды).
Хандарға арналған ескерткіштің тағы бір көрнектісі 2011 жылы елордада ашылған атқа мінген кейіпте бейнеленген Кенесары хан ескерткіші болды. Мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шот-Аман Уәлихановтың қиялынан туған бұл туынды айбынды ханның ел тағдырына байланысты батыл шешім қабылдап тұрған кезін шынайы бейнелеген. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының (1802-1847) мұндай бейнесінің ел астанасында тұруының өзі еліміздің өз тарихын мақтаныш ететінінің бір көрінісі деуге болады.
Күрделі кезеңде ел басқарып, қазақ тарихында із қалдырған хандардың бірі Әбілқайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр хан (1693-1748) болатын. Аламағайып кезеңде қазақтың бір бөлігін басқарып, елін өзгенің бодандығына бермеймін деп алысып өткен Әбілқайыр ханның тағдыры қиын болса да, ел есінде халқын қорғауымен қалды. Сондықтан қазақтың Әбілқайырды құрметтеуі дұрыс еді. Соның белгісі − 2000 жылы Ақтөбе қаласында облыс әкімшілігінің алдына қойылған Әбілқайыр ханның көрнекті ескерткіші (авторы – белгілі сәулетші Ескен Сіргебаев, сәулетшілері – Б.Егінбаев, Н.Қожағұлов). Сол қолымен атының тізгінін тартып, оң қолын жоғары көтеріп, халқына сөз арнап рух беріп тұрған ханның ат үстіндегі тұлғасы әсерлі шыққан.
Уақыт жағынан кейін жасалғанымен, тарихи орны жағынан барлық хандарымыздың алдында тұратын Керей хан мен Жәнібек хандардың ескерткіші бүгінгі Қазақстанның арғы түбі − Қазақ хандығын құрған қос ханға ғана емес, мемлекетіміздің тарихына деген үлкен құрметті білдіретін көшелілік, ірілік.
Алғашқы жобасы биліктің де, халықтың да көңілінен шықпай дайын тұғырға орнатылмаған қос ханның ескерткішіне кейін қайта конкурс жарияланып, онда Ринат Әбенов атты жас мүсіншінің жобасы қолдау тапқан еді. Сөйтіп Керей хан мен Жәнібек ханның ескерткіші 2010 жылдың бірінші маусымында елордада ашылды. Ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманындай ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, қазақтық елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі», − деп ескерткіштердің мән-маңызына зор баға берді.
Керей хан мен Жәнібек ханның тарихи еңбегі 2015 жылы өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында да ерекше ескеріліп, тарихи дата аталып өткен Тараз қаласында «Қазақ хандығы» атты биіктігі отыз метрлік стелланың екі жағына екі ханның тақта отырған мүсіні қойылды.
Хандар ескерткішінен кейінгі тұлғалар − қазақтың атақты үш төбе биі Төле би (1663-1759), Қазыбек би (1667-1764) және Әйтеке биге (1644-1700) қойылған ескерткіштердің мәні зор. Қазақ елін сақтауда өз тұсындағы хандарға лайықты кеңесші болып, ел тұтастығы үшін көп еңбек сіңірген дана да дара билердің мемлекеттілігіміз тарихында алар орны салмақты. Міне, осы тұлғаларға елордада 1998 жылы ашылған ескерткіш те еліміздегі аса танымал мүсіндер қатарында. Қазір осы ескерткіштегі бейнелерді негізге алып жасалған мүсіндер еліміздің көптеген өңірлерінен де табылады.
Абай, Шоқан, Ыбырай секілді ұлттық тұлғаларымызға арналған түрлі мүсіндер қойылса да, әлем таныған ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабиге кейінгі кезге дейін лайықты ескерткіш орната алмай келдік. Дегенмен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті алдына 2010 жылы жылы қойылған әдемі ескерткіш бұл тараптағы алғашқы қадам болса да, еліміздегі ең сәтті шыққан өнер туындыларының қатарында. Туынды авторы – талантты мүсінші Ескен Сіргебаев.
Мүсін өнерінде ең танымал жұмыстар қазақ батырларына арналғаны дау болмаса керек. Үнемі ат үстінде бейнеленсе де әрқайсысы әртүрлі образда көрінетін қазақ батырларының мүсінделуі әр автордың қолтаңбасына қарай түрленіп, өзгеше көркемдік шешімін тауып жатады. Мәселен, 1995 жылы Атырау қаласында ашылған Исатай-Махамбет (авторы Көпбол Демесінов) ескерткішінде атқа мінген батыр мен ақынның қатар тұруы ел бірлігінің символындай әдемі өрнек тапқан. Ал 2012 жылы жоңғарларға қарсы Жетісуда азаттық соғысын бастаған Райымбек батырдың ескерткіші де найзасын жоғары сілтеп, жауын жекпе-жекке шақырып тұрған сұсты бейнесі көрген адамға әсерлі-ақ.
2014 жылы Қызылорда қаласында теміржол вокзалының маңында халық батыры Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының ескерткіші (ескерткіштің авторлары – А.Кененбаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев) бой көтерді. Сыр бойындағы халыққа пана болған, Қоқан, Хиуа, орыс патшалығына қарсы азаттық соғысының қаһарманы найзасын тік ұстап, халқы үшін бәйгеге басын тіккен жүрекжұтқан ердің бейнесінде тұр.
Елордадағы атақты Қанжығалы Бөгенбай мен ІІ Дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлына, батыр қыз Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткіштер де еліміздің бас қаласында қазақ тарихының қилы кезеңінен сыр шертетін өнер туындылары. Сондай-ақ осы қаладағы Томирис патшайым ескерткіші де өзінің бөлекше бейнесі, тың шешімімен таңғалдырады. Ал күй атасы Құманғазы мен қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының тұғырдағы айбынды мүсіндері қазақ мәдениетінің алыптарының құрметіне сай жасалған дей аламыз.
Адамның жүріп өткен жолы ізіне қараса білінеді. Сол сияқты өткен уақытқа қарасақ, тәуелсіздігі қайта оралып, азаттық алғанына 30 жыл енді толғалы отырған қазақ елінің рухани жағынан толысып, іргелі елге айналып келе жатқанын байқар едік. Оның бір көріні-сі − біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған жаңа дәуірдегі сәулет, мүсін өнерінің дамуы.
Өнері өрелі елдің болашағы жарқын. Біз сол болашаққа тарихымызды қадірлеу мен тарихи тұлғаларымызды құрметтеу арқылы беттеп барамыз. Бұл жолда тындырғанымыз аз емес, бітіреріміз одан да көп.