Татулық пен ке­­лісім саясатын жалғастыру – ортақ парызымыз

Татулық пен ке­­лісім саясатын жалғастыру – ортақ парызымыз

Татулық пен ке­­лісім саясатын жалғастыру – ортақ парызымыз
ашық дереккөзі
396
Кеше Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Бірліктің, татулық пен келі­сім­нің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың төра­ға­лығымен басталған сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев қатысты. «Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығын атап өтетін жыл болып отыр. 1991 жылы еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыз­дың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мем­лекет құру, оның тағдыры үшін жауап­кер­шілік алу уақыты болды. Соның бар­лы­ғын өзіміз басымыздан кешіп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көп­конфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады», – деді ҚХА-ның ХХІХ сессиясын ашқан Елбасы. Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жол­дың, ұлттық даму стратегиялық фор­му­ласының дұрыстығы мен тиімділігін айтып өткен Елбасы Конституциямызда ұлтына, сеніміне немесе тіліне қарамастан барлық отандасымыздың ортақ мүддеге бірі­гетінін жеткізді. Осы орайда Елбасы әлем­нің барлық елінде халықты тіл біріктіретінін баса айтты. «Бұған қоса, біз еліміздегі этностардың мә­дениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еттік. Соның ая­сында қазақстандықтар ортақ мақ­са­ты­мыздың және ортақ ұмтылысымыздың төңі­регіне топтасты. Әрқайсысы біздің бірлі­гімізді, өзара құрметімізді, отаншылдық пен жауапкершілігімізді нығайтуға үлес қос­ты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ қазақ тілін мең­геру­ге талпынған адамдардың ұмтылысын ынталандыру керектігін айта келіп, тілдің біріктіруші рөліне тоқталды. «Бұл процесс әлемде бар табиғи құбылыс. Сон­дық­тан қазақ тілін түсініп, меңгеруге деген тал­­пынысты қолдап, барша жерде ынта­лан­дыруымыз керек», – деді. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлт өкіл­дерінің қазақ тілін меңгеріп алуына барын­ша жағдай жасады, сондықтан ҚХА бұл бағытта елеулі рөл атқарып келе жатқа­нын айта кетуіміз керек. Бұл сөзімізге Тұң­ғыш Президенттің: «Бұл бағыттағы тал­пынысты байқап отырмыз. Қаншама жастар Ассамблея атынан өмірге жолдама алды. Ассам­блея айналасындағы жұмыс бары­сында мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік жасалды. Қазіргі кезде бұл адамдар жауапты қызметтерде жүр, бірнеше тілде емін-еркін сөйлей алады» деген сөзі дәлел. ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерінің Қазақстанға қатысты сенімі тура­лы да пікір білдірді. Елбасы көпвекторлы сыртқы саясат бізді ынтымақтастық пен әлем­дегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге ба­ғытталған бейбітшіл ұлт ретінде көр­сет­кенін және әлем елдері бізге сеніммен қарай­тынын, сондай-ақ Қазақстанды мем­лекеттер арасындағы қақтығыстар мен ке­ліспеушіліктер кезінде табыстырушы, бітім­гер болуға шақыратынын атап өтті.
«Бізді ядролық қаруға қарсы күресте көш­басшы ел деп санайды. Атап айтқанда, бас­қа елдермен бірлесе отырып интег­ра­ция­­лық жобаларға бастамашылық етіп, жү­зеге асырдық. Яғни ЕАЭО, АӨСШК, Түр­­кітілдес мем­лекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшы­лары­ның съезі секілді жобалар қам­тылды. Бұл бірлестіктер менің қаты­суым­мен әрі ұсы­ныстарым арқылы құрыл­ды. Осы орайда ма­ған қолдау білдірген әріп­тестеріме ал­ғысымды білдіремін», – де­ді Елбасы.
Сессияны қорытындылай келе, Елбасы ҚХА төра­ғасы лауазымынан бас тартып, бұл лауазымды елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституция­лық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес ма­ған Қазақстан халқы Ассамблея­сының тө­рағасы лауазымын өмір бойы атқару құ­қы­ғы берілген. Жалпы, мен сіздермен бар­лық уақытта бірге бола­мын әрі одан бас тартпай­мын. Дегенмен, Ассам-блеяны бас­қаруға қатысты бірқатар құзырет еліміздің Пре­зидентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңыз­ды емес. Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы тірек ретінде іс басында­ғы Президенттің жа­нында тұруы тиіс және екінші жағынан Мем­лекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйей­ді. Сондықтан мен Ассамблеяны бас­қару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ассамблеяны бас­қару өте жауап­ты жұмыс әрі үлкен саясат еке­нін және осы жауапты міндетті жауап­кершілікпен атқаратынын жеткізді. Президент Ассамблея бұрын-соңды еш ел­де бол­маған бірегей құрылым екендігін, бас­қа елдер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастағанын атап өтті.
«Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ын­тымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «береке басы бір­лікте» деген қас­терлі қағиданы ұстандық. Қазақстан 30 жыл­дың ішінде халқы тату, жері тыныш, қо­ғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. Сан­түрлі ұлттың басын біріктіріп, бір мақ­сатқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйлас­тық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өр­кениетті ел болып отырмыз. Бұл әрине, Елба­­сының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауы­мыз керек. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған күрделі кезеңде халқы­мыз­дың алдында тұрған мін­дет­терді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір ел, бір ұлт болып жұ­мылуымыз керек. Ассамблеяның да ал­дында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен ке­­лісім саясатын жалғас­тырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі бүгіндей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ассамблеяның алдында үлкен міндеттер тұрғанын және қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ас­самблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағыт­талған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі керек екендігін баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­қа ҚХА-ның Құрметті Төра­ғасы болуды ұсын­ды. Осы ретте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ассам­блеямен тығыз жұмыс істей беретінін атап өтті. Ассамблея өз жұмысын қорытындылап, сессия соңында Үндеу қабылдады. Үндеуде Ел­басының татулық пен келісімнің қазақ­стан­дық бірегей моделін құрудағы тари­хи рөлі айрықша аталып өтілді.
«30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жет­кіз­геннен бастап халқымыз, Қазақ­стан­ның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ке­мел бас­шы­лы­ғы­мен, қо­ғамдық келісім мен жал­пыұлт­тық бір­­лікті ел дамуының басты ұстанымы ре­тінде таң­да­ды. Бұл қағидат – табысты да ау­қымды әлеу­мет­тік-экономикалық рефор­ма­лардың, саяси жүйе­ні үздік­сіз демократия­ландырудың, ұлт­тың әлеуметтік капи­талын дамытудың мыз­ғымас іргетасына айналды», – де­лінген Үндеуде.
Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келі­сімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қыз­меті айрықша. Жалпыхалықтық инс­титутқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен мін­деттер аясында ел тұрғын­дары­ның мыз­ғы­мас бірлігін қамтамасыз етіп келеді.

Серіктес жаңалықтары