Елбасы Әсет Исекешевті қабылдады

Елбасы Әсет Исекешевті қабылдады

Елбасы Әсет Исекешевті қабылдады
ашық дереккөзі
1717
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевті қабылдады. Бұл туралы elbasy.kz хабарлайды. Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен Ұлттық қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу жөніндегі іс-әрекет жоспары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы ақпарат берілді. Онда Қарулы Күштерді, басқа да әскер және күштік құрылымдарды 2030 жылға дейін құру, дамыту тұжырымдамасының жобасы, сонымен бірге шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралады. Сонымен қатар Елбасыға азаматтардың құқығы мен бизнесті қорғауды күшейту, учаскелік полиция инспекторларының рөлін арттыру, құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен ақпараттық кеңістікті қорғау саласында қабылданған шаралар туралы баяндалды. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев су тасқыны мен селден қорғану, өрт қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелерге, сондай-ақ пандемия аяқталғаннан кейінгі кезеңде ұлттық экономиканы әрі қарай дамыту мәселелеріне назар аударды. – Ұлттық қауіпсіздіктің барлық аспектілеріне, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен құқық қорғау жүйесінің жұмысына одан әрі талдау жүргізу керек. Қауіпсіздік Кеңесінің келесі отырысында Қарулы Күштерді дамыту мәселелері талқыланады. Алдағы жиынға сапалы дайындық жүргізу қажет, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы құқық қорғау жүйесін кезең-кезеңімен реформалаудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады. Ә.Исекешевтің ақпаратына сәйкес, негізгі процессуалдық шешімдер бойынша прокурормен келісу институтын енгізу азаматтардың қылмыстық процестегі конституциялық құқықтарының бұзылуын үштен бірге, негізсіз қамауға алынған адамдар санын екі есе азайтуға жол ашты. – Биыл қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі сақталып отыр. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 13,3 пайызға азайды, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы. Сондай-ақ Ә.Исекешев 28-29 сәуірде Душанбеде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы баяндады. Аталған жиында өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер, терроризм мен есірткі қылмысына қарсы күрес және өзара іс-әрекеттің өзге де аспектілері талқыланады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына бірқатар нақты тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары