1946
Дерт пе, әлде не?
Дерт пе, әлде не?
Адамзат тарихында жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1926 жылы Берлин қаласындағы Жыныстық зерттеулер институтында жасалды. ХХ ғасырдың басында өзінің жынысына көңілі толмайтындарға шизофрения диагнозы қойылып, өмір бойына психиатрлық клиникада емдеу тәсілі қолданылған. Алайда, бүгінде жыныс ауыстыру қылмыс та, ауру да емес, адамдардың қалауы мен құқығына айналғандай.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2 020 жылғы 25 қарашада «Гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесін бекіту» туралы бұйрығы шықты. Онда табиғи ауытқуға ұшырап, гендерлік сәйкестігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесі жазылды. Осы ереженің бекітілуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік жыныс ауыстыруға рұқсат берілді деп даурығып жүр. Алайда біздің елімізде сонау 1999 жылы жыныс ауыстырғаны үшін атын өзгертуге рұқсат берілген. Ал 2003 жылы заңдық нормативтері бекіті-ліп, 2009 жылы жынысын ауыстырамын деген адамдарға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Тек Денсаулық сақтау министрлігі аталған операция түріне қатысты кейбір қаулыларды өзгерткен.
Деректерге сүйенсек, елімізде 2009-2017 жылдар аралығында 25 адам, 2017-2019 жылдары 10 адам жынысын ауыстырған. Жынысын ауыстырған соңғы 10 адамның төртеуі еркектен әйелге, қалған алтауы әйелден ерге «айналған». Осы орайда адамның жынысын өзгертуінің түп-тамыры қайдан бастау алады, асыл дініміз исламда бұл туралы қандай пәтуа айтылған деген сұрақтарды мамандарға қойдық.
Ринат НҰРЖАН,
Б.Жарбосынов атындағы
Урология ғылыми орталығы реконструктивті-пластикалық урология бөлімшесінің уролог-андролог дәрігері:
Жынысын ауыстырған адам 20 жыл ғана өмір сүреді
– Жыл сайын біздің бөлімшеге пластикалық операция жасатуға 2 000-нан астам адам қабылданады. Емделушілердің диагнозына қарай операциялар жеңіл-күрделі деп бөлінеді. Ал жыныс ауыстыру отасының жасалмағанына біраз уақыт болды. Жалпы жынысын ауыстырғанын құпия ұстап, жасыратындар көп. Олар тек дәрігер кеңесіне жүгінеді, операция жасаттым деп жарияға жар салмайды. Жыныс ауыстыру ережесі бойынша адамның жасы 21-ден асуы керек, психикалық және мінез-құлық ауытқулары болмауы керек деген талап бар. Яғни емделуші операция жасалмай тұрып психотерапевттің қабылдауында болуы керек. Емделушінің психологиялық жағдайы тұрақты, жағдайды бағалай алады, шешімді дұрыс қабылдады деген анықтамасын алғаннан соң барып операция жасалады. Тек психиатрдың ғана емес, сонымен қатар уролог, гинеколог, терапевт, эндокринолог, психолог мамандарының анықтама қағаздарынсыз жыныс ауыстыру операциясы жасалмайды. Жыныс ауыстыру операциясының құны 500 мың теңге шамасында. Оған қосымша оңалту, сауықтыру шараларын қосқанда 1 миллион теңгеге жуық қаражат керек. Өйткені жынысын ауыстырған адам ауруханаға жатып, дәрігердің қатаң бақылауында болады. Ал емделушінің толықтай сауығуына шамамен 1 жылдай уақыт кетеді. Алайда операция сәтті өтіп, сауықтыру шаралары толықтай орындалса да емделушінің өмірі қысқарады. Гормоналды фон толықтай өзгергендіктен, адамның өмірі қысқарып, бар-жоғы 20 жыл өмір сүреді. Мысалы, ер адамның гормонын жойып, орнына әйелдің гормонын ексе, бұл – ағзаға үлкен стресс. Сонымен қатар гормонмен емдеу процесі кезінде онкологиялық аурулардың пайда болу көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені гормонмен емдеу рак жасушаларының өсуін күшейтеді.Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ, психолог: Жынысын ауыстырғысы келетіндерді райынан қайтаруға болады
– Адам бойындағы кез келген ерекшелік, жан жарақаты, комплексі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасып, бастау алады. Бастауыш сынып кезеңінде қарқындап дамып, орта мектепте бекиді. Демек, ұлдың қыз, қыздың ұл болғысы келуі мектепке дейінгі балалық шағынан бастау алады. Осы мәселенің қазақ қоғамында ашық көрініс бере бастауы – мәселенің шарықтау шегі, ушығуы деп айтсақ болады. Адамның өз табиғи жаратылысына қарсы келуіне бірнеше фактор әсер етеді. Ерлер-ге қарата айтсақ: әжесіне, анасына, әпкесіне яғни әулетіндегі әйел адамдарға деген өкпе, реніш, талаптары түрткі болады. Әйел адамдарда керісінше, атасына, әкесіне, ағаларына, інілеріне деген көңіл толмаушылықтың болуынан басталады. Бес жасқа дейінгі кезеңде баланың таным процестері қалыптасады дедік. Осы кезеңде балаға тек ата-анасының іс-әрекеті, сөйлеуі, өмір сүру салты «дұрыс» болып қабылданады. Ал туа бітті генетикалық есіндегі материалдар баланың естігеніне, көргеніне қарама-қарсы болса, бала бейсанасында қарама-қайшылық пайда болып, іштей психологиялық қысымға түседі. Бес жасқа дейінгі балада ересектер сияқты салыстырып, саралап, қажетін ғана алатындай саналы өмір тәжірибесі жоқ, сондықтан бәрі табиғи түрде жүреді. Бала естігенін емес, көргенін, сезгенін, түйгенін қайталайды. Ер бала тәрбиелеп отырған отбасында әке басымдық алуы тиіс. Әкенің түрлі жеке бас кемшіліктеріне қарамай ана оған зор сыйластықпен қарауы шарт. Олай болмаған күнде бала бейсаналық тұрғыда әрі-сәрі күй кешіп жүреді. Балаға әке де, ана да бірдей. «Жақсы» болса да, «жаман» болса да – балаға екеуі де қажет. Анасы баланың көзінше әкенің еңсесін түсіріп, өзге әкелерді үлгі қылып отырса, бастапқыда бала қолайсыз жағдайға душар болады. Ұрыс-керіс, дау-жанжал жалғаса берсе, бала не анасын, не әкесін жақтай алмай агрессияға бой алдыра бастайды, бірте-бірте осының бәріне өзін кінәлі сезінеді. Баланың сыртқы, ішкі психологиялық қысымы күшейе берсе, әуелде психологиялық комплекс қалыптасады, кейін жан жарақатына ұласады. Соңында өзі де азамат болып қалыптаса бастағанда әкесінен аса алмайтынын ұғып, енді әйел адам кейпіне еніп, анасын түсінгісі келеді. Бұл айтылған жағдай бір ғана фактордың әсерінен болатын көрініс. Осыған қоса кейінгі қазақ қоғамында әйел адамдардың ер балалардың көзінше, әкелердің қыз балалардың көзінше жағажайда, жуыну бөлмелерінде, үйде ашық-шашық жүруі көбейді. Бұл да қарама-қарсы жыныс өкілдеріне деген түсінбеушілікті, жек көрушілікті қалыптастырады. Осындай өте қарапайым болып көрінген моральға жат нәрселер қоғамда үлкен мәселе туындатып отыр. Жан қалауы екен деп, ұлдың қызға, қыздың ұлға айналғысы келетін соқыр қалауын қолдап, мемлекеттік деңгейде жағдай жасаймыз деу қараңғылығымыздың айқын көрінісі дер едім. Дамыған елдерде жыныс ауыстыру мәселесі жиі кездеспейді, кездессе де ол қалау бірнеше атадан бері берілген болуы мүмкін. Яғни, генетикалық ес арқылы ішкі психофизиологиялық қажеттілік көрініс беріп тұр. Ал біздің жағдайымызда аталмыш мәселе енді бастау алып келе жатыр. Сондықтан, жаппай рұқсат ету ұрпақ болашағына балта шабу деп білемін. Осы күрделі психологиялық мәселені мемлекеттік деңгейде шешуге моральдық, материалдық ресурсымыз жетеді деп ойлаймын. Жалпы жынысын ауыстырғысы келетіндермен ұзақ уақытқа созылатын психодиагностикалық, психотерапиялық жұмыстар жүргізіп, райынан қайтаруға болады.Наурызбай ТАҒАНҰЛЫ: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы (Facebook әлеуметтік желісіндегі пікірі ықшамдалып алынды): Жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны
– Жыныстық мүшені ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі. Алла Тағала Құранда «Ниса» сүресінің 119-аятында лағынетке ұшыраған ібіліс шайтанның адам баласын азғыру туралы былай деп ант ішкенін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін...». Демек, кім әзәзіл шайтанды дос тұтып, өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны... Алла Тағала адамзатты ерекше махаббатпен жаратты. Ер мен әйелдің өзіне тән қасиеттерін белгілеп, ерекшеліктерін айқындады. Жаббар Алла әйелдің жаратылысын нәзік, сезімтал, ал ер адамды күшті, қуатты етіп жаратты. Әйелдің еркекке, ал еркектің әйелге еліктеуі дұрыс емес. Мұндай қылыққа барған адам Құдайдың ашуын туғызады. Ибн Абастан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысында, киім киісінде, боянуында) әйелдерге ұқсағысы келген ерлерді, ерлерге ұқсағысы келген әйелдерді лағынеттеді», – деп келген. Қазір өзіндік ойы мен таңдауы қалыптасқан, кейбір істерде үлкендердің ақыл-кеңесін қажет ете бермейтін буын өсіп келеді. Сол үшін ұлымызды намысты, жігерлі етіп, ал қызымызды мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерді келер ұрпаққа аманаттап тастап кетуіміз үшін ұрпағымызға сол аманатқа қиянат жасап қоймайтындай тәлім-тәрбие бере білуіміз керек. Адамзатты мақсатты түрде азғындау амалдары күшейген алмағайып заманда ұрпақ тәрбиесін түзеуге әрбір ата-ана, әрқайсымыз барынша күш салғанымыз абзал. Кез-келген істің салдарымен ғана емес, себебімен жұмыс істеп, алдын алуға мән беруіміз керек. Осы бастан баланың киім кию әдетіне, достарына, немен ойнап, неге әуестеніп жүргеніне, жүріс-тұрысы мен көзқарасына сәт сайын көңіл бөліп, қадағалап отыруымыз тиіс. Олардың ең жақыны мен нағыз жанашыры Сіз бен біз емес пе? Қорыта айтқанда, әйелдің ер кісіге ұқсауы, ер кісінің әйелге ұқсауы харам, үлкен күнә болып саналады. Мұндай сорақы іске қасақана қадам басқан адамның ақыреттегі жағдайы қорқынышты.
Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ