844
Тағдырым, саған не істейін?
Тағдырым, саған не істейін?
Ерте көктемде тулап ағатын келте өзендер болады. Қара жердің бетіне тебіндеп көк шыға бастағанда, тебіреніп тасыған өзеннің асау толқындары жеткен жерінің бәрін де суға малады. Міне, осы кезден бастап дүние жасарып, Табиғат-Ана жаңа жуылған кілемдей құлпырып, жалған тіршілікке жан бітеді.
Нағыз ақындардың өмірі де арнасына сыймай ағатын тентек өзендердің мінезін еске түсіреді. Құдіреті күшті Алла Тағала оларға қас-қағым сәттік қана өмір сыйлағанымен, пешенесіне бұйырған азғантай ғұмырының ішінде олар поэзия көшін өгіздей өрге сүйреп, қыруар жұмыс тындырады, әр ізгі жанның көкірегінде жарық сәулесінің ізін қалдырады.
Поэзия – имандылықтың нұрына шомылған Алланың мейірімі. Құдіретті лириканың жұмбақ сырын сөзбен түсіндіріп беру әсте мүмкін емес. Монтень айтпақшы, поэ-зия – адамның санасынан да биік тұрған құдірет. Жүрегінен жыр бұлағы төгілген шайырды да ұлы Жаратушы өзінің бар екенін екі аяқты пендесіне ұғындыру үшін жаратқан.
Қазақтың аса көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің дүние саларының алдында жазған ақырғы өлеңі жоғарыдағыдай сөздерді айтуға ойтүрткі болып отыр.
Тағдырдың ноқтасын басына салғызбай сүйрегісі келген арғымақ ақын көз жұмғаннан бері отыз жылдай уақыт болып қалды. Ширек ғасырға жуық мезгіл ішінде жыр тұлпарының рухани дидарын сағынып жазылған естеліктерде жора-жолдастары, қаламдастары мен сапарластары «Кеңшіліктің өмірі тым қысқа болды» деген мағынадағы әңгімені жиі айтумен келеді. Әрине, мұндай сөздердің тай-құлындай тебісіп өскен замандасын ажалға қимағандықтан, жүректі жұбату үшін айтылып жатқан әңгімелер екенін жақсы түсінемін. Бірақ, менің ойымша, кез келген талант өзінің ақындық табиғатына тән өлшемнен артық өмір сүре алмайтын болса керек. Бұл жайында ақынның өзі де жақсы айтып кетіпті.
Бәрі өлшеулі,
Деміңе дейін өлшеулі.
Тағдырдың салдар-себебіне дейін өлшеулі.
Жаялық-құндақ, тал бесігіңе дейін өлшенген,
Жастанар құйттай жеріңе дейін өлшеулі....
Кезінде орыстың ұлы шайыры Сергей Есенин «Нағыз ақынға ұзақ өмір сүру жараспайды» деген екен. Ақындық шабытпен, бәлкім бір еркелікпен айтылса да, осы сөздердің астарында бір қорқынышты шындық жатқандай ма, қалай? Расында да тіршіліктің тартқызатын тауқыметі аздай, өміріңді өлең өртіне тастай салу, ажалмен бажа болғанмен бірдей ақымақтық емес пе осы? Соған қарамастан «Ақындар неге аз өмір сүреді?» деп жатамыз-ау, кейде Жаратушыға өкпелеп. Құдайым-ау, ұлы өнер үшін өзінің жанын аямай, отқа да, суға да салып, табанымен талай шоқ басып:
Өлімнің бәрі бірдей ме,
Жо, жо, жоқ, оған қарсымын.
Мен өлсем ертең гүлдейді
Тамырым мен менің талшығым, –
деп өлімнің өзімен тәжікелесіп, тағдырдың ноқтасын басына салғысы келмей сүйреген ақынның ұзақ өмір сүруі мүмкін бе, өзі? Әй, қайдам?
Асылы, дүниеден ерте озған талантты ақындардың өлеңдерінде орындалмай қалған арман аңсары, махаббатымен бірге:
Тәубаңа мені түсірсеңші, Өмір,
Таупиық маған берсеңші!
Тазалығымды түсінсеңші, Өмір,
Сенбесе де ешкім, сен сенші!
деген тұрғыдағы сәбидің кіршіксіз жүрегіндей тазалығы да жатады.
Жалпы, біздің әдебиетімізде «Нағыз ақын өмірді жырлауы керек» деген сипаттағы жалған ұғым қалыптасқан. Шын мәнісіндегі ақын өмір емес, өлім туралы көбірек толғанады. Өлімді еске түсіру арқылы, өмірдің көзінен жас сорғалатады. Поэзия пайғамбары Абайдың өзі: «Өлсем – орным қара жер, сыз болмай ма» деп тебіреніп, жыр толғады емес пе? Ал ұлы Мағжан:
Мен де тезірек өлейін,
Әлі жаспын демейін.
Келші өлім, тезірек!
Жан ұшудан тоқтады,
Жынданып қайта соқпады, – деп, неге аласұрды? Неге?
Немесе ұлы Байрон:
О, дариға,
О, пейіштің ішінде
Жаның өлмей,
Қалса сүю кешінде,
Рас болса, қауышарсың есен-сау
Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе, –
деп өмірден гөрі, өлімге неге ынтықты?
Себебі, ақын Құдайдың кішкентай көрінісі болғандықтан, өлімді жырлау арқылы Тәңірдің елесін еске түсіреді. Ұлы Толстой айтпақшы: «Өмір дегеніміз – өлім» Өмір дегеніміз – пендешілік тағдырыңа мойынұсыну немесе өзіңнің әлсіздігіңді сезіну ғана.
Ал ақын өмірдің мұндай заңдылығына бағынғысы келмейді. Сондықтан оның ноқтаға басы маталып, аласұрған жанын тек өлім ғана жұбатып, тек өлім ғана тыныштандыра алады. Ақын үшін өлім – Құдайдың рухани дидары. Ұлы ақындардың ең атақты өлеңдерінің бәрінде де Құдайға деген сағыныш жатады.
Ақынның сондай әйгілі өлеңдерінің бірі – «Жұқарған менің жүйкелерім-ай» атты ең ақырғы жазған лирикалық шығармасы.
Жұқарған менің жүйкелерім-ай,
Үйкеледім-ай сендерді.
Сүйкенбес жерге сүйкегенім-ай
Көтеріп көкке кеудемді.
Сүйемес жерге сүйеп денемді,
Сүлдерім сүйреп құтылдым.
Сайтанды сезім иектегенде
Санадан ноқта сыпырдым.
Санадан ноқта сыпырдым-дағы,
Санаттан кейде сытылдым.
Өрекпіп, өршіп құтырдым-дағы,
Өмір – есептен ұтылдым.
Бір оқыған кезде өлең жолдары ақынның өмірден жеген опық-өкініші мен нала-мұңын еске салады. Бірақ ақиқатында ғұмырының үзілер, дәм-тұзының таусылар сәтінде жазған соңғы бәйіт, мына жалған дүниемен қоштасып, өмірмен ең ақырғы рет бақұлдасар алдындағы ақынның реквиемі іспеттес туынды.
Зады, ақындық жаратылыстың Тәңірі тектес құбылыс екенін әркім біледі. Олардың өй-өрісі, түйсіну сезімі Құдайлық санаға жете алмағанымен, ерекше жаратылған. Міне, сондықтан талантты ақындардың бәрі ғұмырының аяқталар сәтін жан-тәнімен түсінеді. Ақындық жүрекке Жаратқан иесі ажалдың тықыры таянғанын ерекше сездіртеді, осы сәтте ол үшін өз ғұмырын созудың бір-ақ жолы бар – өмірмен қоштасып, соңғы рет бақұлдасып қалу. Ақынның ақырғы тілегіне Жаратқан иесі қысымшылық жасай алмайтын болса керек.
Өмір – есептен ұтылдым-дағы
«Опасыз – ол» деп, опындым.
Тәттісін сезіп жұтындым-дағы
Көбірек таттым қату-мұң.
Тәттісі неге тіл үйіреді,
Ащысы неге ашутас.
Күндерім болды тірі мен өлі,
Аражігі, әттең ашылмас.
Байқадыңыз ба, лирикалық шығарма өткен шақ формасында жазылған. Өмірімен қоштасып жатқан кейіпкер лирикалық шығармада дүниеден өткен адам кейпінде сөйлеп тұр. Эдуард Гартманның еріктен тыс философиясының («философия бессознательного») заңдылығына сүйенсек, бұл жердегі лирикалық қаһарман ажалының келгенін жан-тәнімен сезді. Әрине, бұрын-соңды жазылған шығармаларында да ақынның өліммен іштей монологқа түскен сәттері аз емес. Бірақ ол шығармаларында лирикалық кейіпкер ажалдың бар екенін ғана мойындайды, оның есігінен аттағалы тұрғанын мойындамайды. Сөзіміз дәлелсіз болып шықпауы ақын жырларынан мысал келтіре кетейік:
Пендеміз ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ,
Сені де кейде үркіткен кездер болып жүр.
Елеме оны, қасиетті құсым, көз жұмсақ,
Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр.
Ақынның әлі сүйегі қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген қаршадай кезінде, бар-жоғы он алты-ақ жасында жазған «Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі келдің бе?» атты лирикалық шығармасынан ажалдың бар екенін сезіну сәтін ғана ұшыратамыз. Ақын үшін өмір әлі ашылмаған кітап немесе жазылмаған парақтай. Ақынға ажал алыстан ғана қол бұлғап қалды. Сондықтан:
Қарағым деймін, қайда әлгі бақыт,
қайда арман,
Басымызға біздің бала жылдарда айналған.
Бұлдырап ұшіп, буалдыр кеште кетті ме,
Қолға ілікпейтін суыртпақ сәуле сайлардан, –
деп, ақынның жаны бақыт іздеп, шарқ ұрады. Немесе:
Махаббат бір дерт емес пе еді, қарағым,
Өрті емес пе еді назырқау менен наланың –
деп, ынтызар жүрегімен өмірден шын ләззат, шын рахат, махаббат дәметеді.
Тек анасына жазған бір хатында ғана:
Жүрегімді жылуы жібіткенде,
Уайымнан да жанамын, үміттен де.
Жанып жүріп бір күні өшіп қалсам,
Күлім ұшып кетер деп күдіктенбе! –
деп, ажалға тәкаппарлана қарайды. Алайда, он сегізде бір гүлі ашылмаған, әлі ештеңе тындырып үлгермеген жас жігіттің бұл мінезін түсіндіру қиын. Асылы, ақын осы тұста ажалға бір табан жақындап қалғанын өзі де сезді. Ажал ақынның басынан сипап, еркелетіп қойды.
Соны түсінген ақын осыдан кейінгі жазған бір өлеңінде:
Жүргем жолда, өрде де, ылдида да,
Күндер болды малтыққан, құлдилаған.
Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен,
Бүкіл дүнием мен талай жыл жинаған, –
деп секем алып та қалады.
Отыз жасында жазған лирикалық шығармаларынан да осы тектес құбылысты байқайсыз, бірақ сонымен қатар ақынның ажалға тым жақындап барғанын да аңғарасыз.
Қарағым, бізді баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Құласақ жер ғой – баспана,
Жер бізді көкке лақтырмас.
Немесе:
Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен,
Қаламын аман қалтылдап құйттай себептен.
Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып,
Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен.
Бірақ қалай жазса да, бұл өлеңдерде ақын мен ажалдың арасын бөліп тұрған үлкен қашықтық бар. Ал өмірінің соңында жазған ақырғы шығармасында араны алшақтатқан мұндай қашықтық байқалмайды. Соңғы жазылған өлеңде ажалдың бар екенін мойындаудан гөрі, оны сезіну басымырақ. Мұнда ақын ажалмен құрдасындай қалжыңдасып немесе қарсыласпайды да, ағынан ақтарылып бар шынын айтып ақтарылады. Өйткені ажал міне дәл қасына келіп тұр. Тура келген ажал ештеңеге қарамайды. Оған керек бір-ақ нәрсе бар. Ол – ақынның жаны. Соны сезген ақынның жалған дүниемен қош айтысар алдындағы жазған ең ақырғы өлеңі ерекше бір қасіретті мұңға боялған.
Солардың жігін ашпаған сендер,
Сорлаған жүгін арқалап.
Тигенде талай тасқа меселдер,
Қайтқанда тауым шалқалап.
Келісу, келіспеу шарт емес. Бірінші жақтан жазылғанымен, бұл өлеңде лирикалық «мен» атымен жоқ. Бұл бәйітте Ажалмен келісімге келген о дүниелік кейіпкердің жаны ғана бар.
Шын мәнінде ақын сол о дүниелік кейіпкердің сөзін жеткізуші ғана. Томас Эллиот поэзиядағы мұндай құбылысты «ақынның үшінші дауысы» деп атапты.
Лирикалық туындыда орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің «Қош бол достым, қош достым Аяулым» өлеңімен рухани үндестік байқалады. Дегенмен Есенин ажалдың алдына саналы түрде өзі барып тұр. Есенин үшін мына жалған тіршілікте қимайтын ештеңе де қалған жоқ. Қайта ол ажалдың келуін асыға күтеді. Сондықтан да орыстың ұлы шайыры:
В этой жизни умирать не ново,
Но и жить конечно не новей, – деп, өмірінің өтіп кеткеніне еш өкінбейді.
Қазақ ақынының өлеңінде керісінше өмірге деген құштарлық басым. Ақын мына жарық дүниені тастап кеткісі келмейді. Ажалды тек мәжбүрсіздіктен ғана мойындайды. Есенин ажалдың құшағына енуге асықса, мына өлеңдегі лирикалық кейіпкері тіршіліктің қас-қағым сәтін де қимайды.
Сендердің әрбір талшықтарыңды
Шашымды, жұлдым жұлғандай,
Жегідей жедім, жаншып жанымды,
Жындана жаздап, жынданбай.
Жындана жаздап, жынданбай қалдым,
Мұң-нала қоздап жүректен.
Жүрегім қызыл тудай, байрағым
Лүп ете қалған, дір еткен…
Жиырма алты-ақ жасында дүниеден өткен орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың «Айыптама мені, Тәңірім» атты лирикалық шығармасы бар. Ақын Кеңшілік Мырзабековтің жалған тіршілікпен қоштасар алдындағы соңғы өлеңі де Лермонтовтың осы лирикалық туындысымен рухтас. Сенбесеңіз салыстырып көрелік.
М. Лермонтов:
Не обвиняй меня, всесильный,
И не карай меня, молю,
За то, что мрак земли могильный
С ее страстями я люблю;
За то, что редко в душу входит
Живых речей твоих струя,
За то, что в заблужденье бродит
Мой ум далеко от тебя;
За то, что лава вдохновенья
Клокочет на груди моей;
За то, что дикие волненья
Мрачат стекло моих очей;
За то, что мир земной мне тесен,
К тебе ж проникнуть я боюсь,
И часто звуком грешных песен
Я, боже, не тебе молюсь.
Көрдіңіз бе, Лермонтов жарық дүниені барлық күнәсімен сүйеді, тіпті кейде Тәңіріне сыйынбай жүргенін де жасырмай ағынан ақтарылады. Кеңшілік ақынның лирикалық кейіпкері де ажалының ерте келгені үшін ешкімді жазғырмайды, тағдырына еріксіз көндігеді. Тәңірінен жалбарынып кешірім сұрайды. Себебі, ажалдың ақынмен ойнап отырмағанына оның көзі анық жетті. Жарық дүниеге деген махаббатының адалдығына сендірту үшін ол мына өмірді тастап кетуі тиіс. Ажалдың сұрауы осы. Сондықтан ақынның лирикалық кейіпкері өлеңнің соңында жалған дүниеге ерекше бір ынтызарлықпен, ерекше бір қимастық сезіммен қарайды. Оның жанарында тіршілікпен қоштасқысы келмейтін айрықша мұң мен қасірет жатыр.
…Білетін мен ғой, өзім емес пе?
Өзімнен шошып ес жидым.
Айналды рахат көзім елеске
Кеш қапылдым, кеш күйдім.
Күйігі бойда, күйініші ойда
Қиын іс – айла таба алмай.
Тәубаға сезім қиылысарда
Тәуекел тұғыр бола алмай.
Өзімнен өзім алаң боламын,
Заманға тағы сүйкендім.
Жоғалды жылдар…
жоғалмағаным,
Тоналған, тозған жүйкемнің.
Жоғалды жылдар…
жоғалмағаным,
Тоналған, тозған жүйкемен.
Жұқарып жүйкем, Адам қоғамы,
Сүйемін сені, сүйкенем…
Өлең аяқталды. Өмір де тоқтады. Ақынның жүдеген жүрегі, басын тауға да, тасқа да ұрып не істерін білмей аласұрған тағдыры өлімнен барып тыныштық тапты. Ақын бақилық болып кетті. Бірақ осы өлеңі арқылы ол мына жердің бетінде өмірге деген адал махаббатын, фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған мәңгі сағынышын қалдырды.
P.S. Биыл елордада бірнеше көшенің атын өзгертуге байланысты ономастикалық комиссия шешім қабылдады. Комиссия шешіміне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданындағы көшелердің біріне қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің есімі берілетін болды.
Амангелді МЫРЗАБЕК