1107
Телеарна рейтингі талғам таразысы ма?
Телеарна рейтингі талғам таразысы ма?
Коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин шектеулері телеаудитория ауқымын ұлғайтты. Бұл құбылыс әлем елдерімен қатар Қазақстанда да байқалып отыр. Карантин шектеулері жұртшылықты үйде отыруға, ірі қалалардағы уақытша жұмысшыларды ауылына қайтуға мәжбүрледі. Интернет жылдамдығының нашар болуы немесе ақысын төлей алмауы да көрерменді теледидар алдына жіпсіз байлағандай.
Тақырыпты зерттеу барысында «Жаңа репортер» сайтының «Медиасын» бөлімінде айдың ең танымал телебағдарламалары мен көрермендерді қызықтыратын тележобаларға жасалған шолуды көзіміз шалды. Көрермен сұранысына ие ТОП-10 бағдарлама тізімін Kantar (TNS Central Asia ЖШС) компаниясы ұсыныпты. (Мына сілтемеге өтіп, шолуды қарауға болады: https://kantar.kz/research/television) Компания зерттеуіне сүйенсек, соңғы бір жылда Astana TV телеарнасынан көрсетілетін үнді сериалдары («Кекеш келін», «Кулфи»), КТК, «Еуразия бірінші арнасы» телеарналарының кешкі жаңалықтары, «Астарлы ақиқат» ток-шоуы, «Поле чудес» бағдарламасы, X-Factor тележобасы үздік ондықтан түспеген. Сондай-ақ, ресейлік сериалдар мен НТК телеарнасынан көрсетілетін толықметражды шетелдік фильмдер, дәлірегі Голливуд фильмдері ТОП-10 қатарында.
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі көрерменнің үнді, түрік, кәріс сериалдарына қызығушылығы әлі де жоғары екен. Дегенмен қазақ көрермені қазақша сериал көрмейді деп айтуға келмейді. Қазір Қазақстанда сериал өндірісі түлеп, қарқынды дамып жатыр. Телеарналардан көрсетіліп, бірнеше маусымға жалғасып жатқан қазақстандық сериалдар бар. Бұл отандық сериалдардың шетелдік сериалдарға бәсекелес бола бастағанын көрсетеді. Жалпы әлем бойынша телесериалдардың қайта өрлеу дәуірі басталып келе жатыр. Оған тағы бір дәлел – теледидардан көрсетілетін сериалдармен қатар web-сериалдардың көбеюі. Продакшн-студиялар, вайнерлер командасы түсіріп, YouTube-каналда, Instagram-парақшада жариялап жатқан web-сериалдардың да аудиториясы ауқымды. Мұны күнделікті қазақстандық YouTube трендке шығатын сериалдардан байқаймыз.
Жәнібек НҰРЫШ,
медиа маман, «Жаңа репортер» сайтының редакторы:
Саяси хабарларға сұраныс артты
– Карантин шектеулері телеаудитория ауқымын ұлғайтты. Соған сай аудиторияда таңдау көп. «Теледидар көретіндер азайды», «Теледидар көрмегеніме көп болды» деген пікірді естігенде «расымен де теледидар қарамайтындар азайып кетті» деп түсінбейік. Мұнда бәріміз түсінуіміз керек бір жайт бар, үйде тұрған теледидарды қарайтын көрермен саны азайған күнде де олардың бір бөлігі сол өнімді телеарнаның YouTube арнасынан, Instagram парақшасынан көреді. Демек, көрермен ешқайда кетпеді, тек сол контентті алу жолы, тұтыну тәсілін, яғни платформасын ғана өзгертті. Телеарнаның теледидардан ұсынатын контентін көрмейтіндер сол контентті телеарнаның YouTube арнасынан, әлеуметтік желілердегі парақшасынан қарап жатады. Көбіне мобайл нұсқада, яғни смартфоннан көреді. Мұны соңғы бір жылда телеарналардың YouTube арналарының жазылушылар саны күрт өскенінен де байқауға болады. Жалпы коронавирус пандемиясы басталғалы аудиторияның жаңалықтар бағдарламасына, ақпаратқа деген сұранысы қатты өсті. Коронавирус аудиторияны тартатын магнит тақырыпқа айналды. Бұл жағдай Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән болды. Әлемдік ауқымдағы жағдай болғанда аудитория мейлінше телеарналарды қарап, жаңалықты телеарналардан алады екен. Мұны DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандағы пандемия кезінде дереккөздердің қабылдануы және сапасы» тақырыбында жүргізген сауалнамасы да растайды. Сауалнама қорытындысында былай жазылған. «Қазақстандықтар коронавирустың таралуы туралы жаңалықты қалт жібермейді. 11 пайыз респондент қана COVID-19 жайлы жаңалықтарға мүлде қызықпайды. 43 пайызы «өте мұқият қараймын» десе, 28 пайызы «мұқият деуге болады» деп жауап беріпті. Халық коронавирус туралы ақпаратты телеарналардан алғанды жөн көреді екен. 91 пайыз респондент пандемия туралы негізгі ақпараттық ресурс ретінде телеарналарды таңдайды. Респонденттердің үштен екісі (72 пайыз) қазақстандық арналарды, бестен бірі (19 пайыз) шетелдік арналарды көреді. Телеарналардан кейінгі орынды әлеуметтік желілер (24 пайыз), үшінші орынды интернет басылымдар (20 пайыз) алды. Мұндай көрсеткішке сауалнама әдістемесі себеп болды деген болжам жасауға болатын еді. Алайда қатысушылардың көбі (47 пайыз) 25-44 жас аралығында, ал 65 жастан асқан қатысушылардың үлесі 8 пайыз ғана». (Сауалнама туралы мына сілтеме арқылы толық таныса аласыздар https://www.facebook.com/demoscope/posts/4036365743062815) Бір айта кетерлігі, телеаудиторияның ойын-сауық, шоу бағдарламаларға қызығушылығы бұрын да жоғары болған, қазір де жоғары, келешекте де төмендемейді. Бұқараның бір қалауы – ойын-сауық бағдарламаларды тамашалап, бір сәт тынығу. Ал телеарнаның бір қызме- ті – көрерменнің көңілін аулап, уақытын көңілді өткізуіне септесу. Демек, бұл – қалыпты жағдай. Ал тарихи, мәдени, әдеби бағыттағы өнімдердің өтімділігіне келсек, мұнда көрерменді кінәлауға болмайды. Сапалы да қызық контенттің көрермені әрдайым табылады. Мұндағы мәселе сондай тақырыптағы контентті ұсынуда, форматында, формасында, мазмұнында болып отыр. Телеарналар тарихи, мәдени, әдеби хабарлардың формасын өзгертіп, жаңартып, қазіргі талғамға сай етіп ұсынса, ғанибет болар еді. Қазір тарихи телебағдарлама десек тарихи кадрларды көрсетуден, тарихшыларды сөйлетуден аса бермейді. Әдеби, мәдени бағдарлама десек, көбіне-көп сұхбаттасып, сол өнер, әдебиет өкілінің үйіне барып, өмір жолын құр баяндаудан аспай жатады. Мұндайда сторителлинг, интерактив және тағы басқа техникалық тәсілдерді, форматтарды, әдістерді қолданып, контент дайындаған жөн. Сонда аудиторияны қызықтырып, елітіп, тартуға болады. Бір нәрсені ұмытпайық, бүгінгі аудиторияға оқиғаның бел ортасында жүру, бөлшегіне айналу, оқиғаға қатысу ұнайды. Жастар аудиториясын тартқыңыз келсе, контентті жастардың талғамына сай бейімдеп ұсынған жөн. Сіз іздеген аудиторияның қалауы қандай, олар қайда отырады? Ең алдымен соны түсініп, контентті соған бейімдеп ұсынсаңыз, аудитория тартылады. Карантинде тікелей эфир форматын пайдаланушылар қатары артып, тікелей эфирге шығып, хабар таратып, сұхбаттасты. Әлеуметтік желілерде де (Instagram, Facebook), ZOOM платформасында да, телеарналарда да тікелей эфир көбейді. Тікелей эфир – аудиторияға монтаждалмаған шынайылықты көрсетіп, оқиғаны сәтінде бақылап, үн қосып, қатысуына мүмкіндік береді. Осылайша студияға хабарласып, сұрақ қойып, пікір жазып, involvement, яғни аудиторияның қатысу, араласу эффектісі туады. Телеарналар да тікелей эфирдегі хабарларын көбейтіп, жаңа бағдарламалар жасады. Тұрақты тікелей эфирлердің рейтингі де ұлғайды. Сонымен қатар, соңғы екі-үш жылда, әсіресе 2019 жылдан бері саяси салмақты хабарларға, талқылауларға сұраныс артқан сыңайлы. Мұны телеарналардың YouTube арнасындағы видеоларына жазылған пікірлерден байқауға болады. Аудиторияның саяси жаңалықтарды, саяси хабарларды көргісі келетіні сезіледі. Алайда телеарналардың барлығы дерлік аудиторияның сұранысын қанағаттандыратын саяси мазмұндағы сұхбат, хабарлар жасай бермейді. Ал отандық сериал тақырыбы біраз зерттеуді қажет етеді. Міне, сондықтан да «Жаңа репортер» сайтының «Медиасын» айдарына қазақстандық сериалдарды талдау материалдарын жариялауды қолға алып жатырмыз. Жақында жариялап та қаламыз.Гүлнұр МАМАСАРИПОВА, кино және TV продюсер: Телеарна аудиториясы ешқайда кеткен жоқ
– Телевизия интернетке бәсеке бола ала ма дегенге келсек, дәл қазіргі сәтте интернеттің күші басымырақ болып тұр. Оны бәріміз де мойындаймыз, көріп отырмыз. Бірақ телевизияның өзінің аудиториясы бар. Интернет жастарды, технократтарды өзіне тартқанымен, телевизияның қалыптасқан классикалық аудиториясы бар. Ауылдағы үлкен кісілер, орта буын өкілдері және теледидар көру өзінің күнделікті өмір сүру дәстүріне айналған аудитория бар. Олар ешқайда кетіп қалған жоқ, тек сол аудиторияға қажетті, өзгеше, сапалы дүние ұсынсаңыз, көруге әзір. Ал телеарналардағы рейтинг шахмат ойыны сияқты. Жасаған дүниеңнің қаншалықты рейтинг беретінін білу қиын. Иә, рейтингі шамамен қандай дәрежеде екенін болжауға болатын жобалар болады. Мысалы, «Келінжанның» 1-маусымы көрермен көңілінен шықты. Әлбетте, оның 2-маусымын көрермен күтіп отырды. Демек сериалдың рейтингі міндетті түрде болады. Рейтинг максималды түрде бола ма, әлде бұрынғы деңгейде қала ма белгісіз. Белгілі-сі – жақсы рейтинг беретініне үміт көбірек. Ал жаңа өнім ұсынсаңыз, уайым басым болады. Сіз оны эфирге шығарғаннан кейін көрерменнің көңілінен шықты ма, жоқ па, рейтинг берді ма деп уайымдап отырасың. Қазір жасаған дүниеңнің санға тәуелді болған заманы болды ғой. Кейде өте сапалы дүние деп ойлағаның көрерменге «өтпей» қалады. Маған жалпы телевизиялық рейтинг жасау жолдары түсініксіз. Бұл орайда YouTube алаңы әлдеқайда демократиялы. Қанша көрсетілім болғанын, қанша пікір жазылғанын, трендке шыққанын анық көре аласыз, барлығы көз алдыңызда тұрады. Осы арқылы сіз 100 пайыз өзіңізге қажетті ақпаратты аласыз. Егер жасаған дүниеңіз өтпей қалса, өзіңізге өкпелейсіз. Ал телевизиядағы рейтингті жасап жатқан кімдер, қандай категория, ол жерде қазақтілді аудиторияның қанша пайызы отыр, ауылдың сұранысы ескеріле ме деген көптеген сұрақ бар. Рейтингке тәуелді адамдар осы күнге дейін оның жасалу технологиясын қанша зерттесек те, сұрасақ та түсінбей келе жатырмыз. Бірақ бір көзіміз жеткен нәрсе – өніміңіз көпшіліктің көңілінен шықса, міндетті түрде рейтинг береді. Сосын бізде рейтингті барлығымыз жабылып бөлісеміз. Ол танымдық бағдарлама ма, сериал ма, шоу ма, бәрібір. Рейтингтің көпшілігін түріктің, орыстың, үндінің, Голливудтың сериалдары мен Диснейдің мультфильмдері алып кетеді. Осы жерде сіз қазақ тілінде қандай өнім ұсынсаңыз да, рейтинг төмен болады. Осындай бір ішті ашытатын, жүрегіңе тиетін арамза бәсекелестік бар. Қазір эфирде өзім продюсерлік еткен «Маска» шоуы жүріп жатқанын білесіздер. Бізді Ресейдің, Ұлыбританияның, Украинаның «Маскасымен» салыстырып жатыр. Кез келген ел ең бірінші кезекте аудиторияға жұмыс істейді. Ресейдің, Украинаның, Ұлыбританияның халқы қанша? Оның жанында Қазақстан халқының саны қанша? Есептей беріңіз. Әр салаға бөлінетін қаржы айналып келгенде сол елдің ЖІӨ-ге келіп тіреледі. Мен Ресейдің «Маскасының» бюджеті қанша екенін білемін, қазақстандық «Маска» содан 10 есе аз бюджетке жасалды. Енді ойлаңыз, егер де маған Ресейдегідей қаржылық мүмкіндік беретін болса, шоуды солардың деңгейіндегідей жасамайтындай бетім қисық, көзім соқыр емес қой. Адамның жасағанын адам жасай алады. Бұл жерде барлығы қаражатқа келіп тірелетінін ескеруіміз керек. Мен аз қаражаттың төңірегінде әлемдік деңгейдегі шоуды техникалық, декорациялық, жалпы ішкі контенті тура келетін дүние жасау үшін күніне мың өліп, мың тірілдім десем болады. Өйткені ертең шоу эфирге шыққан кезде «Осы қазақтар сендер түк жасамай-ақ қойыңдаршы», «Қолдарыңнан ештеңе келмейді» деп жабылатынын ішіңнен біліп тұрасың. Итің жаман десе намыстанатын қазақпыз. Сондықтан тыраштанып, намысқа тырысып, жобаңа барыңды саласың. Сенің 24 сағат ұйықтамай жасаған дүниеңді төмпештеп жатса, жүрегің ауырады ғой. Осыны білгендіктен әр жасаған жобамның жолында құрбан болуға бармын. «Маска» жобасы бұрын болмаған, өзгеше форматта. Көрермен кейде болмашы нәрселерге көңіл аударып жатады. Мен көрермендерді айыптағым келмейді, бәріміз кінәлі шығармыз. Мүмкін біз көрермендерге бірсыдырғы дүние көрсетіп үйретіп қойдық па екен. «Маска» сияқты ерекше дүниенің көрермен көзіне алғашында басқаша көрінгені де сондықтан болар. Жаңа дүниені қабылдау қашан да қиын ғой. Біз музыка, аранжировка, кавер, репертуарға баса мән бердік, сахнада әлеуметтік маңызы бар, ой салатын қойылымдар болып жатыр. Біз осының бәрін көрерменнің ішкі мәдениетін көтеру үшін жасадық. Басында жаңа өнімді қабылдағысы келмей қанша бұлқынғанымен, алғашқы 1-2 шығарылымына сын айтқанымен, кейінгі 3-5 шығарылымын көрермен жақсы қабылдады. Шоу эфирге шыққан күннен бастап жақсы рейтинг көрсетіп келеді. Байқағаным, көрерменнің жаңа дүниені көруге қызығушылығы зор. Алғаш шоудың қазақстандық нұсқасын жасау туралы ойланып, кәріс телекомпаниясымен келіссөз жүргізе бастағанымда осы шоуды Қазақстанға алып келсем қалай болады деп Instagram парақшамда сауалнама жүргіздім. Сол кезде көпшілік продюсерлер мен әріптестерім «Ол шоу бізге «өтпейді», бекерге шашылып қаласың» деп жеке хабарласып жатты. Қазақ көрерменін келте ойлайды деген жаңсақ пікірден алыстау болғанымыз дұрыс. Осы жобаға «Мен жасап көрейін, жеңілсем де жер көтереді» деп іске кіріскен болатынмын. Жаңашылдықтан қорықпай, тәуекелге барғаныма қазір қуанамын.
Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ