Жалпы Түркістан өңірінде партия филиалдары жанынан 146 қоғамдық кеңес құрылған екен. Оның 12-сі облыстық партия филиалы жанынан құрылса, қалған 134-і аумақтық филиалдарда жұмыс істейді.
Осы орайда, Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұтқа коғамдық кеңестің алдағы мақсат-міндеттері жайлы сауал қойған едік.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Өте-мөте өркениетті, аса алпауыт саналатын Америка Құрама Штаттарында баяғы замандарда саяси партиялар көп болған көрінеді. Осы жағдайды онша жақтырмаған жалғыз жазушы Марк Твен: «Көп сөйлейтін партиялар өз өтіріктеріне өздері тұншығып өледі», – деген екен. Шынында да солай болды. Қазір АҚШ-та қатар шабатын қос партия бар.
Өз басым «Nur Otan» партиясын көктем партиясы деймін. Алғашқы құрылтайы 1999 жылғы 1 наурызда өткені жадымызда жаңғырады. Былтыр онлайн форматта өткен съезге Түркістан шаһарында отырып қатыстық. Оның алдында онлайн емес, кәдімгідей «айналайын» форматында, елордада ұйымдастырылған съезде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты міндеттерді айқындай келе, әкімдердің халықпен тығыз байланыста болуы керектігін қадап айтқаны есімізде. Бүгінде «Nur Otan» партиясын жұртшылық нақты істің партиясы дейді. Көп жерден әділдік таппаған қарапайым жұрт: «Nur Otan» партиясына барам», – дейтінін жиі естиміз.
Осы орайда «Miras» қоғамдық кеңесінің де лайықты үлесі бар. Біраз жылдардан бері орталықтағы және жергілікті филиалдар жанындағы «Miras» қоғамдық кеңестері елеулі істер еңсерді десек, артық айтқандық емес. Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесі мәдениет және руханият салаларындағы маңызды мәселелерді тереңдей талдап, талқылап, таразылап, талай ұтымды ұсыныстар жасап келді. Олардың уақытылы орындалуы да кезекті отырыстарда қорытындыланып, нақтыланады. Облыстық «Miras» кеңесі біршама беделге ие. Көпшілікке мойындалған.
16 сәуірде Түркістанда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Саяси кеңес бюросының мәжілісі өтіп, қоғамдық кеңестердің төрағалары мен құрамы бекітілді. Елге қызмет етсем дейтін ниеттегі азаматтар қатарға қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістеген «Халық үніне құлақ асатын меммлекет» қағидасы, «Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы» мұратынан туындайтын мақсат-міндеттер «Miras» кеңесінде де, оның белсенді мүшелері де зиялыларға жоғары жауапкершілік жүктейтіні аян. Ең басты назарда сайлауалды бағдарламаның іске асуын қадағалау болатыны белгілі. Аянбай қызмет етеміз, әрине.
Бақыт БЕКОВ