Дәурен ҚУАТ: Жер сатылмайды, бірақ оны тиімді пайдаланудың тетігін жасау керек

/
Дәурен ҚУАТ: Жер сатылмайды, бірақ оны тиімді пайдаланудың тетігін жасау керек
ашық дереккөзі
Дәурен ҚУАТ: Жер сатылмайды, бірақ оны тиімді пайдаланудың тетігін жасау керек
Дәурен ҚУАТ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Жер комиссиясының мүшесі
– Дәурен мырза, Жер комис­сия­сы­ның мүшесі екеніңізді білеміз. Осы комиссия құрамына өзіңізді ша­қырғанда ойыңызға не келді? – Жоғары жақтан Жер комииссиясы­на қатысуға ұсыныс болғанда сәл аб­ды­­рап қалғаным рас. Өйткені, жер мәселесі ой­найтын мәселе емес. Қазіргі жағдайда күйіп тұрған мәселе десе де болады. Сосын шығармашылық адамы ретінде ма­ған қол байлайтын қоғамдық жұмы­с­тар­дан гөрі жазу қымбат. Күнде бір бет, жар­ты бет болса да шығармамды жазып, кі­тап оқығанды жаным қалап тұрады. Ала­й­да басқа емес, Жердің жайы талқыға түсіп жатқан заманда жан тыныштығын күйт­теп, жазудың қамын ғана ойлап оты­рып қалғаным болмас деп келісімімді бердім. Негізі мен жақ жаппай сөйлегеннен бұрын тыңдағанды жөн көретін адаммын. Бәрін тыңдап отырып қалтарыста қалып бара жатқан жайтты ғана қозғай­мын. Оны біреу түсінер, біреу түсінбес. Әйтсе де «Айтпаса сөздің атасы өледі», айта­тын жерде айтып, пікіріңді дәлел­дейтін жерде дәлелдеу керек шығар. Сондықтан жұрттың назарында тұрған мәселеге тікелей араласу мүмкіндігі бері­ліп тұрғанда неге тәуекел етпеске?! – Жалпы «жер сату қажет» деген ұсы­ныс пен «жоқ сатуға болмайды» де­ген даудың шығуына не себеп? – Біз секілді жері көп, халқы аз елдің Ресей, Қытай секілді алып державалармен, Өзбекстан сияқты халқы бізден анағұрлым көп елдермен шекаралас болып тұрғанда жерді сатуға мүмкіндік беру бізге стратегиялық жақтан өте қауіпті. Әрі-беріден соң бұл геосаяси тұр­ғы­дан қатаң қадағалайтын нәрсе. Ең ал­дымен осыны ұмытпауымыз керек! Со­сын, қазақтың жері кең-байтақ деге­німізбен оның әр шаршы метрі мемле­кет­тің бақылауында болып, оны халық­тың еркін пайдалануына жағдай жасалмаса кең жерден де пайда аз. Себебі ауыл шаруашылығына арналған егістік жерлер мен жайылымдарды кезінде жеке меншікке беру салдарынан бүгінде қара­пайым халықтың мал бағатын жері қал­май барады. Ал егістік жерлерді пәлен­бай гектарлап иеленіп алғандар көбіне өздері егін екпей өзгеге қымбатқа жалға беріп, жалға алушы болмаса бос тастап, тоздырып барады. Одан мемлекетке де, ха­лыққа да пайда жоқ. Содан соң бұл жағдайды ретке келтіру үшін үкіметіміз бір шарасын жасауды қолға алды. Міне осындай жағдайдан кейін жерді сату тура­лы әңгіме шықты. Бірақ ол мемлекет­ке де, халыққа да тиімді шешім емес еді. Сондықтан халық оған қарсы шықты. Себебі жерді сату мәселесі тереңдеп кетсе, қиын болуы мүмкін. Айталық, жүзде­ген гектар жерді біреу мәңгілік иемдену құқығын алса оны кімге сатуды өзі білмей ме? Егер ол шетелдіктердің иелігіне өтіп кетсе не болады? Бұл өте абайлауды қажет ететін нәрсе, себебі бұның артында мемлекет қауіпсіздігі тұр. Сондықтан Үкімет бұл мәселеде халықтың да пікір-ұсынысын білу үшін Жер комиссиясын құрды. Оның құрамында Үкімет адамдарымен бірге үкіметтік емес ұйымның өкіл­дері де бар. – «Қандастарға жер жалға беріл­мей­ді екен» деп дүрлігіп жатыр біреу­­лер... – Бұл енді соншалықты шу көтеретін әңгі­ме емес. Бірақ Жер комиссиясының алғашқы отырысында Ауыл шаруашы­лығы министрі қандастарға «жер сатылмайды, жалға берілмейді» деген сөзге түсініктеме беруі тиіс еді. «Қандас» дегеніміз – уақытша статус. Бір жылдың ішінде шетелден келген эт­ни­калық қазақтарға азаматтық бері­леді. Одан соң олар да Қазақстан азаматы ре­тін­де барлық мүмкіндікке ие болады. Осы­ны жете түсінбегендер жер комис­сия­сының отырысынан кейін «Қандас­тар­ға жер берілмейді екен, оларды шетте­тіп жатыр» дегендей пікір туындатып жатыр. – Ауыл шаруашылығына арнал­ған жерлердің аумағында тарихи ес­к­ерткіштер болса оны қорғау жайын қалай ойластыруға болады? – Бұл туралы мен Жер комис­сия­сы­ның бірінші отырысында арнайы мәселе кө­тердім. Жерді жалға бергенде туындай­тын басқа мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мәселен біреуге жалға берілген аумақта тарихи, мәдени ескерткіштер болса, оның маңызын түсін­беген жалға алушылар зиян келтіруі мүм­кін. Мысалы, Қапал-Арасанда Баян­жүрек жазбалары бар, Таңбалы тас бар, Маңғыстауда сандықтастар жатыр, Алтайда, Арқада қаншама ескерткішке то­лы жерлер бар. Осы ескерткіштер жалға ала­тын жерге кіретін болса, жалға алу­шы­лар оған тарихи ескерткіш, қорық деп қарамайды, мал шаруашылығының ың­ғайына пайдалана береді. Сондықтан, мемлекет болашақта жалға берілетін жерлер ішінде тарихи ескерткіштер мен ерек­ше мәні бар жерлер болса, қорғауға алуы керек. Тіпті ондай аумақтағы жерлерді жалға бермеу туралы шешім шы­ғар­са да артық емес. Сосын Жер комиссиясы құрамында ауыл шаруашылығы саласын білетін ма­мандары жоқ емес. Десек те, жерді пай­даланудың барлық тетіктерін шешу үшін фермерлермен, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген адамдармен ымыраға келуіміз керек деп ойлаймын. Олар­ды көбірек тыңдауымыз керек. Өйт­кені, бізге күнделікті мәселені көріп жүр­ген фермерлердің, диқандардың немесе малшылардың пікірі маңызды, олар өздеріне таныс мәселені шешу жолдарын ұсына алады. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді» деп кесіп айтты. Бірақ бұрыннан кө­лемді жерлерді жеке меншігіне сатып алғандар бар. Олардың жайы қа­лай болады, жерін мемлекет қай­тарып ала ма немесе олар меншігіндегі жерін қалай саудаласа да еркі бар ма? – Жерімізге қатысты ең түйінді мә­­­се­ле шешімін тапты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент Тоқаев: «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді», – деп анық та қанық етіп  айтты. Енді біз жерді дұрыс әрі әлеуметтік тұрғыдан әділ  пай­даланудың жүйесін тауып, жерге еге­лік ететін жандарға мүмкіндік тудыратын Жер кодексінің жаңа редакциясын барынша терең талдауға бәріміз атса­лысуымыз керек. Бұл – тарихи мүм­кіндік. Жер комиссиясының мүшесі ретінде маған қарапайым халық көкейіндегі сауал­дарын жолдап жатыр. Соның ішінде «Бұрын жүз гектарлап жер иеленгендер өз меншігіндегі жерді қайтеді, бұрын­ғысынша иеленіп отыра бере ме?» деп сұрақ қойғандар да болды. Менің бұл мәселеде пікірім белгілі: Жер сатылмауы тиіс, бұрын иеленгендердің жері мемлекетке қайтарылуы керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарында жер­ді жекеменшікке берудің бірінші ке­зеңі болды. Қазір екінші кезеңге келіп тұрмыз. Сол үшін өткенде жіберген қате­лік­теріміз болса жөндеп, мемлекеттің жерін пайдаланудың дұрыс жолдарына қол жеткізуіміз қажет. Құдайға шүкір, халқымыз өсіп жатыр. Ертең меншігінде жері барлардың ба­лалары егін егіп, мал өсіріп отырғанда жері жоқ адамдардың ұрпағы қайтеді? Ойланатын мәселе! – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары