2272
Хан Кененің қазасы
Хан Кененің қазасы
Өткен жылдың соңында әлеуметтік желіде қырғыз жазушысы Замирбек Осоров пен «Бейбітшілік үшін күрес» қоғамдық қорының мүшесі Валерий Яковлевтің қазақтың ханы Кенесарыға Бішкектің төрінде ескерткіш қойып, орталық көшелерінің біріне есімін беру туралы бастама көтергені мәлім.
Онда: «Біз ел астанасына қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесарыға арнап ескерткіш қойсақ дұрыс болады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен ұлы адам патша қуғыншыларынан қашып бізге келді. Ол қырғыздың би-манаптары мен халқынан көмек сұрап келсе керек. Ал біз оның басын кесіп, патша өкіметіне тапсырдық. Қырғыздың бір ғана руының билерінің бұл ақылсыз әрекетінен бүкіл қырғызға жаманат келді. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауырмалдықты сақтап қалды», – деп жазыпты қырғыз жазушысы.Әрине, оның бұл ұсынысына қарсылық білдіргендер де аз болмаған көрінеді. Қырғыздар жуық маңда Кенесарыға ескерткіш орната да қоймас. Бастысы, қазақ ханының тарихтағы рөліне қатысты әділеттілікті қалпына келтіру туралы қырғыздар тарапынан да сөз қозғалып жатуы маңызды болып отыр. Қазақ халқын ғасырларға созылған бодандық бұғауынан құтқару жолында тәуелсіздік туын көтерген ұлт қаһармандарының бірі Кенесары Қасымұлының соңғы шайқасы біздің Қордай ауданының жерінде болды. Атасы Абылайханның бытыраңқы қазақтың басын қосу арманын жүзеге асыру үшін сонау Көкшеде атқа қонып он жылдан аса отарлаушылармен ашық майдандасқан есіл ер, қазақтың соңғы ханы Алатау бөктерінде қапияда қаза тапты. Жазушы I.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы сол қайғылы оқиғаны сипаттаумен аяқталады. Ондағы аталатын Кекіліктау, Әулиешоқы, Майтөбе таулы адырлары Қаракемер ауылдық аймағының Күнгей аталатын түстігінде орналасқан. Сол өңірдің қай тұсынан қарасаң да менмұндалап Әулие шоқы төбеңнен төнеді. Одан төменірек Кекіліксеңгірмен екі арада «Кене ханның ту тіккен жері» деп аталатын Майтөбе, қозы өрім жерде гүрілдеп Шу өзені ағып жатыр. Сол қанды қырғынның белгісіндей Майтөбе үстінде бұрыннан-ақ қолдан үйілген қорымдар, балбал тастар болатын. Оншақты жылдай бұрын хан ұрпақтарының күшімен ескі қорымның ортасынан қызыл гранит тақталармен қапталған биіктігі бес метр еңселі ескерткіш орнатылып, төңірегінде таңбалы тас белгілер пайда болған еді. Айнала қоршалып, жақын маңнан шырақшы үйі де бой көтерді. Оның артынша Күнгейді бойлап жаңадан салынған «Қаракемер – Қарасай» тасжолы Майтөбені жанай өтіп, ондағы ескерткіштер шоғыры жолаушылардың ат басын тартып ата-бабаларымыздың ерлік рухына тәу ету орнына айналды. Бұл белгілер Кенесары мен оның жаужүрек інісі Наурызбайға, олармен бірге азаттық жолында ажал құшқан қазақ батырларының рухына арналған. Талайлы тарихымыздың сол бір сұрапыл оқиғаларына куә болған киелі жерлер... ...Осыдан жүз жетпіс төрт жыл бұрын, 1847 жылғы сәуір айы. Анталаған жаудың ортасында жаралы арыстандай арпалысқан Кенесары Кекіліксеңгірдің сайында қолға түсті. Көкетайлап Наурызбай, ағасының қасына өзі келді. Қырғыздар батырдың басын шауып, патша офицерінің қанжығасына байлап береді. Бас Омбыға кетті, одан әрі Петерборға өтті. Ал денесін қырғыздар ішкеріге алып кетіп сол маңнан 30-40 шақырымдай жерге жасырын жерлеген деседі... Сол қанды қырғыннан бергі бір жарым ғасырдан астам уақытта Кенесары қозғалысы туралы аз жазылған жоқ. Атақты француз жазушысы Жюль Верннің романынан бастап, дастандар да, ғылыми зерттеулер де, көркем шығармалар да баршылық. Орыс тарихшылары орыс әскерімен текетірескен Кенесарының биік парасатын, көзсіз ержүректігін мойындап, орыс журналдары арқылы төрткүл дүниеге мәшһүр етті.
Мәселен Орынбор қаласының мэрі Н. Середа: «Кенесары өз сарбаздарының кемеңгер көсемі бола білді. Оның жасақтарының лапылдаған биік рухына еуропалық қолбасшыларының қай қайсысы да қызғанышпен қараған болар еді» дейді.Ал орыс армиясының генералы В.Потто оны сайын даланың жеңілуді білмейтін сайыпқыран қолбасшысы, дала көкжалы атаған.
«Түркістан тарихының» авторы Н.Павлов «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын, талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол тегінде аса дарынның адамы болса керек. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да, мен оны «Түздің соңғы батыры» атаймын» деген.Әлемге әйгілі Жюль Верн орыс басылымдарындағы осындай очерктерден өзінің қайталанбас романтикалық кейіпкерін тапқан болуы керек. Бірақ, халықтың жадынан тарихын өшіріп орыстандыруды көксеген коммунистік идеология тұсында ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен қаһармандарымызға ашық баға беріп, есімдерін қастерлеу аса қиынға түсті. Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Кенесарыны ауызға алған М.Әуезов, І.Есенберлин, Е.Бекмаханов және басқалары қуғынға ұшырады, түрмеге жабылды, жер аударылды. Дегенмен, олардың жазғандары тарихта қалды, бүгінгі тәуелсіз мемлекет жағдайында қазақты қазақ еткен, қазақтың ұлан-байтақ жерін қорғап, сақтап қалған кемеңгер хандарымыз бен билеріміздің, қаһарман батырларымыздың есімін өмірге, ұлт санасына оралтуға баға жетпестей қызмет етуде. Кенесары қозғалысы хақында қаншама ғылыми тұжырымдар жасалды. Осынау қасиетті күрестің мәнін шынайы ұғынуға мүмкіндік беретін тың көзқарасты зерттеулер бүгін де жалғасын тауып келеді. Көтерілістің алғы шарттары, өрістеуі, шарықтау шегіне жетуі, ақыр аяғында жеңіліс табуының себептері туралы әділ бағасын еліміздің тәуелсіздігі тұсында ғана ешбір жалтақсыз ашық айтуға мүмкіндік туып отыр. Қасым сұлтан мен оның ұлдары қара басын күйттесе, қарны тоқ, көйлегі көк өмір сүрулеріне мүмкіндігі мол еді. Бірақ, олар ұлт мүддесін мансаптан жоғары қойды. Жер жәннаты Көкшетауды тастап, Ресей бұғауына қарсы қоқандықтармен бірігуге Сыр бойына көшіп келді. Алайда, арыдан ойлай алмаған Қоқан билеушілері Қасым сұлтан мен олардың ұлдары Саржан мен Есенгелді сұлтандардан қорқып, олардың андаусызда көзін жояды. Әйтсе де, Қасым сұлтанның қайсар ұлы Кенесары әкесі мен ағаларының орнын жоқтатпай, аз уақыттың ішінде үш жүздің батырларының басын қосып, Ресей мен Қоқан езгісіне қарсы күреске елді бастап шығады. Алдымен Ресейдің қазақты ішкерілей отарлау үшін арқа төсіне салған бекіністерінің бірі – Қараөткел бекінісі 1837 жылы тас-талқан етілді, сөйтіп тарихта «Кенесары көтерілісі» деген атпен қалған қарулы қақтығыстар өрті бұрқ ете түседі. Үш жүздің игі жақсылары 1841 жылы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан деп жариялады. Содан бастап Кенесары жасақтары қазақтың ұшқан құстың қанаты талар сайын даласында құйындай ойнап патша отарлаушыларына қарсы ойранды салады. Оның әскери тактикасының мықтылығы соншалық, Ресей империясының тіс қаққан әскері көтерілісті ауыздықтай алмай, әл-дәрмені құриды. Дегенмен, Хан Кене Ресейді жалғыз өзі күресіп жеңе алмайтынын ұғынып, оңтүстіктегі қалың үйсінді өз жағына тартып, көршіміз қырғыздармен одақтасуды ұйғарады.
Қырғыз хандарына жазған хатында ол: «Солтүстіктен орыстар қысып барады. Егер оған жерің мен мал-мүлкіңді таратып, балаларыңды соның әскеріне берсең тату-тәтті тұра бересің. Шығыстан шүршіт (Қытай) бүре түсті. Олар ешкімді аямайды. Оңтүстіктен тиген Қоқан бала-шағаңа күн көрсетпек емес. Қарсылық көрсетсең өзіңді дарға асады» деп жазады. (Е.Бекмаханов, (Казахстан в 20-40-е годы XIX века; А, 1992). Хан келесі бір хатында: «Менің мұнда келу мақсатым – жауласып, қан төгу емес, қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктіру. Сөйтіп, оларды қоқандықтардың қысымынан құтқару» деп жазды. (Е.Смирнов, «Султаны Кенисара и Садык», Изд.Сыр-дар.Облстаткомитета; Ташкент, 1889). Алайда, арғы атасы Абылай ханның бар қазақтың басын қосып, біртұтас тәуелсіз елге айналдыру арманын жүзеге асыру жолында он жылдан аса ат белінен түспеген есіл ер Қордайдағы Кекілік тауының баурайында ажал құшты.Біз бұл шағын мақаланы дайындау барысында Кенесарының ажалына себеп болған қырғыздармен болған ақтық күресі туралы жазылған деректерді барынша ақтарған едік. Ең алдымен қолға түскені небәрі 34 жасында өмірден ерте кеткен, Қордайдан шыққан белгілі тарихшы Әбілқасым Ділебаевтың (1914-1948) мұрасы болды. 1934 жылдан Қордай аудандык комсомол ұйымының хатшысы болып істеп, 1940 жылы ҚазПИ-ді бітірген соң Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, инспектор, институтта оқытушы бола жүріп ол өмірдегі тарихи оқиғаларға зерттеу жасап, жекелеген тарихи тұлғалар туралы ел аузындағы аңыздар мен естеліктерді жинақтаған. Төле би, Өтеген батыр туралы жазбаларымен таныспыз. Сондай-ақ, Кенесары ханның қырғыздармен қақтығыстары және Кекілік тауының түбінде қаза табуы туралы оқиғаның ізі онша суи қоймаған, оны білетін көнеқұлақ қариялардың баршылық кезінде бұдан сексен жылдай бұрын қағазға түсірген зерттеу еңбегі де бар. «Батырлардың ерліктері және Кенесары туралы халық әңгімелері көп. Олар әртүрлі. Олардың ішінен алғаным – оқиғаның ортасында болғандардың өз аузынан естігендердің әңгімелері» деп ескертеді тарихшы. Қордай ауданының Қасық ауылының солтүстік жағында жатқан бір қырқаны бұрын жұрт «Кене ханның қырқасы» деп атайды екен. Ол жердің неліктен бұлай аталғаны жөнінде Нұрпа Төлебайұлы деген қария тарихшыға былай түсіндірген. «Ел жайлаудан түсіп, Шудың бойында отырған кезі екен, бір күні ертең ерте қараса кырқаға тола ақ үйлер қонып алыпты. Сөйтсе, ол Кене ханның ауылы екен. Біраздан кейін ауылға жасауылдар келіпті. Менің әкем қасына кісі ертіп, ерулікке сойыс алып, ханның ауылына барыпты. Оларды қонақ үйге түсіріпті. Бір кезде «Хан шақырады» деп екі жігіт келіп, оларды ертіп, ханның үйіне алып кіріпті. Сәлемдесіп жөн сұрасып болғасын Кене хан: «Жантай, Ормандармен ұрысайын деген жоқ едім. Ел болайық дегенге көнбеді. Жауға қосылды. Елшімді байлады, ұрлығын былай істеп жатыр. Кінә өздеріңде, ертең елін шабамын. Дулат баласы іргелі ел едіңдер, көздеріңмен көріп, олжаларыңды алыңдар» депті. Айтқанындай, ханның қолы ертеңіне Шудың арғы жағына өтіп, Піспектің қасындағы қарағаштың бергі түбінде қырғыздың қолы кездесіп, соғыс болыпты. Қырғыздың батыры өліп, әскері бет-бетімен тауға қарай қашыпты.Түскен олжаны хан елге таратып беріпті де, теріскейге қайта көшіп кетіпті деп әкем әңгімелеп отырар еді». Қыстыгүні Кене хан Жантайға тағы адам жіберіпті. Басшысы Өтеген батырдың немересі Орман Биембетұлы деген шешен адам екен. Бұғыбай, Саурық бастатқан ба-тырлар барыпты. Қырғыздар қошеметтеп сыйлапты. Бірақ, екі ай жатқызып, жөнді жауап бермей аттандырыпты. «Орман бастатқан елші жіберу Кененің ең ақырғы шарасы көрінеді, – дейді тарихшы. – Одан бұрын бірнеше рет елші жіберген. Бекбатыр бастаған елшіні манаптар байлап, қамап қойған. Сыпатай бастаған елшімен сөйлеспеген. Бұлардан кейін барып манаптарға қарсы Кене қолы аттанады. Соғыстан кейінгі кезде Кекілік тауының түбіне барған. Сол жерде Кенесары қолға түседі». Тарихшы Ә.Ділебаевтың зерттеулері бойынша Кенесарының штабы Майтөбеде болып, соғысты сол жерден басқарып отырған. Сыпатай мен Рүстем қолы сол Майтөбеден бөлінеді. Ол жөнінде «Кеңес» колхозының мүшесі Мәдібек Бекқожаев тарихшыға былай әңгімелеген: «Сыпатай батыр мен Рүстем төре қолды Шудың арғы жағымен түнде қашырыпты. Қол келіп Мықын суына тіреліп өте алмай жүргенде таң атып кетіп, оларды қырғыздар көріп, сол жерде соғыс болып, арты жау, алды су болып көп адам өліп, көп адам қолға түсіп, қазақтар көп шығынға ұшырапты» (кейіннен қолдың қырғын тапқан жерінде 1925-1926 жылдары көпір салынғанда найза, мылтык, қылыш сияқты көп құралдар табылып Фрунзедегі музейге өткізіледі). Қазақ қолы азайғасын манаптар Майтөбенің оңтүстік шығысынан келіп, батысына өтіп, қалған қолды (Кенесарының) Алмалыға қарай шегінуге мәжбүр еткен сияқты. Оны жер жағдайының өзі дәлелдеп тұр. Қол азайғасын, қырғыздар кептей бастапты. Қазақтар Майтөбеден тауға қарай шегінеді: Алмалы мен Суалман сайының қосылған жеріне барғанда Кене хан қолға түседі. Хан қолға түскен соң, Наурызбай төре қырғыздарға өзі барыпты. Қалған батырлар соғыса-соғыса, тау-тасқа шығып құтылыпты. Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Саурық, Ағыбай, Байсейіт, Орман, Таятай тағы басқа батырлар Кенесары мен Наурызбай қолға түскесін ғана шегінген. Олар да қоршауда болған, бірақ таулы жердің жықпыл-жықпылын сағалап сытылып кеткен. Егер Кенесары бір ғана құтылудың қамын ойласа, ол жерден қолға түспейтіндігін жер ыңғайы көрсетіп тұр. Ханның қолға түсуінің негізгі себебі: «Соғыста жаудан қашқан хан – хан бола алмайды. Сайдан шыққанымыз – майданнан шыққанымыз. Қашсам, мен хан емеспін» (Қалыш Кәрібозұлының айтуынан) дегенінен болуы керек. Тілеміс ақын: Халықтың қамын ойлап Кене келген, Ілесіп қалың Дулат түгел ерген. Соғысып ақ патшаның әскерімен Іленің жағасында Шаншар өлген, – дейді. Тілеміс – оқиғаның ішінде болған адамдарды көріп, әңгімелерін өз аузынан естіген адам. Сыздық келіп, қырғыздан Кенесарының ерін аларда бірге барып қасында болған. Кейініректе Жантайдың баласы Шабданды мұқата: «Менің атам Өтеген» деген өлең айтқан. Ол өлеңінде атасы – Ұлы жүз, Дулаттан шыққан Абылай тұсындағы атақты Өтеген батырдың қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаудағы ерлігін айтқан. Тілемістің жоғарыдағы өлеңінде айтылған Шаншар – сол Өтеген батырдың немересі. «Бұл өлеңде Кенесары – халықтың қамқоры, оның қозғалысы – жалпы халықтың тәуелсіздік қозғалысы екендігі тарихи шындықпен тура көрсетілген» деп түйіндейді тарихшы Ә.Ділебаев бұдан сексен жыл бұрынғы зерттеу еңбегінде. Кенесары тақырыбында қырғыз тарихшылары да едәуір зерттеулер қалдырған. Олардың ішінде Кенесарының денесі қайда жерленгені туралы деректер біз үшін маңыздырақ. Өйткені, ханның бас сүйегі бір жақта қалып, бір жарым ғасырдан аса туған жердің топырағына берілмеуі күллі қазақтың намысын қорлап, жігерін құм етіп отырған жай екені айтылудан кенде емес. Тіпті, Кенесарының бас сүйегі мен денесіне қатысты кезінде Парламент депутаттары да мәселе көтерген еді, аяғы сұйылып кетті. Әуелден Эрмитажда тұр делінген бас сүйектің енді онда жоқтығы туралы сөз шығып жатыр. Ал қырғыз жерінен сүйегін іздестіруші экспедициялардың зерттеулері де көңіл көншітпейді. 1994 жылдан бері мұндай үш экспедиция шыққаны мәлім. «Атамұра» корпорациясының сол кездегі президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап құрамында Манаш Қозыбаев, Карл Байпақов, Оразақ Смағұлов тәрізді белгілі тарихшы, археолог, антропологтар бар алғашқы іздеушілер хан сүйегі жатыр деген тұста оншақты күн жұмыс жүргізіп ештеңе таппаған. Ал мәскеулік «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар» сериясымен Кенесары туралы кітап шығарған белгілі тарихшы Едіге Уәлиханов пен геолог Молдияр Серікбаев 2005 жылы шағын экспедиция ұйымдастырады. Олармен бірге барған қаракемерлік Ұлы Отан соғысының ардагері, аймаққа танымал халық емшісі болған марқұм Хамза Демеуов ақсақал кезінде бізге былай деген еді: – Тоқпақтан түстікке қарай 15 шақырымдай қашықта Алшалы айылы бар. Соған таяу сай ішінде «Әулие бұлақ» деген жерде атақты адам жерленген деп жұрт қасиет тұтып, ауру адамдар шипа іздеп, түнейді екен. Бірақ, қабірдің дәл орнын ешкім бізге көрсете алмады, дұрысы көрсеткісі келмей жасырды. Ханның сүйегін қазып әкетсе киесі қоса кетеді деп қорықты ма әлде басқа сыры бар ма, біле алмадық. Біз де сол маңда бір түнеп шығып құр қол қайттық… Ал 2007 жылы Айсара, Күмісай көріпкелдердің көрсетуімен ханның сүйегі қырғыз жерінен қазылып алынып, Алматының шығыс жақ іргесіндегі Беснайза ауылының маңындағы қорымға жерленгені туралы кезінде кейбір басылымдар жазды. Бірақ, содан бері қаншама жылдар өтсе де бұл оқиғаға ғылыми тұжырымдама жасалмады. Сонда ол сүйектерге әлі күнге дейін ғылыми-антропологиялық сараптау жүргізіліп жатыр ма?. Дегенмен, дүдәмал ой да жоқ емес. Өйткені, Кенесарының қырғыздармен соғысы туралы мейлінше жете зерттеген қырғыздың көрнекті тарихшысы Белек Солтанаев «Кенесарының соңғы күндері» деген еңбегінде «Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқпақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағында болады» деп нақты жер атауын көрсетеді. Оған бұл деректі Хан Кененің басын Қапалдағы орыс ұлықтарына апарып тапсырған Қалығұл Әлібеков 1894 жылы: «Өлүгүн Қызыл су мен Шамшының ортосундағы Бордуу деген сайдың орто бөксөсу тоого көмген» деп айтып беріпті. Бірақ, жоғарыдағы экспедициялардың бірде-бірі, неліктен екені белгісіз, бұл араға ат ізін салмаған көрінеді. Қырғыздың тағы бір тарихшысы Есенқұл Төреқұлов: «Сүйекті Кіші Алмалының басындағы Тоқтарбай қыстауынан не болмаса ол жерді «Көрпебай мазары» деп атайды, міне, сол жерден іздеу керек» дейді. Тағы бір деректерде Он бір жылға деген жерге көмілген деседі. Қалай болғанда да жұмбақ көп. Оның үстіне өлтіргенге дейін тұтқында ұстаған күндері күтушісі болған адамға Кенекең «сүйегім жатқан жерді ешкім білмесін, ешкім қорламасын» деп антын алған деген де сөз бар. Ханның сүйегі қырғыз жерінің өзінде бірнеше мәрте қайта жерленген көрінеді. Алғаш 1884 жылы Сыздық Сұлтан әкесінің сүйегін іздеп қырғызға келерде асығыс бұрынғы орнынан жасырын түрде басқа жерге жерлеген. Одан тағы да жүз отыз жыл өткенде бақшасының шетінен ұра қазбақшы болған ауыл тұрғыны адамның бассыз сүйегін тауып алып өзге жерге апарып көмеді. Әлгі үшінші экспедиция тауып Алматы маңына апарып жерлейтін сүйек осы. Бірақ, ол туралы мемлекеттік құзырлы органдар әлі кесімді сөз айтпай отырғанына қарап, сүйектің нақ хандікі екеніне күдік туады. Біздіңше, бұл мәселеге жоғары үкіметтік тұрғыда мән беріліп, ханның бас сүйегі мен денесін туған жерге қайтару мемлекетаралық келісімдер арқылы шешілуі тиіс. Қазақстан тәуелсіздігінің отызыншы жылын мерекелеп отырған еліміздің, осынау тәуелсіздікке жетудің сан ғасырларға созылған ұзақ жолында оқтын-оқтын бой көтерген қиян-кескі ұлт-азаттық күрестерде қол бастап, жан пида еткен ұлт қаһармандарына қатысты қолдан жасалған қиянаттарды қалпына келтіруіміз парыз. Соның қатарында Хан Кененің денесін тұтас күйінде кіндік қаны тамған Көкше топырағына апарып аса кең ауқымда, биік мемлекеттік деңгейде қайта жерленуі еліміз үшін үлкен абырой болар еді.
Құрманбек ӘЛІМЖАН