419
Халық үніне құлақ асатын әкім кім?
Халық үніне құлақ асатын әкім кім?

Президент өткен жылдың басында Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қандай идеядан бастау алатынын айтты.
«Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін.
...«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында.
Ал әкімдер мен министрлер Президент тапсырмасын қалай орындайды? Өткен жылдың жазында коронавирус өршіп, ел тұрғындары қайда барып жан сауғаларын білмей сенделгенде жергілікті атқарушы органдардың жұртшылықпен байланысты ақсатқаны, елге тұщымды ақпарат бермегені белгілі болды. Жұртқа дұрыс мәлімет бермеудің зардабы індеттің өзінен бірнеше есе ауыр болары анық еді. Мұны білген Мемлекет басшысы аймақтардағы ақжағалыларды тегіс жинап, жедел іске көшуді, жіберген қателіктерін түзеуді жүктеді. Өз міндетін атқара алмағандарға мәймөңкелеп отырмайтынын ашық айтты.
«Дер кезінде хабарлап, тиісті шара қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша 3 ай бұрын арнайы құрылған республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпарат жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей торығуда» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Еститін» әкімдіктер рейтингі
Пандемия халық пен билік арасындағы байланысты еріксіз онлайнға көшірді. Бұған шенеуніктердің бір тобы тез икемделсе, енді бір тобы әлі күнге дейін қашықтан қызмет көрсетудің қыр-сырын игере алмай келеді. Жуырда Ranking.kz мамандары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың халықпен байланысының белсенділігін талдады. Зерттеу қорытындысы бойынша бұқарамен етене жұмыс істейтін әкімдіктердің рейтингін ұсынды.
Сарапшылардың дерегінше, 17 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдарға жалпы саны 28 мың хабарлама түскен. Оның 25,1 мыңына, яғни, 89,4 пайызына жауап берілген.
Өтінімдерге жауап беру көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастады. Аталған өңір әкімдігі 1,3 мың өтінімді қамтып, дер кезінде жауап қайтарған. Одан кейінгі орында – Ақтөбе және Қызылорда облыстарының әкімдіктері. Бұл өңірлердің атқамінерлері жергілікті жұрт жолдаған өтінімдердің 99 пайызына жауап беріпті. Ал рейтингтегі ең соңғы орынға Алматы қаласы жайғасқан. Шаһар әкімдігі халықтың талап-тілегінің 72,9 пайызына ғана жауап берген. Бұл ретте жергілікті атқарушы органға 7,4 мың өтініш түскенін айта кету керек. Осылайша өтінімдердің тек 5,4 мыңы қамтылған, 2 мың адамның өтінімі жауапсыз қалған. Бұқарамен байыпты байланыс орната алмағандар тізімінде хаттардың 74,3 пайызына жауап берген Қостанай және 81,6 пайызын қамтыған Маңғыстау облыстары бар.
Осы орайда бір айта кетерлігі, жергілікті билік өкілдерінің халық өтінішіне жауап беру көрсеткіші жүгінген азаматтардың жауапқа қанағаттанғанын немесе олардың мәселесі шешілгенін білдірмейді. Әкімдіктің жауабы үстірт немесе сұрақтан алшақ болуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар халықтың алған жауапқа қанағаттану көрсеткіші бойынша бөлек рейтинг дайындапты.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі келіп түскен барлық өтінішке жауап берген, алайда қанағаттанбаған пайдаланушылардың үлесі 43 пайыз болған. Демек, берілген жауаптардың жартысына жуығы дәйексіз болды деуге негіз бар. Іс жүзінде әр 5 өтініштің екеуі шешімсіз қалған.
Бұл рейтингте Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктері көш бастады, аталған аймақтарда атқамінерлердің жауабына қанағаттанбаған азаматтар үлесі 30 пайыздан аспаған.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы (қанағаттанбағандардың үлесі – 51 пайыз), Алматы қаласы (49 пайыз) және Атырау облысы
(44 пайыз) әкімдіктерінің жұртшылыққа қанағаттанарлық жауап қайтару көрсеткіші көңіл көншітпейді.
Атқамінерлердің өз есебі қандай?
Екі рейтингте де жоғары нәтиже көрсете алмаған Алматы әкімдігінің жұмысына мін тағылуы заңды. Оңтүстік астананың атқамінерлері өтініштердің көбін жауапсыз қалдырған. Жауап берген күннің өзінде азаматтардың жартысына жуығы алған жауапқа қанағаттанбаған.
Ал әкімдіктің өз есебіне сүйенсек, Алматы тұрғындарының бәрі жергілікті биліктің жұмысына разы. Өткен жылдың 1 қаңтары мен 10 желтоқсаны аралығында қала әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына (Алматы қаласын дамыту орталығының жобасы) тұрғындардан 395,5 мың өтініш түссе, оның 87 пайызы бірден шешіліпті.
2019 жылмен салыстырғанда былтыр өтініштер саны 206 пайызға артты дейді әкімдіктегілер. Көрсеткіштің өсу себебі — Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуі. 16 наурыздан бастап Open Almaty қала тұрғындарына коронавирус инфекциясының таралуына қарсы билік қабылдап жатқан шаралар туралы жедел консультация беретін байланыс орталығы ретінде жұмыс істеді.
Алматы әкімдігіне ең жиі келіп түскен өтініштер: тұрғындардың азық-түлік және дәрі-дәрмек түріндегі әлеуметтік көмек алуға өтінімдері (81,6 мың), Алматыға келу/кету (36,8 мың), орта және мектепке дейінгі білім беру (31,7 мың), жәрдемақы алу (24,3 мың) және Алматыда жүріп-тұру (23 мың) мәселелері бойынша түсініктемелер.
Жергілікті атқамінерлер халықпен БАҚ арқылы байланысты да арттырғанын алға тартуда. Олардың айтуынша, қала тұрғындары «Алматы» телеарнасындағы апта сайынғы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде сұрақтарын қоя алады. 2020 жылы 96 бағдарлама тікелей эфирге шығып, оның барысында қала тұрғындарының 2,4 мың сұрағына жауап беріліпті. Ал осы жылдың қаңтарынан бері 6 тікелей эфир өтіп, оның біріне қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан.
Елорда әкімдігіндегілер де жергілікті тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде қанағаттандырып отырмыз дейді. 2020 жылы Нұр-Сұлтан әкімдігінің қабылдауында 10 мың азамат болыпты. Бұдан бөлек, елорда тұрғындары «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында, тұрғын үй саласы бойынша қызмет көрсететін бірыңғай орталықта, iQala орталығында, «iKomek 109» арқылы және әкімдіктің әлеуметтік желілердегі аккаунттары арқылы өтініштерін жолдап келеді. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов жыл басында тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында апта сайын онлайн режимінде азаматтарды қабылдаймыз. Ондағы негізгі сұрақтардың дені – жұмыспен қамту, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім, медициналық көмек алу және т.б. қатысты. Тек өткен жылдың өзінде біз 10 мың азаматты қабылдадық. Бұл 10 мың отбасы деген сөз. Сұрақтардың бір бөлігі сол жерде шешіледі, қалғаны бойынша жұмыс жүргізіледі.
Ақпан басталғалы орынбасарларым мен аудан әкімдерімен бірге 500-ге жуық азаматты қабылдадық. Сондай-ақ, аудан әкімдері тұрғындармен 15 есеп беру кездесуін өткізді. Мәселелерді шешу бойынша шараларды тек бір рет емес, жүйелі негізде қолға аламыз. Мысалы, бұл ретте тұрғын үй саласы бойынша қызмет көрсететін орталық пен әлеуметтік көмек беру бойынша «Жанұя» орталығын аштық», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың жазынан бері іске қосылды. Аталған орталықта отбасыларға заңдық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Тұрғындар «бір терезе» қағидаты бойынша 70-тен аса қызмет ала алады. Орталық ашылғаннан бері онда 45 мың азамат жүгініп, 65 мың сауал бойынша жұмыс қолға алынған.
Барлық өтініш бір базадан бақыланады
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықтан түсетін барлық арыз-шағымды бір орталықтан бақылау тетігін іске қосуды тапсырған болатын. Жаздың ортасына дейін өтініш берудің жаңа электронды жүйесі және «Нәтиже» орталықтары ашылуы шарт. Нәтижесінде шалғай аудандар, елдің түкпір-түкпіріндегі ауылдардың әкімдеріне жолданған талап-тілектердің қаншалықты қанағаттандырылғанын елордадан қадағалап отыруға мүмкіндік тумақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа ақпараттық жүйенің тұжырымдамасы дайын.
«Негізгі мақсат – халықтан түсетін барлық өтініш пен арыз-шағымды бір ақпараттық базада жинақтау. Мәселен, адам бұған дейін мемлекеттік органға жер мәселесі бойынша бірнеше рет арызданды делік. Сосын баланың құжаттарын рәсімдеуге қатысты өтініш жібергені бар. Осының бәрі бірден шығып тұрады. Сонда біз ол адамның мемлекетке қандай мәселемен арызданғанын және өз мәселесін қалай шешкенін көре аламыз», – деді Б.Мусин.
Министрдің сөзіне қарағанда, бірыңғай ақпараттық база арқылы барлық өтініш пен шағымға талдау жасалады. Мемлекеттік органдардың жұмысына да баға беріледі. Бұдан бөлек, адам сотқа жүгінген жағдайда нақты бір мемлекеттік органға қай кезде арыз жазғанын және қандай жауап алғанын автоматты түрде шығарып отыруға мүмкіндік бар.
«Мұның барлығы жаңа әкімшілік процессуалды кодекстің талаптарына көшуге көмектеседі. Осы құжат мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Соттарға да жеңіл болады. Олар жаңағы жүйе арқылы адамның белгілі бір мемлекеттік органға қай кезде өтініш жазғанын және қандай жауап алғанын бірден көре алады. Мұның бәрін құжатпен көрсетіп, дәлелдеудің қажеті болмай қалады», – деп атап өтті Мусин.
Қазіргі кезде Президент әкімшілігі халықтан түсетін арыз-шағымды бақылап отырады. Ал бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылғаннан кейін бұл жұмыстың аясы кеңейе түспек. Президент әкімшілігі бәрін автоматты түрде қадағалайды.
«Арыз-шағым биліктің кез келген деңгейінде берілсе де, біз оны осы жерде – Нұр-Сұлтанда отырып көре аламыз. Президент әкімшілігі шалғай жатқан ауылдық округ әкіміне түскен шағымды да бақылай алады. Ол арыз жазбаша беріле ме, электронды үкімет порталы арқылы жолдана ма, біз бәрін көріп отырамыз», – дейді цифрлық даму министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, халықтан арыз-шағым қабылдаудың жаңа ақпараттық жүйесі аясында «Нәтиже» орталықтары ашылады. Осылайша «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі тетігі іске қосылады.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Саясатта жедел өзгерістер жақсылыққа апармайды

– Халықтың билік бастамаларына, қабылданған саяси шешімдерге 100 пайыз көңілі толуы мүмкін емес. Дамыған мемлекеттердің өзінде саяси реформаларға, қоғамдық өзгерістерге наразылық толастаған емес. Мәселен, аузын айға білеген АҚШ-та өткен жылы басталған Black Lives Matter қозғалысы аясындағы наразылық акциялары елдің түкпір-түкпірінде, тіпті өзге мемлекеттерде де өтті. Тәртіп сақшыларына сенімнің құлдырауы, жемқорлық – тек біздің елдің бас ауруы емес, бүкіл әлемде бар мәселе. Әр елде бұл түйткілдермен күрестің түрлі бағыты, әр қилы тәсілі қолға алынған. 2019 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – атқарушы органдар мен халық арасында көпір орнатуға, бұқараның билікке сенімін нығайтуға бағытталған бастама. «1,5 жыл ішінде ештеңе өзгерген жоқ, баяғы жартас сол жартас» деген сарындағы пікірлер аз емес. Меніңше, маңыздысы – өзгеріске, дамуға апаратын бағыт-бағдардың дұрыс таңдалғаны. Президент өз сөзінен жаңылған жоқ, берген уәделерін орындап келеді. Бәлкім, жұрт жедел алға жылжуды, аз уақыт ішінде түбегейлі түлеуді күткен болар. Алайда саясат – консервативті сала. Бүгін бұйрық берілсе, ертең бәрі орындала қалмайды. Саясатта, қоғамдық мәселелерде жедел өзгерістер жақсылыққа апармайды. Әлемдік тәжірибеге көз жіберсек, революцияны, мемлекеттік төңкерісті, апатты тез арада ұйымдастыруға болады. Ал өркениет, даму – баяу жүретін процесс. Дамыған мемлекеттердің экономикалық дамуын, рухани өрлеуін алып қарасаңыз, 1-2 жылда, тіпті 5-10 жылда қарыштап алға жылжып кетпеген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы 1,5 жыл ішінде өзі ұстанған бағыт-бағдармен баяу болса да байыпты түрде жылжып келеді. Мемлекет басшысының айтқаны жай популизм емес, нақты тапсырма екенін және жергілікті атқарушы органдар оны орындауға мүдделі екенін көріп отырмыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы да Қазақстанды «еститін мемлекетке» айналдыруға бағытталған қадам екені белгілі. Кеңес жұмысының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін өзгертілген, жаңадан қабылданған заңдар саны 9-ға жетіпті. Қазір Президент бастамалары бойынша қоғамдық өмірді демократияландыру тұрғысындағы 10-ға жуық заң жобасы қаралу үстінде. Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Биыл күзде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Демек, Мемлекет басшысының бастамалары сөз жүзінде қалған жоқ. Әуелі қоғамда талқыланды, содан кейін заңдарға ұласты. Бүгінде сол заңдардың алғашқы кезеңі жүзеге асып жатқанына куәміз. Әрине, бұрын-соңды болмаған тәжірибелер, ізденістер көп болғандықтан, бастапқыда билік органдарының қателесуі заңды. Ең бастысы, бағытынан жаңылмаса, елмен етене жақын болу мүддесінен айнымаса болғаны.