Тайжан министрдің сөзін жоққа шығарды

Тайжан министрдің сөзін жоққа шығарды

Тайжан министрдің сөзін жоққа шығарды
ашық дереккөзі
401
"Құрметті министр мырза, сіз өзіңіздің баяндамаңызда 1 қаңтардан бастап ғарыш мониторингі республика бойынша істеп тұр дедіңіз. Өкінішке қарай, бұл сөзіңіз шындыққа жанаспайды. Өйткені сіздің шешіміңізбен желтоқсан айында "ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" деген базаны жауып тастады. Бүгін, үш ай болды, бірінші тоқсан да аяқталайын деп қалды, космомониторинг "соқыр", жұмыс істемейді", – деді Тайжан жер комиссиясының алғашқы отырысында. Тайжан "ИСЖ" базасын ашу қажеттігін жеткізді. Себебі бұл – мемлекеттік ақпарат. Ондай база ашық болуы қажет. Ал ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ақпарат алғысы келетін адам министрлікке келсін деді. "Егер біз ақпаратты ашық бермеген болсақ, онда былтырғы космомониторингті қалай өткіздік? Бұл – бір. Екіншіден, космомониторингке керек ақпараттың барлығын беріп жатырмыз. Бірақ сол космомониторингті жүргізіп жатқан қолдау жүйесіне не керек екені белгісіз. Бір ақпарат сұрайды, екінші ақпарат сұрайды, кей кезде бір-біріне қайшы келеді. Келсін бізге, біздің есігіміз ашық. Қандай ақпарат керек, барлығын береміз", – деп жауап берді Омаров. Бірақ Мұхтар Тайжан ондай жауапқа қанағаттанған жоқ. Оның айтуынша, министрдің есігі ашық емес, жабық болып тұр. "Кешірім өтінемін, министр мырза, сіздің есігіңіз, керісінше, жабық қой. Иә, былтыр космомониторинг жыл бойы жұмыс істеді. Иә, миллиондаған жерлер қайтарылды. Ол рас. Бірақ 15 желтоқсанда бұл ақпарат жабылды. Осы мәселені жиналып шешейік. Өйткені космомониторинг үш ай бойы істемей тұр. Жап-жақсы істеп тұрған жүйені не себепті жауып тастадыңыздар? Мен кездесуге дайынмын", – деді Тайжан. Айта кетейік, өткен аптада премьер-министр Асқар Мамин "Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы" өкімге қол қойған болатын. Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі көрсетілген. Комиссияның құрамы да жарияланды.

Серіктес жаңалықтары