Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – халық денсаулығын сақтаудың басты жолы

Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – халық денсаулығын сақтаудың басты жолы

Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – халық денсаулығын сақтаудың басты жолы
ашық дереккөзі
1394
Жақсы тұрмыстың өлшемі көп. Алайда халық үшін зәулім үй, жайлы төсек, қымбат көлік, сәнді киімнен бұрын шаңырағында тіршілікке қажетті қарапайым игіліктердің болғаны маңыздырақ. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – ауызсу. Ел тұрғындарын тіршілік көзімен толық қамтуды мемлекеттің негізгі міндеті деп межелеген Үкімет су құбырларын жөндеу жұмысы мен жаңа желілердің құрылысына айрықша көңіл бөлуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында республика бойынша орташа алғанда ауызсуға қолжетімділік 2020 жылы 100 пайызға жуықтауы тиістігін атап көрсеткен болатын. «Қазақстандағы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі халықтың денсаулығын сақтаудың аса маңызды міндеті. Сондықтан бұл біздің басымдығымыз болмақ», – деді Мемлекет басшысы. Ел тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 8 жыл бұрын басталды. Осы бағытта атқарылған оңды істердің арқасында ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 41 пайызға дейін, қалада 72 пайызға дейін өсті. «Бұған дейін не болғанын білесіздер. Тасымал суды пайдаланатын адамдар саны 4 есеге азайды. Соған қарамастан, сумен қамту жүйесін жақсартуға мұқтаж адамдар ауылда әлі де аз емес. Сумен қамту жүйесінің тозуы қалаларда 60 пайызды құрайды. Республика бойынша орташа алғанда ауызсуға қолжетімділік 2020 жылы 98 пайызға жетуі тиіс», – деді Н. Назарбаев жыл басында халыққа арнаған Жолдауында. Президент судың сапасы барлық белгіленген санитарлық нормаларға жауап беруі тиіс екендігін, сонымен қатар, жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдалану, сумен қамтудың жаңа желілерін салу кезінде жүйе­лілік қағидатын қолдану керектігін қа­дап айтты. «2020 жылы орталық­тан­дырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 пайызға жетуі керек», – деді Мемлекет басшысы. Содан бері еліміздің барлық облысы Елбасы көрсеткен межені бағындыруға бағытталған жоспарларын әзірлеп, оны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ауызсу мәселесін шешуді алдыңғы орынға қойған өңірлердің бірі – Қызылорда облысы. Биыл аймақтағы 261 елді мекеннің 194-і, яғни 74 пайы­зы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Осылайша облыс халқының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылды. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш. Өткен жылы ауылдық су құбыры жүйелерін жаңартуға арналған 13 жобаға 2,4 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 551 шақырым ауылдық су құбырлары қайта құрылып, 4 485 бірлік су өлшегіш құралдары қойылған. Сондай-ақ, баламасыз және оқшау су жүйелерін құруға 2,3 млрд теңге субсидия бөлініп, 300 мыңнан астам халық тұратын 159 ауылдық елді мекенге жеңілдетілген тарифпен ауыз су берілді. Жаңақорған ауданындағы Талап және Сырдария топтық сутартқышы, Шиелі ауданындағы Жиделі топтық сутартқышының құрылысы, елді мекендерді жерасты суына көшіру жобалары жалғасын тапты. Нәтижесінде, Жиделі топтық сутартқышына Шиелі ауданының Алғабас және Бидайкөл ауылдары қосылды. Ауызсу тапшылығын көріп отырған шалғайдағы ауылдарға тіршілік көзін жеткізіп беру мәселесі Оңтүстік Қазақстан облысында да оң шешімін тауып келеді. Бүгінде өңірдегі 600-ден астам елді мекенге таза су жүйесі тартылған. Соның арқасында қазір оңтүстіктегі қала халқының 91 пайызы, ал ауыл жұртының 71 пайызы мөлдір тұщы суды тұтынып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында ОҚО төртінші орында тұр. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен оны кезең-кезеңімен жүзеге асырудың жолын көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елдің әлеуметтік ахуалын айтарлықтай жақсартудың межелері белгіленген. Дамыған уақытқа сай тұрмысқа қажетті таза ауызсу, көгілдір отын, тұрақты электр энергиясы қолжетімді болуы тиіс. Осыған орай, ауыл тұрғындары аса мол Оңтүстік Қазақстан облысында халықты тіршілікке ең қажетті игіліктермен қамтамасыз ету жұмыстары соңғы жылдары белсенді түрде жүргізілуде. Бүгінде аймақтағы 847 елді мекенде 2 миллион 800 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Оның 8-і қала мәртебесіне ие, онда қоныстанғандар 1,2 млн адамнан асады. Есесіне 1,6 млн халық тұрақтаған 839 ауылда шешімін күткен мәселе жеткілікті. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасының белсенді жүргізілуінің арқасында 2011-2015 жылдардың аралығында бюджеттен 70 млрд теңге жұмсалып, 208 елді мекеннің тұрғындарына таза ауыз су жеткізілді. Дәл биылғы жағдайға сәйкес Оңтүстікте тіршілік нәрімен толықтай қамтылып отырған ауылдардың қатары 71 пайызға, яғни 596-ға өскен. Ал қала мәртебесін иеленген орталықтарда бұл көрсеткіш 91 пайызды құрайды. Енді жаңа 2016-2020 жылға дейінгі бес жылдық жоспарға сай таза сумен қамтылған қалалар көрсеткіші 100 пайызға, ауылдар 80 пайызға жетуі тиіс. Бұл межені бағындыру үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі нақты жоспарларын қамдап та қойған. Атап айтқанда, ОҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Марғұлан Марайымның айтуынша ағымдағы жылы облыстық бюджеттің өзінен осы мақсатқа 6 млрд теңге бөлініп, оған 25 нысанда сумен жабдықтау жұмыстарын іске асыру көзделіп отыр. Егер құрылыс жұмыстары нақты жоспар бойынша аяқталса, жыл соңына дейін 5 600 адам тұратын 7 елді мекенге ауызсу тартылып, 60 мың тұрғын қоныстанған 14 ауылдың тозған құбырлары жаңартылмақшы. Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқар­масының бастығы Марғұлан Марайымның айтуынша, аймақтағы көптеген елді мекендер өмір бойы суды ашық бұлақ көздері мен ағынды арық атыздардан пайдаланып келген. Өткен бес жылдық бағдарламаның аясында сауызсу тапшылығын тартқан ауылдардың саны едәуір қысқарды. Ендігі мақсат – жаңа нысандарды молынан қосып, халыққа тіршілік нәрін сапалы, әрі қолжетімді еткізу. Бұл мақсатта 74 елді мекенге орталықтандырылған құбырлар тартудың жобалық сметалық құжатын дайындау үшін қазынадан 300 млн теңге бөлінді. Енді тиісті құрылымдар әкімдікпен бірлесіп қажетті құжатты дайындап шыққан соң кезең-кезеңімен оны іске асыруға керекті қаржы қаралмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы 2016-2020 жылға дейінгі жоспарды түзіп, жүзеге асыруға кірісті. Егер жоба жүзеге асса осы бесжылдықта аймақтағы қалалар 100 пайызға, ал ауылдар 80 пайызға дейін толықтай таза сумен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінгідей дағдарыс заманында бұл ауыз толтырып айтарлық жетістік болатыны анық. Әйтсе де, ауызсумен қамту мәселесі еліміздің барлық өңірінде бірдей шешімін тапты дей алмаймыз. Тұрғындарына тіршілік нәрін жеткізіп бере алмай отырған аймақтар да баршылық. Мәселен, Павлодар облысында орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші небәрі 19,2 пайызды құрайды. Еліміздің бұрынғы Премьер-министрі Кәрім Мәсімов тамыз айында облысқа барған сапарында аймақта атқарылған жұмыстарға көңілі толмай: «Тұрғындарды сапалы ауыз сумен жабдықтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан жүйелі жұмыс жасау керек», – деген болатын. Аймақ басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында сумен қамту құрылғысына 3.1 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде ауыз суға шамамен 38.5 мың тұрғын қол жеткізген. «Бұл көрсеткіштің төмен болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, 2011-2012 жылдары облыстағы 39 ауылға жерасты су қорының сараптамасы кеш берілді. Екіншіден, сумен қамту көздері қорының болмауы жобалық-сметалық құжаттарды әзірелеуді қаржыландыруға кедергі тигізді. Бұдан басқа, 2014 жылы 63 жобаны әзірлеуге облыстық бюджеттен 498 миллион теңге бөлінген. Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс істері жөніндегі комитетке жалпы сомасы 20,7 миллиард теңгеге 37 дайын жоба бойынша өтініш берілген. Дегенмен, қазіргі таңда министрлік 2019 жылға дейін 5,6 млрд теңгеге 17 жобаны ғана қолдады. Қалған 20 жоба бойынша мемлекеттік сараптама мерізімі аяқталуда», – деді облыс әкімі. Болат Бақауов Үкіметтен үш жылға республикалық бюджеттен аймаққа 15,1 миллиард теңге бөлу туралы өтінішті толық қолдауды сұрады. Өңір басшысының болжамы бойынша, бұл сумен қамтамасыз ету бойынша көрсеткішті 29 пайызға дейін арттырып, 47 мың адамды сапалы сумен қатмамасыз етуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, облыс­та­ғы ауызсу тапшылығын көріп отырған ауылдарды тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік беретін арналарды барлау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. «Облыста 2020 жылға дейін ауылдық жерлерді ауыз сумен қамту жоспары бекітілді. Жер асты сулары қорын барынша пайдалану мақсатында жер астындағы тұщы су көздерін зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 396 ауылдың 110-ында жер асты су қоры бары анықталып отыр», – дейді облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Қадылжан Сәтиев. Қазіргі таңда геологтар Лебяжі ауданы, Тақыр ауылындағы ұңғыманы зерттеуде. Мамандардың айтуынша, Тақыр ауылы тұщы су көздерін іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жаңа жобаға енгізілген елді мекендердің бірі саналады. Ұңғыманы бұрғылау және зерттеу ұзақ уақытты алады, сондықтан геологтар жұмысты 2017 жылдың төртінші тоқсанында аяқтауды жоспарлап отыр. «Павлодар су барлау» ЖШС директоры Юрий Поповтың мәлімдеуінше, аталған елді мекенде неогенді және палеогенді су деңгейі белдеуі бар көрінеді. Алғашқысы 50 метрге дейін, екіншісі 200 метрге дейін тереңдікте жатыр. «Сынақ түрінде алғашқы су сорудан соң, су қоры 25 жылға жететініне көзіміз жетті. Тақырдағы ұңғыма секундына 12 литр су бере алады», – дейді Ю.Попов. Зерттеулердің нәтижесі бойынша жасалған болжамдар көңіл қуантады. Сол көрсеткіштерге іс жүзінде қол жетсе, нұр үстіне нұр.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары