Орындалмаған уәделер

Орындалмаған уәделер

Орындалмаған уәделер
ашық дереккөзі
Кемшілікті мойындау да – ерлік Есептік кездесулерге қашықтан қатыс­қан тұрғындардың көпшілігі әкімдер көз­бояу­шылықтың көкесін карантинде көр­сетті деп кейіді. Есеп онлайн форматта бе­рілгендіктен бұрынғыдай тұтқиылдан қойы­латын сауалдар, әкімдерді қысылтып, қы­зартатын өткір сын-ескертулер болған жоқ. Алдын ала дайындалған сұрақтар ретімен қойылып, әдеттегідей жаттанды жауаптар беріліп жатты. Шенділер әлі күнге ұзын-сонар баяндамалардан, ешкімді қызықтыра қоймайтын цифрлардан жа­лықпапты. Әкімдердің қай-қайсысы да жұ­мысының мінсіз жағын көрсетуге ты­рысты. Тек Түркістан қаласының әкімі  Ра­шид Аюпов қана орындалмаған уәделері бар екенін мойындап, халықтан кешірім сұрады. Есеп беру барысында қала әкімі ең бі­рін­ші кезекте халықтың қызметшісі екенін айтты. «Әкімдік жұмысының басты мақсаты – халықтың жайлылығы. Жайлылық – қауіп­сіздік, тұрғын үйге қолжетімділік, ден­саулық, білім және жұмыспен қамтылу. Жай­лы жағдайы бар адам арқылы қоғам д­а­миды», – деді қала басшысы. Сонымен қатар  шаһар басшысы індет­тің таралуына байланысты атқара алмай қал­ған жұмыстары үшін көпшіліктен ке­шірім сұрады. «Іске асыруға сөз берген бірқатар жоба­лары­мыз да атқарылмай қалды. Үлкен үміт ар­тып, сенім білдірген әр тұрғыннан басым­ды иіп, кешірім өтінемін» – деген Аюповтың азаматтығы түркістандықтарды сүйсінтпей қой­мады. Өйткені атқамінерлер «Уәде – Құдай сөзі» деген халық тәмсілін ұмытқалы қа­шан. Сөз берген адам салмағы зіл батпан жауап­кершілік жүгін арқалайды. Берген уәде­сін орындаса, азаматтығы айшықталып, бе­делі артып, сөзі мен ісінің қабысатынын айғақтары сөзсіз. Мұны айтуымыздың өзін­дік себебі бар.  Уәде беруге әуес әкімдер биыл да өз мойындарына аз міндет артқан жоқ.  Әзір­ге сөз жүзінде. Сынаптай сырғыған уа­қыт іс жүзінде қалай боларын көрсетіп бе­рер. Алайда қынжылтатыны, бүгінгі күнге дейін орындалмаған уәделері, сөз күйінде қал­ған серттері үшін жазаланған әкімді көр­медік. Министрлер де сол. Ары кетсе сөз естіп, сөгіс алады да, ары қарай қызметін жал­ғастырып жүре береді. Уәденің жеңілі – «Қазақша үйренемін» Шенділердің жиі беретін уәдесі – мем­ле­кеттік тілде еркін көсілу. Билік өкілдері, оның ішінде депутаттар, министрлер мен әкімдер арасында қазақ тілінде екі сөздің басын құрай алмайтындардың қарасы аз емес екені көпке мәлім. Бірер апта бұрын га­зетімізде жарияланған «Мәселе – ниетте!» ат­ты мақалада олардың біразының атын атап, түсін түстегенбіз. Бұл жолы мемлекет­тік тілді пәлен уақытта меңгеріп аламын деп жалпақ жұрттың алдында серт беріп, сө­зінде тұрмаған шенеуніктерді еске түсір­мекпіз. 2016 жылдың желтоқсанынан бастап Ұлт­тық экономика министрлігін 2 жылдан астам уақыт басқарған Тимур Сүлейменовті ел ұмыта қоймаған болар. «Мәскеуде бес жыл қызмет етемін деп туған тілімді ұмы­тып қалдым» деп ақталған атқамінердің сыл­тауы көпке дейін жұрт аузында жүрген еді. «Мемлекеттік тілді алты айдың ішінде үйреніп аламын» деп уәде берген министрді Пар­ламенттегілер де, тілшілер де жарты жыл бойы қазақша жауап беріңіз деп маза­ламаған-тын. Алты айдан соң әріптестеріміз бас экономиске межелі уақыт жеткенін айтып, уәдесін еске салды. Үкімет отыры­сынан кейін журналистердің кеден кодексі жайлы сұрағына шала қазақшасымен қысқа жауап беріп құтылған Сүлейменов салық кодексіне қатысты сауал қойылғанда «орыс­ша айтып берейінші» деп рұқсат сұ­рап, ресми тілде егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Одан кейінгі уақытта да баяндамасын то­лыққанды мемлекеттік тілде жасағанын, қазақ тіліндегі сұрақтарға мүдірмей, кідір­мей жауап бергенін көрген емеспіз. Уәдесін орындамаған күйі Үкіметтен кетіп, Ұлттық банкке ойысты. Ұлттық банк демекші, 2015 жылғы қара­шадан бастап 3 жылдан астам уақыт бойы бас банктің тізгінін ұстаған Данияр Ақышев та – тілшілерге тіл үйренемін деп уәде бер­ген­дердің бірі. Парламенттің кезекті оты­рысынан кейін журналистердің сауалына жауап беру сәтінде бас банкирге «Біздің қа­зақша сұрақтарға қашан қазақша жауап бересіз?» деген сұрақ қойылған болатын. Сонда Ұлттық банк төрағасы «келесі жылы» деген-ді. Журналистер шенділерді қашанғы түрт­пектеп, тексеріп жүрсін, бір жыл өткен соң Ақышевтан ешкім емтихан ала қойған жоқ. Сөзінде тұрып, қазақшаны еркін мең­ге­ріп алса, ол жетістігін көрсетуге өзі-ақ асы­ғар еді. Ондай ыңғай танытпады. Бір жыл өткен соң да, екі жылдан соң да жиын атау­лыда орысша сөйлеуден танбады. 2012-2015 жылдары Қостанай облысын бас­қарған Нұралы Сәдуақасов та мемлекет­тік тілді білмегені үшін сынға ілігіп, мінін түзеуге уәде берген-ді. Бірақ оның осы қыз­мет­тен босатылғанға дейін қазақша қаты­рып сөйлегенін естіген жан жоқ. Сертінен тайған Сәдуақасов 2015 жылдың қыр­күйе­гінде қоластындағылардың жемқорлық дауы­на іліккеніне байланысты өз еркімен ай­мақ басшылығынан кетті. Экс-әкім содан кейін мем­­­лекеттік қызметті маңайлай қой­мады. Сөзінде тұрмағандардың тізімін әрі қа­рай жалғай беруге болады, одан қайыр бол­са, әрине. Мемлекеттік тілді білмейтін шен­­ділердің қазақша үйренемін деген уәде­сіне жұрт осы күні сенбейді де. Қазақ тілінің мәр­тебесі шын көтеріліп, оны меңгер­ме­ген­дердің бәсі төмендейтін күн туғанша үйрен­бейді-ау. Біздіңше, атқамінерлердің пәлен уақытта қазақша сөйлейтін боламын деуі – міндетсіну. «Сіздер сұраған екенсіздер, үй­реніп көрейін» деген түрі. Асылында, ха­лық­қа шенділердің қазақша меңгергенінен келіп-кетері жоқ. Өзі үшін үйренбесе, «бұл ме­нің ана тілім, елімнің мемлекеттік тілі, оны білмеуім ұят» деген түсінік болмаса, бер­­ген уәделерінің құны – көк тиын. Ахметов уәдесінің мерзімін ұзартты 2018 жылы Шығыс Қазақстан облыстық әкім­дігі 2019 жылы қалада тағы бір саябақ пайда болады деп сөз берген. Облыс орта­лы­ғының тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс орны 19-шы шағынауданда Көкжал Барақ, Уәлиев және Ілияс Есен­бер­лин даңғылдарының қиылысында бой көтеруі тиіс болатын. Бірақ бұл іс жүзеге аспай, аталған орын бос қалды. Өткен жы­лы облыс әкімі Даниал Ахметов 19-шы ш­а­­ғынауданды абаттандырудың кешенді жоспарын таныстыру үшін осы ауданның тұрғындарымен кездескен еді. Жаңа бағдарламаға енген жобалар арасында екі жыл бұрын уәде етілген саябақ жоқ болып шық­ты. Өскемендіктер мұны әкімнің қапе­ріне салып, демалыс орнының тағдыры жайлы сұрады. «Мен бұл уәдені жақсы білемін, бірақ биыл да емес, саябақ 2021 жылы салынады», – деп сен­­дірген әкім. 2021 жылдың екі айы өте шық­ты. Жергілікті жұрт жыл соңына дейін күту­ге бекініп отыр. Әкімдік 19-шы шағы­нау­­дандағы абаттандыруға бюджеттен бө­лінетін 1,3 миллиард теңгенің бірер мил­лио­нын саябақ салуға қияр деген үмітте.  Сертінен тайған әкімге екінші рет сенуге бола ма? Арыс қаласындағы әскери қоймада жа­ры­лыс болғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Бұл оқиға еліміздің бірлігін арттырып, қо­ғамды қайырымдылыққа, жанашырлыққа үн­дегені жасырын емес. Мемлекет бас­шы­сынан бастап барлық деңгейдегі тиісті сала бас­шылары, тіпті қарапайым халық та жа­па-тармағай көмек қолын созып, отан­дас­та­рын қиындықта жалғыз қалдырмады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, көмекке мұқ­­таж болған арыстықтардың бәріне қол­дау көрсетіліп, шығын орны толт­ы­рылған. Зақымданған баспаналардың барлығы да қалпына келтірілген. Алайда шындық бұл ай­тылған деректерден алшақтау секілді. Бұлай деуімізге жуырда жергілікті басы­лым­дардың бірінде жарияланған Арыс қаласы Теміржолшы ауылының тұрғыны Асылхан Медетовтің жанайқайы себеп. «Осы кезге дейін мен қақпаған есік қал­мады. Бірақ біреуі де көмек қолын созбады, ал Арыс қаласының әкімі берген уәдесінде, айтқан сөзінде тұрмады. Жарылыстың сал­дарынан үйіміз жарамсыз болып қалды. Қала әкімі Мұрат Қадырбек мамандарымен бірге үйді екі рет көріп кетті. Екі келісінде де жаңа үй салып беретінін айтқанда қуа­нып қалдық. Бірақ сөзі жалған болып шық­ты. Біздің Теміржолшы ауылында зақым­далған үйлердің 3-4-еуі жөнделмей қалды. Со­ның бірі менікі. Далада қалатын бол­ған­дықтан ағайын-туыстан қарызға ақша алып, шлакоблоктан үй тұрғыздым. Ол әлі толық біткен жоқ. Үйдің іші салқын бол­ғандықтан балаларыммен бірге екі бөлмеде тығылып отырмыз. Ал қарыз бергендер ақшаларын қайтаруды сұрап отыр. Не істерімді білмей, тығырыққа тірелдім», – дейді Асылхан Медетов. Әкімдіктен қолдау күтіп сарғайған арыс­тық азаматтың қолындағы қала әкімінің орынбасары Ербол Ақтаевтың 24.10.2019 жылғы №4247 шығыс нөмірімен жазылған жауап хатында: «…Арыс қаласы, Дермене ауылдық округіне қарасты Темір­жолшы ауылы, Бәйтерек көшесі, №6 ме­кен­жайдағы үйіңізге сараптама нәтижесінде жасалған ақау актісіне сәйкес күрделі жөн­деуден өткізу керектігі қорытындыланып, Арыс қаласының «Құрылыс бөлімі» мемле­кет­тік мекемесі басшысымен бекітілген…», –  деп жазылыпты. Мұндай жауапты ол бір емес, бірнеше рет алған. Алайда қала әкім­дігіндегілер арызданушыны беріге дейін бір-біріне сілтеп, мәселесін созбаққа салып келген. Жуырда ғана  бетпе-бет кездескен шаһар басшысы Мұрат Қадырбек үйіңді жөн­деп береміз деп тағы уәде беріпті. Қарыз алқымынан алып, тұрмыс тауқыметі арқаға бат­са да, Медетовтердің күткеннен басқа ша­расы жоқ. Әкім бұл жолы алдамайтын шы­ғар, уәдесінде тұрар деп үміттерін үзбей отыр. Абайлықтардың базынасы көп Өзге әріптестерінің көшінен қалмай 2 ақ­панда Шымкент қаласындағы Абай ау­данының әкімі Бұхарбай Парманов та ха­лыққа онлайн есеп берді. Қала әкімі Мұрат Әй­тенов пен БАҚ өкілдері қатысқан бір сағат­тық жиынның тең жартысы аудан бас­шысының баяндамасына арналса, қал­ған жарты сағаты жауыр болған кезекші сұрақ-жауаптармен тәмам болды. Жергілікті жұрттың сөзінше, Абай ауданы – қаладағы төрт ауданның ішінде түйт­кілі көп аудан. Себебі ауданға қарасты ел­ді мекендердің біразы қалаға осыдан бір­неше жыл бұрын  Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан өткен. Қала құрамына қо­сылған ауылдардың кейбірі әлі күнге дейін қарапайым тұрмыстық игіліктерге қол жеткізбеген, әлеуметтік мәселелері шешімін таппаған. Алайда аудан әкімінің есебін тың­дасаңыз, Абай ауданы тұрғындарын ма­залайтын мәселе жоқтай көрінеді: ауыл­дарға ауызсу тартылған, жолдар жөнделген, жа­р­ықтың мәселесі шешіліп, көшелер жа­рықтандырылып жатыр. Алайда ауданның тұрғындарын сөзге тартсаң, көз алдыңда мүлдем басқа картина көлбеңдейді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ел­ді мекені тұрғындарының айтуынша, ау­дан басшылығы былтыр халыққа берген уә­десін орындамаған.  Ауылдағы ең өзекті мә­селе – ауызсу. Жергілікті халық әлі күнге дейін құдықтың суын ішеді. Былтыр әкімдік ауызсу құбырының құрылысын бастап, қа­зан айында аяқтауға сөз берген. Алайда құры­лыс аталған мерзімде бітпеген. Жел­тоқсанда қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы елді мекенінде ауызсу құры­лы­сы­ның аяқталғанын,  мердігер мекеме тара­пы­нан абоненттеу жұмыстарын жүргізу, қа­зылған жерлерді қайта қалпына келтіру, көшелерге шағалтас төсеу  жұмыстарының атқарылып жатқанын жариялады. Алайда тұрғындар құбырдан су ішіп көрмегендерін алға тартып отыр. Шенеуніктердің көшеге тас төселді дегендері де шындыққа жанас­пай­ды дейді жергілікті жұрт. Шенеуніктер былтыр берген тағы бір уәдесі – ауылдағы жекеменшік трансфор­ма­торлардың мәселесін шешіп, мемлекеттің ба­лансына алу. Алайда бұл уәде де орын­дал­маған. Ал көгілдір отыннан тұрғындар мүл­дем күдерін үзген. Жақын жылдары газ кел­мейтін болған соң, әр отбасы 275 мың тең­геден ақша жинап, газды жекеменшік ком­пания арқылы кіргізудің амалына кіріс­кен. Халық жекеменшік компания тындыра ала­тын шаруа әкімдіктің қолынан келмей­тініне таң. Бір қызығы, жоғарыда аталған мә­се­лелердің бірде-бірі әкімнің есебінде қозғал­ған жоқ. Карантинге байланысты уақыттың шектеулі екенін сылтауратқан аудан бас­шысы көп мәселені жабулы күйінде қал­ды­рып, сын атаулыдан құтылып кетті. Өзге әкімдер де сол. Дау-дамайсыз, жүй­кеге жүк, миға салмақ түсіретін шымшыма, тұ­қыртпа сұрақтарсыз өткен онлайн есеп беру оларға майдай жаққаны анық. Халыққа бетпе-бет кездесуде берген уәделерін ұмы­тып қалатын атқамінерлер экранның арғы бетінде отырып айтқан сөздерін есте сақтай қояр ма екен? Күмәнді...