810
ДИМАШ – АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН
ДИМАШ – АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН

Әр ұлттың өніп-өскен, мекен еткен жеріне орай өзгеше болмысы қалыптасатыны ақиқат. Ұлы дала төсінде мыңдаған жылдар бойы еркін өмір сүрген, империя құрып ғасырлар бойы Еуразияны дүбірлетіп өткен халықтардың бүгінгі жалғасы – қазақтардың жан дүниесінде ғажайып бір еркіндік бар. Ол азаттық атты құдіретті терең түйсінуден туған қасиет. Содан болар, аласапыран кезеңдерде тағдыр тәлкегіне ұшырап, бір жарым ғасырдай жаттың боданында болған ел еркіндік таңы атып, тәуелсіз мемлекетке айналғанда ұлтымыздың тұншығып келген қабілет-қарымының жарқырап көрінетініне, талантты ұл-қыздарымыздың түрлі әлемдік додаларда топ жарып, алты әлемді таңдай қақтыратынына сенгенбіз.
Ұлтыңа деген сенім мен махаббат алға ұмтылдырмай, мақсат биігіне талпындырмай тұрмайды. Бір кезде одақтас республикалардан құралған үлкен мемлекеттің ішінде заманауи ғылым-білімді игеріп, ақыл-ойы мен таланты өзгелерден кем түспесе де «үлкен ұлттың» шовинистік пиғылының қиянатына ұшырап талай жолы кесілген халықтың перзенттері үшін Тәуелсіздік – ешқандай қысымға бағынбай, әлемдік үдерістерге өз үлесін қосып, даңққа бөленуге ашылған төте жол болды. Оған саясат, экономика, спорт пен өнер саласында жеткен талай жетістіктеріміз дәлел. Алайда солардың арасында ерекшелеп айтуға тұратын қазақтың бір үлкен жетістігі – есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, әлемге Димаш атымен танылған феномен әнші Дінмұхаммед Құдайберген болды.
Әрине, қазақ – қазақ болғалы талай керемет ұлы өнерпаздар мына дүниенің есігін ашып-жауып кеткені мәлім. Арыдағы Әміре, берідегі Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Аманкелді Сембин, Ерік Құрманғалиев секілді дауысы даласындай кең, тауындай биік, тас бұлақтың суындай сыңғырлаған әуезді талай әншілеріміз болды. Өз кезінде олар да әлемнің көптеген мемлекетінің жеріне табаны тиіп, небір дулы орталарда ән шырқап, қазақ әнінің құдіретін танытқаны мәлім. Бірақ «Әр заманға – бір зауал» демекші, ол тұста солардың талантын әлемге танытуға бүгінгідей пәрменді тарату құралдары болған жоқ. Газет-журналдарда жазылып жатқанымен оның да мүмкіндігі шектеулі еді. Ал әншінің өнерпаздық деңгейін тікелей танытуға себі тиетін радио-телевидениелердің өзі аймақтық, ары кетсе мемлекеттік деңгейдегі құрал болатын. Сондықтан қазақтан шыққан талантты өнерпаздардың әлемдік мәдениет тарихынан лайықты орын алып, кең түрде таныла алмай қалғаны саясаттың қытымырлығы мен өркениеттің күллі адамзаттық деңгейде дами қоймағанының себебінен еді. Міне, осы олқылықтардың орнын толтырып қана қоймай, өнер әлемінде бұрынғы шыққан биігімізді одан әрі көтеріп отырған Димаштың бұрынғылардан асқан екі бағы бар, оның біріншісі әлемде өте сирек кездесетін дауыс диапазоны болса, екіншісі – күллі адамзатты бір-бірімен жақын әрі тығыз байланыстырып тұрған ақпараттық технология дәуірінің азаматы екені.
Сөзімізді ұзақтан орағытпай бірден тікесіне көшуге болар еді, алайда өйтетін болсақ, Димашқа қатысты әңгімені «Жалғыз шапқан ат – жүйрік» дәрежесіне түсіріп, бүгінде қазақтың бағына айналған баланы өнердің құйрық-жалсыз кереметі қылып, онымыз жұрттың көңіліне келетін жел сөз болар еді. Шын мәнінде Димаш қазақ әншілігін өзінен бұрынғылар жеткен биіктен де асырып қана қоймай, ізіне Ернар Садырбаев (Әміре сахналық есімімен «Славянский Базар» конкурсында бірінші орын алды), Дәнелия Төлешова (Украиналық «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы, «Америка таланттарды іздейді» шоуының финалисі), Ержан Мақсым (Ресейлік «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы, Junior Eurovision конкурсының жүлдегері) секілді талантты іні-қарындастарын ертіп, соларға дем беруші тұлғаға айналды. Бұл енді әлемдік ән өнерінде Димаштың Қазақстан, қазақ деген ұғымдарды брендке айналдыруы деген сөз. Сондықтан ендігіден былай қарай дүниежүзі өнерде қазақтан, Қазақстаннан ерекше таланттарды іздеп отыратын болса, оның Димаштың арқасында қол жеткен жақсылық деп санап, өз елімізде феномен әншімізді бөлекше құрметтеу дағдысын қалыптастыруымыз керек.
Бір кезде Saz alemi жобасында әділқазылар тарапынан өнері сыналған кезде халықтың көбі Димашты онша білмейтін. Бірақ дауыс мүмкіндігі бар жас әншіге дұрыс кеңес берудің орнына оны мүлде тұқыртып тастағысы келгендердің әрекеті сол кезде де, қазір де ақтауға келмейтін еді (Бағым Мұхитдинова бастаған қазылар алқасының сол сындарын жақында ресейлік «Привет, Андрей» телебағдарламасында орыстың белгілі әншілері қалай күлкіге айналдырды десеңізші). Сол Saz alemi жобасынан екі жыл өткенде Димаш «Славянский базар» конкурсында қалай өнер көрсетті! Одан тағы екі жыл өткенде Қытайда өткен I am Singer шоуында тамаша өнер көрсеткен Димаштың талантын бүкіл әлем таныды. Одан бергі жерде сол деңгейден түскен емес. Бірақ өз ішімізде әлі күнге танудан гөрі таңдану басым.
Осыдан бірер күн бұрын YouTube бейнехостингіндегі Qasqa Jol арнасына сұхбат берген танымал жас әртістердің бірі Қайрат Әділгерей Димаштың жас кезі, бір кездегі сыналған сәттері туралы айта келіп, мынадай пікір білдірді (айта кету керек, ол Saz alemi жобасында сыншылардың Димаш туралы пікірін құптайды екен): «Осыдан бір апта бұрын Димашты отырып қарадым. Кез келген әңгімесі – ұлт. Сонда ол өзінің амбициясын ойламайды, тек қана қазақты, ұлтын ойлайды. Олай өмір сүру өте қиын ғой. Ондай жауапкершілікті ала алатын адам болса, тағдыр оған сондай бақ береді.
...Жалпы, қазақ биікте жүрсе де Димашты әлі танымайды. Димаштың өнеріне мұқтаж емес. Неге? Өйткені біздің музыкалық сауатымыз, деңгейіміз жоқ. Қазір бүкіл әлемге қазақты танытып жүрсе де, бізде Димаштың деңгейіндегі музыка тыңдайтын адам аз. Өйткені фонограммамен айтатын шала сауатты әншілер құлақты бітеп тастаған. Соларды дәріптейді бізде. Егер телевизиядан симфонияны, жақсы әндерді тыңдата берсе, халықтың музыкалық деңгейі өсер еді. Өйткені талғамды қалыптастыратын өнерпаздар». Өнердің белортасында жүрген азаматтың пікірі бұл. Демек, біз өзіміздің дарынды әншіміздің шынында қандай биік екеніне көзіміз жете бастады деген сөз. Әрине, өз ортамызда мұндай пікірдің бірінші рет айтылуы емес, дегенмен осылай ойлайтындардың қатарының көбейе бастауы жақсы құбылыс.
Сыншылдық деңгейінің жоғары болуы әдетте өнердің өркендеуіне себі тиеді деп жатады. Қате демейміз. Бірақ тек сынап-мінеу қандай да бір таланттың шығармашылық ерекшелігін ашып бере бермейді. Талдап, түсіндіріп отырса ғана өнердің құдіреті халықтың ойына сіңіп, қабылдауын жеңілдетеді. Міне, осы жағынан алғанда, қуаныштысы – бізде Димаштың әншілігін, ерекшелігін түсіндіріп бере алатын кісі бар екен. Қызығы – ол музыка маманы емес.
Әдебиетші, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат төрт жылдай уақытын Димаш туралы кітап жазуға арнап, жиыны мың беттен асатын екі том кітап жазыпты. «Димаш. Когда жаждут крика» («Димаш. Шыған дауысты аңсау») атты орысша, қазақша жазылған бұл кітапта Димаштың әншілік талантының ерекшелігі маман музыка сыншысы деңгейінде талданған. Баспасөзде аздаған үзінділері жарияланғанымен әлі кітап болып шықпаған еңбегінде Мақсат Тәж-Мұрат былай деп толғайды:
«Бүгінге дейін мәлім болып отырған фактілер Димаштың әншілік дауысы дәл лирикалық тенорға жататынын анықтайды. Мұны Singer өтіп жатқанда әншінің алғашқы вокал ұстазы, оның табиғи дауысын одан әрі тәрбиелеген Марат Әйтімов бірден ескерткен болатын. Кейінірек «Менің дауысым – лирикалық тенор» деп Димаштың өзі де айтқан. Сондай-ақ М.Әйтімов «Димаш контртенор емес, себебі ол төмен ноталарды да еркін ала береді» деп және бір кәсіби ескерту жасаған-ды. Әншіні бозбала шағынан білетін, жылдар бойы аптасына төрт рет баулыған маманның бұл сөзіне құлақ асу керек. Бүгінде осы пікірді шетелдік во-кал педагогтар да қуаттап отыр. Солардың бірі Elena Limon-ның жазуынша, «Димаш – фальцеттік дауысты шеберлікпен меңгерген тенор». Сонымен бірге мамандар әншінің қажет жерде баритональдық тенормен де, драмалық тенормен де айта беретініне назар аударады. Мысалы, кейінгі «Грешная страсть», «Любовь уставших лебедей» композицияларында бұл дауыс түрлері ән драматургиясында ішінара қолданылса, әнші 2013 жылғы «7 ән» телеконкурсында «Кінәлама» әнін бастан-аяқ баритональдық рок стилінде, 2017 жылғы Singer байқауында Konfesso-ны түгелдей драмалық тенор ретінде орындап шықты.
...Димаштың әншілік дауысы еш алайдасыз, ...қазақтың ер әншілерінің «меншікті» дауыс түрі – тенорға, соның ішінде әлемдегі ең бәсекеге қабілетті жоғары тенорға жатады.
...Сол сияқты оның дауысын бірыңғай сопраноға апарып телу де еш сын көтермейтін пікір. Сопрано – негізінде дауыс ауқымы (диапазоны) – до 1 октавадан басталып, – до 3 октаваға дейін жететін опералық әйел әншілер вокалы. Ортағасырда, Италиядағы барокко дәуірінде ерлердің жоғары, биік дауысына эстетикалық ділгерлік туып, осындай барокколық репертуарға арнап Росси, Кариссими, Франческо ди Милано, Заннетти, Гендель сияқты белгілі композиторлар сопранолық кантаталар жаза бастағанда оларды орындауға ер адамдарды, дәлірегін айтқанда, арнайы ақта етілген ер балаларды тартқан. Бірақ дүниеде сирек те болса азбан (кастрат) емес еркек сопранолар да кездеседі, оларды «таза сопранистер» деп атайды.
...Біздің заманымызда таза сопраншы жалғыз әнші бар, ол – молдаван опералық солисі Раду Марьян. Дауысының биіктігі С4 – С6 диапазонындағы таза сопраноға дейін жететін Раду табиғи кастрат («эндокриндік кастрат»), яғни дауыс биіктігі ағзадағы эндокриндік ерекшеліктермен байланысты әнші ретінде бағаланып отыр. Басқаша айтқанда, ол ер бала сопраносын («періште дауыс») еске салатын табиғи дауыстың иесі. Осы бірегей дауыстың сақталып қалуына негіз болған нәрсе дейді мамандар, Радудың дауысының бозбала шақта мутацияға ұшырауы әдеттегіден ұзаққа созылған және дәл осы сын кезеңде оған итальян композиторы Флавио Колуззо кездесіп, соның жетекшілігімен вокал өнерінен сабақ алғандықтан дауысының бірегейлігі жоғалмай сақталады. Димаштың әншілік тарихы бір есептен Марьянның басында болған осы жағдайға келіңкірейді. Қазақ әншісі әкесінен лирикалық мақпал тенор дауысты еншілеген, сонымен бірге оның дауысынан да, бойынан да анасынан біткен асыл қасиеттер көрініп тұр, әсіресе бұлақтың үніндей, хрустальдай таза, биік сопрано дауысы. Содан болуы керек, Димаштың бала кездегі негізгі дауысы сопрано түрінде белгі береді...
...Әдетте тенор тесситуралы әншілердің бой-сопрано дауысы 10-12 жаста жоғалып кетеді, ал дауыстың сынуының жалпы рандомдық мерзімі 12-20 жас аралығын қамтиды, яғни осы кезеңде негізгі, табиғи дауыс қалыптасып болуы керек. Соған сәйкес Димаш шамамен он бес-он алтыға келгенде онда тенор, баритон, тіпті бас сияқты еркекке тән табиғи дауыс түрлері нышан тастайды, бірақ ғажабы сол, басқаларда бұл кезеңде әйелдік сопрано дауыс жоғалып кетіп жатса, Димашта ол жоғалмай, дәл Марьяндағыдай таза қалпын бұзбай қала береді. Раду Колуззоны кезіктіргені сияқты, Димашқа тағдыр Әйтімовты жолықтырған. Мұндағы гәп өзі де ән айтатын соңғысының педагогтік дарынында ғана емес, оны ұстаз ретінде тәрбиелеп шығарған кеңестік музыкалық білім беру жүйесінің ерекшелігінде, яғни классикалық бағытының күштілігінде».
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, автор Димаштың әншілік қабілетін аша түсу үшін көптеген салыстырулар жасайды. (Үзінді көптеу көрінгенімен кітаптың мың беттік жойқын еңбек екенін ескерсек, біз мысалға алып отырған аз ғана мәтін теңіздің тамшысындай-ақ). Үлкен әнші тудыра алған ел ол туралы да үлкен әңгіме айта алғаны қандай ғанибет! Бұған қарап бүгінгі қазақ өз дарындарын тани алуға қабілеті жететін ел екенін мақтанышпен айтуға болады.
Әлемдік деңгейде жұрттың назарын аударып отырған Димаш Құдайберген туралы БАҚ-тарда жиі әңгіме болуы заңды құбылыс. Дегенмен кейінгі кезде сенсация қуалаған адамдар мен басылымдардың ұлт мерейін көтеріп отырған әншіміз жайында жиі жөнсіз қауесет таратып жататыны ұят нәрсе.
Өткен жылдың соңына таман Димаш Құдайберген «Привет, Андрей» атты бағдарламаға Лев Лещенко, Валерий Леонтьев, Григорий Лепс, Лолита, Николай Басков, Филипп Киркоров, Дима Билан, Сергей Лазарев секілді ресейлік эстрада жұлдыздары және композитор Игорь Крутоймен бірге қатысқан еді. Онда кеңестік кезеңнен бастап бүгінге дейінгі үздік жыл әндерін орындаған талантты әншілер шақырылып, олардың әндеріне, жеке өмірлеріне қатысты қызықты жайттарды көрсете отырып ән салдырды, пікірлерін тыңдады.
Сол бағдарламада Димашқа қатысты Saz alemi конкурсында айтқан әділқазылардың пікірі ресейлік өнер жұлдыздары арасында күлкі шақырып, қылжаққа азық болды. Өйткені олар Димаштай талантты адамға музыка әлемінде өз елінен сыртқа беделі жоқ әлдебіреулердің әнді өйтіп айтпа, бүйтіп айтпа дегенін қабылдай алмады. Тіпті Басков Димашқа қарата «Мұны не үшін сынау керек, ол идеал адам ғой» деп те жіберді. Сосын аталған конкурстағы «сыналуына» орай Димаштың айтқанынан бірдеңенің ұшығы байқалғандай болды. Димаштың айтуынша, ол Saz alemi ән сайысында басқа ән айтпақшы болған, бірақ ұйымдастырушылар «Көркемім» әнін орындауын, сондай-ақ, одан дауыс мүмкіншілігін көрсетуді сұраған. Кейін содан өздері ілік тауып, сынаған көрінеді. Демек, Димашты сынау үшін біреулер әлгі «ұсыныстарын» әдейі жасамады ма екен күдікті ой келеді көңілге. Ал енді осының ертеңіне қазақстандық бір сценарист әншіні сынап, өзінің Instagram парақшасына шулы пікір қалдырды. Сол-ақ екен, қазақстандық медиа оның пікірін жарыса жариялап, бір жырғап қалды. Ал шынында мәселе мүлде басқа еді. Бағдарламада Димаш біреуден кек алғысы келген жоқ, керісінше, бір кезде өзін сынағандарға түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Сосын, ғаламторда жүрген «сыншылардың» бейнежазбасын орыстар баяғыда-ақ көріп, Қазақстанда Димашқа сын айтатын да біреулер бар екен-ау деп күлген. Ал оған әнші баланың қатысы қанша?! Оны біздегілер саясатқа айналдырып, Димашты қазақтың намысын орысқа жығып бергендей қылып көрсеткісі келетіні есі дұрыс адам үшін шындыққа қиянат, ұятсыздық (кезінде біреулердің Димашты «Қытайдың жобасы» дегені сияқты). Асылы, өнер мен саясатты шатастырмаған дұрыс-ау…
Бірақ Құдай бақ беріп тұрса, оған дауа бар ма, осыдан көп өтпей Димаш АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациялау апталығының ашылуына арналған салтанатты іс-шараға шақырылды. (Бұл АҚШ президентінің таққа отыру рәсіміне арналған шараға қазақтың әншісі тұңғыш қатысуы болатын). Онда әнші ағылшын және қазақ тілінде АҚШ-тың жаңа президенті мен вице-президентін құттықтап, қазақтың халық әні «Самалтауды» нәшіне келтіре орындады. Ал салтанатты шараны ұйымдастырған Sister Cities International бас директоры Лерой Аллала өз кезегінде қазақстандық орындаушының шығармашылығы адамдарды, олардың мәдениеті мен тілін біріктіретінін атап өтті. Осындай биік құрмет қазақ өнеріне бұрын-соңды көрсетіліп пе екен сірә?..
Алайда тыныш жатса қазақ – қазақ бола ма?
Осыдан бірер жыл бұрын біреулер бықсытып жүрген бір іштарлық әңгімесін біреулер сайттарға салып, тағы шулатты. Тағы Димаш туралы... Бұл жолы қазақтың жанды жері – рушылдықтың әңгімесін қоздырды. Яғни «Димаштың руы қазақ ішіне сіңген қырғыздардан тарайды екен» екен деген бықсық сөз. Құдай-ау дейсің, этникалық негізіне қарасаң, кімнің кімге жақындығын кім біледі? Барлық ұлт түрлі тайпалардан бірігіп, елге айналады емес пе? Шежіреде жазылғандай, барлық рудың түбі ұлтты құрайтын бір кісіден тарайтынына кім кепілдік береді? Есте жоқ ескі заманға кететін тарихтың бар әңгімесі түгел деп кім айтты? Тіпті кейбір ұлттар өз атын ХХ ғасырдың басында алды емес пе? Мұның өзі қозғап абырой алатын әңгіме емес, бірақ өз ішіміздегі кейбіреулердің әлі майда әңгіме қуып, бәрін өз бойымен өлшеуге дайын тұратынын көргенде күйінбей тұра алмайсың...
Жақында Димаш өнерін өрістету үшін біраз жыл АҚШ-та тұрып еңбек ететінін айтыпты. Ал оны түсінбей, «елден мүлдем кетеді екен» деп шулап жүргендер қаншама... Үлкен кемелердің еркін жүзуі үшін мұхитты қажет ететіні секілді, әлемдік шоу бизнестің ең үлкен орталығына Димаш бармағанда кім барады?!.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді халқымыз. Әлемнің үлкен державасына барып, халқының атын да, затын да танытамын деген баланы неге қуана қолдамасқа?..
Бүгінде ғаламторда Димаш туралы айтылған ойлар мен жазылған пікірлерде есеп жоқ, тіпті оны түгел санап шығу үшін бір адамның өмірі жетпейтін шығар. Дегенмен әр жерде шашырап жүрген үзік-үзік пікірлер (көбісінің мәні де ұқсас) жинақталып, қорытылмаған соң, одан жұртқа әншінің өнері туралы терең түсінік қалыптасуы қиын. Ал Димаш туралы кәсіби деңгейі жоғары зерттеу еңбектердің өз елінде пайда болуы және оның әлемге жетуі – өте маңызды іс.