880
Алғыс айту – ардың ісі
Алғыс айту – ардың ісі

Негізін қазақ халқы құраған және күні бүгінге дейін сол үрдіс тоқтаусыз жалғасып келе жатқан мемлекетімізде қазақтан өзге жүзден астам ұлт өкілдері де осы елдің ауасымен тыныстап, еркін тірлік кешіп жатыр. Жалпы саны он тоғыз миллионға енді жеткелі отырған Қазақстан сияқты дамушы, жас елде осынша этностың бір-бірімен тату-тәтті жасап жатуы – мемлекеттің құқықтық нормаларының іс жүзінде қалай іске асқаны ғана емес, мұның арғы түбінде мемлекет құраушы ұлттың гуманистік болмысы жатыр.
Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мынадай сөздері бекіте түседі: «Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза сезімде болған. Олар әскери шапқыншылық жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айырылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді» (2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінен).
Қазақ еліне өзге ұлт өкілдері қалай келіп сіңісті, олардың осы жерді тұрғылықты мекен ете бастауы қай кездерде басталды, әу баста қазақ даласына өзге ұлт өкілдерін әкеліп қоныстандырудың қандай саяси мақсаты бар еді деген сұрақтарға нақты жауап табудың түк те қиындығы жоқ. Сондықтан мәселенің бұл жағын баса айтудың орнына бүгінгі және алдағы уақытта Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері мен мемлекет құраушы ұлттың арасындағы бірлік пен туыстыққа негізделген қарым-қатынастың қалай дамитыны жөнінде ойлаған дұрыс.
Бұрын жыл сайын көктемнің алғашқы күні – 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні атап өтіліп жататын, енді ол күні 2016 жылдан бастап «Алғыс айту» күні ретінде тойланып келеді. Себебі Елбасы 2016 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл да әлемдік қоғамдастықта салмақты орны, саяси-экономикалық жақтан дамуда өз жолы бар Қазақстанның ерекшелігін айқындап тұратын бір нышан болса керек.
«Елбасы белгілеген бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпыға мәлім, орыс, татар, ұйғыр, дүнген секілді этностардың Қазақстанға түрлі саяси жағдайларға байланысты екі ғасырдай бұрын келіп қоныстана бастаса, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес өкіметі тарапынан саяси сенімсіздік танытудың кесірінен туып-өскен жерлерінен зорлықпен көшіріліп, қазақ еліне әкелінген шешен-ингуш, түрік, күрд, неміс, корей, қырым татарлары, грек т.б. секілді ондаған ұлт осы елде ес жиып, тұрақтап қалды. Сондықтан кеңестік кезеңде елімізге күштеп көшіру арқылы келген халықтарды зерттеудің маңызы ерекше. Себебі сырттан келгендердің жергілікті халықпен тез тіл табысуына қазақ халқының адамгершілік қасиеті үлкен әсер еткені анық. Бұл жайында Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1 миллион 150 адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Оларды тауар вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да, қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын», – деуі талай нәрседен хабар берсе керек.
Мынаны ашық айтқан дұрыс: кеңестік саясаттың қазақтарды жуасыту үшін жасаған қулықтарына құрық бойламайды. Қазақты Голощекин басқарған тұста аштан қыру, репрессияға ұшырату арқылы қатарын әбден селдіретіп алып, содан соң ғана сырттан көптеген ұлттардың көшіріп әкелуінде бір гәп бар. Біздіңше ол – мемлекеттік жазалау шараларынан әбден запы болған, сондай-ақ өз жерінде азайып қалған халықтың өзгелерге қарсы тұрар қауқары болмайды деп санаған болса керек. Бірақ әрбір істің қайыры бар, қызыл империяның тұтқасын ұстағандардың ойлағаны орындала қойған жоқ: қазақтар сырттан келгендерді жатсынбай бауырына тартып, олармен қолындағы нанын бөлісіп жеп, тағдыр тәлкегіне ұшырағандарды аштан қырылып кетуден сақтады. Бұл өсіп-өнген, мемлекет құрып, қоғамдық дамудың жоғары дәрежесіне жеткен үлкен елдің болмысы еді.
Сырттан өзге халықтарды көшіріп әкелудің тағы бір зымиян жоспары болатын, ол түрлі халықтардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауда орыс тілін еріксіз пайдаланып, сол арқылы олардың ана тілдері (ішінде, әрине қазақ тілі де бар) екінші орынға ысырылып кетсе, бұл елдегі халықтарды түп-тамырынан оңай айырып, дүбәрәландырып жіберу оңай болады деп ойлады. Алайда бұл жоспар жартылай ғана орындалды деуге болады. Себебі қазақ еліне шеттен зорлықпен көшіріліп әкелгендердің ұрпағы бұл кезде жергілікті халықпен етене араласып, қазақ тілі мен салтын үйреніп, сол арқылы аз да болса қазақ халқы өзге этностарға рухани ықпал жасай алды. Мәселен, еліміздің қазағы қалың батыс және оңтүстік облыстарын мекен еткен өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, Ресейге жақын өңір саналатын солтүстік және шығыс аймақтағылардың араларында да қазақ тілін, дәстүр-салтын жете меңгергендер аз болмады. Бірақ шынын айту керек, сол тұста елімізде күшті жүргізілген орыстандыру саясаты жемісін бермей қалмады: елімізде сегіз жүзге жуық қазақ мектептері жабылып, қазақтармен бірге қазақ мектебінде тәлім алып жатқан өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінен алшақтап кетті.
Міне, осының бәрі еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде бірте-бірте қалпына келтіріліп жатыр. Мемлекеттік тіл туралы заң қазақ тілін дамытудың жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік берсе, өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тілін игеруі мен өздерін осы елдің шынайы азаматы ретінде танып, ортақ Отанның дамып, көркеюіне үлкен патриоттықпен үлес қосуға ұмтылуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен 1995 жылғы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да зор ықпал-әсері бар екені сөзсіз. Өйткені мемлекеттік саясаты гуманизм идеяларымен үндескен Қазақстанның әрбір ісі елдің тұтастығы мен тыныштығына нұқсан келтірмеуді мақсат тұтады. Оның ішінде еліміздегі түрлі этнос өкілдеріне құрметпен қарау басым. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Соғыс кезінде Қазақстан эвакуацияланған 350 мың адамды қабылдады. 50-жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді, жабық әскери нысандарда 150 мың маман және олардың отбасы мүшелері жұмыс істеді. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстанды. Жергілікті халықтың саны ол кездері 6 миллионның шамасында болатын. Қылмыстық сипаттағы Сталиндік ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион адам аштан қырылды. Тағы миллионнан аса адам өзін және балаларын аман сақтау үшін бұрынғы КСРО аумағынан кетуге мәжбүр болды. Қазақтарға жойылып кету қаупі туды. Біздің көпэтностылығымыз осылайша қолдан жасалды. Бірақ мұнда біздің жерімізге еркінен тыс келген адамдардың еш кінәсі жоқ. Біз Тәуелсіздіктің жаңа дәуірінде барлық этностарды біртұтас, ұйысқан халыққа айналдыра білдік. Бүгінде бұл – біздің ең басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында», – деген болатын.
Шынын айту керек, елімізде «Алғыс айту» күні белгіленбестен көп бұрын да қазақ халқына өз ұлтының атынан ризашылық белгісіндей үнемі қазақ халқын жоғары көтере мадақтап жылы лебіз білдірген, қазақ тілін еркін игеріп, сол тілде кітаптар жазған талай тұлғалар болды. Олардың жолы бүгінде жалғасып жатыр. Ал «Алғыс айту» күнінің мәніне келсек, ол Елбасы айтқандай, «Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматы бір-біріне құрмет білдіретін күн.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болады».