«Ашық НҚА» порталында Астананың мәртебесін айқындайтын Конституциялық заңның жобасы жария етілді.
Конституциялық заң жобасын Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Құжатта қарапайым тұрғындарға тікелей әсер ететін бірнеше маңызды норма бар.
Біріншіден, Астанаға қоныстану мәселесі бұрынғыдан қатаңырақ реттелуі мүмкін. Заң жобасында мәслихаттың «астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін бекітеді» деген құзыреті нақты көрсетілген. Ал әкімдік осы нормативтерді әзірлейді. Басқаша айтсақ, елордаға көшіп келу мен тіркелу тәртібін әкімдік пен мәслихат реттеп отыра алады.
Екіншіден, жер мен мүлікке қатысты мемлекеттік өкілеттіктердің күшеюі ықтимал. Заң жобасы бойынша, әкімдік «астана аумағында мақсатқа сай пайдаланылмайтын жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сотқа талап-арыз бере» алады. Сонымен қатар, мемлекет мұқтаждығы үшін жерді алып қою процесін толық регламенттеу көзделіп отыр. Әуелі меншік иелеріне хабар беріледі, нарықтық құны есептеледі және өтемақы төленеді. Дегенмен, өтемақы төлеу немесе төлемеу, көлемін анықтау жөніндегі түпкілікті шешім қабылдау құқығы мемлекет жағында қалады.
Үшіншіден, тұрғын үй қорын жаңарту және ескі үйлерді бұзу тәртібі нақтылана түспек. Заң жобасында әкімдікке «апаттық деп танылған көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру» өкілеттігі берілген. Бұл норма ескі және қауіпті үйлерді жаппай сүру процесін жеделдетуі мүмкін. Сонымен қатар, қалада бірыңғай сәулеттік стиль енгізу үшін көпқабатты үйлерді міндетті түрде жөндеу қарастырылған. Егер үй осындай тізімге енсе, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның шығындары мемлекет есебінен өтеледі.
Жалпы алғанда, заң жобасы Астананы жүйелі түрде реттелетін, жоспарлы дамитын қалаға айналдыруды көздейді.
Конституциялық заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.