456
Баспана бағасы бақылауға көне ме?
Баспана бағасы бақылауға көне ме?
Биыл 23 қаңтардан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға өтініш қабылдау басталды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл шапағатты шара баспана алуды аңсап жүрген көп адамның үмітін маздатты. Алайда өткен жылы пандемия салдарынан тұралап қалған тұрғын үй нарығына жан біте бастағаны сол еді, баға аяқ астынан шарықтап шыға келді. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жылжымайтын мүлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Баспана бағасы 15 пайызға дейін қымбаттады
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға ниеттілерден өтініш қабылдаудың алғашқы күнінде-ақ БЖЗҚ-ға 10 мыңнан астам өтініш түскен. Онлайн өтініштерді рәсімдеу үшін ашылған enpf-otbasy.kz порталының жұмысы жүктеменің көптігінен жиі істен шыққанымен, жинақтағы қаржысын алып үлгергендердің қарасы аз емес. Мәселен, 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданған. Оның ішінде 423,6 млрд теңге сомасына 78 074 өтінім өңдеуге қабылданып, мақұлданып үлгеріпті. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың дерегіне сүйенсек, азаматтар алынған жинақтардың 87 пайызын тұрғын үй мәселелерін шешуге, оның 45,5 пайызын – тұрғын үй сатып алуға (ипотекасыз), 28,3 пайызын – ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге, 10,5 пайызын – екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін және Отбасы банкінде ипотека алуға, 2,3 пайызын жеке тұрғын үй құрылысын салуға, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеуге жұмсауға ниетті екен. Қарап отырсақ, зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй нарығына құйылатын қаржы көлемі аз емес. Мұны біліп отырған сатушылар ұрымтал сәтті пайдаланып қалуға асық. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы қаңтар айында таза әрленген жаңа үйлердің республика бойынша орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 319 252 теңге болып, былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда 3 пайызға қымбаттаған. Ал абаттандырылған үйді қайта сату құны 5 пайызға, жалға алу бағасы 2,7 пайызға өскен. Бағаның бір ай ішінде күрт шарықтауы үй алу үшін ақшасын тірнектеп жинап жүргендерді тығырыққа тіреді. Бұл мәселеге қаныққан Мемлекет басшысы жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй төңірегіндегі дүрбелеңге, бағаның негізсіз өсіміне жол бермеуді тапсырды.«Қазір бұл жайында барлық жерде жазып, жылжымайтын мүлік бағасының көтерілу тенденциясы байқалғанын айтуда. Мемлекеттік органдар халықпен және құрылысшылармен түсіндіру жұмысын жүргізгені маңызды. Нарықтағы алаяқтық операцияларды шектеу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Десе де, өз мүлкіме өзім қожамын деп сатушылар бағаны қалағанынша құбылтып жатыр. Отандық риэлторлардың сөзінше, өткен жылдан бері жылжымайтын мүліктің қайталама нарығында баспананың түріне қарай баға 15 пайызға дейін қымбаттаған. Alef $it жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Айкүн Тәжімбетованың пікірінше, тұрғын үй нарығының қазаны елдегі саяси-экономикалық оқиғалардан тысқары қайнай алмайды.
«Нарықтың кез келген түрі секілді жылжымайтын мүлік нарығы да іс жүзінде елдегі саяси және экономикалық оқиғаларға өте тәуелді. Зейнетақы саласындағы реформа бағаның өсуіне себеп болуы заңдылық. Бірақ менің ойымша, бұл уақытша құбылыс, өйткені зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ шотындағы жеткілікті шекке байланысты көптеген азаматтар пайдалана алмайды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алғандардың бәрі бірдей баспана сатып алуды көздемейтінін де ескеру қажет», – дейді агенттік басшысы.Айкүн Тәжімбетованың сөзінше, бағаны көтергеннен үй сатушылар ұта қоймайды. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы жылжымайтын мүлік нарығындағы ұсыныс сұраныстан 10 есе артық. Екі қалада жылжымайтын мүлік нарығының тенденциялары шамамен бірдей. Бағада да айтарлықтай айырмашылық жоқ дейді маман. Нұр-Сұлтанда үй сатып алушылар үшін Алматы және Есіл аудандары ең тартымды аудандар саналса, Алматыда тұтынушылық сұраныс жөнінен Медеу, Бостандық және Алмалы аудандары көш бастап тұр. Ал Наурызбай және Алатау аудандары салыстырмалы түрде жаңа, онда көбіне мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан үйлер көп.
Күте тұрған дұрыс
Қазақстанның Біріккен риелторлар қауымдастығы Талдау комитетінің төрағасы, DIXI жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Нина Лукьяненконың пікірінше, зейнетақы жинағы түріндегі қосымша қаржылық ықпалдың бағаны көтеріп жіберуіне таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені қазақстандық нарық психологиялық қысымға жиі ұшырайды дейді сарапшы.«Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі туралы жаңалық қызу талқылана бастағалы сатушылардың көбі баспана бағасын 10-15 пайызға дейін көтерді. Меніңше, олардың бұл әрекеті сатып алу-сату шарттарының санын азайтады. Қымбат бағаға үй сатып алғысы келетіндердің қатары көп болмасы белгілі. Баспана алуды көздеп жүргендер өз жоспарын кейінге қалдыруға мәжбүр болады, салдарынан нарықта кейінге ысырылған сұраныстар көбейе береді. Өз тәжірибеме сүйеніп, бұл процесс ұзаққа созылмайтынын сеніммен айта аламын – ары кетсе 2-3 айдан соң сұраныс мәміле түрінде жүзеге асады. Нәтижесінде, біз жыл ішіндегі нарықтың толқын тәрізді қозғалысын байқай аламыз: бастапқыда сатып алу-сату шарттары азайып, содан кейін қайта көбейе бастайды», – дейді Нина Лукьяненко.«Отбасы банк» АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова да зейнетақы жинағын баспана алуға пайдаланғысы келетіндерге әліптің артын бағып, нарықтағы жағдайдың тұрақталуын күтуге кеңес берді.
«Екінші деңгейлі тұрғын үйлердің нарығы туралы сұраққа келер болсақ, баспана бағасы әрине, сатушының нарығына тәуелді. Баспана мәселесі қоғамда бірінші кезекке шыққаннан кейін әрине, үй сататын адамдар молырақ пайдаға кенеліп қалғысы келеді. Менің ойымша, аздап күте тұру керек. Уақыт өте келе нарық өзінің шынайы қалпына оралады. Сұраныс пен ұсыныстар ол үшін теңесуі керек. Меніңше, осы жылдың мамыры мен маусымы аралығында баға мәселесі өткен жылғы деңгейге оралуы тиіс», – деді Ләззат Ибрагимова.Ол сонымен қатар, зейнетақы жинағының бір бөлігін алып қойып, 45 күннің ішінде үй таба алмай қаламын деп алаңдаушылық білдірген азаматтарды сабырға шақырды.
«Мұндай жағдайда 45 күннен кейін қаражат жеке зейнетақы қорына қайтарылады. Ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Одан кейін де қайта өтінім жіберуге әбден болады», – деп түсіндірді банк басшысы.Баспана құнының қымбаттауы уақытша құбылыс екеніне AERC консалтингтік қызмет департаментінің жетекшісі Әсем Құсайынова да сендірді.
«Соңғы мәлімет бойынша, 761 мың азамат зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады. Олардың кейбірі баспанамен қамтылған адамдар. Ал тағы бірінде алуға болатын сома 1-2 млн теңгеден аспайды. Бұл қаржы, әрине, үй сатып алуға жетпейді. Тек ипотеканың бастапқы жарнасы ретінде пайдалануға жарайды. Қалғандары қаржыны басқа мақсатқа жұмсаса, тағы бірі жинақтарын мерзімінен бұрын алудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан эконом санатындағы тұрғын үй бағасы аз ғана уақытқа қымбаттап, қайта түседі. Себебі сатушылар жағдайды пайдаланып, табыс тауып қалуды көздейді», – деді сарапшы.Маманның сөзінше, тұрғын үй бағасының қымбаттауы ипотека рәсімдеу кезінде алғашқы жарна мөлшерінің өсуіне алып келеді. Салдарынан жинақтан алынған қаражат несие рәсімдеуге жеткіліксіз болады. Сондықтан баға біраз уақыттан кейін қайта түседі. Әсем Құсайынова тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу туралы жаңалық қана емес, «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары да айтарлықтай ықпал етіп отырғанын жеткізді. Халыққа жеңілдік ұсынып отырған бұл жобалар сұранысты арттырды. Мәселен, Ұлттық банк дерегі бойынша 2020 жылдың қараша айында ипотекалық қарыздар мөлшері 27,8 пайызға артқан. Бір жылда несиелер саласында ипотеканың үлесі 2,3 трлн теңге болды. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы бар екені талассыз.
Бағаны ұстап тұру үшін мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану қажет
Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бағаны өсіріп дабыл қаға бермей, керісінше, оларды бағаны тұрақтандыру құралына айналдыруға болады деп есептейді.«Әрине, тұрғын үй нарығына зейнетақы ақшасы құйылғаны жақсы, бірақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын енгізе отырып, оларды пысықтап, салдарын болжау керек. Негізінде, жылжымайтын мүліктің төртінші санаты (экономсанат) бойынша шаршы метрдің белгілі бір шегін, құнын белгілеу арқылы реттеуге болады, эконом санаттағы үйлер негізінен несиеге және зейнетақы жинақтарына сатып алынатыны белгілі. Бірақ шарттар тұтынушыны да, құрылыс жүргізушіні де қанағаттандыруы керек. Оған қоса, халықтың көші-қоны көп болмауы үшін өңірлерде көбірек тұрғын үй салу қажет», – дейді Ермек Мүсірепов.Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов та Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, қолданыстағы барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша шаршы метрге шекті баға белгілеуді сұраған еді. Десе де, Жылжымайтын мүлік федерациясы басшысының айтуынша, екінші деңгейлі тұрғын үй нарығы бақылауға көнбейді. Ермек Мүсіреповтің сөзінше, дүрбелеңді тудырып отырған – екінші деңгейлі тұрғын үйлерді сатушылар, олар өз мүлкінің құнын асыра бағалайды.
«Азаматтарға жүгінудің мәні жоқ. Егер мемлекет тарапынан баға индексі реттелсе, онда нарықтың өзі шаршы метрдің объективті құнын шығарады. Дұрыс, бағаны ұстап тұру керек, өйткені бізде бастапқы және екінші деңгейлі жылжымайтын мүлік асыра бағаланады. Баға үйлердің нақты құнына сәйкес келмейді», – дейді федерация басшысы.
Құрылыс компаниялары қаржылық есептілікті жарияласын
Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов президенттің нарықтағы бағаны ұстап тұру туралы тапсырмасын орындау қиындық тудырмайды деп есептейді. Ол үшін, оның пікірінше, импорттық материалдарды сатып алуды қоса алғанда, құрылыстың өзіндік құнын анықтау қажет.«Тұрғын үйді ипотека бойынша зейнетақы жинақтарына сататын құрылыс компаниялары қаржылық есептілікті, атап айтқанда, алынатын мемлекеттік қаражат пен қарыздар көлемін жария етуі қажет. Содан кейін нарық бағасы бірден реттеліп, жылжымайтын мүлік үшін ақылға сыймайтын баға сұраушылар азаяды. Жақсы бәсекелестік болады. Бірақ сұраныс пен ұсыныс заңы әлі де бар. Құрылыс кезінде белгілі бір құрылыс материалының бағасы өсуі мүмкін. Мұнда ешкім ештеңе істей алмайды. Бұл – нарық заңы», – дейді Р. Рысмамбетов.Президент тапсырмасының орындалуына қатысты пікір білдірген BI Group құрылыс компаниясындағылар бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермейтіндерін алға тартты.
«Компаниядағы жылжымайтын мүліктің бағасы көптеген факторларға, соның ішінде экономикалық себептерге, мысалы, девальвацияға байланысты. Өз кезегінде, бұл жобаның өзіндік құнындағы елеулі үлесті құрайтын құрылыс және әрлеу материалдарының қымбаттауына әкеп соғады», – дейді компания өкілдері.BI Group-тың баспасөз қызметі жариялаған дерекке сүйенсек, құрылыс компаниясының үй салуға жұмсаған шығындары бес жыл ішінде 83 пайызға өскенімен, дайын тұрғын үй бағасы 22 пайызға ғана көтерілген.
«Бетон (М350) және минплиталар (П50) бағасы 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін 57 пайызға өсті, газ блогы 52 пайызға, цемент 72 пайызға қымбаттады. Ал арматура құны 150 пайызға өсті», – делінген компания хабарламасында.Тұрғын үй нарығындағы сұраныс иесінің де, ұсыныс иесінің де өз уәжі бар. Ешкім ұтылғысы келмейтіні түсінікті. Алайда елдегі елең еткізер кез келген саяси, экономикалық жаңалықтың баспана бағасын негізсіз құбылта беруі – жақсылықтың нышаны емес. Бұдан ең әуелі үйлі болу үшін жылдар бойы тірнектеп ақша жинаған қарапайым халық зардап шегеді. Сондықтан атқарушы органдар нарықтағы бағаны ұстап тұрудың оңтайлы тәсілдерін жолға қоюы қажет.