Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың ақпаратынша, 2025 жылы ақпан айында Абай қаласында кәмелетке толмаған жәбірленуші А-ға (2009 ж.т.) анасы мен өгей әкесі сотталушы К-мен (1987 ж.т.) некеге тұруды ұсынған. К-ның жасын білген соң, кәмелетке толмаған қыз некеден бас тартқан.
«Қарсылығына қарамастан, 2025 жылдың наурызында өгей әкесі оны К.-мен бірге Қарағанды қаласына жіберген, онда олар жалдамалы пәтерге тұрақтаған. Аталған пәтерде К. жәбірленушінің жасының кәмелетке толмағанын анық біле тұра, оны зорлаған», - делінген ақпаратта.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, іске қатысты тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
Сот үкімімен К.-ға 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған өмір бойы педагогикалық лауазымдарда және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарда қызмет атқаруға тыйым салынды.
Сот сондай-ақ прокурордың атына жәбірленушінің анасы мен өгей әкесінің әрекеттерінде қылмыс құрамының бар-жоғын тексеру үшін жеке қаулы шығарды.