278
"Бәрімізді шаршатты": Сағынтаев «Алтын Орда» базары жолының құрылысы неліктен ұзаққа созылғанын айтты
"Бәрімізді шаршатты": Сағынтаев «Алтын Орда» базары жолының құрылысы неліктен ұзаққа созылғанын айтты
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындардың «Алтын Орда» базары маңындағы жол айрығының құрылысы туралы сауалына жауап берді.
«Мен облыста тұрамын, қалада жұмыс істеймін. Күніне екі сағат қалаға қарай жүрем, кері қайтарда тағы екі сағатта қатынаймын. Күніне өмірімнің төрт сағаты жол үстінде өтіп жатыр. Ол жерде менің денсаулығым да, жүйкем де қалып жатыр. Қарапайым халық көлік кептелісінен арыла алмайды. Сіз әлеуметтік желілерді бақылап, осы проблемаларды көріп отыратын шығарсыз? Сондықтан осы мәселені шешуіңізді өтінемін. Біз бұдан шаршадық», - деді әкімге жүгінген жергілікті тұрғындардың бірі.
Шаһар басшысы бұл жол құрылысының тезірек аяқталуына өзі де мүдделі екенін жеткізді.
«Алтын Орда» базарының айналма жолы бәрімізді шаршатты. Қалаға келгелі Алтын Орданың жолы қашан шешіледі деген мәселені естіп келе жатырмын. Өкінішке қарай, Алтын Орда базары қалаға жатпайды. Ол Алматы облысының жері. Мен де сол жолдың шешілуін күтіп жүрмін. Оның жұмысы министрліктің құзыретінде. Министрлік мердігер компанияны таңдаған, ақшасы жеткілікті. Бірақ мердігердің күші жетпей ме, басқасы ма, берген ақшаны игермей әлі келе жатыр. Өткенде Премьер-министр мырза келгенде осы мәселені тағы көтердік. Алматылықтар үшін қалаға кіріп-шығу қиынға соғып отыр. Егер бұл жол бітсе, бір мәселені шештік деп есептейміз», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын қала әкімі Талғар мен Қаскелең жолдары кеңейтілетінін айтқан еді.
Оның айтуынша, қаладағы ауаның ластануына көліктердің көптігі себеп. Бүгінгі күні Алматыда 500 мыңнан астам көлік тіркелген. Одан бөлек, қалаға күніне 250 мыңнан астам көлік кіреді.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев есептік кездесуінде қалада коронавирустың тез таралуын тежеуге не көмектескенін айтты.