1249
Жас журналистер байқауының жеңімпаздары белгілі болды
Жас журналистер байқауының жеңімпаздары белгілі болды
"Онлайн креатив: бастысы маңызды" халықаралық студенттік журналистік материалдар байқауына жүзден астам жұмыстар келіп түскен екен. Байқауға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті Баспасөз жəне электронды БАҚ кафедрасының қазақ, орыс және ағылшын бөлімдері, сондай-ақ Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Ресей, Қырғызстан елдерінің журналистика бағдарламасының студенттері мен магистранттары қатысты. Үздік жұмыстардың топтамасы жинақ ретінде баспаға ұсынылады.
Қорытынды бойынша жүлделі І орын иегерлері Мария Лаврищева, Мария Матрунина,«Жас толқын» тобы деп танылса, ІІ орын Ши Чэнсяо, Ахунбай Айғаным, Цзяо Хунюнь Бекберген Амиржан, Виктория Чевган, Асель Аукешева есімді белсенді студенттерімізге бұйырды. Мұрат Қымбат, Ақниет Қажымұрат, Бербаева Айгелия, Фан Нгок Май, Анастасия Кшнякина Камиля Садыкова, Снежана Толкачева, Диляра Яхьярова, Асем Агибаева жүлделі ІІІ орын сатысынан көрінді. Байқауда үздік жұмыстарымен танылған Мейрбек Баян, Ауғали Мерей, Мұқанғали Ақерке, Тоқан Мадияр, Тілеуқабыл Аяулым, Кушалиева Тамирис, Амиров Акжол, Чжан Цянь, Анелжан Корикбай ынталандыру иегерлері атанды.
Байқаудың тағы бір ерекше тұсы – бейнематериалдардың жоғары деңгейде бағалануы. Журналистика факультеті, 101-топ студенттерінен құралған "Жас толқын" тобы журналистика мамандығына арнап креативті бейне материал ұсынған болатын. Нәтижесінде жүлделі І орынды қанжығаларына байлап, топ студенттері қуанышқа кенелді. Топ мүшесі Сұлтан Бағдат: "Ең алдымен, жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіргім келеді. Жасында жалындап, оқу - білімді мұрат еткен, елінің болашақтары тағы бір шыңды жеңісті жетістіктер қорына қосып тәжірибелі жұмыс атқарды. Журналистика саласының жүйріктері, құрбы-құрдастарымды шын жүректен құттықтаймын. Журналистика саласының ерен тұлғаларының жолын жалғап, қазақ елінің, қазақ халқының өзіндік журналистикасына бастау болар жарқын жолға қадам бастайық дегім келеді",-деп ағынан жарылды. "Онлайн форматқа қарамастан өте қызықты өткен бұл жарыс бізді бір мақсатқа топтастыра білді. Яғни, біз "Жас толқын" тобы жеңіс үшін, сапалы материал жасау үшін синхронды түрде жұмыс жасадық. Байқау біздің ізденісімізді арттырып, білімімізге білім қосты. Қызықты әрі тартысты сайыста жеңіске жеткенімізге өте қатты қуаныштымын. Бұл топтағы әрбіріміз үшін үлкен абырой",-дейді "жастолқындық" Мейрбек Баян.
Иә, ел болашағы білімі мен білігі ұштасқан дарынды жастардың қолында. Пандемия біршама істердің жүзеге асуына тұсау салса да, студенттердің таным көкжиегін кеңейтуге еш кедергі жасай алмасы анық.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультетінің
1-курс студенті